Сот орындаушыларының қызметін жүзеге асыру Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңымен (бұдан әрі – Заң) реттеледі.
Алайда, сот орындаушыларының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) қатысты даулар туындаған кезде азаматтар мен заңды тұлғалар қалай шағымдануы тиіс?
Бұл — әкімшілік тәртіппен шешілетін мәселе.
Жеке сот орындаушыларының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы талап қоюлар Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) талаптарына сәйкес мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарда қаралады.
ӘРПК-нің 136-бабына сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.
Егерде талап қоюшы заңда белгіленген мерзімді өткізіп алса сотқа өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат беруге құқылы.
«Әкімшілік істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 29 қарашадағы № 5 Нормативтік қаулысының 13-тармағына сәйкес ӘРПК-нің 136-бабы талап қою түріне, талап қою нысанасына және оларды санамалау тәртібіне байланысты талап қоюды беру мерзімін көздейді.
Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін сот әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін алдын ала тыңдауда анықтайды.
Талап қоюды беруге арналған мерзімінің сақталуын дәлелдеу және талап қоюды беру мерзімін өткізіп алудың дәлелді себептерінің бар-жоғына дәлелдер ұсыну міндеті талап қоюшыға жүктеледі.
Дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот АПК-нің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін.
Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша алдын ала тыңдау сотқа талап қою берілген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады (ӘРПК-нің 143-бабы).
Азаматтар мен ұйымдар сотқа дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау және тану туралы талап қоюлармен жүгіне алады:
Ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айту туралы талап қою беруге құқылы.
Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша талап қоюшы қабылдануынан бас тартылған не әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі себебінен қабылданбаған қолайлы әкімшілік актінің қабылдануын талап етуі мүмкін. Мұндай жағдайларда бас тартуға дау айту туралы жеке талап ету қажет етілмейді. Мәжбүрлеу туралы талап қою жауапкердің ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдамау міндеті туралы талапты қамтуы мүмкін.
Әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы белгілі бір әрекеттер жасауды немесе әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған мұндай әрекеттерден қалыс қалуды талап етуі мүмкін.
Тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы, егер ол дау айту, мәжбүрлеу және әрекет жасау туралы талап қоюды бере алмаса, қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екенін тануды талап етуі мүмкін.
Сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер оған сот отырысында талқылау тағайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады және шешіледі.
Егерде талап қоюшы соттың шешімімен келіспейтін болса ӘРПК-нің 168-бабының талаптарына сәйкес сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, шешім жария етілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалатын түпкілікті нысандағы шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.
ӘРПК-нің 171-бабына сәйкес соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді. Жауапкер әкімшілік іс бойынша сот шешімін, сот белгілеген өзге де мерзімдерді қоспағанда, ол заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс.
Шешім дереу орындалатын жағдайларды қоспағанда, ол заңды күшіне енгеннен кейін орындалады.
Жалпы алғанда, сот орындаушыларының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтірудің тиімді құралы болып табылады.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте белгіленген мерзімдер мен процессуалдық талаптарды сақтау – әкімшілік әділдікті қамтамасыз етудің және сот төрелігінің тиімділігін арттырудың басты шарты.
Сот практикасы көрсеткендей, мұндай санаттағы істердің уақтылы әрі объективті қаралуы азаматтардың сот билігіне сенімін нығайтып, атқарушылық іс жүргізу жүйесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етеді.
Осылайша, сот орындаушыларының қызметіне қатысты шағымдану институты құқық үстемдігін орнықтырудың және әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Б.И.Калиева, Ақтөбе облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының
судьясы