Қазіргі таңда кез келген мемлекеттің өркендеуіне, экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік әділдігіне кедергі келтіретін басты қатерлердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл әлеуметтік дертке қарсы күрес тек құқықтық шаралармен, қатаң жазалармен немесе тексерулермен ғана шектелмейді. Ең бастысы, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа деген түбегейлі теріс көзқарасты – парақорлыққа төзбеушілік (нулевая терпимость) мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек бір ведомствоның немесе мемлекеттік органның ғана міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әрбір азамат «жемқорлық – бұл біздің болашағымызға балта шабатын қатер» екенін түсінуі тиіс. Мұндай мәдениетті қалыптастыру отбасынан, балабақша мен мектеп қабырғасынан басталады. Өскелең ұрпақтың санасына адалдық, әділдік, парасаттылық пен еңбекқорлық құндылықтарын жастайынан сіңіру арқылы ғана саналы қоғам құра аламыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты үстемдік құрған жерде ғана әділдік орнайды. Бұл бағытта әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын қатаң сақтау және кез келген заңбұзушылыққа немқұрайлы қарамау – басты талап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді құралының бірі – қоғамдық бақылау және ашықтық. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың қызметі халыққа айқын, қолжетімді болуы тиіс. Бұл ретте азаматтық қоғам институттарының, бұқаралық ақпарат құралдарының және жастар ұйымдарының рөлі ерекше. Әрбір сыбайлас жемқорлық көрінісіне немесе оның алғышарттарына қарсы тұра білу, орын алған келеңсіздіктерге көз жұмып қарамау – әрбір саналы азаматтың азаматтық ұстанымы. Қоғамда «адал еңбек – басты байлық», ал сыбайлас жемқорлық – қоғамға жат әрекет деген түсінік қалыптасса, бұл дерттің тамырына балта шабылары анық. Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – бір күндік немесе бір науқандық жұмыс емес. Бұл – ұзақ мерзімді, жүйелі әрі жан-жақты тәрбие үдерісі. Әрбір азамат өз жұмысында адал, ісінде жауапкершілікті болса, ал қоғам бұл мәселеге бір кісідей атсалысса, жемқорлықтан ада, әділ де өркендеген қоғам құруға толық мүмкіндік бар. Адалдық пен парасаттылық әрбір қазақстандықтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы тиіс.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Жабаева М.С.


