12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

СУИЦИДКЕ САЯСИ ДЕҢГЕЙДЕ КӨҢІЛ БӨЛІНУ КЕРЕК

Қазіргі таңда әлеуметтік желіде адвокат Сержан Пірәлиевтің мәлімдемесі талқылануда. Оны заңгер 2022 жылдың 19 тамызында Жамбыл облысындағы ҰҚКге қарасты шекара бөлімінде қайтыс болған сарбазға қатысты биыл 20 қаңтарда Адам құқықтарын қорғау бойынша қазақстандық бюрода жасаған болатын. Өйткені, Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік өңірі бойынша Әскери тергеу басқармасының Тараз бөлімі жүргізіп жатқан сотқа дейінгі тергеу амалдарында Алматыда (2) және Таразда (1) жасалған сот-медициналық сараптамаларда марқұмның ауыз қуысы мен киімінен өзіне тиесілі емес ер адамдардың шәуеті табылған. Бірақ бұл маңызды дерек назарға алынбаған. Сондықтан адвокат қатардағы сарбаздың өліміне қатысы бар шынайы кінәлілерді жасыруға қарсы болғандықтан осы әрекетке барғанын айтқан болатын. – Биологиялық сараптама кезінде жігіттің ауыз бөлігі мен іш киімінен, футболкасынан екі және одан да көп ер адамға тиесілі шәует іздерін тапты. Осыдан-ақ, жігіттің сексуалдық зорлыққа ұшырағанын және соның кесірінен өз-өзіне қол салғанын аңғару қиын емес. Бірақ тергеу осы деректі назарға алмай, істі «лауазымын асыра пайдаланған» деген баппен жалғастырмақшы, – деген еді Сержан Пірәлиев онда. Оның айтуынша, тек осы мәлімдемеден кейін ғана құзырлы органдар істі қайта қарастыра бастаған. Мәселен, 25 қаңтарда түн ауа оның жеке электрондық поштасына Оңтүстік өңірі бойынша Әскери прокуратурасынан қаулы келген. Оның бұрын қанағаттандырусыз қалған өтініші қанағаттандырылып, бөлімдегі барлық әскери қызметшіге сараптама тағайындалған. Бұдан бөлек, оның өтініші бойынша Республикалық адвокаттар алқасындағы әріптестері Ішкі істер министрлігіне қысым жасап жатсыздар деп арыз жіберген. Республикалық авдвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бікебаев болса: «Алматы қалалық адвокаттар алқасына келіп түскен Сержан Пірәлиевтің өтініші бойынша Тәртіптік комиссия адвокаттың іс-әрекетінде заң бұзушылықтың бар-жоғын анықтауда. Олар бәрін тексеріп, шешім қабылдайды. Екіншіден, біздің Адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиямыз бар. Оған да С.Пірәлиевтен көмек сұраған арыз түсті. Егер біздің адвокатқа қысым көрсетіліп, құқы бұзылған болса, біз қорғаймыз. Қазір осы екі комиссия жұмыс жасап жатыр» деді. Жалпы, бұл қылмыстық істің алдын ала тергеу шаралары барысында алғашқыда сарбаздың өзіне-өзі қол жұмсауына жүрген қызымен арадағы жанжал түрткі болған деген нұсқа қарастырылған болатын. Кейін ол расталмаған соң, шекара бөлімінде куәгерлер табылды. Олар бөлім командирі қатардағы сарбазды балағаттап, қорлап, соққыға жыққанын, соның кесірінен оның асылып өлгенін айтқан. Соның нәтижесінде, 2022 жылдың 24 тамызында бөлім командирі қамауға алынып, оның үстінен «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бөлім командирін қорғаушы С. Пірәлиевтің пайымдауынша, сарбазға жасалған сексуалдық зорлық әрекеттерін оның әріптестері ұялы телефонға түсіріп алған болуы мүмкін. Осыдан кейін сарбаз ұят пен қорлыққа шыдай алмай, асылып өлген. Ал әскерилер қазіргі уақытта айыптау тарапының куәгерлері болып отыр. Алайда, Ішкі істер министрлігі таратқан хабарламада: «Пірәлиев өз тұжырымдары мен шындыққа сәйкес келмейтін жалған ақпаратты айтып, қылмыстық істің деректерін жария етті. Сонымен бірге, ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілуге жатпайды. Осыған байланысты адвокаттың қызметтік этика нормаларын бұзу фактісі бойынша материалдар қылмыстық қудалау органында белгіленген тәртіппен тіркеліп, уәкілетті орган – ҚР Әділет министрлігіне қызметтік тергеу жүргізу үшін жолданды», – делінген. Жалпыдан жалқыға Қазақстанда жыл сайын 4 мыңға дейін адам өз-өзіне қол жұмсау салдарынан қайтыс болады. Яғни, Қазақстанда суицидпен күн сайын 8-11 адам көз жұмса, 9-16 адам өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенеді екен. Ал 2012 — 2021 жылдардағы деректерге сүйенсек, суицидке барған бес адамның төртеуі ер адам, біреуі әйел адам. Қазақстандықтар арасында 100 мың адамға шаққанда суицидтің орын алуы бойынша 2012 жылға дейін алғашқы он елдің қатарында (2000 жылы – 6 , 2012 жылы – 10), ал 2019 жылы – 17 орында болды. Сондықтан қазан айының 5-інде «Қазақстан халықтық партиясы фракциясының+ 10 және «AMANAT» партиясы фракциясының 1 депутаты Үкімет басшысының атына сауал жолдаған еді. «Суицидтен болатын өлім-жітімді азайту көрсеткіші Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу міндеттеріне енгізілген. Дегенмен, көрсеткішке жету механизмі түсініксіз. «Дені сау ұлттың әрбір азаматына сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсету» Ұлттық жобасында суицид мәселесі негізінен айтылмаған. Осыған байланысты суицид мәселесіне саяси деңгейде көңіл бөлудің азайғанын байқаймыз. Ал өз-өзіне қол жұмсау себептері бірқатар күрделі мәселелердің бар екенін көрсетеді. Біріншіден, белгісіз себептермен өзіне-өзі қол жұмсау үлесі жоғары күйінде қалып отыр (2016-2017 жылдары — 45%; 2021 жылы 29%). Белгіленген себептердің ішінде жалғыздық ең жоғары салыстырмалы себептерге ие (2016-2021 жж. барлық жасаған суицидтердің 3-тен 10% дейін). Бұған отбасы мен тұрмыстық саладағы өзекті мәселелер мен қоғамдағы бытыраңқылық және т.б. дәлел бола алады. Маңыздылығы бойынша келесі орында қиын қаржылық жағдай (банкрот, қарыздар) – 10 жыл ішінде барлық суицидтердің 3-тен 5,4%-ға дейін; ауыр соматикалық аурулар – 2,3-тен 3,6%-ға дейін, бұл да экономика мен денсаулық саласындағы маңызды мәселелерді көрсетеді. Айта кету керек, әлемде суицид проблемасына көзқарастар әртүрлі: ДДҰ деректері бойынша 20 елде өз-өзіне қол жұмсауға оқталу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. 28 елде суицидтің алдын алудың ұлттық стратегиясы бар. Суицидтің алдын алудың ұлттық стратегиясы бар 4 елде және ондай стратегиясы жоқ 4 елде 30 жылдағы тенденцияларды талдаған зерттеу мұндай стратегияларды қабылдау тиімді және суицидті азайтуға әкелетінін анықтады», – деген Қазақстан халықтық партиясы фракциясының депутаттары Үкімет назар аударуы қажет деп есептейтін 5 жайтты көрсетті. Оған Әлихан Асханұлы: «Ғылыми мәліметтерге сәйкес суицидальді белсенділік толқынды сипатқа ие. Халықаралық зерттеулерге сәйкес суицидтік мінез-құлықтың себептері биологиялық, психологиялық және әлеуметтік факторлардың өзара әрекеттесуіне байланысты қарастырылады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдардың Парламент депутаттарының, ҮЕҰ-ның және ғылыми ұйымдардың қатысуымен адамдардың суицидтік мінез-құлқының алдын алу Ұлттық стратегия жобасын (оның ішінде жас санаттарымен байланыстырудан бас тарту, ұлттық жобалар бойынша суицидтен болатын өлім-жітім көрсеткішін халықтың денсаулығы мен әл-ауқатының көрсеткішіне қосу мәселелерін қарастыру) әзірлеу бойынша кеңес өткізу тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және Үкіметтің бақылауында» деп жауап берген еді. Одан кейін сенаторлар Д. Нұржігітова, С. Ершов, Ғ. Сарыбаев, Н.Нұрсипатовтың желтоқсан айында Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалындағы ұсыныстардың ішінде: ҚР Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына: психологиялық нормативтік жүктемеге қарай психологтардың штаттық санын көбейту, олардың кәсіби біліктілігін алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарының және орталықтардың негізінде арттыру» айтылған еді. Өйткені, ҚР Бас Әскери прокурорының ақпаратына қарағанда, 2020-2022 жылдар аралығында 237 әскери қызметші қайтыс болған. Атап айтқанда, 2020 жыл – 77, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 64. Олардың 145-і әскерге келісімшартпен келгендер, 59-ы офицерлер, 31-і солдаттар. Бұл азаматтардың 89-ы науқастан көз жұмған, 62-сі жол апатынан, 50 адам суицидтен, ал 8 адам өзге себептермен қайтыс болған. Сенаторларға Үкімет басшысы: «Қазіргі уақытта Қарулы Күштерде 295 психолог лауазымы көзделген. Оның ішінде əскери басқару органдарында – 20, ЖӘБО-да – 40, əскери бөлімдерде – 188, мекемелерде – 12, əскери оқу орындарында – 35. Бұл 400 адамға бір психологтан келетін жалпы əлемдік орташа көрсеткіштен аспайды. Әскери психологтардың штаттары жеке құрамның психологиялық төзімділігін сақтау жəне жауынгерлік (оқу-жаттығу жауынгерлік) міндеттерді орындауға əзір болуын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Әскери психологтарды қайта даярлау жəне олардың біліктілігін арттыру əскери қызмет ерекшелігін ескере отырып, Қазақстан жəне Ресей жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады» деген жауап қайтарды. Сөз түзелді, ағайын, сен де түзел! Президент 2022 жылғы 19 қаңтарда Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кездесуде Мұрат Бектановты Қорғаныс министрі лауазымынан босатып, бұл қызметке Руслан Жақсылықовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойғанын хабарлады.   – Армия Тәуелсіздігіміздің тірегі болып, мемлекет мүдделерін қорғауы тиіс. Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық, – деген Жоғарғы Бас қолбасшы геосаяси жағдайды және аймақтық деңгейдегі өзекті сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери дайындығын түбегейлі арттыруды талап етті. Сондай-ақ әскери борышты өтеу міндетінің беделін көтеріп, абыройын арттыру қажеттігіне арнайы тоқталды.   Одан кейін 5 шілдеде Руслан Жақсылықовты қабылдаған кезде сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әскери қызметшілер арасында әлімжеттік әрекеттерді болдырмау мәселесіне ерекше назар аударды. Ал биыл 11 қаңтарда армиядағы жағымсыз жайттардың алдын алу, жастардың әскери борышын орындауға деген құлшынысын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру жөнінде қорғаныс ведомствосының қабылдап жатқан шаралары туралы есебін тыңдады. Онда әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, әскери ортадағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартудың маңызын атап өткен Мемлекет басшысы бұл бағыттағы министрдің атқарып жатқан жұмысына көңілі толған сияқты. Сондықтан Жамбыл облысының ҰҚК қарасты шекара қызметіндегі келеңсіз жағдайға байланысты Сержан Пірәлиевтің шулы мәлімдемесінен кейін Қорғаныс министрі мен оның командасы отставкаға кету керек деген жұртшылық талабы әзірге орындалған жоқ. Ал 25 қаңтарда өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қабылданған әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған шешімдер қалай жүзеге асатыны енді уақыт еншісіне қалып отыр. Жалпы әскердегі әлімжеттік туралы сөз қозғалған кезде оны балабақша, мектеп және кәсіптік техникалық және жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие жұмыстарынан бөліп қарастыруға болмайды. Өйткені өз құрдастарын ұрып-соғудың балабақшадан басталатынын әлеуметтік желіде таралған видеолардан да байқауға болады. Оған өз баласына біреу тиіссе аяма, былай ұр, былай теп дейтін ата-аналардың да әсері бар. Үйінде естіген, көрген, үйренгенін одан кейін балалардың сыртта да қайталап, өзінен кішілерге ғана емес, құрбы-құрдастарына да күш көрсетіп, қорқытып, бопсалауы бүгінде үйреншікті жағдайға айналуда. Оны азайту үшін білім ордаларына бейнекамера орнату жұмысы жүргізілгенімен, әзірге балалар мен жасөспірімдер ғана емес, жастар арасындағы зорлық-зомбылық жойылмай отыр. Сондықтан кейбір мамандар айтып жүргендей қолданыстағы заңнамада жазаны әлі де қатайта түскен жөн шығар.

Е. ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Абзал ҚҰСПАН, адвокат:

– Қазіргі таңда әскери істер бойынша сотқа дейінгі және сот тергеуі қалай жүргізілетінін қысқаша ғана суреттеп берейін: Әдетте, бұлаңдап еркін жүрген бозбаланың әскерге келген кезде ең алдымен үйренері не? Әрине тәртіп. Әскер қатарына қабылданған сәттен бастап, ол үшін командирі не бұйырса да айтқаны орындалуы тиіс, ол әлемдегі барлық елдерде қалыптасқан ереже, бұлжымас қағида. Біздегі бір ғана айырмашылық – барлық деңгейдегі командирлер осы ережені өздерінің бас пайдаларына жарататындары. Құрылысқа салады, малдарын бақтырады, үйлерін көшіртеді, т.б. Енді сол командирлерге сөздері өтетін әскери прокурорлар бар, оларға да оқтын-оқтын тегін жұмыс күші керек боп қалады, командирге бір қоңырау шалса болды, бір взвод сенің есігіңнің алдында тұр. Сөйтіп жүргенде, қылмыс болады, біреу төбелеседі, біреу асылып өледі, соған орай тергеуден бұрын ішкі тексеру өтеді де, жоғары тұрған командир төменгісіне «бәрі былай деп жауап берсін» – деп тапсырма береді. Әдетте іс жабық обьект (казарма, әскери бөлім, т.б.) ішінде болғасын куәнің бәрі солдаттар боп келеді. Оларды басынан бастап сол жабық жерде тексереді. Ол байғұстарда ақылдасатын адвокат тұрмақ, адамы жоқ командирінен басқа, егер ішінен принципті біреуі шығып, олай емес, былай деп басшылықтың айтқанына көнбей қойса, кешкісін қонар жер біреу, ол жерде сыбағасын беретінін жақсы біледі, амалсыздан айтқанға көнеді. Өйткені, бұйрық, тапсырма орындалуы керек, болды! Әскери басқармадан тергеуші келгенше барлық солдат бір жауап айтып тақылдап тұрады, тергеушіге де керегі сол емес пе, тез-тез шаруасын бітіріп, кезекті істі аштым, дәлелдедім деп, істі әскери прокуратураға жібереді, олардың жұмысы айыптау актісімен сотқа жіберу, болды. Сол айыптау актісінің өзін оларға тергеуші дайындап, тек қол қоятын қып әкеп береді. Ал сот ше? Барлық куә-солдатты бір көлікке тиеп, әскери тәртіп-строймен алып келеді, әуелі бөлімдерінде, кейін жол үстінде де тергеуде берген жауаптарын сотта қайталау қажеттігін «түсіндіреді». Сотқа куә жауап берді ме, берді, ал оның жауабы қаншалықты шындыққа сай келеді, оған бас ауыртып керегі не? Ылдым-жылдым істі қарап, тезірек үкімін оқып, үйіне қайтуға асығып отырған адамнан не сұрайсың, қандай әділдік күтесің?! Міне, әскери соттарда істер шамамен осылай, «әскери тәртіппен» қаралып жатады, былтырғы жылдың нақты статистикасын білмеймін, бірақ бұрындары бір жылда бір іс ақталмай өтіп кете беруші еді әскери соттардан, қазір де қатты өзгеріп кеткеніне күмәнім бар. Енді, әскери саладағы істер бойынша жылдар бойы қатып-семіп қалған тәжірибені менің әріптесім Сержан Пірәлиев бұзды кеше! Ол ешкімнен қорықпастан, қорғауындағы жазықсыз жанды қорғаймын деп, өз басын қатерге тіге отырып, бұлтартпас айғақ – бір емес, үш сараптама қорытындысына сілтеме беріп, батыл мәлімдеме жасады! Әскери бөлім (мүмкін гарнизон) басшысының ойлағанындай болмай қалды. Іс бақылаудан шығып кетті. Енді тергеу объективті жүре ме, жоқ сол баяғы ескі сарында кете бере ме, ол Сіз бен бізге, яғни қазақ қоғамына байланысты.

Елімізде тұтынушылық кредитке жаңа шектеулер енгізіледі

Кейбір нормалар былтыр және биыл қабылданған, ал жаңа заңдағы жаңалықтар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Вашингтонға барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен АҚШ-қа барды. Мемлекет басшысын АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландау Вашингтон әуежайында қарсы алды.

«Интер» өз алаңында «Қайратты» 2:1 есебімен жеңді

Миланда өткен ойында жергілікті «Интер» алматылық «Қайраттан» 2:1 есебімен басым түсті.

2025 жылы ипотекамен үй алу үшін айлығыңыз қанша болуы керек

Қазақстанда нарықтық ипотека мөлшерлемелері әлі де жоғары болып отыр, яғни жылдық мөлшерлеме 20%-дан асады. Ал "Отбасы банктегі" жеңілдетілген бағдарламалар қолжетімдірек болғанымен, онда тұрақты ресми табыс талап етіледі.

Қазақстандағы ломбардтар банктерден де көп табыс тапты ма?

Қазақстандағы ломбардтардың капиталы бір жыл ішінде 80%-ға жуық өсіп, 334 миллиард теңгеге жетті. Алайда сектордың өсуімен қатар бақылау да күшейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаражаттың шығу тегін және заңнаманың сақталуын қатаң қадағалауда.