Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақ тіліміз дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Осы орайда, Елбасымыздың «Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында, немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды» деген сөзі де бүгінгі күннің және келешектің нақты ұстанымы болатындығын айқындап тұр.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Қазіргі таңда сот жүйесінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне жіті көңіл бөлінуде. Ресми құжаттар негізінен мемлекеттік тілде жазылады, ал орыс тілінде жазылған құжаттың аударма нұсқасы болуы бұлжымас талапқа айналды.
Қазақ тілінің мемлекеттік органдардағы қолдану үлесін сөз еткенде, сот саласын аттап өту мүмкін емес. Бүгінгі сот жүйесінде ана тіліміздің үлесі көңіл қуантарлық. Атап айтар болсақ, сот өндірісіндегі кіріс-шығыс хат-хабарлар мемлекеттік тілде жолданады. Соттың ресми сайты қазақ және орыс тілдерінде, ал, ішкі құжат айналымы қазақ тілінде жүргізіледі. Бұл көрсеткіштер жыл сайын еселену үстінде. Сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін әр жыл сайын өтетін тестілеу анықтап береді. Сонымен бірге, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оны отбасы құндылығы ретінде қарастыруды көздейтін іс шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мұнан өзге мемлекеттік тілде рәсімделген сот актілерінің сапасына талдау жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, тіліміздің сот жүйесінде қолданылу деңгейі жыл сайын артып келеді.
Қытай ойшылы Конфуций: « Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсінік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды » деген екен. Сондықтан тіл мәселесі мемлекет үшін аса маңызды болып саналады. Мемлекеттік тілді жетік білу бүгінгі күні әр мемлекеттік қызметкердің Отан алдындағы міндетті борышы деп санаймын. Ендеше, тоқсан рулы елдің дауын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеген ата-бабаларымыздың дәстүріне сай жүйелі сөйлей білсек, бәрімізге де абырой. Ең бастысы, тіліміздің мәртебесі асып, заман талабына сай жан-жақты дами түссе нұр үстіне нұр болар еді.
Жайық Әбетов,
Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың істері
жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының
жетекші маманы