12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Рақымшылық қателескендер үшін үлкен мүмкіндік

Соттар мен құқық қорғау органдары қоғамның жіті назарында. Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауының «Заң және тәртіп» бағдарында аталған салаларды реформалау туралы тың ұсыныстар жасап, тиянақты тапсырмалар жүктеді.

Жолдаудағы көпшілікті қуантқан жағдайдың бірі Мемлекет басшысының қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жасауды жариялауы болды. Сонымен қатар, Президент оларға әділ шешім болуы керектігін де қадап айтты.

Дана бабаларымыз айтқандай, «Кешіру – кеңдіктің белгісін» білдіреді. Бұдан бұрын рақымшылық ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты жасалып, заңда  аса ауыр емес жəне ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту шаралары көзделген болатын.

Мұндай жеңілдікті пайдалану мүмкіндігі қаңтар оқиғасына қатысушыларға да берілуі қоғам тарапынан қолдау тапты. Президент тапсырмасына орай, қарашаның басында Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы арнайы заң қабылданып, күшіне енді. Онда рақымшылықты қолдану шарттары мен тәртіптері туралы нақты нормалар қамтылған.  Бүгінде заң талаптарын іске асыру шаралары жүргізілуде.

Енді заңға тоқталып өтсек, қаңтарда орын алған жаппай тәртіпсіздіктерде қылмыстық құқық бұзушылыққа барғандар қылмыстық жауаптылықтан босатылады, сондай-ақ, олардың жаза мерзімдері қысқартылады. Бұдан әрі нақтыласақ,  амнистияға ілінетіндердің іс жүргізуде жатқан істері, яғни, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстар тоқтатуға жатады.

Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға сот тағайындаған негізгі жаза төрттен үшке, ал, аса ауыр қылмыстарда екі есеге қысқарады. Яғни, осы заң күшiне енген күнi жазаны өтеуге бiр жылдан аспайтын мерзiмi қалған сотталушының жазасы түгелдей қысқартылады. Қылмыстық теріс қылықтары мен ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін жазасын өтегендердің соттылығы алынады.

Тағы бір айтарлығы, рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы барлар мен мемлекетке опасыздық жасауға, билікті күшпен басып алуға әрекеттенгендерге, лаңкестік және экстремистік қылмыстарға, сонымен қатар, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылықтарына қарсы қылмыс жасағандарға, т.б. заң нормаларымен белгіленген баптарға қолданылмайды.   

Жалпы алғанда аталған заң мейірімділік,  адамгершілік пен ізгілік қағидаттарына негізделген. Олай дейтініміз,  Рақымшылық жасау бойынша жазадан босатылғандар тағдырына да мемлекетіміз немқұрайды қарамайды. Сондықтан, заңда босатылатын адамдарды жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету және құжаттарды ресімдеу шаралары қарастырылған. Әрі тұрғылықты жері жоқ немесе қиын жағдайға тап болғандарды әлеуметтендіру орталықтарына орналастыру  көзделген.

Адам баласы кез келген уақытта қателікке ұрынуы мүмкін. Осы себепті, олардың қателіктерін түсініп, қоғамнан өз орындарын табуына атсалысу кімнің болса да азаматтық міндеті. Рақымшылық жасау қателескендерге берілер үлкен мүмкіндік болғандықтан, одан сабақ алып, қатарға қосылуға әрбір адам мүдделілік танытуы тиіс. Жалпы алғанда, рақымшылықты қоғам мен мемлекет тарапынан жасалып отырған ізгілікті іске санауға толық негіз бар.

Аруслан Шамуратов,

Кербұлақ ауданының

№2 аудандық сотының судьясы

Жетісу облысы

Тараптарды азаматтық істер бойынша хабарландыру

Азаматтық процесс — бұл сот пен процеске қатысушылар арасындағы...

Электронды сот төрелігі

Сот төрелігі - іс жүргізу тәртібімен жасалатын, азаматтық және...

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...