Құқықтық мемлекет қалыптастыруда сот жүйесінің алатын орны ерекше. Себебі сот билігі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап қана қоймай, қоғамда заң талаптарының сақталуына және әділдіктің орнығуына ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі кезеңде соттың қызметі дауды қарастырып, шешім шығарумен ғана шектелмей, сот процесінің сапасы мен әділдігін қамтамасыз ететін белсенді ұстанымды талап етеді.
Соттың белсенді рөлі ең алдымен сот процесіне қатысушылардың құқықтарын толық жүзеге асыруына жағдай жасаудан байқалады. Әр адамның құқықтық сауаттылығы бірдей бола бермейді. Сондықтан судья тараптарға олардың процессуалдық құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, өз ұстанымдарын білдіруге және қажетті дәлелдерді ұсынуға мүмкіндік беруі қажет. Мұндай тәсіл тараптардың теңдігін сақтап, істің әділ қаралуына негіз болады.
Сонымен бірге сот істің барлық маңызды мән-жайларын жан-жақты зерттеуге ұмтылуы тиіс. Судья ұсынылған дәлелдемелерді жай ғана қабылдап қоймай, олардың іске қатыстылығын, маңыздылығын және жеткіліктілігін құқық талаптарына сәйкес бағалайды. Бұл істің шынайы мәнін анықтап, негізді әрі заңды шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Алайда соттың белсенділігі оның бейтараптығы мен тәуелсіздігіне нұқсан келтірмеуі керек. Белсенділік пен бейтараптық өзара үйлескен жағдайда ғана сот төрелігі тиімді жүзеге асады.
Соттың қазіргі қоғамдағы міндеттерінің бірі – дауды шешумен қатар, тараптар арасындағы түсіністікті қалыптастыру. Осыған байланысты татуласу рәсімдері мен медиацияның маңызы артып отыр. Егер дауласушы тараптардың өзара келісімге келу мүмкіндігі болса, судья оларға мұндай мүмкіндіктің құқықтық жолдарын түсіндіре алады. Тараптардың өз еркімен ортақ шешімге келуі көп жағдайда ұзаққа созылатын даудың алдын алып, қоғамдық қатынастардың тұрақтылығын сақтауға көмектеседі.
Осы тұрғыдан сотты тек жауаптылық белгілейтін немесе дауды тоқтататын орган ретінде қарастыру дұрыс емес. Сот қызметінің маңызды бағыттарының бірі – қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтар арасындағы өзара сенімді нығайту. Татуласу арқылы шешілген дау тараптардың мүдделерін ескеруге мүмкіндік беріп, құқықтық мәдениеттің дамуына оң әсер етеді.
Қазіргі уақытта сот жүйесінде цифрлық технологиялардың енгізілуі де оның халыққа қолжетімділігін арттырып отыр. Электрондық сот сервистері, онлайн түрде құжат тапсыру мүмкіндігі және сот процестерінің ашықтығы азаматтардың сот жүйесімен байланысын жеңілдетеді. Мұндай жаңашылдықтар сот қызметінің ашық әрі заманауи сипатқа ие болып келе жатқанын көрсетеді.
Судьяның белсенді ұстанымы ең алдымен оның кәсіби білімімен, жауапкершілігімен және адам тағдырына деген құрметімен тығыз байланысты. Қабылданған әрбір сот актісінің артында нақты адамның құқығы мен мүддесі тұрғанын ескеру – судьяға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан судья заң талаптарын ғана емес, әділдік қағидаттарын да басшылыққа алуы қажет.
Соттың белсенді рөлі азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және сот жүйесіне деген қоғамдық сенімді арттыруға мүмкіндік береді. Белсенді сот – тараптардың құқықтарын тең дәрежеде қамтамасыз ететін, істің мән-жайын толық зерттейтін, татуласуға мүмкіндік беретін және заңға негізделген әділ шешім қабылдайтын сот.
Қорытындылай келе, соттың белсенді әрі жауапты қызметі құқықтық мемлекеттің берік негіздерінің бірі болып табылады. Судьяның кәсіби шеберлігі, бейтараптығы және әділдікке деген адалдығы сот төрелігінің сапасын арттырады. Ал әділ және ашық сот жүйесі азаматтардың мемлекетке деген сенімін күшейтіп, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Әділ сот – заң үстемдігінің тірегі және құқықтық мемлекеттің кепілі.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Утегенов Н.Б.


