12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

СУДЬЯ ҚАТЕЛІГІ ҮШІН ТӨРАҒАНЫҢ ЖАУАПТЫ БОЛУЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚИСЫНДЫ?

Әділдіктің жаршысы, заңдылықтың қорғаушысы болуы тиіс судьялардың қылмысқа ұрынып, парақорлықпен қолға түсуіне не себеп? Мәселен, өткен жылы ай сайын бір судья осындай күдікке ілініп, алтауының үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотталыпты. Бірі көші-қон заңнамасына қатысты заңның бұзылуын жасырғаны үшін, бірі жер телімін алуға «оң» шешім шығарғаны үшін, тағы бірі осындай құқыққа қайшы әрекеті үшін бірнеше мың доллар пара алып, қалтасына басқан.

«Ет сасыса – тұз себебіміз, тұз сасыса – не себебіміз?» дегендей, биік парасаты және адал қызметімен қоғамда қылмыстың өршуіне тосқауыл қояды деп үміт артқан қазылардың қолы осылай былғанып жатса, өзгеге не жорық? Судьялардың өз шешімін саудалауы, әрине, қоғам үшін өте қауіпті құбылыс. Алайда арды, жүктелген сенімді белден басқан мұндай судьялар үшін төрағалардың жауапты болуы қаншалықты қисынды? Бұл мәселені «Заң газеті» бұған дейін де көтерген. Тақырыпқа қайта оралуымызға Түркістан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбековтің Президентке жолдаған үндеуі түрткі болды. Судьялар тиісті заңнама бойынша дербес тұлға. Мемлекет басшысы тағайындайтын қазыларды іріктеу Жоғарғы Сот кеңесінің еншісіне берілген. Бұл ҚР Президентінің сот корпусын қалыптастыру жөніндегі конституциялық өкілеттіктерін, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылған автономиялы мемлекеттік мекеме екені белгілі. Ал сол үлкен құзырет беріліп, судьяларды сүзгіден өткізетін мекеменің лайықтыларды іріктей алмауы қалай? Ең өкініштісі – жемқорлықпен істі болғандардың арасында жас судьялардан гөрі, талай жыл осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» қазылар саны көбірек. Мұндай заңсыздыққа жол берген судьяларға, әрине, аяушылық болмау керек. Олар өз қылмысының деңгейіне сай заңды жазасын алуы тиіс. Ал қарауындағы қазының қылмысы үшін төрағаның жауап беруі заңсыз. Баратбековтің әлеуметтік желідегі үндеуінен кейін бұл мәселе заңгерлер қауымдастығы, жалпы қоғам тарапынан қызу талқылануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметте өткізген сыбайлас жемқорлыққа қатысты кеңесте мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының өзіне бағынышты қызметкерлер жасаған қылмысқа дербес жауапкершілігін арттыруды тапсырғаны рас. Соған сәйкес бұл талап «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда көрініс тапқан болатын.
Заңның 43-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың бірінші жетекшілері тікелей бағынышты қызметкерлер жемқорлық қылмыс жасаған кезде доғарысқа кету керек. Бұл құжат Түркістан облыстық сотының төрағасын да әбігерге салған жайы бар. Себебі былтырғы жылы осы өңірдегі бірнеше судья істі болып, ең аяғы азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Түгел Бекімбетовтің де қолына кісен салынған болатын. Мұндай жағдайдың орын алуы бүкіл фемида қызметкерлерінің беделіне көлеңке түсіргені ақиқат. Ал енді Түркістан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбеков те – соттың өз баласы. Осы саладағы өзін мойындатқан білікті маманның бірі. Әрине, төрағалықтан кеткен күннің өзінде Баратбековтің жұмыссыз қалмайтыны белгілі. Алайда өзі таңдамаған, өзі іріктемеген, өзі тағайындамаған кадр үшін неге төраға жауапты болып қызметінен өз еркімен кетуі тиіс? Түркістан облысындағы бас судьяның Президентке хат жолдауының сыры да осында болса керек.
«Сот жүйесі және судьялар мәртебесі» атты конституциялық заңда төрағаға судья әдебі және жемқорлыққа қарсы күрес нормаларын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған жалпылама міндет жүктелген. «Бұл талап нақты іс бойынша ешкімге есеп бермейтін судьялар қызметінің ерекшелігінен туындайды. Судья сот төрелігін жүзеге асыру барысында ешкімге тәуелді емес және ол тек қана Конституция мен заңға бағынады. Олардың қызметіне араласуға ешкімнің құқығы жоқ. Осыған орай «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның мемлекеттік органдар бірінші басшыларының қарауындағы қызметкердің жемқорлық қылмысты жасағаны үшін доғарысқа кетуі туралы талабы сот саласында қолдануға келмейді», – дейді Баратбеков өз хатында.
Түркістан облыстық сотының төрағасы болған 2017 жылдан бастап үнемі жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын жүргізген Баратбеков облыстық сот судьясы А.Рахымбаев пен облыстық соттың азаматтық істер бойынша сот алқасының төрағасы Т.Бекімбетовтің заңсыз әрекетіне елмен бірге күйініп отыр. Десек те бұл азаматтар судья лауазымына төрағаның араласуынсыз тағайындалған. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов та Баратбековтің кәсіби қызметі мен лауазымдық міндетіне қатысты ешқандай мін қоймайтынын айтқан. Бірақ
сот саласындағы кадр іріктеу тәртібін ескермеген жаңа заң талабына сәйкес Түркістан облыстық сотының төрағасына жұмысты босату керек. Осыны мәлімдеген Баратбеков Президенттен ақырғы шешімді шығару кезінде айтылған жайларды ескеріп, мәселені әділетті шешуді сұрайды. Оның бұл талабын әріптестері, өзге де заңгерлер жоққа шығармайтынын аңғаруға болады.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев былтыр біздің газетімізге берген сұхбатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданып, арнайы бағдарламалар, Тұңғыш Президент Жолдауларында айтылған тапсырмалар бойынша кешенді жұмыстар жүргізілгенін, жемқорлыққа жол ашатын тетіктердің барлығы назарға алынып, сот ісі барынша ашық атқарылып, сот мамандары мен судьялардың тараптармен бетпе-бет жұмыс істеуіне тосқауыл қойылғанын айта келіп, бірақ судьялардың заңсыздығы үшін төрағаның жауап беруі орынсыз деген пікір білдіріп еді. «Мұндай шара облыстық сот төрағасы судьяны өзі тексеруден өткізіп, қабілеті мен тәлім-тәрбиесіне, білімі мен білігіне көз жеткізіп жұмысқа алғанда ғана қолданылу керек», – деген еді Тілектес Ешейұлы осы ретте.
Жалпы алғанда, соңғы жылдары судьяларды төрағалардың ықпалынан сақтау мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілді. Қазақстанның Жоғары Сот кеңесі жергілікті судьяларды жауапкершілікке тарту мәселесін облыстық сот төрағаларының қарауынан алып, қазылардың тәуелсіздігін нығайта түсті. Сөйтіп, жергілікті судьяларды ведомствоішілік қысымнан қорғауға, олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге қадам жасалды. Барлық сатыдағы сот судьялары, төрағаларының бос лауазымына кандидаттарды іріктеу, оларды тағайындау үшін Президентке ұсыным жасау Жоғары Сот кеңесінің құзырына берілді. Сондықтан облыстық сот төрағалары өз қарауына жұмыс істеуге келетін төраға, судьяларды тек Президент Жарлығымен тағайындалғанда ғана білетін болды. Осы жерде «судьялыққа үміткерлер облыстық соттардың жалпы отырысының оң қорытындысын алғаннан кейін ғана қаралады емес пе?» деген сұрақтың қойылатыны заңды. Бұл – шындық. Бірақ онда үміткерге бүкіл ұжым қолдап дауыс беріп отыр. Ендеше, судья заңсыздыққа жол берсе, оған жалпы отырысқа қатысып қолдау білдірген судьяның бәрі жауап бергені жөн бе, жоқ, төраға жауап беруі тиіс пе? Егер жергілікті соттың басшысы – төраға өзінің қол астындағы сот төрелігін атқаратын төрағаны, судьяны таңдап алуға, тағайындауға еш қатысы болмаса, керек десеңіз, оны жауапкершілікке тартуға өкілеттігі жоқ болса, не үшін кадр мәселесіне жауап беруі тиіс?
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Қазақстанда жеке куәлік өзгереді

Қазақстанда жеке куәлік дизайны мен мәліметтері өзгереді. Ішкі істер министрінің бұйрығына тиісті өзгерістерді ІІМ әзірлеген.

«Сарыға» өткен көліктерге айыппұл. Қанша астаналық «ұсталды»?

Наурыздың басында Астанадағы камералар бағдаршамның сары түсіне өткен көліктерді түсіре бастады.

Бүгін ауа райы қандай болады?

"Қазгидромет" РМК синоптиктері ертең, 4 мамырда еліміздің 15 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасады.

Қазақстандағы су тасқыны: Атырау мен ШҚО-дағы жағдай қандай?

Шығыс Қазақстан облысында жаңбырдың көп жаууына байланысты елді мекендерге су тасқыны қаупі төнді.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ БӘСЕКЕДЕ МИНЕРАЛДЫ ШИКІЗАТТЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Жеріміз пайдалы қазбаларға толы деп мақтанамыз. Алайда, осы байлық толыққанды ел игілігіне айналмай отыр. Оның бір себебі пайдалы қазбаларды жер қойнынан алып шығудың қиындығында. Осының салдарынан құрамында минералды шикізат бар тау жыныстарының белгілі бір бөлігі басқа елдерден әкелінеді.