Түркістан облысы Сарыағаш ауданы әкімдігінің жастар ресурстық КММ орталығы және аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай волейболдан жарыс өтті.
Сарыағаш аудандық пробация қызметі есебінде тұрған сотталғандар арасында өткен спорттық додаға 18-25 жас аралағындағы жастар қатысты.
Басты мақсат пробация қызметі есебінде тұрған жастардың салауатты өмір салтын ұстануға бағыттау, бос уақыттарын тиімді пайдалану және қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу. Сондай-ақ, түрлі себептермен тағдыр тәлкегіне түсіп, аңдамай шалыс басқан азаматтарды қоғамға бейімдеу, салауатты өмір салтын насихаттап, өзара достық қарым-қатынасты қалыптастыру, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, қайырымдылық іс-шараларға жұмылдыру болып табылады. Сонымен қатар, есірткі тұтынудың зияндылығы мен зардаптарын ұғындырып, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуына ықпал тигізді.
Мемлекет басшысы біраз жыл бойы аталып өтпеген Республика күнін қайта жаңғыртқанына өте қуаныштымыз. Осындай айтулы мереке қарсаңында Сарыағаш пробация қызметінің есебінде тұрған жастар арасында волейболдан жарыс ұйымдастырдық. Сонымен қатар, пробация бақылауына алынған жастардың спортқа деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Әрине, әртүрлі тағдыр тәлкегіне ұшыраған жастарды қоғамға бейімдеп, қайта қылмыс жасамауға шақыратын профилактикалық шараның бірі спорт болып табылады. Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Ата-бабамыз «Тәні саудың-жаны сау»-деп бекер айтпаған. Салауатты өмір сүру дегеніміз-тазалық сақтап, дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану. Қазіргі уақытты өткен кезеңмен салыстыра алмаймыз, себебі уақыт өте көптеген өзгерістер өмірге енді. Тіпті бала тәрбиесіне жаңаша көзқараспен қараймыз. Қазіргі таңда қоғамдағы жат қылықтар жастарға кері әсерін тигізуде. Жастар арасында темекіге, ішімдікке еліктеушілік, тіпті нашақұмарлық та өршіп бара жатқандай. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда дене тәрбиесінің маңызы зор. Жастарды болашақтың тірегі болатын, денсаулығы мықты азамат ретінде қалыптастыру керек. Жастардың жан-жақты дамуын спортсыз елестету мүмкін емес. Спорт — барлық тәрбие атауының бір саласы. Оның түп негізі-қозғалыссыз тіршілік болмақ емес.
Спорт жаттығуларын жүйеге түсіріп белсенді бір мақсатқа бағыттаса, оның берері көп. Бірінші байлық-денсаулық деген, ал сол денсаулықтың кепілі спорт. Салауатты өмір сүрмей тұрып, өмірге қажетті нәрсені ала алмайсың. Адам баласы жарасымды тұрмыс құрып, үйлесімді дамуы үшін біздің ауданда жағдай жасалған. Спорттың барлық түрімен айналысуға болады. Алдамшы құмарлықтан бас тартып өзін-өзі билей білу — адам бойындағы ізгі қасиет, үлкен парасаттылықЖеңіс тұғырынан көрініп жүлделі орындарға ие болған спортшыларды жетістіктерімен құттықтаймыз, — деді Сарыағаш аудандық пробация қызметінің бөлімінің аға инспекторы әділет капитаны Әзизхан Оразбай.
Жарыс өте тартысты әрі қызықты өтті. Аталған турнирге аудандық пробация қызметі есебінде тұрған азматтар арасында 6-команда қатысты. Жарысқа қатысушы командалар өзінің жеңіпаз атануға лайықты екендерін көрсетті. Тартысты өткен ойын азаматтардың өмірге құлшынысын арттырып, олардың қайта құқық бұзушылық жасамайтынын және оңалуына септігін тигізеді деп есептейміз. Үздік ойын көрсеткендер қатары анықталып жеңіпаздар Алғыс хатпен марапатталды.
Аталған спорттық додаға қатысқан бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған жастар осындай жарыстардың жиі ұйымдастырылып тұруын сұранды.
Әрине, осында спорттық жарысқа келгенде өзіммен тағдырлас қаншама жастарды көрдім. Өзімнің жастықпен жасаған қателігіме қатты өкінемін. Қателікке бой алдырып ата мен анамды жерге қаратқаныма қынжыламын. Қазақта «қолыңмен жасағанды, мойныңмен көтер» деп бекер айтпаса керек. Сот жүктеген міндетті бұзбай орындап, мерзімімнен бұрын бостандыққа шығып, оқуымды жалғастырып отбасыма көмектессем деген ойым бар. Сарыағаш пробация қызметінің қызметкерлері сотталған жастарды қоғамға бейімдеу мақсатында осындай спорттық шара ұйымдастырып отырады. Мұндай шараларды тек мереке қарсаңында емес, аптасына бір рет ұйымдастырылып отырса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, уақытын дұрыс пайдалана алмаған жастар бұзақылыққа бейім болады екен, — дедді сотталған Қанағат.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы