Әрбір халықтың ұлттық қадір-қасиетінің көрсеткіші – мәдениеті мен тілі, салт-дәстүрі және сана-сезімі. Тіл – ең басты қазыналарымыздың бірі. Баға жетпес байлығымыз. Қазақтың ұланғайыр ата қонысында көзінің қарашығындай сақтап, келешек ұрпағына аманаттаған асыл қазыналарымыздың бірі, ұлттық болмысымыздың айқындауышы – ана тіліміз.
Сондықтан да өз тілімізде сөйлеу басты парызымыз ғана емес, шұбарламай, таза күйінде сақтау азаматтық міндет деп ұғыну керек. «Өнер алды –қызыл тіл» деп бекер айтылмаса керек. Сөйлей білу де үлкен өнер. «Тыңдалмаған сөз жетім» демекші, өз тілімізде мәдениетті, жүйелі сөйленген сөз тыңдаушысыз қалған емес. Өмірлік тәжірибе көрсеткендей, сөз өнеріне, сөйлеу мәдениетіне қай халықта болса да, ерекше мән берген.
Тіл – ұлттың ұлы қазынасы. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, сауаттылығы тіл мәдениетімен, тілдің қолданыс ауқымдылығымен өлшенеді. Еліміз егемендік алып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғанан бері оның қолданыс өрісі біршама кеңейді. «Тіл туралы» заң 1997 жылы 11 шілдеде күшіне еніп, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып бекітілгелі мәртебесі де биіктегені анық. Мемлекеттік тіл еліміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болып саналады. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарда, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылып отыр. Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп қабылданады, қажет болған жағдайда басқа тілдерге аудару қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін екендігі айқындалған. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, азаматтардың өтініштері мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттік тілде немесе өтініш жасалған тілде беріліп келеді.
Қазақстан Республикасының сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ал, қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер де қолданылады. Лауазымды тұлғаның мемлекеттік тілді білмеудіжелеу етіп, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, ұлттық тілді және басқа да тілді қолданылу салаларында олардың пайдаланылуына кедергі келтіру, сондай-ақ деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша талаптарды бұзу Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соқтырады.
ҚР Конституциясының 7-бабында: «Қазақ тілі – мемлекеттік барлық аумағында, қоғамның қатынастың барлық салаларында қолданылатын мемлекеттік басқару заң шығару сот ісін жүргізу және іс жүргізу тілі»,- деп нақты көрсетілген. Қазақ тілі — рухани негізіміз. Біздің міндетіміз мемлекеттік тілді терең меңгеріп, оны барлық салада белсенді пайдалана отырып, дамыту, тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ат салысу.
Азаматтық істер бойынша іс жүргізу қазақ тілінде, сонымен қатар ресми тілде және қажет болған жағдайда өзге тілде жүргізіледі. Талап қою талап-арыз берілген тілде тараптардың өтініш хаты арқылы сот ұйғарымымен өзгертіледі. Талап қоюшы өзге тілді меңгермесе өтініш хат арқылы өзгерте алады. Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе толық меңгермейтін ісіне қатысушылар сотта ана тілде немесе өздері білетін басқа да тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, шағым жасау, материалмен танысу, сөз сөйлеу, аудармашы қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі. Сот ісін жүргізу тілін білмесе, құжаттар жазбаша өтініш берген тұлғаға өзінің ана тіліне немесе ол білетін басқа тілге аударылып беріледі.
Тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес. Себебі: тіл сол мемлекеттің халқының мүддесін қорғап, барлық саладағы мұқтаждығын өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни әдебиет, мәдениет, баспасөз, өнер, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздар секілді салаларда қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы қажет. Мемлекеттік тілді дамыту ең маңызды мәселе болғандықтан, азаматтық, патриотизм, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бет-бейнесі. Түптеп келгенде, сол елдің ұлттық қауіпсіздігінде, әлеуметтік тұрақтылығында, интеллектуалды даму мәселесінде маңызды рөл атқарады.
А.Тұрақбаева,
Ақтау қаласының №2 сотының кеңсе меңгерушісі