Бірнеше жыл бұрын Шаған әскери гарнизонында қайғылы оқиға орын алды. №22039 мотоатқыштар әскери бөлімінде карантиннен келген 18 жастағы Әділ Сәдуақасовтың екі айдан соң өз белбеуіне асылып қалған денесі табылды. ҚР ІІМ Тергеу комитеті әскери басқармасының алдын ала болжамы бойынша, сарбаздың өлімі өз-өзіне қол жұмсау салдарынан болған. Алайда Қарағанды қаласында тұратын ата-анасы жалғыз ұлын осы бөлімшенің жасы үлкен әскери әріптестері өлтірді деген сеніммен тергеудің ресми нұсқасына сенбеген. Бұл ретте олар ұлы қызмет еткен бөлімше командирлерін кінәлады. Прокуратураның барлық инстанциясынан өтіп, олар Бас әскери прокурордың жеке қабылдауына қол жеткізді. Ол тыңдай келе, ата-анасының сарбаз Сәдуақасовтың қазасына қатысты арызын басқарма қызметкерлеріне мұқият тексеруді тапсырды. Қайғырған ата-ананы тыныштандыру үшін бас әскери прокурор тергеуді жеке бақылауға алам деп сендірді.
Тапсырма
Аптадағы жедел жоспарды талқылай келе, әскери прокурор Ермеков тергеу бөлімінің аға прокуроры, майор Жұмағалиевке Шаған әскери гарнизонына шұғыл түрде баруды тапсырды. Онда №22039 әскери бөліміндегі өз-өзіне қол жұмсау фактісін тексеруді бұйырды. Қуанбек Жұмағалиевтің «Шаған бізге тиесілі қадағалау объектісі емес» деген қарсылығынан түк шықпады. Полковник Ермеков оның сөзін бөліп: – Қой, майор. Бұл менің қалауым емес. Бас әскери прокурордың бұйрығы. Сондықтан тапсырманы орында, – деді. Осы сөзден кейін сәл жұмсартып: – Қуанбек, генерал сенім артып отыр, ал сен ше? Әлде бағаңды көтеріп отырсың ба? – деді сынай қарап. Амалының жоқтығын түсінген бұл: – Түсінікті, жолдас полковник. Тапсырманы орындауға рұқсат етіңіз, – деп орнынан тұрды. – Иә, жол болсын! – деген Ермеков біраз кеңес беруді де ұмытпады. Бүгін-ертең зейнеткерлікке шыққалы отырған Жұмағалиев неге әлі күнге дейін майор шенінде жүр, бұл бөлек әңгіме. Ол әскери прокуратураға тергеу органынан келген. Кезінде бас әскери прокурормен бірге жұмыс істеген. Бұрынғы тергеуші үшін күні бойы тар кабинетте отырудың өзі ауыртпалық болып, өзі айтқандай, босаңсу үшін жиі ішетін. Соның кесірінен талай қиындыққа тап болды. Жұмағалиевке әскери қызметшінің өз-өзіне қол жұмсауы бойынша жинақталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары бас әскери прокуратурадан электронды пошта арқылы келіп түскен. Тексеру материалдарымен, тергеушінің қаулысымен, әскери прокурордың, Қазақстан Республикасының бас әскери прокуроры орынбасарының шешімімен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен мұқият танысып шықты. Содан кейін куәгерлердің айғақтарын оқыды. Жалпы, аға прокурор әскерге шақырылған азаматтың өмірін қайғылы аяқтауға «біреулер көмектесті» дегеннен басқа бұл құжаттардан маңызды ештеңе таппады. Зорлықпен өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартудың негізділігіне күмәндануға дәлел жоқ. Қайтыс болған жауынгер Әділ Сәдуақасов өз-өзіне қол жұмсау туралы жазба қалдырмаған. Өз күйзелісі туралы ешкімге айтпаған. Сырын іште сақтап, сарбаздар ұжымынан аулақ жүрген. Отбасында ата-анасының қамқорлығында жалғыз өскені көрініп тұрды. Туыстарына жазған хаттарында, телефон арқылы сөйлескен кезде, ол «қарттар» (жылға тақау әскери борышын атқарып жүрген сарбаздар) тарапынан қорқыту немесе қинау болды деп шағымданбаған. Сарбаздың денесінен бөтен жарақат немесе сызат ізі де табылған жоқ. Бұл – сот-медициналық сараптама қорытындысының шешімі. Дәретханадағы мәйітті сол бөлімшенің қатардағы сарбазы түнде тауып алған. Іске мойнына солдат белбеуін байлап, ілулі тұрған адамның әртүрлі позициядағы суретінің көшірмесі қоса тіркеліпті. Күзетшілер ештеңені көрмеген, естімеген. «Белгілі жағдай, постта ұйықтап отырған», – деп ойлады Жұмағалиев. Басқа әріптестердің айғағы «Біз ештеңе көрмедік, ештеңе білмейміз. Көрсетілген уақытта ұйықтадық» деген сарында көшірме сияқты жазылған. Сараптама жіптен өрілген белдіктен саусақ іздерін таппаған. «Оларда тіпті әскерилер белбеуіне арналған былғары да жоқ екен, – деп ойлады майор ашуланып. – Былғары белбеу болса, белгі қалар еді». Жалпы айтқанда, тиянақ болар бірде-бір белгі жоқ. Тіпті шаш-тырнақ, жіп те табылмады. Қайтыс болған Сәдуақасовқа әскерден қайтатын сарбаздар «дембельдердің» немесе бір жыл борышын атқарған «қарттардың» қорқыту оқиғасы орын алғанын ешкім растамады. Тергеуге дейінгі тексеру материалдарында Сәдуақасовтың ата-анасына жіберген хаттарының көшірмесі ғана болған. Бір қисынсыз нәрсе бар. Үйден келген хаттарды негізінен анасы жазған. Тергеушілер Сәдуақасовтың тумбочкасын тексеру кезінде оларды таппаған. «Хаттар қайда кетті?» – майорды мазалаған сұрақтың бірі осы «Бір белгілісі, әрбір сарбаз үйден алған хаттарды көзінің қарашығындай сақтайды. Бос уақытында оларды жиі қайталап оқиды. Мүмкін хат жазысқан қызы да бар шығар. Хаттардың жоқ болып кетуі мүмкін емес». Бөлімше бастығының ұялы телефонға сақталған зерттеуі де тергеуге ештеңе бермеді. Жұмағалиев «мәселені осы жерде шешпесе болмайды» деген ойға келді. Тергеу материалы бойынша, барлығы суицидке нұсқайды, бірақ шындыққа көз жеткізу үшін, оқиға орнына баруға тура келеді. Жарықтықтың әріптестерімен кездесу керек. «Ал оны өз-өзіне қол жұмсауға не итермеледі? Бәлкім, сарбаздар соған әкелген шығар? Үйден келген хаттар қайда? Неге жоғалды?» – осы ой аға прокурордың көңілін мазалап тұр. Әділжанның ата-анасына үш апта бұрын жазған соңғы хатын тағы да оқып шықты. «Менде бәрі жақсы. Ақша жіберудің қажеті жоқ. Оны қайда жұмсаймын?» Бұл сөзі де күмәнді. Жас сарбаз тәттіге құмар болмайтын ба еді? Және жеке гигиеналық өнімдерге ақша қажет. Ата-анасын аяған шығар? Прокурор кезінде қалай әскери қызмет еткенін еске алды. Ай сайын берілетін ақшалай жәрдемақы – 3 рубль 50 копейка. Ол кеңес заманда сарбаз шайханасына бір рет баруға жеткілікті болатын.
Мотоатқыштар
Шаған әскери қалашығына келгеннен кейін Жұмағалиев алдымен гарнизондық прокуратураның басшыларымен кездесті. Өйткені, олар тергеу барысын қадағалап отырды. Әскери прокурор еңбек демалысында екен, орнына орынбасары қалыпты. Бас әскери прокурордың нұсқауымен тексерудің Орталық аймаққа жүктелгеніне бұл кісі наразы болған сияқты. – Бас әскери прокурор кеңсесінен тапсырма келді, істі бақылауға біз алдық. – Енді бұл жерде бәрі түсінікті емес пе? Жігіт – жас сарбаз! Ал қазіргі жастардың қиындыққа шыдамайтынын өзіңіз де көріп жүрсіз… – Түсінесіз бе, – Жұмағалиев иығын көтерді де, – бұл менің қалауым емес. Тапсырған соң, тексеру – менің міндетім! – деді бастығының сөзін есіне түсіріп. Әскери прокурордың орынбасары дереу Жұмағалиевті бөлімшеге ертіп келуді бұйырды. Майор Жұмалиев өзін «дембель» қысымымен әскерге кеткен сарбаз орнына қойып көрді. Оны қорлағаны анық. Ұрыпсоққан белгі болмағанына қарағанда, басқа әдіс қолданылуы мүмкін. Әрине, оларды келемеждеді, жеке менмендігін басу үшін қорлайтын жұмыстарға жұмсауы да ғажап емес. Қазір «дембель» немесе «қарттардың» сұранысы артты, олардың қалауы да ерекше. Аға прокурор Жұмалиевке гарнизондардағы «қарттар» деген бәлемен бұған дейін де бірнеше рет іс жүзінде айналысуға тура келді. Майор ойын одан әрі дамыта бастады. Бірақ көбіне мұнда ауылдың қарапайым балалары борышын өтейді. Ал олардың ата-аналарында табыс соншалық көп емес. Алғаны қалған балаларын тамақтандыру үшін ғана жетеді. Өйткені, кейбірі дәмді тамақ, жылы көрпе-жастық, ақ төсек-жайманы әскерге келгенде ғана көрді. «Ақша табыңдар» – мұндай тапсырысты «қарттардан» «бишара» немесе «шыбындар» алады. Амал жоқ, кейбірі қайыр сұрауға мәжбүр болып, әскери тәртіпті бұзып, бөлімше аумағынан шығып кетеді. Майор ең жақын ауылды аралап, кез келген адамнан темекі сұрап жүрген жауынгерді елестетті. Жанашыр азаматтар, әрине, мүмкіндігінше темекіге ақша береді. Сарбаз үшін қандай қорлық! Кейде олар кылмысқа да баруы мүмкін. Әлде ұрлай ала ма? Иә, оңай. Аға прокурор соңынан ілескен аға лейтенанттан әскери қызметкерлерге қатысты ұрлықтың бар-жоғын сұрады. – Негізінде мұндай фактілер болған, – деп растады ол. – Өткен жылы… Бірнеше іс әскери сотқа жолданды, бірақ көбісі соттан тыс шешілді. Ал биыл… Толық ақпаратты Бас прокуратурадан білуге болады. Түнімен инспектор Жұмағалиев әскери қалашықтағы қонақүйде болды. Шіркін, жолдан шаршап келгенде бір рөмке арақты тартып жіберер ме еді?! Бірақ өзін тежеді. «Босама, майор, өз-өзіңді ұста!» Қойын дәптер Сарбаздар орналасқан жерге келгенде, бөлімше командирінің төтенше жағдайдан кейін қызметінен босағанын білді. Оның орнына жас майор тағайындалыпты. Жұмағалиев пен әскери прокурордың көмекшісі бөлімнің жаңа басшысымен бірге қайғылы оқиға болған бөлімшеге аттанды. Куәлардан қайта жауап алу үшін бір күн қажет болды. «Қарттардың» әскерге шақырылған жігітке залал келтіргені туралы бір дерек табылмады. Сәдуақасовтың жоғалған хаттарының тағдырын ешкім білмеді. Әріптестері оған үзбей хаттар келетінін растады. Бірақ ол қайда? Белгісіз. Рас, жас сарбаздың бірі жұрттан жасырып жүрген қойын дәптерін көргенін байқамай айтты. Ал ол қайда жоғалып кетті? Білмейді. Әлде айтуға бата алмады ма? Әскери қызметкерлер арасында сауалнама жүргізу барысында аға прокурор жастарды да сөзге тартып, жұмыстан бос кезде немен айналысатынын білгісі келген. Олар ата-анасы жіберген ақшаны қайда жұмсайды? «Жіберілген ақша аға прапорщиктің қолында» деп барлығы бір кісідей қадап айтты. Ол асханаға немесе дүкенге барған кезде, қажет ақшаны сарбаздың қолына береді. Барлығын емес, тек ең қажеттісін. Содан кейін келіп, сарбаздар төлем чектерді міндетті түрде аға прапорщикке тапсырады. «Төтенше жағдайдан кейін олардың арқаларын тазалағанын байқауға болады», – деп ойлады Жұмағалиев. Нәтижесінде бөлімше командирлері мен «қатардағылар» арасында жүргізілген сауалнама ештеңе бермеді. Қойын дәптерден сарбаздар бейхабар. Хаттар да жоғалып кетті. Бәлкім, өлім құпиясы сонда жатқан шығар. Көрші колония, енді, міне, қару, сарбаздардан ақша жинау. Бұл мәселенің түп мәні тереңде жатыр. Жұмағалиев эскортпен бірге сарбаз бөлімшесін аралап, суицид болған жерге барды, тіпті қосалқы бөлмелерді де қарап шыққан соң, жүрегі ауырып, штабқа оралды. Бас бөлімше командирімен қоштасар алдында тексеруге қатысқандардың барлығына алғыс айта отырып, аға прокурор: – Аумақтың азаматтық полициясы қайда орналасқан? – деп сұрады. Подполковник штаб бастығына сұраулы көзбен қарады. – Аудан орталығында ғой, – деді аға көмекші. – Ал олардың ұрлық бойынша статистикасы бар ма? – Білмеймін, жолдас прокурор. Әрине, бар. Өйткені, жанымызда сотталғандарға арналған колония орналаскан. Жұмағалиев бөлiмше командирiнiң қабағын түйiп, көп сөйлеспеу керегін аңғартып тұрғанын байқады. Штаб бастығының «ас ішіп кетіңіз» деген қонақжай ұсынысынан сыпайы бас тартқан ол аудандық полицияға баруға бел байлаған. Сонда да болса кешке кездесуге келіскен ол бірден аудан орталығына жүріп кетті.
Саусақ ізі…
Бір ғажабы, полиция қызметкерлері Жұмағалиевті жылы қарсы алды. Ауданда тіркелген ұрлық саны барлық рекордтан асып түсті. Көпшілігі ашылмаған күйде қалған. Оқиғалардың қарқын алғаны сонша, Жұмағалиевтің өзі таң қалды. Полицейлер оған соңғы үш айдағы ұрлық бойынша ашылмаған қылмыстық істерді қарауға берді. Анықталғандай, бірнеше жағдайда қылмыс орнында жиһаздар мен заттардан саусақ іздері табылған. Деректер базасына сәйкес, бұл «саусақтар» еш жерде тіркелмеген. Күдіктілер де анықталмаған. Аға прокурорды тағы бір ашылмаған ұрлық қызықтырды. Онда тергеушілер пәтер еденінен металл түймесі табылғанын жазған. Ерекше ештеңе жоқ. Алайда онда сұқ саусақтың ізі болған. Куәгерлерден жауап алу хаттамасында көрсетілгендей, тонау кезінде үй иесі пәтерге оралған. Ұрлық үстіне кіріп келгенде, екі жас жігіт қарт әйелді итеріп, жүгіре жөнеліпті. Жас балалардың түрін есінде сақтамағанмен, әйел біреуінің күртесінен қатты ұстап алған. Дәл осы жерде түйме үзіліпті. Ұрылар резеңке қолғап кигендіктен, басқа іздер табылмады. Түйме де полиция дерекқорындағы үлгілерге сәйкес келмеді. Бұл саусақ іздері бөлімше жауынгерлерінің біріне тиесілі болуы мүмкін бе? Жұмағалиевті негізгі мазалаған сұрақ осы. Нәтижесі теріс болса да, тексеріп көру керек деп шешкен. Ең болмаса, жаны тыныш болады. Ол басқалармен салыстыру үшін осы «саусақтардың» үлгілерін беруді өтінді. Телефон арқылы Оңтүстік аймақтың әскери прокурорына хабарласып, тәжірибелі криминалисті таңертең Шағанға жіберуді сұрады. Кешке қарай Жұмағалиев штаб бастығы, командирімен бірге гарнизондық дәмханада көңіл көтерді. Әрине, ішімдік көп болды. Бірақ Жұмағалиев ертеңгі күні күрделі іс күтіп тұрғанын сезіп, босаңсуға ерік бермеді. Келушілерге арналған бөлменің бір бөлігінде түнеп шықты.
Өлтірген кім?
Таңертең әскери округтің криминалистері де жетті. Әскери-тәрбие жұмысы кабинетінде таңғы астан кейін орынсыз әңгіме тумас үшін, криминологтар бөлімнің сарбаздары мен сержанттарына таза пластикалық файлдарға салған сауалнама бланкілерін берді. Сауалнама толтырылғаннан кейін, әрбір әскери қызметкер қолындағы файлмен сарапшыларға келіп, полиэтилен пакетін өз саусақ іздерімен сараптама өкіліне тапсырды. Бір жарым сағатқа созылған бұл процедурадан кейін барлық файлдарды криминалист-сарапшылар мұқият талдап шықты. Жұмағалиевке тексеру қорытындысын айтқанда, ол сәттілікке сенбеді. Пәтердегі ұрлық болған жерден табылған металл түйменің саусақ іздерінің үлгілері екінші ротаның бір сарбазының іс қағазындағы саусақ ізімен сәйкес шықты. Ең қызығы, бұл «саусақтар» өткен жолы марқұм Сәдуақасовтың қойын дәптерін көргенін айтқан жас сарбаздікі екен. Аға прокурор Жұмағалиев табалдырықтан аттаған жас сарбазға үңіле қарап: – Аудан орталығындағы пәтерді неге тонадың?! – деп дауыс көтерді. Бейшара сарбаз қорқып, жылай бастады. Ол басқа бөлімшедегі серіктесімен бірге «қарттардың» ұрлық жасауға мәжбүрлегенін бірден мойындады. Ал мына түйме «қарттар» сыйға тартқан күртешенікі. Олар осы киімдерді киіп, аудан орталығына аттанған. Бір пәтердің құлпын бұзып, ішке кірген. Ештеңе алып үлгермей, үй иесі келіп қалған. Содан кейін кашып кеткен. – Ал, сарбаз Сәдуақасовты өлтірген кім?!– деген майор жас сарбаздың осы бір босаңсып отырған сәтін тиімді пайдаланып қалғысы келді. – Білем, оған сенің қатысың жоқ, солай ма? Көзіме қара, дұрыс па? – Мен… мен қатыспадым, – деп жылап жіберді ол. – Бірақ түнде…Олар Әділді оятқанда: «Ол туралы бәрібір жазамын…» дегенін естіп қалдым. – «Ол туралы» деген не? Түсіндір! – Жұмағалиевтің дауысы қатқыл шықты. – Бұл… Білесіз бе, білесіз бе, «қарттар» бұл… Тыным болмады, зар жылатып жүрді. Ал жас сарбаздардан ақша жинайтын. Осының бәрін Әділ білді. Ол ұрлық жасаудан бас тартты. Прокуратураға әлде ҰҚК-ге жазған көрінеді. Бірақ олар бұл хатты тапты… – Ол хат қайда? – Білмеймін, – ол басын шайқады. – Қойын дәптерін іздеді. Бәлкім, олар өртеп жіберген болар. Әділ осы оқиғадан бұрын әскери қоймадан қару-жарақ пен патрондар ұрланғанын айтты… – Сол себепті олар жолдасыңды дарға асып тастады ма? Сонымен, қайсысы? – Кирбаев пен Ержанов Әділді оятты. Жабдықтау бөлмесінде «қарттар» болды. Олардың бірінің ағасы түрмеде отыр. Бұған дейін Әділдің өзі де айтқан болатын. Мен олармен араласпа дедім. Ал ол… ол тыңдамады мені… Басы салбыраған сарбаз тағы да жылай бастады.
Күдік
Сол күні Сәдуақасовты қасақана өлтірді деген күдікке ілінген бес сарбаз түгелдей қамауға алынып, тергеу амалдарын жүргізу үшін Оңтүстік әскери прокуратурасына жеткізілді. Сарбаздар Кирбаев пен Ержанов қылмысқа қатысқанын бірден мойындады. Бірақ Сәдауқасовтың өліміне қатысымыз жоқ деп ақталуға тырысты. Расында, бір топ «қарттар» «Прокурорға жазған хат пен қойын дәптер қайда?» деп жас сарбазды дәретханаға апарып қорқытады. «Егер қағаздарды қолымызға бермесең, осы жерде асылып қаласың» дейді. Сәдуақасов көнбейді. Жасы үлкен сарбаздар бүгін-ертең үйлеріне амансау ораламыз деп отырғанда қол жұмсауға бата алмайды ғой деп ойлады. Сол себептен айғай-шу көтермейді. Бірақ жас жігіт қателескен еді. Сұмырайлар сарбаздың мойнына белбеу іліп, денесін асып қояды. Содан кейін үйден келген хаттарды өртеп жібереді. Қойын дәптер де сол бойы табылмады. Түнімен іздемеген жері жоқ. Сәдуақасовтың компромат дәптерін «қарттар» да таппаса керек. Осыдан кейін аудан орталығындағы ұрлыққа қатысқан жас сарбаз куәгер ретінде қорғауға алынды. Ал майор Жұмағалиев ше? Іс ашылғаннан кейін ол жол бойы пойызда араққа басты. Ешкім онымен әңгімелескісі келмегендіктен, ол жалғыз ішті. Купедегі жолаушылар мас адамға менсінбей қарап, бас шайқап отырды. Ашуланған жолсерік бірінші станцияда теміржол полициясына тапсырам деп қорқытып әлек. Көз алдынан жас сарбаздың өлімі кетпеген Жұмағалиевке енді бәрібір сияқты…
Сая ИСАБАЙ