Мемлекеттік тіл – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен ұлттық бірегейлігінің маңызды нышандарының бірі. Оның қоғамдық өмірдің барлық саласында, соның ішінде сот жүйесінде кеңінен қолданылуы – заң үстемдігін қамтамасыз етудің, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың және мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың негізгі шарттарының бірі.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Осыған орай, сот жүйесінде мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданылу аясын кеңейту және іс жүргізу сапасын арттыру мемлекеттік органдардың маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.
Сот жүйесінде мемлекеттік тілді дамыту ең алдымен сот ісін жүргізуде қазақ тілінің қолданылуын қамтамасыз етуден басталады. Сот құжаттарын мемлекеттік тілде сапалы әзірлеу, сот отырыстарын қазақ тілінде өткізуге қажетті жағдай жасау және азаматтардың сотқа мемлекеттік тілде жүгіну құқығын қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті міндеттері.
Сонымен қатар, сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру, заң терминологиясын біріздендіру және ресми құжаттардың тілдік сапасын жетілдіру де ерекше маңызға ие. Себебі сот актілерінің түсінікті әрі сауатты жазылуы азаматтардың сот шешімдерінің мәнін дұрыс қабылдауына және сот төрелігіне деген сенімінің артуына ықпал етеді.
Мемлекеттік тілді сот жүйесінде дамыту тек құжаттарды қазақ тілінде әзірлеумен шектелмеуі тиіс. Бұл бағытта сот қызметкерлерінің кәсіби тілдік даярлығын жетілдіру, мемлекеттік тілде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ заманауи ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану қажет.
Болашақта сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту үшін цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану маңызды. Атап айтқанда, электрондық құжат айналымын жетілдіру, мемлекеттік тілдегі құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттыру және заң терминдерінің бірыңғай электрондық қорын қалыптастыру осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттыра алады.
Сондай-ақ сот саласында мемлекеттік тілді оқытуға арналған оқу бағдарламаларын жетілдіру, тәжірибелік семинарлар өткізу және қызметкерлердің тілдік құзыреттілігін тұрақты түрде дамыту қажет. Бұл шаралар сот қызметінің сапасын арттырып қана қоймай, мемлекеттік тілдің құқықтық саладағы беделін нығайтуға мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, сот жүйесінде мемлекеттік тілді дамыту – уақыт талабынан туындаған маңызды міндет. Мемлекеттік тілдің сот төрелігін жүзеге асыру барысында кеңінен қолданылуы заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Мемлекеттік тілге құрмет көрсету – әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби жауапкершілігі. Сондықтан сот жүйесінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, оның сапасы мен мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы тиіс.
Алтыншаш Қорабаева,
Тараз қаласының №2сотының судьясы


