Спорт индустриясы нарығының көлемі оның ауқымы мен құрамына кіретін салалардың түріне қарай дерек көздерінде әртүрлі бағаланып, көрсетіліп жүр. Мәселен, спорт құралдары мен киім-кешектің өзі ғана 100-150 млрд доллар аралығында деп бағалануда. Ал оның 60 пайызы спорттық құрал-жабдықтың, 40 пайызы киімнің, 20 пайызы аяқ киімнің үлесіне тиеді екен. Егер бұған оларды жалға беру мен спорттық және өзге де ойын-сауық шараларын ұйымдастыру қызметтерін қосатын болсақ нарықтың ауқымы тағы да еселеп артары күмәнсіз.
Мәселен, ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, 2021 жылдың бірінші тоқсанында алдыңғы жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда спорт саласындағы демалыс пен көңіл көтеруді ұйымдастыру көлемі, 84,6 млрд теңгеден 48,3 млрд теңгеге дейін 2 есеге жуық азайды. 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда 2020 жылы дәл осы уақытта ол 70 пайыздай жоғары болғанын ескерсек, коронавирус індеті нарықтың дамуына айтарлықтай кері әсер еткенін аңғару қиын емес. Атап айтқанда, былтыр 1 тоқсанда алдыңғы жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда фитнес-клубтар қызметі көлемі 2,5-тен 9 млрд теңгеге өскенімен, спорт клубтарының қызметі 7,2-ден 4,9 млрд, спорттық нысандарды іске қосу 4,8-ден 4,1 млрд, спорт саласындағы өзге қызметтер 48,3-тен 9,4 млрд теңгеге дейін кеміді.
Қытай қалай әлемдік көшбасшыға айналды?
Әлемнің дамыған елдерінің бәрі салауатты өмір салтын ұстану мен бұқаралық спорттағы оң үдерісті ескере отырып, спорт индустриясын ел экономикасын дамытудың басты бағытына айналдыруға күш салуда. Мәселен, Бейжіңдегі ХXIV қысқы Олимпиада ойындарына дейін елдің 300 млн тұрғынын қысқы спорт түрлеріне тартуды алдарына мақсат етіп қойған Қытай билігі, бұл бағыттағы өз бағдарламасының мерзімінен бұрын жүзеге асқанын жариялады. Бұл үрдіс олардың 2015 жылы 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқын жеңіп алуынан кейін жоғары қарқынмен жүрді. Қысқы спортпен тұрақты айналысушылар санын арттыру үшін ғылыми түрде зерттеліп, негізделген кешенді бағдарлама нәтижесінде әлемдегі брендтік спорттық құрал-жабдықтар мен киім-кешек өндірушілерінің бәрі онда өз өндіріс орындарын ашты. Соның нәтижесінде қысқа уақытта спорттық киім-кешек пен жабдықтарды импорттаушыдан экспорттаушыға айналған Қытай әлемдік спорт индустриясының көшбасшысына айнала бастады. Бүгінде ол ең ірі ойыншы ретінде бүкіл нарықты алға сүйреуде. Қытайдың туризм академиясының есебіне қарағанда, 2020–2021 жылдары таушаңғысы курорттарына келушілер саны 230 млн адамды құраған.
Сондай-ақ, қысқы спорт түрлері саласына салынған инвестиция көлемі 3 жылда 140 млрд доллардан асқан. 2014 жылы бастап жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналған Бүкілқытайлық қар мен мұздың бұқаралық маусымы қысқы спорт түрлерін дамыту мен насихаттауға серпін беруде. Оған қатысушылар саны 2014–2021 жылдары 10 млн-нан 100 млн-ға дейін өсуі соның көрінісі.
Ал демографиялық өсімі шектеліп, халқы қартая бастаған АҚШ пен Еуропа елдері 2008 жылы басталған әлемдік дағдарыстан әлі ес жия алмауд. Өз тұтынушысынан айырыла бастаған соң бизнесін Азия елдеріне қарай ойыстырған олардың инвестициялық әлеуеті өз экономикасына тиімді пайдаланылуда Қазақстан үкіметінің әзірге сөзі мен ісі қабыспай отыр. Мәселен, ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 23 сәуірдегі № 242 қаулысымен бекітілген «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда» жергілікті бюджеттен (мың теңгемен) жалпы білім беретін мектептерді спорттық мүкәммалмен және жабдықтармен (жүгіру жолдары, көпфункционалды алаңдар – қысқы мұз айдындары және жазғы футбол алаңдарын қамтамасыз етуге 2021 жылы – 581 400, 2022 жылы – 566 800, 2023 жылы – 589 000, 2024 жылы – 609 200, 2025 жылы – 632 700 теңге қарастырылған. Ал ауылдық және қалалық елді мекендерде жаздық спорт ғимараттарының желісін дамытуға 2021 жылы – 6 203 100, 2022 жылы – 5 371 800, 2023 жылы – 5 302 500, 2024 жылы – 4 834 000, 2025 жылы – 5 625 800 теңге қарастырылған.
Өзгенікін зор санаудан қашан арыламыз?
ҚР Президентінің 2015 жылғы жарлығымен бекітілген Қазақстанда дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында: халықты дене шынықтырумен және спортпен жүйелі шұғылдануға тартудың орташа көрсеткіші 35 %-ға дейін ұлғаяды; отандық спорттың танымал брендтері қалыптастырылады деп жоспарланған болатын. Алайда, саусақпен санарлық бұл брендтердің ішкі нарықтағы үлесі өте төмен. Олар көп жағдайда мекемелер мен ұйымдар тарапынан жасалатын корпоративтік тапсырыспен ғана күн көруде. Мәселен, еліміздегі тұңғыш спорттық киім-кешек бренді саналатын «ZIBROO» тауар белгісінің өндірушісі «КазСПО-N» ЖШС-і 2015 жылға дейін 7 жыл бойы жылына 30 пайыздық өсімге қол жеткізіп, айналымын 5 млн долларға жеткізген еді. Бұрын ірі компаниялардың тапсырысы бойынша бір адамдық топтамасы 80-120 мың теңге тұратын арнайы киім-кешектерді өндіріп келген серіктестік 2015 жылдан бастап 15-25 мың теңгенің эконом сыныптағы киімін өндіруге мәжбүр бола бастады. Жыл сайын спорттық тауарлар нарығы 15-20 пайызға дамып келе жатқан және жалпы көлемі 1-4 млрд доллар аралығында деп бағаланатын Ресейдің нарығына қазақстандық брендті насихаттап жүрген өндірушіге мемлекет тарапынан 15 жылда еш қолдау болған жоқ.
Қыс басталысымен ауыл болсын, қала болсын әрбір отбасы өз мүмкіндігіне қарай демалысты қызықты өткізуге тырысады. Біреулер тау-шаңғысы курорттарын, екіншілері мұз айдындарын жағаласа, үшіншілері табиғат аясында серуендегенді жөн санайды. Бұл үшін шамасына қарай әркім қар мен мұзда сырғанау үшін шаңғы, коньки, шана, үрлемелі балондарды арнайы орындардан сатып не жалға алады. Спорттық жабдықтар мен арнайы киім-кешектің жалға алу бағасы 2 мың теңгеден басталып, топтамаға кіретін тауардың жаңа не көнелігіне және сапасына байланысты 10-15 мыңға дейін жетеді. Біреулер жылына, екіншілер айына, үшіншілер аптасына бір рет қана сырғанауға баратын болғандықтан көпшілігі оны сатып алғаннан, қажет кезде жалға алып тұрғанды жөн көреді. Қазір жасыратыны жоқ, елімізде жүгіру шаңғысы мен тау шаңғысын өндіретін кәсіпорындар жоқ. Дегенмен, соңғы жылдары сапасы жағынан да, бағасы жағынан да импорттық өнімнен еш кем түспейтін өз елімізде тігілетін спорттық киім-кешектің қатарына шана мен үрлемелі балон сияқты спорттық құрал-жабдықтар сауда орындарында бой көрсете бастады. Алайда сатушылардан да, сатып алушылардан да оң бағаға ие болып отырған бұл өнімдердің насихаты еш жерде жүргізілмейді. Сондықтан кейбіреулер тіпті қазақстандық өнім дегенді естісе, әлі күнге дейін оған күмәндана қарайтыны жасырын емес. Егер отандық өндірісті қолдап, жұмыс орнын көбейтеміз десек мемлекет оларды насихаттауды өз қолына алуы керек қой. Өзімізден өзгенікін зор санаудан осы уақытқа дейін ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болды ғой. Алмастыруға болатын импорттық өнімдер тізімін кеңейтіп, отандық өндірушіні қолдауда сөзден іске көшу «халық үніне құлақ асатын мемлекетте» жүзеге асатын іс.
Маман пікірі:
Елена СЕЧНИКОВА, Қазақстандағы спорттық киімдердің тұңғыш бренді
саналатын «ZIBROO» иесі, «КазСПО-N» ЖШС бас директоры:
– Менің Қазақстанда киім өндірумен айналысып келе жатқаныма 25 жыл болды. Бүкіл жауапкершілікпен мәлімдей аламын, ширек ғасырдың ішінде жеңіл өнеркәсіп саласын қолдауды ешқашан байқамадым. Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы, жеңіл өнеркәсіп одағы тарапынан жасалған саланы дамыту бағдарламасының бірде-бір пункты қабылданған да, орындалған да жоқ. Соның нәтижесінде бүкіл жеңіл өнеркәсіп саласының жағдайы мүшкіл халде. Ол тек жұмыс киімдерінің мемлекеттік тапсырысымен ғана өмір сүруде. Сондықтан, спорттық киім нарығында отандық өндірушілердің үлесі 1 пайызға жетер-жетпес. Ал спорттық аяқ киімдер түгелдей сырттан импортталады.
«ZIBROO» тауар белгісімен 15 жылдан бері киім шығарамыз. Жергілікті нарықтан ешқандай қолдауды сезініп отырған жоқпыз. Биік мінбелерден қолдау жасалып жатыр, мемлекеттік тендер беріледі деп айтылғанымен, оның өзіндік қалтарыс, бұлтарысы мың сан қабат. Спорттық киім өндіретін санаулы отандық брендтердің қырғыз, өзбек, қытай, орыс, түрік өндірушілерімен бәсекелесуі экономикалық тұрғыдан өте қиын.
Қазақстан халқының салауатты өмір сүру салтын ұстану белсенділігі жыл өткен сайын артып келе жатқанын мойындау керек. Сондықтан, спортық киім-кешекке сұраныс бар. Тек жергілікті өндірушілерге шетелдік әріптестерімен бәсекелесу өте қиын. Салық айналымы өзгеше. Өзге елдерде мемлекет тарапынан өз өндірушілеріне қолдау шаралары жүйелі түрде жасалады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»