12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Сотқа дейінгі хаттама – заңнама жаңашылдығы

2021 жылдың соңында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Заңға енгізілген өзгерістер азаматтық процестік заңнаманы жетілдіруге, оның ішінде азматтардың сот шығындарын азайтуға, татуласу рәсімдерінің қолдану аясын кеңейтуге және дауларды сотқа дейінгі реттеу мәселесін қолға алуға бағытталды.
Нақтырақ айтқанда, дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын дамыту мақсатында Азаматтық процестік кодекске сотқа дейінгі хаттама енгізу және істі өндіріске қабылдау сатысында тараптардың дәлелдемелерді ұсыну міндеті туралы жаңашылдық енгізілді. Бұл азаматтық даулар бойынша істің мән-жайын толық ашып, баға беруге кепілдік береді.
Азаматтық процестік кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бірінші сатыдағы сотқа тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, өз дәлелдемелерін талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады. Сондай-ақ, тұлға істі сот талқылауына дайындау барысында не сот талқылауы барысында ашылған және сотқа дейінгі хаттамада көрсетілген дәлелдемелерге ғана сүйенуге құқылы. Алайда, бұл қосымша дәлелдемелер кейін мүлде қабылданбайды дегенді білдірмейді. Егер тараптар дәлелдемені істі сот талқылауына дайындау сатысында ұсынуға мүмкіндігі болмағанын негіздей алса, дәлелдемелер сот талқылауы сатысында және апелляциялық сатыдағы сотқа да ұсынуы мүмкін. Бұл өзгерістер ағым­дағы жылғы 5 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіліп, сотқа дейінгі хаттама арқылы тараптардың дәлелдемелерді келтіру жұмысы басталып кетті.
Жаңашылдық аясындағы жұмыс тәртібіне тоқталсақ. Сотқа арыз келіп түскен соң сот тараптар заң нормасына сәйкес татуластыру рәсіміне қатысу үшін шақырылады және сотқа дейінгі хаттаманың үлгісі қоса жолданады. Сотқа дейінгі хаттама сотқа түскеннен кейін, татуластырушы-судья тараптарға дауды бейбіт жолмен шешудің баламалы тәсілдерінің мүмкіндігі мен тиімді тұстарын түсіндіреді. Егер тараптар дауды сотқа дейінгі хаттамасыз ортақ мәмілеге келіп аяқтаймыз деп шешсе, сот 10 күн ішінде істі қарайды. Ал, дауды сотқа дейінгі хаттама толтырып, бітіммен аяқтайтын болса, сот 15 күннен кешіктірмей азаматтық істі қарауды тапсырады.
Жалпы, жаңа бағытта жұмыс жасауды дауларды сот талқылауынсыз бейбіт жолмен шешудің бір баламалы жолы ретінде де қабылдау қажет. Себебі, сотқа дейінгі хаттаманы толтыру барысында тараптар дауға қатысты барлық мән-жайды айқындайтын дәлелдемелерді келтіреді, оны зерделеу нәтижесінде тараптар дауды тиімді шешудің тәсілдерін қоса қарастырады.
Жыл басынан бастап бір айдың ішінде елорда соттарына келіп түскен талап қоюлар бойынша 27 сотқа дейінгі хаттама рәсімделген және осы даулар татуласу рәсімдерін қолдана отырып қысқартылған. Яғни, талап қоюшы талап қоюды жауапкермен татуласуына байланысты соттан қайтарып алған. Бұл көрсеткіш енгізілген жаңашылдықтың қолайлылығының бір дәлелі.
Кез келген дауды қысқа мерзімде, моральдық, қаржылай шығынсыз, іскерлік өзара қарым-қатынасты сақтауға тырысып, татуластыру рәсімдерінің негізінде бейбіт келісіммен аяқтау екі тарапқа да тиімді. Сотқа арызбен жүгініп, кейін сол дауды ортақ мәмілеге келу арқылы шешіп жатқан тараптар аз емес. Мысалы, 2021 жылы елорданың бірінші сатылы соттарында қаралған дау­лар бойынша 764 іс бейбіт келісіммен, 3 363 іс медиация арқылы және 7 іс партисипативтік жолмен аяқталды. Сондай-ақ, апелляциялық сатыда 24 іс бейбіт келісімге келумен, 115 іс медиативтік келісім жасасумен аяқталды.
Заңнамаға енгізілген татуласу рә­сімінің барлығы дауды шешудің жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Дала заңына сай қара қылды қақ жарған билер де жауласқан екі жақты бір мәмілеге келуге шақырып, дауды бітімгершілікпен аяқтауға тырысқан. Дау туындаған жағдайда сот арқылы жаға жыртысудың жолын емес, моральдық және материалдық ауыртпалық келтірмейтін татуласудың мүмкіндігін қолданған анағұрлым тиімді.

Ботагөз Баянова,
Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз хатшысы

Результативность работы госслужащих – следствие  эффективного планирования рабочего времени

Защита прав государственных служащих - важное направление деятельности Агентства...

«Электронды сот төрелігінің тиімділігі»

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...

Какие меры принимаются для защиты прав детей при разводах – судья Кымбат Комиртасова

При рассмотрении дел о расторжении брака судами принимаются определенные...