Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастығы мен құқықтық қатынастарды дамытуы барысында шетелде пайдалануға арналған құжаттарды заңдастырудың ерекше тәртібі ретінде апостиль қою институты маңызды рөл атқарады. Апостиль – 1961 жылғы Гаага конвенциясына сәйкес енгізілген құжаттарды заңдастырудың жеңілдетілген түрі. Бұл рәсім шетелде сот органдарының ресми құжаттарын қосымша консулдық растаусыз мойындатуға мүмкіндік береді.
Сот органдарынан шығатын ресми құжаттар – сот шешімдері, сот үкімдері, анықтамалар, сот органдары берген әртүрлі ресми анықтамалар мен куәліктер жатады. Осындай құжаттар шетелде құқықтық күшке ие болуы үшін оларға апостиль қойылады. Апостиль құжаттағы қолдың түпнұсқалығын, қол қойған адамның лауазымын және мөрдің шынайылығын растайды.
Қазақстанда сот органдарының құжаттарына апостиль қоюды Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жүзеге асырады. Бұл орган құжаттарды қабылдап, олардың түпнұсқалығын тексереді және Гаага конвенциясына сәйкес үлгіде арнайы мөртабанды қояды. Апостиль қою рәсімі, әдетте, 3-5 жұмыс күнін алады.
Апостильдің артықшылығы – ол құжатты тек бір рет растау арқылы көптеген елдерде қолдануға мүмкіндік береді. Бұл азаматтарға уақыт үнемдеуге, қаржылық шығындарды азайтуға жағдай жасайды. Мәселен, шетелде білім алу, жұмысқа орналасу немесе сот шешімін орындау кезінде апостиль қойылған құжат халықаралық деңгейде заңды күшіне енеді.
Дегенмен, апостиль қою рәсімі тек Гаага конвенциясына мүше елдерде ғана жарамды екенін атап өту қажет. Егер құжат қолданылатын мемлекет конвенцияға қосылмаған болса, онда қосымша консулдық заңдастыру талап етіледі.
Осы орайда мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдететін тағы бір маңызды құрал – электрондық үкімет веб-порталы (eGov.kz). Азаматтар апостиль қою қызметіне де осы портал арқылы жүгініп, онлайн түрде өтініш бере алады. Бұл азаматтарға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Электрондық үкіметтің басты артықшылықтары – қызметтердің тәулік бойы қолжетімділігі, уақыт пен қаржыны үнемдеу, құжаттардың электронды форматта сақталуы және жеке кабинет арқылы процесті бақылау мүмкіндігі. Соңғы жылдары eGov.kz порталы жаңа мүмкіндіктермен толықтырылды: Digital ID арқылы биометриялық сәйкестендіру, QR-кодпен қызмет алу, eGov Mobile қосымшасы арқылы анықтамаларды алу және мобильді ЭЦҚ қолдану.
Электрондық үкімет порталы арқылы апостиль қою қызметінің қолжетімді болуы халықтың халықаралық деңгейдегі құқықтарын қорғауға жол ашып қана қоймай, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Қорытындылай келе, сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою – халықаралық құқықтық қатынастарда маңызды құрал болса, электрондық үкімет порталы – осы қызметке және басқа да мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді жеңілдететін заманауи тетік болып табылады.
Қызылорда қаласының №2 сотының
жетекші маманы
М.Д.Атабаева