Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекетті қалыптастыру және сот билігінің тиімділігін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Сот төрелігінің сапалы жүзеге асырылуы тек судьялардың қызметіне ғана емес, сонымен қатар сот аппараты қызметкерлерінің кәсіби жұмысына да байланысты екені бәрімізге мәлім. Солардың ішінде сот мәжілісі хатшысы ерекше орын алады. Оның қызметі сот отырыстарын ұйымдастыруға, іс жүргізу тәртібін сақтауға және процессуалдық құжаттарды рәсімдеуге бағытталған. Оның құқықтық мәртебесі еліміздің сот жүйесі туралы заңнамамен және процессуалдық кодекстермен айқындалады. Хатшы өз қызметін жүзеге асыру барысында заңдылық, әділдік, бейтараптық және жауапкершілік қағидаттарын басты назарға алады. Сондай-ақ жоғары дәлдік пен мұқияттылықты талап етеді. Хатшының кәсіби және жауапты қызметі сот процесінің ұйымдасқан түрде өтуіне, азаматтардың құқықтарының сақталуына және сот шешімдерінің заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сот мәжілісінің хатшысы сот жүйесіндегі маңызды қызметкерлердің бірі болғанымен, қоғам тарапынан оның қызметі әртүрлі бағаланады. Көптеген азаматтар сотқа жүгінген кезде ең алдымен сот хатшысымен байланысқа түседі. Сондықтан хатшының кәсіби мәдениеті, сыпайылығы және жауапкершілігі азаматтардың сот жүйесі туралы алғашқы пікірінің қалыптасуына әсер етеді. Азаматтар көбінесе сот хатшысынан қажетті ақпарат алуға, сот отырысының уақыты мен тәртібін білуге жүгінеді. Мұндай жағдайда хатшының әдептілігі мен түсіндіру қабілеті сотқа деген сенімді арттырады. Ал керісінше жағдайда, яғни қызмет көрсету сапасы төмен болған кезде, азаматтар сот жүйесіне деген теріс көзқарас қалыптастыруы мүмкін. Қазіргі таңда қоғам сот қызметкерлерінен жоғары кәсібилік пен адамгершілік қасиеттерді күтеді. Сондықтан сот хатшысы заң талаптарын сақтаумен қатар, азаматтармен қарым-қатынас жасау мәдениетін де жетік меңгеруі қажет. Бұл сот билігінің беделін көтеруге және халықтың сотқа деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Осылайша, сот хатшысына деген адамдардың қарым-қатынасы оның кәсіби қызметіне, азаматтармен жұмыс істеу әдебіне және қызметтік міндеттерін орындау сапасына тікелей байланысты.
Қорытындылай келе, сот мәжілісі хатшысы сот жүйесіндегі маңызды лауазымдардың бірі болып табылады. Оның кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі және заң талаптарын мүлтіксіз орындауы сот төрелігінің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан сот мәжілісі хатшысының мәртебесін нығайту және олардың кәсіби деңгейін арттыру сот жүйесін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Сақи Қымбат Бердібекқызы, Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы


