12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Сотқа құрмет көрсету парыз

Сот – ақ пен қара анықталып, тура төрелік жасалатын мәртебелі орын. Кез келген даудың түйінін тарқатып, әділдігін айтатын баяғының билеріне халықтың қалай құрмет көрсеткенін тарихтан білеміз. «Әділ бидің елін дау араламайды, Әділ патшаның елін жау араламайды», «Би болмасаң болма, би түсетін үй бол», «Бидің жолы – ақ, Судың жолы – сара» деген мақалдар ел арасынан шыққан билердің қаншалықты қадірлі, бағалы болғанын айғақтаса керек.

Ал судьялар осы билердің ісін заңды жалғастырушы, мұрагері іспеттес. Қазақ даласында билер қалай үлкен жауаптылықпен төрелік жасаса, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде де істерді таразылау сот жүйесіне, судьяларға жүктелген. Осындай маңызды іс сеніп тапсырылған соң судьялардың да қоғамдағы мәртебесі жоғары, беделі биік. Бұл өз кезегінде сот корпусына тек білікті, таңдаулы мамандар іріктелуі үшін судьялықтан үміткерлерге қойылатын талапты жыл сайын күшейтуге ықпал етті.

Үлкен сынақ, сүзгіден өтіп, сот корпусына қабылданған судьялардың заң мен арға сүйеніп шешім шығаратыны белгілі. Десек те, істің талапқа сай қаралуы тек судьяға байланысты десек қателесеміз. Шешім мен үкім дер кезінде шығарылып, оның әділдігі мен сапасына ешкімнің күмәні болмауы үшін сот отырысына қатысушылар сотқа құрмет танытып, өзіне мәлім деректерді шынайы айтып, жалғандыққа, дөрекілікке жол бермеуі тиіс. Іске қатысатын адамдар азаматтар судьяға «Құрметті сот» деп сөйлейді. Бұл, әрине, судьяға жеке тұлға ретінде ғана емес, оның Қазақстан Республикасының атынан сот төрелігін жүзеге асыруына байланысты көрсетілген құрмет. Тисінше сотқа құрметтемеушілік білдіру өз кезегінде мемлекет абыройына нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан да мұндай әрекеттер елеусіз қалмауы тиіс.

 Жалпы сотқа құрметтемеушілік білдіру әрекеттерін екі түрге бөліп қарастыруға болады, оның бірі – сот отырысында, екіншісі – сот отырысынан тыс. Осы аталған екі әрекеттің салдары жалпы тұрғыда бірдей болғанымен, тәртібі ерекше. Ол туралы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 119-120-баптарында бекітілген.

Айталық сотқа құрметтемеушілік сот отырысында білдірілсе және тәртіп бұзушы сот отырысының залынан шығып кеткен жағдайда, сот приставы немесе соттың өзге жұмыскері сот төрағасының немесе сот отырысына төрағалық етушінің ауызша өкімі бойынша құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды, бұл туралы құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетіледі. Бұл көбінесе сот барысында өзінің эмоциясын басқара алмайтын, көңіл-күйдің жетегімен кететін жандарда кездеседі. Сотта екі тарапқа теңдей мүмкіндік беріледі, екі тараптың сөзі бірдей тыңдалады. Ал дауыс көтеріп, қарсы тарапты балағаттаумен мәселе шешілмейді. Өз талабын жеткізгісі келген азамат ойын айқайлап емес, нақты деректерді алға тарта отырып байыппен жеткізсе керек. Кейде осындай қарапайым әдеп қағидасын назарға ұстамайтындар бар.

Құқық бұзушылық туралы хаттама 120-баптың төртінші бөлігінде көзделген жағдайларда қажетті материалдармен бірге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген соттылыққа сәйкес қарау үшін сотқа жіберіледі. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, сот бұл туралы қаулы шығарады, ол өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға үш жұмыс күні ішінде тапсырылады және (немесе) жіберіледі және растайтын материалдармен бірге прокурорға сотқа дейінгі іс жүргізуді ұйымдастыру үшін жолданады.

Сот тәжірибесінде құрметтемеушілік білдіру фактісі бойынша жауапкершілікке тарту сирек қолданылады. Сотқа құрметтемеушілік білдіруге байланысты әрекеттер үшін жауапкершілік АПК-нің 188-бабымен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 653-бабымен және Қылмыстық-процестік кодекстің 346-бабымен қарастырылған. Көбіне қолданылатын шара – әкімшілік жауапкершілік.

Заңнамалардағы мұндай тетік азаматтарды жазалау үшін емес, қоғам ішінде сотқа деген құрметті қалыптастырып, халықтың төрелік алаңындағы тәртіпті сақтауына ықпал ету мақсатында енгізілгенін ұмытпайық!

Райхан Сартаева,

Алматы қаласы

Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Сауаттылық сергелдеңнен құтқарады

Кез келген даудың түйіні сотқа келіп тарқатылады. Сондықтан Ата...

Еңбек дауының алдын алу маңызды

Еңбектің барлық кезде дұрыс бағалана бермейтінін сот тәжірибесі көрсетіп...

Судьялар съезі – жаңа бастамалар мінбері

Судьялар одағы – қазақстандық қазылардың басын біріктіріп, бір мақсатқа...

Сот алдында бәрі тең

Азаматтық процесс барысында таразы басының тең ұсталып, екі тарапқа...

Кеңседегі іс жүргізу мәселелері

 Кеңсе жұмысы әртүрлі бағытта жұмыс жасайды. Бүгінде бұл бағытта...