12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Сотқа дейінгі хаттаманың пайдасы зор

Татулықты тұғыр еткен, бейбітшілікті бәрінен биік қойған елміз. Мұны қазақтың ежелгі заңдарындағы дауды шешу қағидаларынан да білуге болады. Сонау Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің Жеті жарғысында дауды өзара келісіммен, ортақ мәмілемен шешуге басымдық берілгеніне қарап қазақтың даукестіктің алдын алып, ауыл арасындағы татулықты сақтауды басты мұрат еткені байқалады. Міне сол тарихтан тамыр алған қазақы құқықтық дәстүрді жаңғырту бойынша соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылды. 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заң қазақтың бітімгершілік институтын жаңа заманға бейімдеудің алғашқы бастамасы болды.

«Медиация туралы» заңның тәжірибеге енгізілгеніне де он жылдан аса уақыт өтті. Осы аралықта дауды бітімгершілікпен, бейбіт жолмен шешудің көптеген жолдары қолға алынды. Дауды сотқа дейін, сотта татуластыру, бітімге келу жолымен реттеуге жол ашатын жаңашылдықтар заңдық тұрғыдан шешімін тапты. Азаматтық процестік кодексінде «Татуластыру рәсімдері» деген арнайы тараудың қарастырылып, дауды бастапқы кездегідей тек кәсіби және кәсіби емес медиаторлардан бөлек, адвокаттардың, соттағы татуластырушы-судьялардың көмегімен шешуге заңды қадамның жасалуы медиация институтын барынша жандандыра түсті.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне «сотқа дейінгі хаттаманың» енгізілуі татуластыру бойынша іс-шараларды кеңейтетін жаңашылдық. Сотқа дейінгі хаттаманың екі тарапты татуластыруға көмегі көп. Өйткені бұл хаттаманы жасау арқылы тараптар өз дәлелінің, уәжінің салмағын біліп, қарсы тараптың мүмкіндіктерін елеп, ескере отырып істің немен аяқталуын алдын ала болжай алады. АПК-нің 73-бабы 1-бөлігіне сай дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар бірінші сатыдағы сотқа олар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады. Онда тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар сот барысында келтіретін талаптарына немесе қарсылықтарына сілтеме жасауды. Сотқа дейінгі хаттаманы тараптардың өздері де, сонымен қатар медиаторлар мен адвокатқа жүгіну арқылы да жасауға болады. Осы арқылы тараптар бір-біріне дәлелдемелерді ашып, дауды бейбіт жолмен реттеудің нұсқаларын ұсына алады.

Дауды сотқа дейінгі хаттаманы жасау арқылы аяқтау тараптарға азаматтық іс қозғалғанға дейін дәлелдемелермен алмасуға, сол арқылы даудың нәтижесін пайымдауға, уақытын үнемдеуге, сондай-ақ бұрыңғы қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік береді. Біз де өз кезегімізде сотқа дейінгі хаттаманың мәнін, маңызын тараптарға түсіндіріп, дауды беәбіт жолмен, сотқа дейін, сотта шешуіне барынша көмек беріп келеміз. Азаматтардың келіспеушілікті сот арқылы шешкенінен гөрі, өзара келісіммен, ортақ мәмілеге келу арқылы реттегені пайдалы.

Л.Ахметова,

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы

Тараптарды азаматтық істер бойынша хабарландыру

Азаматтық процесс — бұл сот пен процеске қатысушылар арасындағы...

Электронды сот төрелігі

Сот төрелігі - іс жүргізу тәртібімен жасалатын, азаматтық және...

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...