Сот жүйесінің ардагеріне «Көкшетау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді

Ақмола облыстық сотында отставкадағы судья, сот жүйесінің ардагері Мейрам Мырзахметұлы Ғибәдиловке «Көкшетау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілуіне орай салтанатты іс-шара өтті.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Исатай Сматовтың ұсынысын облыс әкімі Марат Ахметжанов қолдап, Мейрам Ғибәдиловке осындай жоғары құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиында облыс әкімі мен облыстық соттың төрағасы ардагерді айтулы марапатымен құттықтап, оның сот төрелігін жүзеге асыру жолындағы көп жылғы еңбегін, кәсіби біліктілігін және қоғамдық қызметке белсене араласуын атап өтті.

Облыстық соттың төрағасы Исатай Сматов бұл құрметті атақтың берілуі – сот жүйесінде ұзақ жылдар бойы абыроймен қызмет етіп, кәсіби жауапкершілігімен және азаматтық ұстанымымен танылған тұлғаның еңбегіне көрсетілген зор құрмет әрі лайықты баға екенін жеткізді.

Мейрам Мырзахметұлы – білімі мен біліктілігі, адалдығы мен әділдігі, парасаттылығы мен өмірлік тәжірибесі тоғысқан, талай жас маманға жол көрсеткен білікті судья, тәлімгер әрі ұстаз. Биыл 7 қарашада ол 79 жасқа толады.

Сот төрелігіне арналған ғұмыр

1975 жылы Свердлов заң институтын тәмамдаған Мейрам Ғибәдилов еңбек жолын Көкшетау облысының Қызылту ауданындағы заң консультациясының меңгерушісі қызметінен бастады. 1976 жылы Рузаев аудандық халық сотының халық судьясы болып сайланды. 1982 жылдан бастап Ленинград аудандық сотында халық судьясы, ал 1990 жылдан осы соттың төрағасы қызметін атқарды.

1997–1999 жылдары Щучье аудандық сотының судьясы болып еңбек етсе, 1999 жылдан Ақмола облыстық сотының судьясы қызметіне тағайындалды. 2010 жылдан бері – отставкадағы судья. Жалпы, ол аудандық соттарда судья және сот төрағасы ретінде 35 жылға жуық еңбек етіп, сот төрелігін жүзеге асыруға елеулі үлес қосты.

Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де Мейрам Мырзахметұлы сот жүйесімен байланысын үзбей, Судьялар-ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық қызметін жалғастырды.

Тарихты түгендеп, тағылымды мұра қалдырған тұлға.

Мейрам Ғибәдиловтің бастамасымен және жетекшілігімен ардагерлер кеңесі облыстық сотта сот жүйесінің тарихына арналған музейдің құрылуына ұйытқы болды. Аудандық соттарда қазақтың үш биіне арналған ескерткіштер мен монументтер, сондай-ақ соғысқа қатысқан судьялардың құрметіне мемориалдар орнатылды.

Ол Ақмола–Көкшетау өңіріндегі сот жүйесінің тарихын билер заманынан бастап бүгінгі күнге дейін қамтитын музей қорын қалыптастыруға айрықша еңбек сіңірді. Сонымен қатар өңірде дүниеге келіп, елге қызмет еткен майдангер судьялар туралы тарихи деректерді жинақтап, сот жүйесінің Жауынгерлік және Еңбек даңқы залының ашылуына атсалысты. Осы жұмыстың нәтижесінде «Судьялар – Отан қорғаушылары» атты майдангер судьяларға арналған кітап жарық көрді.

Ардагердің жетекшілігімен музей жұмысы жетілдіріліп, Ақмола облысы соттарының 100 жылдығына арналған кітап басылып шықты. Бұдан бөлек, құқықтық тақырыптарды кеңінен насихаттауға бағытталған «Логика правосудия» және «Сот залынан» телебағдарламалары ұйымдастырылды. Мейрам Мырзахметұлы бағдарламалардың сценарийлерін жазып, жоғары оқу орындарының студенттерін осы жұмысқа тарта отырып, болашақ заңгерлердің кәсіби тұрғыдан қалыптасуына да қолдау көрсетті.

Мейрам Мырзахметұлы қазақтың атақты билерінің есімдерін ұлықтап, олардың өнегелі мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытында да жүйелі жұмыс жүргізді. Сот билігін жүзеге асырудағы қызметімен танылған билер мен шешендердің есімдерін облыс қалалары мен ауылдарының көшелеріне беру, сондай-ақ көше атауларын тарихи тұлғалардың құрметіне өзгерту жұмыстарына белсене қатысты.

Еңбегі еленген ардагер

Мейрам Ғибәдиловтің көп жылғы мінсіз қызметі мен сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі лайықты бағаланды. Ол жоғары судьялық «Үш би» белгісімен, «Сот жүйесінің ардагері» медалімен марапатталған. Сондай-ақ көптеген Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттар мен Дипломдарға ие болды. 2017 жылы оған «Құрметті судья» атағы берілді.

Мейрам Мырзахметұлының өмір жолы – кәсіби адалдықтың, азаматтық батылдықтың, парасаттылық пен әділдіктің жарқын үлгісі. Оның сот төрелігін дамытуға сіңірген еңбегі, тарихи мұраны сақтау жолындағы ізденісі және кейінгі буынға көрсеткен өнегесі айрықша құрметке лайық.

Ардагерді «Көкшетау қаласының Құрметті азаматы» атануымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық пен бақ-береке тілейміз. Ел игілігі жолындағы еңбегі мен сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі әрдайым құрметке бөлене берсін!

Күләш Домалакова, Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің басшысы

Таяу Шығыс: Сирияда миллиондаған адам үйлеріне оралды

Сирияда ұзақ жылдарға созылған қақтығыстардан кейін ел тұрғындарының бір...

АҚШ, Қытай және Ресей басшылары маңызды кездесу өткізуге дайындалуда

2026 жылғы 17 қарашадағы маңызды халықаралық жаңалықтардың бірі —...

Сот-заңнамалық реформалар тәуелсіздікті арттырады

Сот төрелігін, сондай-ақ, заңдарды жетілдіру заман талабы. Өйткені, бұлар...

Кәсіби этика сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді

Ел Конституциясы адамға бағдарланған мемлекет қағидатына негізделген, сондықтан, мемлекеттік...

Впервые разработан законопроект с помощью ИИ-платформы AI-Quryltai

Проект нового закона «О цифровой и информационной безопасности детей»...