Бүгін еліміздің құрылысшыларының кәсіби мерекесі. Мерейлі мерекеде «Beles» құрылыс компаниясының директоры Махат Төреәлі мырзамен аз кем сұхбаттасып, саланың жетістігі мен кемшілігін ортаға салып ой бөліскен едік. «Құрылысшы еңбегі – ғасырлар бойы сақталатын мұра. Сондықтан, құрметті де мәртебелі мамандық. Құрылысшылардың қажырлы еңбектерінің арқасында елімізде ірі жобалар жүзеге асырылды. Мәртебелі мамандық иелерін құттықтаймын» деген Махат мырзамен сұхбатымыз әрі қарай құрылыс саласының келелі мәселелерімен жалғасты.
— Астанадағы жиырма шақты Тұрғын үй кешендерінде қолтаңбаңыз бар екен. Елімізде ең алдымен құрылыс заттары қымбаттады. Осындай кезеңде үй бағасын тұрақтандыруда қандай шаралар қарастырып жатсыздар?
— Жаз шыға елімізде құрылыстың қызатыны белгілі. Сондықтан маусымдық қажеттілікке орай жылда құрылыс заттары қымбаттап шыға келеді. Тіпті өзімізден шығатын бетон, кірпіштердің бағасы да қымбаттайды. Ал бұл үй бағасына да әсер етері даусыз. Құрылыстың біту мерзімі ұзарған сайын, құрылыс заттары да қымбаттап, оның өзіндік бағасын шарықтата береді. Сондықтан мүмкіндігінше қолға алған дүниені тезірек бітіруге тырысамыз. Құрылысты белгіленген мерзімде бітірсең құрылыс заттарының бағасын бақылап отыруға мүмкіндік бар. Әрине «тезірек бітіреміз» деп оның сапасын ұмытуға болмайды. Сапасын ең бірінші кезекте қадағалаймыз. Дегенмен қанша тез бітіргің келсе де туындайтын қиындықтар өте көп. Көп жағдайда құрылыстың жүруі емес, соған қатысты басқа мәслелер көп уақытты алады. Мәселен қазір бұрын саяжай болған жерлерге үй салып жатырмыз. Көп жағдайда саяжай иелері өз ойындағы бағасына сатқысы келеді. Сондықтан үйлерді сүру кезінде жерді бағалаудың бірыңғай жүйесін енгізу керек. Әркім ойына келген талабын қоймас үшін жалпыға ортақ ереже қажет. Әйтпесе біреулердің «қыңыр кісі бір жақ» ұстанымы, құрылысты дер кезінде бастап, жоспарланған мерзімде аяқтауға кедергі келтіріп жатады. Атап өтер бір жайт кейде бір құрылыс затының біздің елімізде де өндіріліп жатқанын көріп қуанамыз. Бірақ дәл сол заттың Ресей мен Қытайдан өндіріліп бізге жеткізілген бағасы біздікінен қолжетімді болып жатады. Алайда олардың жеткізілуі кезінде мәселелер туындап, құрылыстың уақытылы бітуіне қолбайлау болып жатады. Тағы бір мәселе — шетелден жеткізілетін тауардың бағасы доллармен белгіленеді. Ал доллар бағасы тұрақсыз. Соңғы жылдары тіпті тек өсу үстінде. Ең аяғы Өзбекстаннан жеткізілетін құрлыс бағасы да доллармен есептеледі. Мұның барлығы бағаға әсер ететін факторлар. Қысқасы құрылыс саласында бағаның өсуіне әсер ететін жағдайлар өте көп. Ал халықтың қалтасы оны көтере алмайды. Екі ортада біз қиналамыз. Дегенмен «алтын аралығын» табуға тырысамыз. Өйткені өз елінде, өз жерінде жүріп қазақ үйсіз атанбауы керек. Сондықтан барынша бағаны ауыздықтауға күш саламыз. Мәселен бір мезетте бірнеше нысанмен қатар жұмыс істеп жатқаннан кейін, мүмкіндігінше құрылыс заттарын көтерме бағамен алып, ұтуға тырысамыз. Тікелей зауытқа тапсырыс беру арқылы өз бағасына алуға ұмтылып, өзімізге де, халыққа да қолайлы жағдай туғызуға тырысып жатырмыз.
-Жалпы баспана қазақтың бас ауруы болып келе жатқанына талай жыл болды. Осы орайда баспана мәселесін шешуде шетелден инвестор тарту қаншалықты дұрыс?
— Бұрын шетелдік инвесторлар көп тартылғанымен, қазір негізінен өзіміздің Отандық инвесторлар күшімен құрылыс жұмыстары жүруде.Дәл қазір біздің өзіміздің инвесторлар жетерлік. Тек оны тиімді пайдалана білуіміз керек. Дәл қазір бізде шетелден инвестор тартуға сұраныс жоқ. Өз еліміздің инвесторлары өзімізге жетеді. Әрбір пәтер алатын адамды да инвестор деп санау керек. Олар өз үйіне инвестиция сала отырып, өз елін көркейтеді. Қазір өз елінен үй алу орнына Түркияға ақшасын апарып беріп, Түркияның баспанасына сатып алып жатқандар көп. Түсінем рахатына өмір сүргісі келеді. Бірақ өзге елдің экономикасына ақша апарып құюды түсіне алмайды екем. Халықтың ұлттық патриоттық сезімін көтеру керек. Қазір сапалы, заманауи тұрғын үй салатындай құрылыс материалдары жетерлік. Өзімізде де керемет үйлер салынып жатыр. Сондықтан халықтың өз еліне деген сүйіспеншілігін арттыруға тырысу керек. Қазақстанның өз елінің азаматтары ақшаларын өзге елге апарып құйғанда емес, өз еліне жұмсағанда ғана еліміз көркейе түсетінін әрбіріміз түсінсек екен. Әрине әр адамның өз еркі. Аланиядан алса да, айға барып тұрса да өзі біледі. Бірақ өз елі тұрғанда өзгені қолдау, жарылқау дұрыс еместігін түсінсе деймін. Осы мәселеге келгенде азаматтық ұстаным көп нәрсені айғақтайды. Сондықтан жалпы халқымыздың патриоттық сезімін күшейтуге тырысуымыз қажет.
— «Белес» қазірге дейін қанша белесті бағындырып үлгерді? Яғни қанша жыл болды жұмыс істеп жатқанына? Елімізде «сенімді Отандық құрылыс компаниялары жетіспейді» деп жиі айтамыз. Осы орайда аталмыш компанияның ерекшелігі неде?
— Компаниямыз үшін баспана бағасының қолжетімділігі басты мақсат болып отыр. Сондықтан үй бағасын бөліп төлеу секілді қадамдарға бару арқылы халыққа мүмкіндігінше ақылға қонымды баға ұсынуға тырысамыз. Яғни пайда табуды ғана ойламай, еліміздегі баспана мәселесін шешуге де ықпал етіп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да септігіміз тисе екен деп жүрміз.Құрылыс саласында 15 жылдан астам қызметтемін. Жалпы саны 20 дан астам тұрғын үй кешенінің құрылысын жүзеге асырдым. Оның ішінде 10 тұрғын үй кешені өзім тікелей басқаратын «Белес» құрылыс компаниясының еншісінде. Қазіргі таңда толық қолданысқа Кернай-1, Кернай-2, Теңіз үйлері берілді. Алла қаласа, жақын арада Созақ, Бадана-1, Бадана-2 тұрғын үй кешендері өз иелерін қуантады деп жоспарлап отырмыз. Айбике, Керей және Фирдаус, Фирдаус лайв тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарқынды және жоспарланған уақыт мерзімінде жүріп жатыр. Үйлеріміздің барлығы қалаға жақын, инфрақұрылымдық жағдайы толық жасалғанына қарамастан бағасы қолжетімді. Өзім өте ұлтшыл азамат болғандықтан шығар үйлеріміздің бәріне қазақи атау бердім. Қазір қоғамда патриоттық жетіспейтіні жиі байқалады. Осы олқылықтың орнын толтырғым келеді. Қаланың барлық жерінен ұлттық леп, ұлттық бояу, қазақи мінез көрініп тұрса деймін. Әсіресе бас қаламыздың ұлттың астанасы екені барлық жағынан көрініп тұруы керек. Компаниямызда жүз пайыз қазақтар жұмыс жасайды. Барлық мамандар өзіміздің ұлттан. Халық тек үй салатын құрылыс компаниясы ретінде ғана танымасын деп қайырымдылық акцияларын жиі ұйымдастырамыз. Құрылыс компаниялары тек үй салып, пайда табуды көздемейді. Тұрмысы төмен отбасыларға жиі көмек қолын созамыз. Осылайша халықтың сеніміне ие болғымыз келеді.
— Елімізде бір құрылысты шетелдіктер салыпты десе қуанып қаламыз. Неге? Отандық құрылыс компанияларына сенім қалыптастыру үшін не істеуіміз керек?
— Астанамызды салу кезінде көптеген қазақстандық құрылыс компаниялары ұятқа қалдырып, Отандық құрылыс компанияларының имиджіне нұқсан келтірді. Үлескерлерді алдаған құрылыс компаниялары мен проблемалық нысандар көп болды. Сондықтан халық сеніміне лайық болуға тырысу қажет. Ең алдымен үйді сапалы етіп салуға көңіл бөлу керек. Отандық құрылыс компанияларына сенімді арттыру үшін нысанды дер кезінде бітіріп беруге тырысу қажет. Қазір замануи технологиялар да, сапалы құрылыс материалдары да жетерлік. Тек өзімізді жақсы жағынан дәлелдеуіміз керек. Осы орайда дәл қазір қолға алған барлық тұрғын үй кешендері жоспарланған уақыт кестесі бойынша салынып жатыр деп айта аламын. Үнемі өзге елге иек арта бермей өз қаламызды өзіміз салуға тырысуымыз қажет.
— Әлеуметтік желідегі парақшаңызға қарап отырып, құрылыстың жүргізілу барысын өзіңіз бақылайтыныңызға тәнтті болдым. Еліміздегі құрылыс сапасына қатысты көп сын айтылып жатады. Осы орайда сапаның талапқа сай болмауын неден көреміз?
— Құрылыс басталғаннан бастап өзім бақылап, қадағалап отырамын. Өйткені ол қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Әрбір азамат тиындап жинап жүрген ақшасын өз баспанасына әкеліп салғанда, оған сапасыз дүние ұсыну адамилық емес. Қаншама адамның алдындағы жауапкершілік болғандықтан, сол жүк ұйықтатпайды. Әрине құрылыс сапасы бір адамға ғана байланысты емес. Бізде әр саланың өз жауапты маманы бекітілген. Аптасына үш рет дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері жиналып, апталық жоспарды бекітіп, оның қалай іске асып жатқанын тұрақты қадағалап отырамыз. Тәуелсіздік алған жылдарда сапасыз құрылыс жүргізіп, мүмкіндігінше қарпып жеп, байып қалғысы келген құрылыс компаниялары көп болды. Олар өздерінің абыройынан бұрын, қалталарын ойлады. Сондықтан халықтың еліміздегі құрылыс компанияларынан көңілі қалған. Дегенмен заманауи құрылғыларды пайдалана отырып, уақыт сұранысына сай үй салуға тырысып жатырмыз. Мүмкіндігінше Отандық өндірісшілерді қолдап, өзімізден шығатын құрылыс материалдарын да қолдануға тырысамыз. Халыққа қолайлы жағдай жасау үшін үй маңайынан балабақшаны да, мектепті, үйірмелерін де қарыс қадам жерден таба алатындай мүмкіндік тууын да қарастырып жатырмыз.
— Жалпы салада қандай мәселе көп мазалайды?
— Жауапкершілігі төмен құрылысшылардың еліміздегі құрылыс сапасына қатысты күмән тудырғаны қынжылтады. Халық кәдімгідей қорқып қалған. Үй алуға келген халық алдымен сапасына алаңдайды. Қанша жерден көзін жеткізіп тұрсақ та, қорқақтайды. Осы нәрсе қынжылтады.
— Жан жағымыз дүрбелеңге толы. Осы орайда айналамыздағы гесосаяси жағдай еліміздегі құрылысқа қаншалықты әсерін тигізіп отыр?
— Үйдің сыртын қаптайтын құрылыс материалдары негізінен Украина мен Ресейден жеткізіледі. Елдегі жағдайға орай қазір жеткізілуі қиын болып тұр. Ресейдегі ахуал, санкциялар, геосаяси жағдайлар да біраз жұмысқа қолбайлау болуда. Бірақ ең бастысы амандық қой. Алла қаласа бұл мәселелер шешіліп қалар деп отырмыз. Ең бастысы әлемде тыныштық болса екен деймін!