Елімізде сот процестерінің дені, яғни 70 пайызы орыс тілінде жүреді. Тіпті, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары мен Алматы өңірлерінде қазылықтың қазақшасы 5 пайыздан аспайды екен. Бұл жөнінде Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев өткен жұмада Жоғарғы Сот пен М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық университеті ұйымдастырған конференцияда мәлімдеді. Алқалы жиын «Құқық жүйесіндегі қазақ тілінің мәселелері және оларды шешу жолдары» деген атпен өтіп, Парламент Мәжілісі, судьялар корпусы, прокуратура, ғылым және жоғары білім, әділет, ішкі істер, тіл саясаты ұйымдарының өкілдері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйым басшыларының басын қосқан еді.
Жалпы құқық қорғау жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданысы қоғамда үнемі алаңдаушылық тудырып келеді. Себебі тап осы мәселе қазақ тілінің мәртебесіне ғана емес, сот орбитасына тартылатын азаматтар құқығының қорғалуына да өз көлеңкесін түсіріп жүр. Бұл ретте, әсіресе, қазақ тілді қауым үшін күрделі жағдай туындайтыны айтылудан кенде емес. Алайда, жағдай көлеңкеде қала береді. Құқық қорғау саласында қанша реформа жүрсе де қазақ тілінің қолданылу деңгейіне қатысты осы кезеңге дейін қандай бір шара қабылданғанын естімеппіз. Мұндағы қауым еліміздегі мемлекет құраушы халық қазақ екенін, олардың өз құқын ана тілінде қорғауға құқықты екенін ұмытып кеткендей. Ештен кеш жақсы дегендей, осы жағдай оңына қарай өзгеруге бет алғандай. Аталмыш жиынның ұйымдастырылуы соның басы болар деген үмітке жетелейді. Айтары жоқ, бұл басқосу құқық қорғау саласындағы мемлекеттік тілдің қолданысына қатысты біраз түйткілді су бетіне шығарды. Бұл құқық қорғау саласындағы тек ана тілімізде өткен алғаш жиын болар. Оған қатысып, сөз сөйлегендердің бәрі де осы мәселенің көтерілгенін көптен күткендей ағынан жарыла еркін көсілді, Сезімге беріліп кеткендер де болды. Ол жөнінде сәл кейінірек. Алдымен еліміздің су жаңа Бас судьясының айтқанын ортаға салалық. Мерғалиев мырза өз сөзін: «Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр ұлы даланы мекендеген ата-бабамыз ұрпағына мол мұра қалдырып кетті. Соның ішіндегі ең қуаттысы, ең асылы – қасиетті қазақ тілі. Дауға салса – алмастай қиған, сезімге салса – қырандай қалқыған, ойға салса – қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар?! Әрине, қымбат ешнәрсе жоқ», – деп бастады. Осы ретте сот процестерінің 70 пайызының орыс тілінде жүретінін қынжыла жеткізген ол бұл жағдайға мемлекеттік органдардың қазақ тілінде құжат дайындауға құлықсыздығын себеп етті. Сот – құқықтық процеске нүкте қоятын ең соңғы саты екенін, құқығы бұзылған адамның алдымен полицияға, прокуратураға, адвокатқа, содан соң барып, сотқа келетінін қадап айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл жерде мемлекеттік органдардың да рөлін естен шығармауымыз керек. Себебі, мемлекеттік ұйымдар сотқа талап арыздарын әлі күнге дейін, негізінен, орыс тілінде жолдауда. Одан әрі мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде сот жүйесіне қоғамның сотқа деген сенімін арттыру – басты мақсат екенін айтқан Жоғарғы Сот төрағасы осы ретте туындайтын «судья қазақша сөйлей алмаса, сот актісін сауатты жазып, түсіндіре алмаса, сенім қайдан болады? Сот жүйесіндегі тіліміздің жағдайы қандай? Оны жақсарту бағытында қандай шаралар қолға алынуда? – деген сауалдарды ортаға тастады. Іле бұл сұрақтарға жауап беру құзыретін Жоғарғы Соттың алқа төрағасы Нұрсерік Шәріповтің құзырына берді. Нұрсерік Кәрімұлы жиынның күн тәртібіне қойылған мәселені мүмкіндігінше барлық қырынан талдап, шешімін де ұсынуға тырысты. Ол алдымен «Тіл туралы» заңның 4-бөлігінде: «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсін жүргiзу тiлi» деп бекітілгенін еске салды. Оның бер жағында Азаматтық-процестік, Қылмыстық-процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерде сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі деп анық көрсетілгенін де шегелей айтты. Соған қарамастан қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі мен жағдайы өз деңгейінде еместігін қынжыла ортаға сала келіп, бұл сөзіне біраз мысалдар келтірді. Соның бірі, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да заңдардың 99 пайызы әуелі орыс тілінде әзірленіп, қазақ тіліне аударылатыны. Оның айтуынша, қазақ тілінің құқық жүйесінде өз деңгейінде қолданылмауы осы аударманың сапасыз, сөздері түсініксіз, терминдері әр кодексте әртүрлі мағына беретіндігінің салдары. Нұрсерік Шәріпов сот-құқық жүйесіндегі қазақ тілінің жағдайы бірден мәз емес деп бағалады. Мұның себебі, әрбір лауазымды тұлғаның қазақ тілін қолданбауы, құжатты орысша толтыруы. Мұндай жағдайда біздің тіліміз аударма тілден аса алмай қалады. Оның үстіне, заңға сәйкес, іс сотқа қай тілде түссе, сол тілде қаралады. Содан тіліміз босағадан сығалап, жетім баланың күйін кешіп тұра береді. Шәріпов мырза полиция инспекторлары әкімшілік хаттаманы көбінесе орысша толтыратынын қынжыла айта келіп, «Олардың қазақша жазуына кім кедергі?» деген сауал тастады. Тергеуші тергеу материалдарын қазақшаламай, соттағы қылмыстық істер де қазақшаланбайтынын атап көрсетті. Сол секілді адвокотура қызметінің орыс тіліне бейім екеніне де мысал келтірді. Оның айтуынша, адвокатурада жүргендердің 90 пайызы – өзіміздің қаракөз қандастарымыз. Қазақшасы тәп-тәуір азаматтар аз емес. Бірақ, неге екені белгісіз, сотқа жолдаған материалдарының басым бөлігі орысша. Прокурорлар да айыптау актісін көбінесе орысша толтырады екен. Сот залында да ойын қазақшадан гөрі орысша жеткізгенді жөн көреді. Мемлекеттік мекемелер де өз талап-арыздарын сотқа орысша жолдайды. Бұл ретте Нұрсерік Кәрімұлы судьяларды да сүттен ақ, судан таза деп ақтаған жоқ. Судьялар арасында да қазақша жөнді білмейтін, ойын дұрыс жеткізе алмайтындардың барын жасырмады. Судьялар тілді үйрену қажеттігін айтатын ескертуді жүре тыңдайды. Нұрсерік Кәрімұлының айтуынша бұл жағдай тек сот-құқық саласында мемлекеттік тілді білмегендер жұмыс істей алмайды деген талап болса ғана өзгереді. Онда қазіргі судьялардың көбісі жұмыстан босатылған болар еді.Тіліміздің заң, сот, жалпы құқық саласында әлі күнге дейін көрші елдің тілінде сөйлеуіне халықтың кінәсі жоқ. Кінә – өзімізден! Конференцияға дайындық барысында сотта қаралған істерге талдау жүргізілген екен. Сонда биылғы жылдың 11 ай қорытындысы бойынша соттарда қаралған 702 591 істің 216 394-і мемлекеттік тілде атқарылғаны белгілі болыпты. Оның ішінде азаматтық істер бойынша да қазақ тілінде қаралған істер де аз. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардан барлығы 54 419 талап арыз түссе, соның 15 227-сі ғана мемлекеттік тілде талқыланыпты. Ал жария-құқықтық даулар бойынша әкімшілік органдардан түскен 82 412 арыздың тек 39 пайызы қазақ тілінде қаралған. Сол секілді сотқа түскен 27 730 қылмыстық іс бойынша сот процесінің де не бары 43,8 пайызы қазақ тілінде жүріпті. Әкімшілік құқық бұзушылық бағытында 296 177 іс қаралса, оның да 50 пайыздан астамы орыс тілінде қаралған. Соттар тілге қатысты позициясын жекеше қаулы шығару арқылы көрсете алады. Биыл тіл заңнамасын бұзғаны үшін соттар мемлекеттік мекемелердің басшыларына, прокурорларға, тергеушілер мен адвокаттарға қатысты 433 жекеше қаулы шығарды. Оның 13-і азаматтық, 17-сі қылмыстық, 83-і әкімшілік, 230-ы әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша. Осындай мәліметтерді ортаға сала келе Нұрсерік Кәрімұлы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің халыққа өз құқығын қазақша қорғай алатындығын түсіндіру керектігін, олай етпеген жағдайда басына қиын іс түскен адамға сол сәтте тіл емес, бірінші кезекте, өз басын арашалап алатын заң көмегі қажеттігін мәлімдеді. Шәріпов мырза қазақ тілінің заңмен бекітілген негізгі тіл функциясын толық атқара алмай отыруының бірнеше себептерін атады. Олардың бірі үнемі айтылып жүрген заңдардың қазақ тілінде әзірленбеуі, мемлекеттік тілдегі нұсқаларының түсініксіз, шұбалаңқы болуы. Заңгерлердің заңдар дың орыс тіліндегі нұсқасына жиі жүгінуінің бірден бір себебі осы. Сонымен қатар, олардың қазақ тілін үйренуге құлықсыздығы, құқық қорғау, сот жүйесіне кадрларды іріктеу кезінде мемлекеттік тілдің талап етілмеуі де қазақ тілінің өрісін тарылтып тұр. Ол соңғысына қатысты заң шығару, құқық қорғау жүйесінде орыстілді мамандардың көбірек жұмыс істеуіне, қоғамда «менің құқығымды орыстілді заңгер жақсырақ қорғайды» деген түсінік қалыптасқандығына орынды назар аудартты. Негізінде мұндай стереотипті жоятын уақыт келді. Қазақ тілді білікті мамандар жоқ емес, бар. Оларды салаға тарту үшін қолдан келетін амалдың барлығын жасау керек! Себептердің қатарына мемлекеттік органдар мен мекемелердің сотқа талап арыздарды орысша жолдауы да жатқызылды. Бұл мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілге жаны ашымайтындығын көрсетеді. Нұрсерік Кәрімұлы баяндамасында бұл мәселелерді шешудің де жолын жіліктеп берді. Олардың қатарында құқық қорғау, әділет, сот органдары, Жоғары Сот Кеңесі офицерлерді, судьялыққа үміткерлерді және мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді жұмысқа қабылдау кезінде мемлекеттік тілді В-2 деңгейінде білетіндігін растайтын Қазтест сертификатын талап ету нормасын енгізу, адвокатура, нотариат, медиация, заң консультанттары мен сот орындаушыларына лицензия беру кезінде мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде білуін міндеттейтін талаптарды заңға енгізу, сот, құқық қорғау органдарына қарасты ведомстволық мамандандырылған академияларға оқуға қабылдау, сондай-ақ, жоғары тұрған лауазымдар резервіне кадрларды іріктеу, оларды мансаптық ілгерілету кезінде қазақ тілін кәсіби деңгейде білу талабын заңмен белгілеу, сот, құқық қорғау органдары үшін мемлекеттік органдар мен мекемелерден түсетін іс қағаздарды 100 пайыз қазақ тілінде қабылдау талабын енгізу секілді шаралар бар. Ең бастысы осында жиналған барлық орган өкілдері бірлесіп, «Құқық қорғау және сот органдарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту тұжырымдамасын» әзірлеп қабылдау керек. Жиынға арнайы келіп қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде мәселенің өзектілігін құптай келе жалпы әлемдегі тілдердің дамуындағы қазақ тілінің орны, тілдің сыйымдылығы мен терминология жайлы айтты. «Біз осы мәселені қолға алып, жаңа 2023–2028 бесжылдық тұжырымдаманы дайындауымыз керек. Үкіметтің алдында осы мәселені көтердік. Сондықтан осы бүгінгі алаңды пайдалана отырып, әрқайсысымыз, тілжанашыры, сарапшылары, депутаттарымыздың қатысуымен алдағы жұмысты бастаймыз» деп қуантып қойды. Ал, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті вице-провосты Марат Ахмади елімізде қазіргі таңда заң жобалары, жалпы заң шығармашылығы орыс тілінде жүзеге асырылатынын ортаға сала келе жоғарыда айтылған құқық жүйесіндегі мемлекеттік тілдің проблемалары бір-бірімен сабақтасып, араларында себеп-салдар қатынасы бар мәселелер екендігін айтты. Оның айтуынша, зерделенген заң мәтіндеріндегі ақаулардың басты себебі заңдардың түпнұсқада қазақша жазылмауында, заң шығармашылығының қазақша дамымай, сол бұрынғы әдетімен орыс тілінде жалғасуында деп пайымдауға толық негіз бар. Сол секілді өз кезегінде сөз алған М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев та заң және нормалардың мемлекеттік тілдегі қателіктеріне тоқталып, құқық саласындағы қазақ тілді оқулықтарға назар аудартты. Азаматтық, әкімшілік кодекстер мен басқа да заңдардың қазақ тіліндегі мәтіндеріндегі қателерді айтудың өзі де ұят екендігін қынжыла айтқан ол бұл мәселенің шешімін табу үшін әрбір Қазақстан азаматы, әрбір білікті маман өз саласында қазақ тілінің үстемдігі үшін өз үлесін қосуы керектігін атап көрсетті. Оқулық тапшылығы мәселесін шешу мақсатында университет құқық саласындағы әлемдік әдебиеттерді қазақ тіліне аудару жұмыстарын бастағанын жария етті. «Қазақтың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев «Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе жоқ. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі мен мінезі айқын көрінеді» деп сөз саптаған заң ғылымының кандидаты А.Қ.Жұмағали сынды ғалымдар тәуелсіздік алған тұста тіліміздің осынша деңгейде сұраныссыз қалғанын ашына айтып жатты. «Алаш арыстары өздері айдауда, қолдары байлаулы болып жүріп, қаншама іс тындырды. Ал біз не істеп отырмыз?!», – деп ашуға булығып, іштегі қыжылын ірікпей, лақ еткізіп ортаға тастай салды. Жиында құқыққорғау саласындағы қазақ тілінің қолданылуына кері әсерін тигізіп тұрған мемлекеттік тілдегі заңдардың сапасына қатысты да егжей-тегжейлі айтылды. Бұл ретте Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен келген заң ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлжазира Ильясованың жасаған баяндамасы дәйектілігімен назар аудартты. Ол да қазақ тілді заңдардың түсініксіз жазылғандықтан қолданылмайтынын айтты. Ильясова ханымның сөзінен түйгеніміз, қазақстандық құқық шығармашылық процесінде нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін қазақ тіліне аудару кезінде мемлекеттік тілде заңдық терминдер біртекті қолданылмайтындықтан кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде заңгерлер үнемі түрлі қиындықтарға тап болады. Мысалы, заңның мәтіні тікелей аударылуы салдарынан құқық нормаларының мәні жоғалып, заңдық терминдердің мағынасы өзгереді. Жалпыға бірдей танылған заңдық терминдер бірнеше түрлі нұсқада аударылады. Мұндай мәселелер құқық нормаларын теріс түсінуге және солай түсіндіруге әкеледі. Сондықтан бұл мәселелерді жанжақты талқылап, шешудің жолдарын табу керек. Өйткені, тек заңдардың сапасын арттыру арқылы ғана мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қол жеткізе аламыз. Зерттеуші ғалымдар тарапынан ҚР Азаматтық кодексінің (жалпы бөлімінің), ҚР Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлімінің), ҚР Азаматтық процестік кодексінің, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің баптарының мәтіндеріне лингвистикалық-құқықтық сараптамалар жүргізіліп, заңдық техниканың талаптарына сәйкессіздіктер, заңдық терминдердің дұрыс аударылмауы салдарынан құқық нормаларының мағынасының бұзылуы анықталды. Авторлар ұлттық заңнамада шет тілінен енгізілген заңдық терминдерді қазақ тіліне аудармай-ақ түпнұсқа түрінде қолдану қажет деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, сараптама нәтижесінде сарапшылар заңнамалық актілердің мәтіндерін қазақ тіліне сапасыз аудару мәселелері бойынша жалпылама талдаулар жасалды Бұл орайда ұлттық заңнамада шет тілінен енгізілген заңдық терминдерді қазақ тіліне аудармастан түпнұсқа түрінде қолдану ұсынылды, өйткені, заңдық техниканың міндетті шарты – терминологияның біртектілігін сақтау және бір ұғымға қатысты бірнеше терминдерді қолдануға жол бермеу. Халықаралық, шетел нормативтік-құқықтық актілерінен заңдық терминологиясын алу процесі шет тіліндегі терминдерді Қазақстан заңнамасына жәй көшірумен шектелмеуі тиіс. Отандық құқықтық жүйеге сәйкес келетін терминдерді ғана қабылдаған жөн. Осы тұрғыда Жоғарғы Сот Бас прокуратурамен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Ішкі істер министрлігімен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, «Қылмыстық іс жүргізудің процестік құжат үлгілері» атты 2 томдық кітапты шығарыпты. 15 тараудан құралған кітап прокурор лар мен тергеушілердің сараптамасынан өткен. Қоғамда жиі кездесетін қылмыс түрлері бойынша процестік құжаттардың (баянаттар, тергеу хаттамалары, қаулылар, айыптау актілері тб) бірыңғай үлгілері ұсынылды. Бұл еңбек тергеушілерге, прокурорларға, судьяларға, жалпы криминалистика саласындағы мамандарға аса қажетті құрал. Жиында сөз алғандар аудармашыларға қатысты да мәселені көтерді. Бұл орайда ұққанымыз сот процесінде қазақ тілді тарап қажет ететін аудармашылар қызметі талап деңгейінде көрсетілмейді. Бұған басты себеп олардың жалақысының мардымсыздығы. Осының салдарынан аудармашылыққа келетіндер аз, кейде олардың міндетін кездейсоқ адамдарға жүктеуге мәжбүр боламыз. Тіпті, сот кеңсесіндегі жүргізушінің де амалсыздан аудармашы болып кететін кездері бар. Мұндай жағдайда қазақ тілді тараптың құқы қалай дұрыс қорғалады? Өкінішке қарай бұл мәселе назардан тыс қалып келеді. Жиында айтылған әңгіменің негізгі түйіні бұл мәселенің адами фактормен байланысты екендігі болды. Ақиқатында күнделікті өмірде тілімізді қолдануға ешкім кедергі емес. Қазақ тілінің иесі де, жоқтаушысы да – өзіміз. Егер оны өзіміз қолданбасақ, ол басқа ешкімге керек емес. Сондықтан тілдің мәртебесін көтеруге күш салуымыз керек. Осы айтылған мәселелерді қорыта келе конференция қатысушылары бірлескен қарар қабылдады.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


