Соттың белсенді рөлі — әділдік кепілі

Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған дәстүрлі жолдауында «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларды билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады» деп, осындай теңсіздіктің алдын алу үшін дау шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет институтын енгізуді тапсырған болатын.

Соның нәтижесінде 2021 жылы ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) қабылданып, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар жұмысын бастады. Содан бері де бес жыл өтті, аталған институт тиімділігін дәлелдеуде.

Жалпы алғанда, әкімшілік сот ісін жүргізу жария-құқықтық даулардың  тиімді  жан-жақты, ашық қаралу мақсатын көздейді. Соттар дауларды ӘРПК-да айқындалған қағидаларды басшылық алып шешеді. Осы тұрғыда әкімшілік әділет жүйесіндегі тең құқықтылық пен соттың белсенді рөлі қағидаттарының маңызы зор.

Олай дейтініміз, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 16-бабына сәйкес, соттар сот ісін жүргізуде істі жан-жақты зерттеп, әділ шешу үшін даудың тууына себеп болған маңызды мән-жайларды анықтауда белсенділік танытады. Сол арқылы талап қоюшының мүмкіндігін ескеріп, оның тарапынан кеткен кемшіліктерді жоюға жәрдемдеседі.

Өйткені, Президент айтқандай, мемлекеттік органдар, оның ішінде лауазымды тұлғалар мен қарапайым азаматтардың, бизнес өкілдерінің мүмкіндіктері тең емес. Мысалы, дəлелдемелер жеткіліксіз болуы мүмкін, сондай кезде судьяның  оларды өз бастамасымен сұратып алуы даудың тез бітуіне септігін тигізеді.

Судьяның тараптар берген құжаттармен ғана шектелмей, қосымша материалдар мен қажетті мәліметтерді талап етуі — өз кезегінде талап қоюшы мен жауапкер арасындағы теңсіздіктің жойылуын, азаматтар құқықтарының мүлтіксіз қорғалуын,  ең бастысы талаптың дұрыс қойылуын қамтамасыз етеді. Ал дұрыс қойылған талап істің объективті шешілуіне кепіл болады.

Тағы бір артықшылық, судья әкімшілік істің нақты немесе заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелерде өзінің алдын ала құқықтық пікірін білдіре алады. Сонымен қатар, өз бастамасымен немесе әкімшілік процесс қатысушыларының уәжді өтінішхатымен қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинап, ӘРПК-мен көзделген барлық әрекетті орындайды.

Соттың белсенді рөлі қағидаты мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан кеткен қателіктерді дер уақытында түзетуге, заңсыз шешімдердің күшін жоюға және азаматтардың құқықтарын барынша қорғауға бағытталуымен, яғни, құқықтық қорғауда шешуші рөл атқаруымен құнды.  

Әкімшілік әділет институтының билік органдарымен дау-дамайда әлсіз тарапты қорғауға басымдық беруі халықтың сотқа деген сенімін одан әрі арттырары хақ.

Айгерим Тургымбай, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ

Сыбайлас жемқорлық — заңды бұзу ғана емес, қоғамның әділдікке...

Әкімшілік іс жүргізу барысындағы дәлелдемелер және дәлелдеудің тәртібі мен ерекшеліктері

Соттар талап қою нысанасын дәлелдеу процесінде тараптардың, атап айтқанда...

Кассациялық сот құру сот төрелігінің сапасын және азаматтардың жалпы соттарға деген сенім деңгейін арттыру

Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судяларының мәртебесі туралы» Конституциялық...

Конституциялық құқық белгілерінің бірі — мемлекеттік тіл

Тіл – ұлттың рухани байлығы, елдің тарихи жады мен...

Сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және болдырмау іс шаралары

Қазіргі таңда әрбір дамыған мемлекеттің алдында тұрған ең басты...