Қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі қылмыстық заң шеңберінде кінәлі адамға заңды және әділ жаза тағайындаудың жеке критерийі болып табылады.
Егер жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшiн қауiптi іс-әрекеттердің қылмыстық құқық бұзушылықтар, яғни қылмыстар немесе қылмыстық теріс қылықтар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігіне енгізілетін болса, онда қоғам тарапынан аталған іс-әрекеттерді қауіпті деп тануға негізі бар.
Қылмыстық құқық саласында мемлекет тарапынан қорғалатын объектілерге, қолсұғушылтардан қорғау немесе қоғамның, мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн қолсұғушыға зиян келтiру арқылы, не оған зиян келтiру қауіптілігі туындайтындай жағдай болса, ондай іс-әрекеттердің қоғамға қауіпті екенін түсінеміз.
Қоғамға қауіпті іс-әрекеттердің зиян келтiру қауіптілігін анықтау үшін оларды сапасы және сандық сипаттылығына бөліп қарастыруға болады.
Сандық сипаттағы қоғамға қауіпті іс-әрекеттердің зиян келтiру қауіптілігі оның қоғамға қауіпті тудыратын қауіп сипаты, ал сандық сипатқа оның қауіптілік дәрежесі деп саналады.
Аталған критерийлер бойынша қылмыстық заңда көзделген жазаның жеке-дара дәрежесін және мөлшерін көруге болады.
Қауіпті іс-әрекеттердің зиян келтiру қауіптілігі мен сипатын анықтау үшін қылмыстық заң оларды қол сұғушылық объектілері бойынша жіктеді.
Сонымен қатар, қауіпті іс-әрекеттердің зиян келтiру қауіптілігін анықтау үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінде қарастырылмаған қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамына кіретін қылмыстық қудалау шеңберіне түсетін тұлғаға қатысты жеке-дара мәліметтерді сипаттайтын мағлұматты мұқият зерделеуді қажет етеді.
Яғни, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп танылған адамға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінің тиiстi бабында белгiленген шектерде және аталған Кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң ережелерi ескерiле отырып, әдiл жаза тағайындалу қажет.
Жаза тағайындау кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі, сотталушының жеке басы, оның ішінде қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталғанның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тұрмыс жағдайына әсері ескеріледі.
Қылмыстың жасаған уақыты, орны, оның қандай жағдайда жасалғаны, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін анықтауға көмектеседі, жазаны саралау құралы болып табылады, яғни нақты қылмыс құрамының саралау белгілерін анықтайды.
Сот үкім шығару кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескереді.
Аталған мән-жайлар екі түрлі мағынаны білдіреді, біріншісі жасалған қылмысқа тікелей қатысы жоқтығы және қылмысты саралауға ықпалын тигізбейді.
Олар тек жазаны тағайындау сатысында ғана ескеріліп қолданылады.
Ал екіншісі, ол Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігіндегі нақты баптың диспозициясында көрсетілген іс-әрекеттер, осы себеппен олар кінәлі адамның жасаған іс-әрекеттерінің дәрежелену белгілеріне қатысып жазаны тағайындаған кезінде қайта қолданылмайды.
Сондай-ақ шын ниетпен өкiну институты қылмыстық құқық саласының маңызды құрылымдық элементі болып табылады, қылмыс жасаған адамның шын ниетпен өкiнуі ол адамның жасаған іс-әрекеттерінің дұрыс еместігін, қоғамдағы қалыптасқан қарым қатынастардың бұзу себептерін және аталған іс-әрекеттерінің салдарынан белгілі бір объектілерге зиян келтіргенін түсінуі және қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген моральдық және өзге де зиянның орнын толтыруы деп түсінеміз.
Шын ниетпен өкiну қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаннан кейін болатынын ескерген жөн.
Қолданыстағы Қылмыстық кодекске сәйкес, жаза тағайындау кезiнде ескерiлуге жататын жеңiлдететін мән-жайлардың тізімі заң нормаларымен шектелмеген, ал жазаны ауырлататын мән-жайлардың тізімі Қылмыстық кодекске көрсетiлмеген мән-жайларды ауырлататын мән-жайлар деп тани алмаймыз.
Заңды әрі объективті жазаны тағайындау кезінде сот ұсынылған қылмыстық іс бойынша зерделенуге жататын дәлелдемелердің негізінде әрбір құқық бұзушылық үшiн бөлек жаза тағайындайды, яғни кінәлі адаммен жасалған заңға қайшы іс-әрекеттердің сипаты мен қоғамға қауіптілігін көрсетіп уәжді сот актілерін шығару арқылы қол жеткізеді.
Осы санатта тараптарға жоғары тұрған сотта сот үкіміне шағымдануға мүмкіндік беретін сот шешімдеріне шағымданудың құқықтық тетіктерін кеңейту мүмкіндігін атап өткен жөн.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 21 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 40-тарауы 310-1-бабымен толықтырылған, ол 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Аталған өзгерістерге сәйкес, кассациялық сот бірінші сатыдағы соттардың үкімдері, қаулылары апелляциялық сатыда қаралғаннан кейін оларды қайта қарау туралы кассациялық шағымдарды, апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдерін, қаулыларын, бірінші сатыдағы соттың үкімдері мен қаулыларына олардың апелляциялық сатыда қайта қаралғанына не қаралмағанына қарамастан, апелляциялық сатыдағы үкімдер мен қаулыларға Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарларының, Бас әскери прокурордың, Бас көлік прокурорының наразылықтарын қарайды.
Сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша, кассациялық сот өзінің соттылығына жатқызылған істер бойынша жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
Осылайша, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын жағдайлар орын алатын болса, оларды тиімді қорғау мақсатында сот жүйесін жетілдіру үшін заңнамалық деңгейде жағдайлар жасалуда.
Жоғарыда аталған тақырыптың мәселесі бойынша тоқетері, сот талқылауы барысында істердің барлық мән-жайларын мұқият анықталу қажеттілігінің маңыздылығын көрсетеді, жасалған қылмысы үшін жауаптылық мөлшері әрбір нақты құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесіне және Қылмыстық кодексте көрсетілген басқа да ілеспе мән-жайларға байланысты болатыны анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс» деген тапсырма берілген.
Сондай-ақ, ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойылу кажеттілігі көрсетілген.
Осы орайда, ағымдағы жылы қабылданған қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша жаңа заңның кейбір ерекешеліктерін атап өтсек.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 16 шілдедегі №210-VIII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолданыстағы Қылмыстық кодекске келесі қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамдары енгізілді, олар «Сталкинг», «Некеге тұруға мәжбүрлеу», «Заңсыз банктік, микроқаржылық қызмет», «Заңсыз коллекторлық қызмет», «Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру», «Шығарылуының заңдылығын растайтын құжаттарсыз алынған мұнай мен мұнай өнiмдерiн тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу», «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерінің бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу», «Әуе кемесін басқаруға бөгеуіл жасау», «Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» және өзге нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
«Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңының 42-баптың 5-тармағына сәйкес бұрын заңдық жауаптылыққа алып келмеген әрекеттер (әрекетсіздік) үшін заңдық жауаптылықты көздейтін не бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым қатаң жауаптылықты белгілейтін заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткенге дейін қолданысқа енгізілмейді.
Осыған байланысты, жоғарыда атлған жаңа заңның 2-бабына сәйкес, Заң 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағы 2) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын, 9), 10) және 11) тармақшаларын, 12) тармақшасының үшінші және төртінші абзацтарын, 13) тармақшасын, 44) тармақшасының үшінші абзацын, 61) және 62) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Дамыған қоғамда сұрақ тудыратын мәселелерді заң шеңберінде шешу, қылмыстық заңнаманы заманына сай етіп жаңарту, оған жаңа нормаларды енгізу арқылы, Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген, яғни демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп танылған қағидаттарына қол жеткізіліп отырғаны анық.

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы
Дархан Кәмлетұлы БЕЙСОВ