Қазір жастар арасында энергетикалық сусынды тұтынатындар көбейіп кеткен. Мұны шамадан тыс ішу жүрекке салмақ дейді мамандар. Себебі, құрамында ағзаға зиянды заттар – кофеин, таурин мөлшері өте көп. Оның орнына табиғи шөптен жасалатын емдік шай ішкен әлдеқайда денсаулыққа пайдалы.

Осы тұрғыда кәсіпкер Ардақ Жексенбайқызы әпкесі Айнұр Тұрсынбаева мен бауыры Дархан Бекпановпен бірігіп, табиғи, таза органикалық өнімдер шығаратын SAAD компаниясын құрып, Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында өсетін кәдімгі сұңғыла шөбінен емдік шай шығаруға кіріскен болатын.
«Мойынқұмда туып-өстім. Бала кезімде бүкіл ауыл тамыр жинап, шетелдіктерге ақшаға өткізетін еді. Менің әкем де сол тамыр жинап жүріп тапқан нәпақасымен балаларын оқытты. Енді ауылдағы тамырды біздің жігіттер тереді. Себебі біз сұңғыла өсімдігінен жасалған шәйді өзіміз өндіруге көштік», – дейді Ардақ Тәукебаева.
Бұған дейін талай желілік бизнесте жүрген ол кез келген өнімнің құрамын, пайдасын зерттеуге ден қояды. Үш жыл бұрын оған жергілікті ағайынның бірі: «Жапония, Қытайдан арнайы келіп теріп әкететін сұңғыла өсімдігінің тамырын неге өзімізде өндірмеске? Бұл жұрт өмір эликсирі дейтін женьшень шөбімен салыстырғанда, бес есе қасиетке ие. Бір жыл үзбей ішкен адамның бойында ешқандай дерт қалмайды. Сол алтынға тұрарлық шөптің қызығын өз еліміз көрсін де…», – деп ұсыныс айтқанда, сөзінің жаны бар екеніне көз жеткізеді. Сөйтіп, екі жыл зерттеу жасаған Ардақ Жексенбайқызы әпкесі Айнұр Тұрсынбаева мен бауыры Дархан Бекпановпен бірігіп, табиғи, таза органикалық өнімдер шығаратын SAAD компаниясын құруға бел буады.

«Сұңғыланың (цистанхе) пайдасы – ең күшті антиоксидлант. Құрамында көмірсулар, янтарь қышқылы, иридоид, стероид, фенол, лигнан бар сұңғыланың тамырын дәрілік қасиетіне байланысты Қытай, жалпы Азия елдері медицинада жиі қолданады. Цистанхе бүйрек аурулары (нефрит, пиелонефрит, цистит), жыныс жолдары аурулары, бедеулік, несеп түтігі, несеп жолдарының ауруларын емдеуде жақсы әсер етеді. Қан айналымын реттейді, терінің ісінуін, ауруды басады. Мәселен, Қытайдың дәстүрлі медицинасында оны бедеулік, арқа және тізе сынуы, Ян бүйректерінің жетіспеуінен сіңір және сүйектің әлсіреуі, қанның азаюы, іштің қатуы секілді ауруларға қарсы пайдаланады екен. Ағзадағы вирусты, артық газдың бәрін жойып жіберетін қасиетке ие. Ерекше сергектік, күш қуат береді. Қазір жастар да сергек жүру үшін энергетикалық сусындар ішуге құмар. Оның зияны – шаш-етектен. Ал сұңғыла әрі сусын, әрі емдік қасиеті бар», – дейді Ардақ Жексенбайқызы.
Айтпақшы, сол зауыт ашылғанда алғаш ұсыныс айтқан ағасы көзіне жас алғанын жасырмайды. «Емдік шөптің дәрісін алып, қаншама шенеуніктің есігін қағып, бизнесмен, депутаттарға барудан шаршамадым. Бұған тең келетін емдік сусын жоқ. Өзім де ұдайы тұтынудың нәтижесінде 60 жасымда жетінші баланың әкесі атандым» деп тебіренді қолдаушы ағасы.
«Біз тамыр жинау науқанын ұйымдастырып жүрген адамдарды тауып, келісімшарт жасадық. Технолог-мамандардан кеңес алдық. Бұл кәсіпті терең зерттеген соң, шөптің емдік қасиетін анықтау мақсатында түрлі сараптама нәтижесі дайын болғанға дейін зауыттың құрылысына кірісіп, шетелден қажетті құрылғыларды арнайы тапсырыспен алғыздық», – деді Ардақ Тәукебаева.
Бүгінде сұңғыла сусынына деген сұраныс жоғары. Ашылғанына екі ай болған компания өнімін тұтынушылар бір ғана емес, басқа да ауруынан айығып, алғысын білдіруде. Ендеше қаншама адамды оқытып, жұмыспен қамтып, талайдың еміне шипа дарытып отырған кәсіп иелеріне қолдау білдірген жөн.
Шын мәнінде, қолда бар байлық шетелге кетіп жатыр. Олар өндіріп, сыртын әдемілеп, өзімізге екі есе бағамен сататыны рас. Ал SAAD компаниясы арнайы технология арқылы кептіріліп, өңдеуден өткен сұңғыла шөбін халыққа қолжетімді бағада шығаруды қарастырған. Бұдан былай ағзаға зияны көп энергетик сусын орнына сұңғыла шәйін ішіп жүрейік.