Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмiрi мен құқықтары, бостандықтары екені Ата Заңмен айқындалған. Соған сай, әрбір азамат кез келген жағдайда сот төрелігі арқылы істің әділ және обективті қаралуын талап етіп, құқықтары мен бостандықтарын қорғай алады. Бұл тұрғыда құқық қорғау органдары мен соттардың қызметі үздіксіз жетілдіріліп, заман талабына сай жаңғыртылып жатыр. Заманауи реформалар нәтижесіз емес. Көпшілік олардың игілігін көруде.
Солардың атап айтарлығы, қылмыстық іс жүргізудің үш буынды моделі. Халықаралық стандарттарға, озық елдер тәжірибесіне сай енгізілген тың үлгі қылмыстық процестегі құрылымдардың, яғни, полиция, прокуратура, сондай-ақ соттың әрқайсысына тиесілі өкілеттігін нақтылап берді. Өйткені, қылмыстық қудалауды жүзеге асыруда келеңсіз жағдайлардың басым көпшілігі осы құрылымдар қызметінде айқындықтың жоқтығынан орын алатын.
Осы жағынан алғанда үш буынды модель қылмыстық қудалау мен сот төрелігінің жұмысын жаңа бағытқа бұрды. Көпшілікке түсінікті болу үшін айтып өтер болсақ, жаңа үлгіде қылмыстық процесті жүргізу үш кезеңнен тұрады. Полиция қылмыстық әрекеттерді, оған қатысы бар адамдарды анықтап, дәлелдер жинайды. Бұдан соң материал прокурорға өтеді. Прокурор дәлелдемелерге тәуелсіз баға беріп, азаматтар құқықтарының бұзылуына тосқауыл қояды, айыптауды дайындайды. Жұмыс барысында прокурор істі қысқартуға, құжаттарды қайта тергеуге жіберуге, полицияға тапсырма беруге толық құзырлы. Тергеп-тексеру барысындағы маңызды құжаттар, процестік шешімдер мен қаулылар прокурор келіскенде ғана бекітіледі. Прокуратурада мұндай құзырет бұрын болмаған. Жаңа модельдің басты артықшылығы да осында.
Сот тергеу сатысында адамның құқығы мен бостандығының сақталуын қадағалап, сот талқылауы сатысында үкім шығарып, азаматтың кінәлі немесе кінәсіздігін анықтайды. Мұндай заңдылықтардың қоғамдық мүдде мен адам құқықтарын қорғауда тепе-теңдіктің сақталуында маңызы зор.
Заң мен сот алдында жұрттың бәрі бірдей болғандықтан, оларды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, т.б. байланысты бөлуге немесе кемсітуге болмайды. Осы себепті, қылмыстық процесті жүргiзетін органдар іске қатысушыларды қорғап, заңды талаптарын қанағаттандыруға уақтылы шаралар қолдануға, жазықсыз жапа шегулеріне жол бермеуге міндетті.
Қылмыстық істің сотқа дейін жіті тексерілуі жазаға негізсіз тартылудың алдын алумен қатар, азаматтардың бұзылған немесе нұқсан келтірілген құқықтар мен бостандықтарын қалпына келтіреді. Жоғарыда аталған құрылымдардың тергеу сатысындағы өзара іс-қимылы заң үстемдігіне жол ашып, жауапты органдардың жұмыс сапасын жақсартуда.
Кез келген заң, құқық қорғау және сот органдарында жүзеге асып асырылып жатқан жаңашылдықтар адам мүддесіне, ел игілігіне бағытталған. Соған орай, әрбір адам заңды сыйлап, өзінің де, өзгенің де құқықтары мен бостандықтарын бағалай білгенде ғана құқықтық мемлекет құрып, озық елдер қатарынан өз орнымызды аламыз.
Ілияс Мұхадиұлы,
Талғар аудандық сотының судьясы
Алматы облысы