Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағыттағы маңызды салалардың бірі – сот жүйесі. Өйткені сот – заң үстемдігі мен әділдіктің тірегі, ал мемлекеттік тілдің осы салада кеңінен қолданылуы елдің құқықтық мәдениеті мен ұлттық болмысының көрінісі.
Еліміздің Ата заңында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілген. Бұл норма барлық мемлекеттік органдардың, соның ішінде сот мекемелерінің қызметінде де қазақ тілінің басымдығын қамтамасыз етуге тиіс. Сондықтан сот өндірісінде мемлекеттік тілді қолдану – заң талаптарын орындау ғана емес, қоғам сұранысына жауап беру.
Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану ең алдымен азаматтардың құқықтарын қорғауға қызмет етеді. Азамат өзінің арыз-шағымын, талап-өтінішін ана тілінде беріп, сот процесіне өзі еркін түсінетін тілде қатысуы – құқықтық қолжетімділіктің маңызды бөлігі. Сот шешімдері мен процессуалдық құжаттардың қазақ тілінде дайындалуы азаматтарға құқықтық ақпаратты дұрыс түсінуге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары сот саласында мемлекеттік тілдің үлесін арттыру бағытында оң өзгерістер байқалады. Қазақ тілінде қаралатын істер саны көбейіп, іс жүргізу құжаттарын мемлекеттік тілде әзірлеу тәжірибесі дамып келеді. Бұл сот жүйесінде қазақ тілінің қызметтік қолданысының нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, бұл бағытта шешімін күткен мәселелер де бар. Кей жағдайларда іс қағаздарының орыс тілінде дайындалуы, құқықтық терминдердің бірізді қолданылмауы, кейбір мамандардың мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде жеткілікті меңгермеуі кедергі келтіреді. Мұндай түйткілдер сот саласында қазақ тілінің әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр.
Осы орайда судьялар мен сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді кәсіби тұрғыдан жетік меңгеруіне жағдай жасау маңызды. Құқықтық терминологияны жүйелеу, қазақ тіліндегі заңнамалық базаны жетілдіру, сот тәжірибесінде мемлекеттік тілді қолдану үлесін арттыру – уақыт талабы.
Мемлекеттік тілдің сот мекемелерінде қолданылуы – тек тіл саясатының мәселесі емес, бұл азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, әділ сотқа қолжетімділікті кеңейту және ұлттық құндылықтарды нығайту мәселесі. Мемлекеттік тіл сот төрелігінің толыққанды тіліне айналғанда ғана оның мәртебесі іс жүзінде бекемделеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жалғастыру – маңызды міндет.
Сериков Ержан Абдикаримович
Сериков Ержан Абдикаримович, Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының әкімшісінің басшысы


