Қазақстан Республикасы тұғыры биік тәуелсіз ел болғанына 30 жыл толды. Елімізде айтарлықтай өзгерістер болды және әлі де болып жатыр. Дегенмен қазақ бейнелеу өнері саласын алып қарасақ, жетістігіне қарағанда кемшілігі көп. Кемшілік деп суретшілердің шығармашылық өміріне қатысты айтып отырмыз. Әрине, бейнелеу тарихындағы қалыптасу, даму, өркендеу, жаңа көзқарас – мұның бәрі заман ағымына қарай өзгеріп тұратын құбылыс. Әр ғасырдың өз ерекшелігі бар.
1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болғаннан кейін өнер әлемдік арт-нарыққа шықты. Суретшілер де еркіндікке ие болды. Кеңестік идеология бұғауындағы шығармашылық елімізде еркін сөйлей бастады. Бұл суретші қауым үшін қуантарлық жағдай еді. Суретшілер ұлттық тарихты қайта парақтап, оны заманауи көзқараста жеткізуді мақсат етіп келеді. Креативті ойларын ортаға салып, шығармашылық топтар құрды. Бейнелеу өнерінің қай саласы болса да, суретшілер өздерінің топтасқан ұйымдары немесе жеке шығармашылық көрмелерінде ой-тұжырымдарын бұрмалаусыз ашық жариялады. Әлі де сол қарқында. Дегенмен 30 жыл ішінде Үкімет тарапынан жалпы қазақ бейнелеу өнеріне қатысты арнайы суретшілер үшін мемлекеттік деңгейде фестиваль, симпозиум, байқау, форумдар өткізілмеген. Шын мәнінде, «30 жылдың ішінде Қазақстан суретшілеріне қандай жағдай жасалды?» деген заңды сұрақ туындайды. Оны тек суретшілер қауымы ғана біледі. Онымен айналысатын Қазақстан Республикасының Суретшілер одағы басқармасы бар деген ой қалыптасқан. Иә, әрине, бірақ басқарма тек қаржы сұрау арқылы суретшілер қауымына көрме, пленэр ұйымдастырумен ғана шектеледі. Бәрімізге белгілі, Үкімет тарапынан жарияланған «Мәдени мұра», «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» ұлттық жобалары бойынша көптеген мемлекеттік іс-шаралар өткізілуде. Осыған орай одақ өзінің жоспарлы жобаларын жіберіп отырады, бірақ шараны өткізуге қолдау білдірген жауап келген емес. Мәселенің бір шешімі болар деген үмітпен нар тәуекелге салып, жергілікті әкімдікке, мәдениет басқармасына ұсынамыз. Осылай шығармашылық одақтың іс-шарасы мемлекет, жергілікті әкімдіктен қолдау болып жатса ғана іске асырылады. Аталған ұлттық жоба бойынша суретшілерге қатысты қолдау болмаса да, одақ басқармасы қолын қусырып бос отырған, мәселеден қалыс қалған немесе өз ісін тоқтатқан емес. Негізі шығармашылық одақтың мақсаты – Қазақстан бейнелеу өнерін дамыту, одақ мүшелерінің шығармашылық құқықтарын қорғау, олардың рухани деңгейін көтеру, жас таланттарды, бірегей шығармашылық деңгейде танылып жүрген жас буын суретшілерді одаққа қабылдау, заман талабына сай жаңа форматтағы, заманауи көзқарастағы жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыру. Сонымен қатар өнер иелерін ҚР-ның мемлекеттік атақтарына, лауреаттыққа және өзге де аталымдар мен сыйақыларға ұсыну. Дегенмен суретшілер басқармасының жыл сайын өткізетін есеп беру көрмесі, жоспарланатын тақырыптық пленэрлер, мерейтойлық көрмелер, шығарылатын альбомдар – мұның барлығы бүгінде өзекті мәселеге айналды. Бір өкініштісі, еліміздің «Мәдениет туралы» заңында суретші деген сөз жоқ. Яғни өнердің барлық саласының құқықтық заңы қаралғанмен, суретшілер үшін ештеңе жоқ. Бұл мәселе бойынша әрдайым одақ атынан ұсыныстар жіберіліп отырылады. Президент аппаратымен, Парламенттің Мәжіліс, Сенат депутаттарымен, партиялардың, Мәдениет министрлігінің өкілдерімен кездесу семинарларына, дөңгелек үстел отырыстарына шығармашылық одақ ретінде шақырыламыз. Басқарма тарапынан фактілер бойынша баяндама жасадым. Оны талқылауға ұсыныс білдірдім. Одан ешқандай нәтиже жоқ. Айталық, ғасырға жуық тарихы бар Суретшілер одағы кеше құрылған ұйым емес. 1933 жылдан бері қызметін атқарып келе жатқан одақ. Сол кездің өзінде еліміздің өңірлерінде одақтың 14 филиалы және 7 жеке дербес ұйымы қарқынды қызмет етті. Мысалы, кеңестік кезеңде одақ мемлекет идеологиясы үшін қызмет етіп, мүшелерінің еңбектері бағаланды, тегін тұрғын үй, шеберхана берілді және материалдық көмек көрсетілді, зейнетақы да қарастырылды, түрлі марапаттарға да ие болды. Суретшілер одағы мүшесінің мәртебесі ғылым кандидатымен тең дәрежеде болған. Суретшілердің жұмыстары музейлер қорына сатылып алынды. Алайда еліміз егемендігін алып, бұрын мемлекет қамқорлығында болған шығармашылық одақ 30 жылдың ішінде әлеумет назарынан тыс қалған ұйымға айналды. Мемлекет тарапынан шығармашылық одақты қолдау қоры қарастырылмай келеді. Суретшілер одағы – коммерциялық емес, шығармашылық ұйым, соған қарамастан, коммерциялық кәсіпорындар сияқты салық төлеуге мәжбүр, бұл оның одан әрі дамуына мүмкіндік бермейді. Суретшінің әлеуметтік мәртебесі заңмен бекітілмеген. Ең сорақысы, шығармашылық одақ мүшесі ретіндегі мәртебесі еңбекке теңестірілмейді. Яғни айтқанда, мемлекеттік жұмыста емес, өз шеберханаларында шығармашылықпен жұмыс істеген суретшілердің шығармашылық еӊбек өтілі есепке алынбай, ең төменгі деңгейдегі зейнетақы тағайындалады. Сондай-ақ суретшілердің авторлық құқығына қатысты мәселелер де бар. Негізгі мәдени әлеует шоғырланған Алматы қаласында осы салада пісіп-жетілген практикалық мәселелерді шеше алатын зияткерлік меншік мәселелері бойынша сауатты және тармақталған құқықтық жүйе жоқ.
Қазіргі уақытта Суретшілер одағы қорсыз және басқа да шаруашылық құрылымдарынсыз, тек мүшелік жарналар есебінен қаржыландырылатын қоғамдық бірлестік болып табылады. Бұл қаражат қызметкерлердің ең аз санын және қолда бар мүлікті қамтуға ғана мүмкіндік береді. Сондықтан одақтың шығармашылық қызметін қаржыландыру және суретшілердің шығармашылығын ынталандыру негізгі өзекті мәселеге айналған. Одақ басқармасының жыл сайын өнер түрлері бойынша тақырыптық шығармашылық сайыс өткізу, суретшілердің үздік туындыларын музей, мұражайлар қорларына сатып алу, мемлекеттік тапсырыстарды жүйелеу және жүзеге асыру, шығармашылық жетістіктері үшін өнер иелерін марапаттау, орта буын, әсіресе, жас суретшілерге материалдық қолдау көрсету, шығармашылық шеберханамен қамтамасыз ету – күрмеулі мәселе. Мемлекет тарапынан суретшілер қауымы үшін шығармашылық шеберханалар салынып, қолданысқа берілсе, құба-құп болар еді. Бірақ бұл мәселе айтылғанмен, ол жабулы қалуда. Одақта шешілмеген мәселе жетіп-артылады. Оның барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Айталық, қазір Рысқұлов көшесі, 48 А мекенжайындағы жалғыз өндірістік кешенді жөндейтін болсақ, жас суретшілерге үлкен қолдау болар еді. Алайда ол үшін 70 млн теңгеден астам қаражат қажет. Сонымен қатар ҚР Суретшілер одағы басқармасының және филиалдарының көрме залының болмауы себепті суретшілер шығармашылық көрмесін және басқарма тарапынан ұйымдастырылатын республикалық көрмені Қазақстан мұражайларында өткізу де ақылы түрде жүргізіледі. Жалпы айтқанда, одақтың қордаланған өзекті мәселелері жетіп жатыр. Жоғарыда айтып кеткендей, белгілі бір жоспар бойынша жобалар мемлекет тарапынан құпталып, қолдауға ие бола бермейді. Иә, шығармашылық байқау, халықаралық шығармашылық көрме, пленэр өткізу үшін тендерге қатыстық. Бірақ елімізде болып жатқан пандемияның салдарынан тоқтатылды.
Әрине, бейнелеу өнерінің өркендеуі үшін көптеген жобалар жоспарланып отыр. Ол үшін алдымен ҚР Суретшілер одағы мен мемлекет тарапы арасындағы байланыс форматын өзгерту, ондағы қолдау қорын, мемлекеттік тапсырыс пен сатылымын қалыпқа келтіру қажет. Осы көздеген мақсатымыз жүзеге асса, ҚР Суретшілер одағы және оның филиалдарының жоспарлық жобаларын іске асыруға септігі тиеді. Айталық, жылдық жоспар бойынша халықаралық және республикалық деңгейдегі көрмелерді, форумдарды, тақырыптық пленэрлер мен конкурстарды өткізу және суретшілердің альбом-каталогтарын шығару қажет болады. Осы орайда оның төрттен бір бөлігі ғана қамтылады. Соның бір дәлелі ретінде 2013 жылы ҚР Суретшілер одағының 85 жылдығына орай Қазақстан бейнелеу өнерінің тарихын танытатын бес томдық альбом-каталогының шығарылғанын, республикалық деңгейде көрме өткізілгенін атап өткен жөн. Шамамыз келгенше суретшілерді ерен еңбектері үшін марапаттадық. Бұл іс-шара оңай жолмен келген жоқ. Әр үш-төрт жылда өтілетін одақтың пленумы, одан кейін құрылтайы, есептік көрмесі де – өте маңызды мәселе. Алдымызда ҚР Суретшілер одағының
90 жылдық торқалы тойы. Бұл мәселенің бүгінгі таңда өзекті болып тұрғанын айта кету керек.
2019-2021 жылдары ұсынылған көптеген жобалардың төрттен бір бөлігі жергілікті әкімдіктің және мәдениет басқармасының қолдауымен іске асты. Айталық, биыл 19-29 қыркүйек аралығында Алматы қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты республикалық пленэр конкурсы өтті. Байқау нәтижесіне орай Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде 5 қазанда плэнер көрмені аштық. Сайысқа қатысқан суретшілердің арасынан топ жарып шыққан жеңімпаздарға сыйақы тағайындалды. Сондай-ақ, осы іс-шара қорытындысында пленэрге қатысқан суретшілердің еңбектері альбом-катологқа енгізіліп, басылып шықты. Сонымен қатар 12 қарашада Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ҚР Суретшілер Одағының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған республикалық есептік көрмесі өтті. Сонымен қатар 4 желтоқсанда Алматы қаласы мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына қарасты Almaty Gallery ғимаратында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына бағышталған «Плакат өнері» атты халықаралық көрме өткіздік. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Польша, Чехия суретшілері қатысты. Облыстық әкімдіктің қолдауымен «Мың бояулы Маңғыстау» республикалық суретшілер симпозиумы өтті. Жылдық жоспар бойынша аз да болса, осындай іс-шаралар өткізілді.
Алда іске асыратын көптеген жоспарлар мен жобалар жетерлік. Көздеген мақсатымызға жетуге Үкімет тарапынан қолдау болар деген үміттеміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында суретшілер туралы жанама айтып өтті. Бұл да көптен күткен үмітіміздің бір ұшы шығар. Жылдар бойы айтылып келе жатқан мәселелердің шешімі табылып, шығармашылық одақтың еңсесі көтерілер деген сенімдемін.
Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ,
ҚР Суретшілер одағының төрағасы