Конституциямен айқындалғандай, әрбір адам өзінің құқықтары мен бостандығын, заңды мүдделерін сот арқылы қорғай алады. Дегенмен, бұл ретте құқықтық тұрғыдағы сауаттылықтың маңызы зор. Сондықтан, азаматтардың сот арқылы қорғалу құқығын жүзеге асыруда өкілдік институты айрықша ролі атқарады.
ҚР Азаматтық процестік кодекстің (АПК) 6-тарауы соттағы өкілдікті реттейді. Яғни, азаматтық процестің барлық сатысы мен істердің кез келген санатында азаматтар тапсырма бойынша өкілдер мен заңды өкілдер көмегіне жүгінуге құқылы. Осыған орай айтсақ, Азаматтық процестік кодекстің 57-бабына сай, азаматтар өз істерін сотта жеке өздері немесе өкілдері арқылы жүргізе алады.
Ал заңды тұлғалардың істері сотта заңмен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктер шегінде әрекет ететін басшылары, органдары, сондай-ақ, тиісті өкілеттіктер берілген өкілдері арқылы жүргізіледі. Тапсырма бойынша өкілдік ету аталған кодекстің 58-бабымен, жалпы өкілдің өкілеттіктері 60-баппен нақтыланған.
Тапсырма бойынша өкіл талап қоюға қол қоя алмайды. Сондай-ақ, оның құзыретіне iстi төрелік пен «Астана» халықаралық қаржы орталығының сотына беру, татуласу, дау-жанжалды медиация немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімдер жасасу, талап қоюдан немесе талап қоюды танудан толық немесе ішінара бас тарту, талап қою талаптарының нысанасын ұлғайтып, азайту сынды 60-баптың 1-бөлігімен көрсетілген өкілеттіктер кірмейді. Тапсырма бойынша өкіл заңмен тыйым салынғаннан басқа АПК-мен көзделген барлық процестік әрекетті жасау құқығына ие.
Өкілдік берушінің сенімхатында өкілдің заңмен белгіленген әрбір әрекеті арнайы көрсетілуі тиіс. Тапсырма бойынша өкіл өзіне берілген өкілеттіктер шегінде сенім білдірушінің процестік міндеттерін атқарады. Мысалы, сот өкілі сенім білдірушінің атынан іс жүргізу құжаттарын дайындап, сот отырысына қатысады, сонымен қатар, процесс барысында туындайтын барлық мәселе бойынша сөз сөйлейді.
АПК-нің 59-бабына сәйкес, сотта судьялар мен тергеушілер, прокурорлар, депутаттар, ҚР Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның талаптарын бұзған адвокаттар мен заң консультанттары палатасының мүшелері, т.б. өкілдік ете алмайды.
Өкілдің өкілеттіктері заң шеңберінде ресімделген сенімхатпен расталуы міндет. Сенімхат сотқа жазбаша немесе сенім білдірушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында өткізіледі.
Әрекетке қабілетсіз, сондай-ақ, сот тәртібімен әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың, кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін сотта заңды өкілдері, мысалы, олардың ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары, патронат тәрбиешілері немесе оларды алмастыратын тұлғалар қорғайды. Олар сотқа өздерінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттар беруі тиіс. Сотта өкілдік етіп, Азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін сотта қорғау өкілге орасан жауапкершілік жүктейді.
Өкілдік институты сот процесіне қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда білікті заң көмегін көрсетуімен маңызды.