12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Сот үшін әр отбасын сақтап қалу – үлкен жеңіс

Дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу болмаған. Себебі халқымыз үшін отбасынан киелі, қасиетті, қауіпсіз орта жоқ. Отанның отбасынан басталуы да сол құжыретінен болса керек.

Өкінішке орай, соңғы жылдары отбасылық құндылықтар кеміп, ажырасушылар қатары көбейіп барады. Соның салдарынан толық емес отбасылар статистика бойынша халықтың 30 пайызын құрап отыр. Түсінген адамға бұл өте жағымсыз көрініс. Мұның өзі өз күшімен тірлік етіп жүрген әйелдер санының көбейгенінен, әке тәрбиесін көрмей өсіп жатқан ұрпақтың өскенінен хабар береді. Сондықтан бұл мәселеге тек ерлі-зайыптылардың некесін бұзу тұрғысынан ғана емес, «отыз мектеп жабылып бір әкенің берген тәлімін бере алмайды» деген мағынасы терең қазақы ұстаным тұрғысынан қарау керек. Шындығында балаға ананың аялы алақаны, мейірі қандай керек болса, әкенің де қолдауы, қорған болып қасында жүргені сондай маңызды. Бірақ, ажырасуға бел буғандар бұл жағын ескере бермейді. Әкенің баламен жүйелі түрде кездеспеуі оның өзіне деген, өмірге деген сенімін жоғалтуына алып келеді. Әсіресе, әке-шешесінің екі жаққа кетуі қыз баланың болашағына үлкен кедергі. Өміріндегі ең қымбат адамы – әкесі тастап кетсе, оған қажетім жоқ деп ойлаған қыздарда ер адамға деген теріс көзқарас қалыптасады. Ал ұл бала әкем сондай болған соң, мен де сондаймын деген оймен қате қадам жасауы бек мүмкін.

Шындығында кейінгі кезде құндылықтар құлдырап, шаңырақ шайқалуы оңай болып кетті. Мұндай жағдайдың қалыптасуына заманның өзгеруімен бірге әлеуметтік жағдай да теріс әсер етіп отыр. Бұрын жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендердің сөзін жерге тастамайтын еді. Көп жағдайда ата-ананың ақылы шаңырақты шайқалудан сақтап қалатын. Үлкендер бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, некедегі тепе-теңдікті өздері реттеп отырған. Ал қазіргі жағдай мүлде басқаша. Соның салдарынан соттарда неке бұзуға, алимент өндіруге, баланың қай ата-анасымен қалатынын анықтауға, ортақ мүлікті бөлуге, баламен кездесу уақытын белгілеуге қатысты істер көп. Осының өзі бір ажырасу дерегінің сотқа қаншама жүктеме қосатынынан хабар берсе керек.

Әрине сот орындары өзіне келіп түскен талап-арызды қарамай тұра алмайды. Сот процесінде тараптарды жарастыру, мәмілеге келтіру басты ұстаным болып отыр. Медиация – дауларды реттеудің бейтарап, әділ түрі, оның қазақ тарихындағы билер сотына ұқсастығы дау туғызбайды. Бұл отбасы қарым-қатынасын реттеуде де өзекті. Соның ішінде еліміздің Жоғарғы соты отбасылық құндылықтарға, ажырасу деректерін азайтуға барынша терең мән беруде. Республика көлемінде «Отбасылық сот» жобасының тәжірибеге енгізілуі сөзіміздің нақты дәлелі.

Жалпы әр отбасының ел алдында, заң алдында өз тәуелсіздігі, өз құқығы бар. Оған ешкімнің де қол сұғуына қақысы жоқ. Тіпті некені бұзуға қатысты сот мәжілісінде ерлі-зайыптының қарым-қатынасын толықтай анықтауға тыйым салынады. Көбінесе, соттар жұбайлардың өздері айтқан жайттарды басшылыққа алады. Дегенмен, отбасына байланысты сот даулары өте нәзік, өте жауапты қарауды қажет етеді. Әрине, неке бұзу туралы шешім шығару ешқандай қиындық туғызбайды. Оның үстіне, қаншама жыл отасып, тірліктің қызығы мен шыжығын көрген жұбайлар «ажырасамын» деп отырса, оларды айырмауға соттың амалы жоқ. Заң бойынша соттар неке бұзу туралы азаматтық істерді қараған кезде сот мәжілісінде екі жақты татуластыру үшін әрекет жасайды. Жұбайлардың талап-тілегін егжей-тегжейлі зерттеп, не олардың некесін айыру туралы, не оларды татуластыру үшін мерзім береді. Отбасын сақтап қалу, кәмелетке толмаған балалардың тірі жетім қалмауына ықпал ету мақсатында соттың қолынан келетін бар мүмкіндік осы ғана. Ал одан нәтиже шығарып, ашуды ақылға жеңдіру тараптардың өз құзырында. Әрине, отбасылық сот жобасының нәтижесінде некесін сақтап қалуға тырысып, талабын қайтарып алып жатқандар да бар. Ең болмаса бір отбасын сақтап қала алса – бұл сот үшін үлкен жеңіс.

Ильяс Қосаев,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Мәміленің жарамсыздығы және мәміленің түрлері

Азаматтық заңнамада мәміле нысанына белгілі бір талаптар бар. Осылайша, екі...

Азаматтық істердің соттылық мәселесі

Бүгінгі күні барлық соттар үшін ортақ болып соттардың азаматтық...

Шарттық даулар

Шарттық даулар – тараптары ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, азаматтар бола...

Сот отырысы хатшысының жұмысы

Сот отырысының хатшысы соттың өзіне жүктелген функцияларды орындауы кезінде...

Әкімшілік істегі медиация

Медиация, медиатор деген ұғымдардың елімізде пайда болуына Қазақстан Республикасының...