Кіршіксіз абырой, адамгершіліктің алтын айдарындай нұр шашқан əділетті, адалдықтың ақ туын желбірете ұстанған, заңда рəсімделген құқықтық мəнге ие, адамгершілік құндылық иесі.
Халық қашанда «Қара қылды қақ жара білетін», əділдіктің туы жығылмауына күш салатын сот жүйесіне сенім артады.Оларды шындық пен ақиқаттың темірқазығы деп біледі.
Міне бүгін біздің сөзімізге арқау болып отырған Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотында қоғамдағы жеке адам мен мемлекеттің негізгі құқықтары мен мүдделерінің бұзылмауын басты назарда ұстап, сот кеңсесінің меңгерушісі болып қызмет атқаратын Бибайым Әшімқызы Нәлібаева.
Бибайым Әшімқызы абырой биігінен көрініп жүрген азаматша. 1965 жылы 1 наурызда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келіп, 1972-1982 жылдары сол ауылдағы № 55 орта мектепті бітірген ол жүрек қалауымен Талдықорған қаласындағы Заң техникумын «Заңгер» мамандығы бойынша тәмәмдап, одан кейін Тараз қаласындағы «Әулие ата» университетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Бибайым Әшімқызы сыр елінің сот билігі, Қызылорда облыстық сотының 84 жылдық тарихында аудандық сотта 38 жылдық тәжірибесі бар білікті де білімді маман.
Кейіпкеріміз Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, 1984-2000 жылдары Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық сотында 16 жыл бойы хатшы болып, ал 2000 жылдан бастап қазіргі кезге дейін, яғни 22 жыл осы сотта кеңсе меңгерушісі болып жұмыс жасап келеді.
Ұжымда Бибайым Әшімқызын көзіміз көріп жүргендей мінезі салмақты, өмірде қайратты, табанды, жігерлі жəне алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын қажырлы мінез иесі. Осы жерден ол өзіне көп тəжірибе жинақтап.«Адамзат –қанша биік болғанымен заң астында, Алатау – қанша биік болғанымен ай астында», – деп халық даналығында айтылғандай, заң барлық адамдарға ортақ қасиетті ар таразысы екенін түсінді.
Азаматтардың шынайы теңдігі тек осы жерде ғана анық көрініс табатынын ұғынды. Күні-түні заң тармақтарын ақтарып, адам тағдыры таразыға түсетін сəтте əділдік жолынан таймауға тырысатын сот саласының жұмысы ауыр да жауапты екенін өз көзімен көрді. Міне көп жылдан бері Жаңақорған аудандық сотының кеңсе меңгерушісі болып қызмет жасайтын заңгер Бибайым Әшімқызы сыпайы мінезімен күн сайын алдына келетін адамдардың арыз-шағымының дер кезінде қабылдануына күш салады. Білгір маман заң саласындағы ойға түйгендерін республикалық «Заңгер» журналы мен «Егемен Қазақстан», «Сыр бойы», «Жаңақорған тынысы» газеттеріне жолдап, мемлекеттік тіл мəселесі жөнінде ой-толғамдарын оқырмандармен бөлісіп отырады.
Облыс, аудан көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып тұратын, сотпен ұйымдастырылған барлық іс–шараның белсенді қатысушысы болған Бибайым Әшімқызы Қызылорда облыстық соты төрағасының, Қазақстан Республикасы судьялар одағының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының, Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының, Қызылорда облысы әкімінің, Жаңақорған ауданы әкімінің «Алғыс хаттарымен» және «Мақтау қағаздарымен» сан мəрте марапатталған және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды. «Сот – сөйлеуші, ал, заң – мылқау сот»,- деп ұлы ойшыл Цицерон айтпақшы, барлық өмір жолын сот саласының жұмысына арнаған Бибайым Әшімқызының шыққан асуы, бағындырған биік-белесі зор.
Бибайым Әшімқызының айтуынша бүгінде егеменді еліміздің сот саласы — қауқарлы да қуатты, тәуелсіз біртұтас жүйеге айналып келеді. Бұл жұмыс талай уақыттан бері атқарылып келе жатқан сот-құқықтық реформалардың берген нәтижесі деп нық сеніммен айтуға болады дейді. Қазақстандағы әділеттіліктің салтанат құруы мен тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасу жолында көптеген жұмыстар атқарылғаны белгілі.
Сонымен қатар, жалпы «Әйелдер жүрген жерде әрдайым адалдық, объективтілік пен алға ұмтылу бар», — деп Елбасымыз айтқандай қазіргі кезде өзінің өнегелі ісімен лауазымды қызметін абыроймен атқарып, сот саласында үлкен жетістіктерге жетіп жүрген біздің басшымыз Бибайым Әшімқызының өнегелі өмір жолы мен отбасы туралы айтпай кету мүмкін емес.
Бибайым Әшімқызынан алатын асыл қасиеттері өте көп, мейірімді, жанашыр, адал жан. Үнемі жанашыр танытып, білмегенімізді үйретіп ізденіс жолында жетелеп жүрген көшбасшымыз. Жұмыста кездескен әрбір қиындықты ұжым болып шешуді, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп мақалдап, сөйлеуді ұмытпаған меңгерушіміз ана тілге деген құрметін де айтып насихаттап отырады. Сонымен қатар Бибайым Әшімқызы жаны нәзік болғанымен, еңбегі ерлермен пара-пар. Ол қызмет бабында түрлі қиындықтармен бетпе-бет келседе еш мойыған емес. Ұйқысыз түндер мен дамылсыз күндерді де басынан өткерді. Бірақ мамандығына деген махаббаты еш кеміген жоқ. Қиын да күрделі саланың бел ортасында жүрседе отбасының да ұйытқысы, адал жар, ардақты ана, аяулы әже. Бибайым Әшімқызы салмағы ауыр сот саласындағы қызметімен қоса үй шаруасында дөңгелетіп, осы асыл қасиеттерін отбасына, балалары мен немерелеріне үйретіп келеді. Ол отбасында бес бала тәрбилеп, он немере сүйіп отыр. Балаларының бәрі жоғары білімді, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда қызмет етіп жүр.
Бүгінгі біз сөз еткен кейіпкер сот саласында тынымсыз еңбек етіп, осы салада көп биік белестерді бағындырған жігерлі жан. Өз бойындағы еңбекке адал, мақсатқа берік қасиеттерінің арқасында осындай деңгейге жетіп отыр. Ұжымдағы әріптестері Бибайым Әшімқызын ақылшы басшы, іскер ұйымдастырушы, жарқын бастамалардың қолдаушысы ретінде таниды. Сондай-ақ ол өзінің қарапайымдылығымен және қайырымдылығымен, елгезектігімен және кеңпейілділігімен ұжымда зор беделге ие болды. Атақ, абыройдың жолы жеңіл емес, қажымай, ерінбей жүрегің мен еңбегіңді халыққа берсең, бұл құрметтер өзі-ақ келеді. Бибайым Әшімқызы ақылдылығы мен парасаттылығы, қайсарлығы мен қайраты мол, жаны да, ары да таза, шыншыл еңбекқор жан. Жағымды келбеті, келісті әсем сөзі, ибалы мінезі, кішіге қамқор, үлкенге ізеттілігі әр уақытта маңайындағыларға сезіліп тұрады. Қазақ даласының ұлан-ғайыр сұлулығындай мінез-құлқымен, тума табиғи болмысымен жақсы жанға лайықты, өнегелі өмір жолында ғұмыр кешіп отырған жан- Бибайым Әшімқызы.
Адамның атын тану оңай. Бірақ, оның бойындағы асыл қасиетін, болмысын тану аса қиын. Жақсыға айтар сөз көп. Азаматтығы мен адами қасиеті бөлек жанымызда жүрген жандарды құрметтеу, мерейін тасытып, еңбегін, асыл ғұмырын еңбекке балап, өткен күн – тарих, бүгінгі күн сый екенін зерделей білсек нұр үстіне нұр болар еді.
Жаңақорған аудандық сотының жетекші маманы
М. Дәріқұлов