12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

СУДЬЯЛАР НЕГЕ ТӨРАҒА БОЛУҒА ТАЛПЫНБАЙДЫ?

ЕЛБАСЫМЫЗ Н. НАЗАРБАЕВ ЖАРИЯЛАҒАН «100 НАҚТЫ ҚАДАМ» СТРАТЕГИЯСЫНА СӘЙКЕС СОТ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУҒА ҚАТЫСТЫ ҮЛКЕН ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ. ӘЛЕУМЕТКЕ ҰСЫНЫЛҒАН БҰЛ РЕФОРМАЛАР БҮГІНДЕ ӨЗ ЖЕМІСІН БЕРУДЕ.

Ел Президенті Қ.Тоқаев өз Жолдауында «сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы» – деп көрсеткен болатын. Шынында, сот жүйесіне қатысты қазіргі таңдағы нақты өзекті мәселе – кадрларды даярлау және іріктеу мәселесі. Осы бағытта Жоғарғы Сот
еліміздің Жоғарғы Сот Кеңесімен бірге көптеген жұмыстар атқаруда. Кадрлар мәселесіне байланысты «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы № 132 конституциялық заңға бірқатар өзгертулер енгізілді. Атап айтқанда, судья лауазымына үміткерлікке арнайы жоғары білімді, отыз жасқа толған,
заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар азаматтар ие бола алады. Тағылым мерзімі үш айдан бір жылға дейін ұзартылып, жаңадан тағайындалған судьяларға бір жыл сынақ мерзімі белгіленетін болды. Жұмыс жасап жүрген судьяларға да талаптар күшейтілді. Сотта іс жүргізу заман талаптарына сай барынша оңтайландырылды. Сотқа жүгінушілер қазіргі уақытта өз талап арыздарын ғаламтор желісі арқылы жолдай алатын болды. Бұның барлығы сот жүйесіне енгізіліп жатқан жақсы жаңалықтар.
Қазіргі уақытта аудандық сот төрағасы лауазымына қойылатын талаптардың маңыздылығы жоғары болып отыр. Осы ретте жергілікті аудандық соттарды басқаратын сот төрағасының білімділігі, біліктілігі, өмірлік тәжірибесі маңызды рөл атқарады. Сот төрағасы өзіне сеніп тапсырылған аудандық соттың жұмысын ұйымдастырып қана қоймай, жергілікті бұқара халықпен тығыз қарым-қатынаста болуы шарт, елдің мұң-мұқтажын тыңдай біліп, әлеуметтік мәселелерді ушықтырмай, дер кезінде құқықтық жағынан көмек қолын соза білуі қажет. Қарапайым халық жергілікті соттан әділ және заңды шешім күтеді. Жоғарғы Сот қоғаммен тиімді кері байланыс құру қажеттігін ескере келе, 2020 жылды коммуникация жылы деп жариялады. Қоғам мен аудандық сот арасындағы дәнекер – сот төрағасы. Демек, сот төрағасы осы межені меңгере алатын, аудандық соттың заң талаптарына сай сот шешімдерін қабылдауын ұйымдастыра алатын іскер азамат болуы керек.
Соңғы кезде, аудандық сот төрағасы лауазымына үміткер ретінде қатысқысы келетін судьялар саны азайып кетті, тіпті кейбір аудандық соттардағы сот төрағасының орны бір-екі жылдап бос тұр. Аудандық соттардың төрағасы лауазымына судьялардың
үміткер ретінде қатыспауы жөнінде Жоғарғы Сот Кеңесінің Қазақстан Республикасындағы сот кадрларының жай-күйі туралы №2 Ұлттық баяндамасында да көрсетілген. Заң талабына сәйкес аудандық сот төрағалығына кандидат ретінде жұмыс істеп жүрген судьялар немесе судья лауазымында кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсынылады, яғни, қатардағы кез келген судья өз кандидатурасын аталған лауазымға ұсына алады. Осы ретте қатардағы судья неге аудандық сот төрағасы лауазымына қызметтік жоғарылау үшін өз өтінішін білдірмейді деген заңды сұрақ туындайды. Өзім үш аудандық
соттың төрағасы қызметін атқарған еңбек тәжірибеме сүйене отырып, бұл мәселенің басты себептерін атап айтқым келеді.
БІРІНШІДЕН, аудандық сот төрағасына деген талап өте күшті, лауазым ды тұлға ретінде өзі басқарып отырған соттың кем-кетігіне толықтай жауап береді. Заң талабы негізінде сот төрағасы судьяның қарауындағы істер бойынша оған ықпал ете алмайды, ол дұрыс та. Бірақ, сол судья не соттағы мемлекеттік қызметкер жұмыс барысында қандайда бір қателіктерге жол берсе, төраға олармен бірге жауапкершілікке тартылады. Қазіргі кездегі үміткер судьялар осы ауыр жауапкершіліктен тайсақтайды. ЕКІНШІДЕН, аудандық сот төрағасының алатын айлығы оның қарамағындағы қатардағы судьядан аса артық емес, ары кетсе 20-30 мың теңге көлемінде, ал, облыс орталығында қызмет атқаратын судьядан екі есе аз алады. Сондықтан, қалада қызмет атқаратын судья ауданға барып сот төрағасы болып қызмет атқаруға құлықсыз. Ешкім қомақты жалақысын екі есе аз айлыққа айырбастағысы келмейді.
ҮШІНШІДЕН, аудандық сот төрағасының лауазымына тағайындалған жағдайда судья үй-тұрмыс жағдайын өзі бетімен шешуге мұқтаж. Себебі, көп аудандық соттарда, әсіресе, шалғай аудандарда, әлі де болсын қызметтік тұрғын-үй мәселесі толыққанды шешілген жоқ. Сонымен қатар, төраға болып тағайындалған судьяның отбасының әлеуметтік мәселесі ешқандай заңнамалық актілермен қорғалмаған. Олардың ауысып барған жерінде тиісті жұмыспен қамтылуы, мектеп, балабақша мәселесі шешілмеген. Бұл мәселелерді шешу үшін аудандық сот төрағасы жергілікті атқарушылық билік өкілдеріне кіріптар болуға мәжбүр. ТӨРТІНШІДЕН, аудандық сот төрағасы заң талабына сай, бес жыл мерзімге тағайындалады. Сот төрағасы өзі атқаратын лауазымға немесе тең дәрежелі соттардағы ұқсас лауазымға екі реттен артық тағайындала алмайды. Ол мерзім өткеннен кейін, сот төрағасы жалпы конкурспен жоғары сатыдағы бос судья лауазымына қатысуға құқылы. Аудандық сот
төрағасы өзі басқарып отырған сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда ғана басқа соттағы сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындалуға жатады, яғни, егер сотта судьяның бос орны болса, конституциялық мерзімі өткеннен кейін, сот төрағасы осы сотқа қатардағы судья болып қалдырылады. Ешқандай аудандық сот төрағасы, кеше өзі
басқарған сотқа судья болып қалуға құлықты деуге келмейді.
БЕСІНШІДЕН, әрбір аудандық сотта кадр тәрбиелеу мәселесі бір жүйеге келтірілуі керек. Бүгінгі қарапайым сот қызметкері ертең осы соттың төрағасы боларына сенімді болатындай ынталандыру шараларын қолдану қажет. Соттың табалдырығынан бастап төріне дейін қызметтік баспалдақтан өткен, сот мұрағатындағы істердің шаңын иіскеп, сотта қаралған қылмыстық, азаматтық істерді өз жүрегінен өткізген маман ғана өз ісінің білгірі, осы сотқа жаны ашитын сот төрағасы бола алады. Аталған себептерді жою үшін, аудандық сот төрағасы лауазымының мәртебесін көтеру қажет. Ол үшін тиісті заңнамаға өзгерістер енгізе отырып, бұл істі облыстық соттардағы кадр іріктеу мәселесін жандандырумен ұштастыру – уақыт талабы. Басты мәселе, ол материалдық мәселе, аудандық сот төрағалығының еңбекақы мөлшерін облыс орталығында қызмет атқаратын судьяның еңбекақысына теңестіру керек. Сонда ғана, аудандық сот төрағасы лауазымына кәсіби білімді, сот саласының білгір мамандары келуге құлықты болар еді.

А.ИСМАГУЛОВ,
Алтай аудандық сотының
төрағасы

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Судьялар съезінің маңызы зор!

Биылғы жыл Қазақстан Республикасы судьялар съезінің ІХ рет өтуімен...

Сенім  – заңды білуден басталады

Бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі –  сабырсыздық, шыдамсыздық, яғни...

Істерді оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қарау

Азаматтық істі қараған кезде белгілі жағдайларда талап қою оңайлатылған...

Мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар

АПК-нің 27-бабының 1-бөлігіне сәйкес мемлекеттік сатып алудан туындайтын даулар...

Көлікті мас күйде басқарудың жауапкершілігі жоғары

Жол көлік оқиғаларын барынша азайту қазіргі таңда қоғамның алға...