12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ

Абылай Қайсенов күні кеше ғана аға тергеуші лауазымына тағайындалған болатын. Бәлкім еңбектің бағаланғаны болар, алайда ол лауазыммен бірге жауапкершілік жүгі де ауырлайтынын түсінді. Күнделікті барып жүрген жұмысы болса да аға тергеуші лауызымын алғаннан кейін бе, әлде ішкі сезімі ме, бүгінгі жұмыс күні өте ауыр болатынын сезгендей. Бірақ сезімге бой алдырмай, әдеттегідей жұмысқа кірісті. Дағдылы таңғы жиналыстан соң кабинетіне кіргені сол еді, қызметтік телефоны шырылдай жөнелді: – Кәрімов тыңдап тұр… – Кәрімов! Дереу маған кел! Бұл – тергеу басқармасының бастығы, полковник Санжар Мүйденов еді. Облыстық ішкі істер қызметкерлері арасында үлкен беделге ие ол осы тергеу басқармасы ақсақалдарының бірі және көрген-білгені көп, үйретері де аз емес азамат болатын. Бұл жылдам тергеу басқармасы бастығының кабинетіне барды: – Рұқсат па… жолдас полковник?! – Кір кір… Жақын отыр… Бұл бастыққа жақын отырысымен ол сөз бастады: – Қайсенов! Аға тергеуші лауазымын алған алғашқы күннен саған аса күрделі іс бермекшімін. Ол суырмадан алып, үстел үстіне сыртында үлкен әріптермен ДЕЛО деп жазылған папканы қойды: – Бұл істе біраз шикілік бар… Бұл істе… көп сәйкес келмейтін тұстар бар, бұны сосын арнайы ауданнан басқармаға алдырттық. Жүрегім әлденені сезеді… Осы іс бойынша болған тергеу амалдары жайлы тікелей маған ғана баяндайсың, ары қарай жоғары жаққа өзім жеткіземін. Бұл істе саған ешкім көмекші болмайды, барлық тергеу амалдарын өзің жасайсың, себебі, бұл іске қатыстылар лауазымды адамдар болуы мүмкін. Іспен таныс, сосын Арал қаласына баруға дайындал! Қайсенов істі алып, кабинетіне кетті. Ұзынша коридорды қуалап келе жатқанда санасында түрлі ойлар сапырылысып кетті, сұрақ көп. Неге бұлай? Неткен іс екен бұл? Лауазымды адамдары несі? Ол кабинетіне келісімен іспен танысуға кірісті. Іс осыдан он жыл бұрын хабар-ошарсыз кеткен Ділдабеков Мұхит жайлы екен. Алайда хабарсыз кеткен Мұхит осыдан жеті-сегіз күн бұрын үйдегі телефонға хабарласып, әкесіне өзінің белгісіз адамдарға құл болып жүргенін айтып, он мың теңге ақша сұрап, тұтқаны тастап жіберген. «Апырай ә! Ол ой үстінде. Е-е-е… бастықтың манағы лауазымды адамдар деп отырғаны осы екен ғой… Мүлде түсініксіз жағдай. Адам із-түзсіз жоғалып кетіп, он жылдан соң қайта хабарласып, құл болып жүргенін айтады, бірақ ақша сұрағаны – қалай болғаны? Құлдықта жүрген адам ақша сұрамай, ең алдымен өзінің қайда екенін айтып, өзін құтқарудың бар амалын жасар еді. Мүлдем түсініксіз…» Келесі күні таң ата Абылай Қайсенов Арал ауданына қарай жол тартты. Жолға қызметтік автокөлікпен шықса, көп сұрақ туындауы мүмкін деп ойлаған ол сапарға жеке көлігімен шыққан еді. Аралға дейін алда 500 км бар. Таспадай созылған жол бойы оны бір ой ғана мазалап келеді. «Он жыл бұрын жоғалып кеткен адам… неге ақша сұрады? Неге өзін құтқаруды сұрамады?» Аралға жете салысымен қонақ үй іздемекші еді, алайда, Аралда тек бір ғана қонақ үй болғандықтан, көп іздеудің қажеті болмай қалды. Келесі күні азаннан Арал ауданының полиция бөлімінің бастығы, полковник Қазыбаев Дәуітке жолықты. Қабылдау бөлмесіне кабинеттен жуан, әрі қоңыр дауысты адамның сөйлегені естіледі. Дауысына қарағанда ірі денелі адам болуы керек деп ойлады бұл. Іштегі дауыс басылысымен, бұл кабинет есігін қақты. – Саулығыңызды тілеймін, жолдас полковник! Рұқсат па кіруге? Абылай Қайсенов устав бойынша рұқсат сұрады, кім екенін баян етті. Үстел басында өзі ойлағаннан да ірі, алып денелі, түрі сұсты, суық өңді полковник отырды: – Рұқсат! Кіре бер… Департаменттен күнде тергеушілер келе бермейді, сен туралы маған ескертілген, сенің отыратын кабинетің дайын, қандай да бір көмек керек болса, маған тікелей айта бер! – Түсіністікпен қарағаныңызға рақмет, жолдас полковник! Бірақ, менің бір өтінішім бар. Маған дайындаған кабинеттің басқа кілттері болса, осы бастан маған беріп қойса дұрыс болар еді. – Дегенің болсын… Бірақ бастық бұл әңгіменің артында үлкен салмақ барын түсінді, тергеу амалдары жайлы тіпті мұның өзіне де айтылмайтынын, құпия екенін ұқты. Қазыбаев Дәуітке қонақ үй қызметкері хабарласып, Абылай Қайсеновтің алдын ала үш айға төлеп қойғанын хабарлаған еді. Ол іштей «Бұл тергеуші үш айға төлесе, значит… ол уақыттан ұзақ мерзімге де қалуы мүмкін ғой. Шамасы бұл хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша келіп тұр-ау, әлде ол тек солай көрінгісі келді ме екен? Не болса да бұл тергеушінің бір көздегені болып тұр және оның үстіне департамент бастығының орынбасары осы тергеуші жайлы тікелей хабарласып, бар керек затпен, құралмен қамтамасыз етуімді сұрады. Бұл тегін емес… Бүгіннен бастап бұл тергеушіден сақ болу керек шығар» – деп ойлады. Өзіне берілген кабинетке кіре салысымен Абылай бейне-дыбысжазу құрылғыларының бар-жоғын анықтау үшін кабинетке толық тексеру жүргізді. Себебі, іс соны талап ететін. Кабинеттің ондай құрылғылардан таза екеніне көзі жеткен соң, ол өз автокөлігінен компьютер және өзге де заттарын тасуды бастап кетті. Бұны көрген Дәуіт Қазыбаев тағы да тергеушінің өте сақ екені және бұл жерге келуінің нақты мақсаты жайлы ойлана бастады. Заттарын орналастырып болып, істі бастан-аяқ өзі қайтадан жүргізуі керек екенін түсінген Абылай бірінші хабар-ошарсыз кеткен адамның үйіне баруды жөн көрді. Төменгі қабатқа түсіп, бөлім кезекшісінен орталық базарға қалай баруға болатынын сұрады. Ондағы ойы: барар бағытын білдірмеу және базардағылардан өзіне керекті мекенжайды сұрастыру болатын. Оның сілтеуімен базарға жеткен ол үлкен қақпа алдында тұрған отыздан асқан жігіттен Шевченко көшесіне қалай баруға болатынын сұрады: – Ау, ол Шанхайда ғой. Көшенің басы Мұзқаладан басталады. Мен көрсетіп жіберейін. Бейтаныс мұның көлігіне отырып, Шевченко көшесінің бас жағына әкелді. Діттеген жерге жеткен соң әлгі азаматқа рақмет айтып, ары қарай өзі тауып алатынын айтты. Бұған керегі 78-үй болатын, алайда нақты қай үйге келе жатқанын сездірмеу үшін ол осылай жасағанды дұрыс деп тапты. Ішінен жол көрсеткен жігітке разы болып келеді. «Мұндағы ел Қызылордадағыдан өзгеше екен-ау. Бүкіл шаруасын қойып, маған көмектесуге ұмтылғанын қарамайсың ба? Сірә, бұл көңіл тазалығынан болар. Мұндай жандарды облыс орталығынан кездестіре қою қиын-ау, бәрінің өз шаруасы бар, барлығы бір жерге асығып бара жатады, әйтеуір күйбең тіршілік. Біреуге бұлайша болыспақ түгіл…». Бұрын бұл ауданда болмаған Абылай Қайсеновке бұл жаңалық тәрізді болды. Межелеген үй жанына тоқтаған ол іздеген адамдарының алып бара жатқан ауқатты жан емес екенін, қарапайым күн кешкен тіршілік иелері екенін байқады. Егер бай, дәулеттінің үйі болса, ақша бопсалау үшін ол үйден адам алып қашуы, ұрлауы түсінікті. Ал мына үйден не сұрамақшы, не алмақшы? Көптен жөндеу көрмеген үйдің қақпасын қаншама қаққанмен, ешкім ашар емес. Сол сәтте көшеде ойнап жүрген балалар: «Ағай, не істеп тұрсыз… Кіре берсеңізші, адамдардың бәрі үйінде ғой», – деді. Ол үй ауласына кірді. «Апырай ә! Иті де жоқ… Қызылордада бәрі басқаша ғой, ешкім ашпаса қақпа сыртынан қайтасың. Мұнда…». Үй ауласында ағаштан жасалған душ пен әжетхана, құлайын деп тұрған сарай ғана бар екен. Үйдің есігін қағуға ұмтылғанда, есікті жас шамасы жетпістердегі әже ашты. – Әй, балам! Кімге келіп тұрсың? – Саламатсыз ба, әже! Мен Қызылордадан келіп тұрған тергеуші едім… Ділдабеков Мұхиттың із-түзсіз жоғалып кету дерегін тергеуге келдім. – Е…е…е-е, немеремді іздеп жүргендеріңе он жылдан асты ғой. Бірақ еш хабар жоқ… Ол жоғалғалы інісі Әскербек те біртүрлі, Мұхитты әр жерден көрдім деп айта бастады. Көтеріліп кетті ме… білмеймін. – Түсінікті… Әже, үйде Мұхиттың әке-шешесі бар ма? – Үйге кіре бер. Барлығымыз да үйдеміз, Мұхит хабарласты дегенді естігеннен кейін біртүрлі болып жүрміз. Үйдегілермен абайлап сөйлесерсің. Осыдан соң қария көшеге қарай бет алды. Әжейдің жасы келсе де, қуатты екені, денсаулығы жақсы екені байқалады, бала кезінен үнемі қимыл үстінде болғаннан ба екен, әлде, табиғаты, жаратылысы солай ма, қартайса да әлі ширақ. Ділдабеков Мұхиттың әке-шешесі Ғабит пен Раушан ортаңғы бөлмеде жер үстелде шай ішіп отыр екен. Сәлемдесіп болған соң, бұл өзін таныстырып, келу мақсатын айтты. Мұхиттың анасының жылай-жылай көзі қызарып кетіпті, әкесі болса амалының болмауынан, шарасыздықтан басын жоғары көтерер емес, еңсесі түсіп кеткен, көзімен жер шұқиды. Әкесі үлкен баласы Мұхиттың кезінде мал баққанын, одан кейін газ құбырын күзету үшін вахталық жұмысқа кіргенін айтты. Барлығы сол жұмысқа тұрғанынан басталыпты. Ол үйге жұмыстан қатты шаршап келетінін, қасындағылардың көп арақ ішетініне қынжылатынын, бірте-бірте баласының мінез-құлқы өзгергені байқалып, тез ашуланғыш болғанын, қолына көп мөлшерде ақша ұстай бастағанын айтты. – Көп мөлшерде дейсіз бе? Ол қанша сонда? – Шамамен елу мың. Он жыл бұрынғы курспен алғанда ол кезде шынымен көп ақша болатын. – Сіз үй телефонын көтергенде, Мұхитпен сөйлескеніңізге сенімдісіз бе? – Білмеймін, «Мен ғой, Мұхит» дегенде денем түршігіп, шошып кеттім, есеңгіреп қалдым. Бірақ мас адам сияқты әрең сөйлеп тұрғандай болды. Дауысым шығып кетті-ау «Мұхит!» деп, кіші балам Әскербек келіп телефон тұтқасын менен жұлып алды. Сосынғысын білмеймін… – Вахтаға не үшін жұмысқа орналасқанын білесіз бе? – Мал бағып жүріп, аяқ асты жұмысқа тұрамын деп шықты. Мен қарсы болмадым, бірақ екінші балам Әскербек пен оның әйелі Гүлсім қарсы болды. – Не үшін қарсы болды? – Енді Мұхит мал бақпаса, оның ішінде Әскербектің де қосқан малы бар, оны бағу өзіне қалады ғой. – Түсінікті. Сіз Мұхиттың хабарласқаны жайлы не айта аласыз? – Мен оны алаяқтар деп білемін және хабарласқан нөмірі де өшірулі. – Балаңыз Әскербек пен әйелі Гүлсім қайда? – Екеуі қонаққа кеткен… – Онда Әскербек аудандық полиция бөліміне ертең сағат 10:00-де, ал келініңіз Гүлсім сағат 15:00-де келсін. Кезекшіге ескертіп қоямын, мына қағаз ды, шақыртуды көрсетсе, олар маған ертіп келеді. Бұдан соң ол тұнжыраңқы күй басқан үйден шығып, қала орталығына беттеді. Ішкі істер бөліміне жеткенше ойы он саққа бөлінді. Ойын қорыта келе ол өз әрекетін дұрыс деп тапты. Әскербек пен Гүлсімді шақыртуы психологиялық шабуыл тәсілдерінің біріне негіздеген болатын. Себебі, күдік осы екеуіне түсіп тұр. Әкесі айтқан аға мен іні арасындағы, қайын аға мен келін арасындағы жанжал осыған жетелейді. Мұхиттың мал бағудан бас тартуы, әйеліне қол көтерген соң ашуланған інінің қолы қате тиіп, ағасын өлтіріп тастауы мүмкін, ал әйелінің ондай жағдайда қылмысты жасырары анық. «Жау алыстан келмейді» – деп бекер айтпаған ғой ата-бабамыз. Істе іні мен келіннің Мұхитқа қарсылығы туралы мәлімет жоқ. Осыған назар аудару керек. Бәлкім, қателесіп тұр ма екен, алайда «мүмкін» деген іздің бәрін тексеруі керек, бүкіл күдікті дегендерді жан-жақты зерттеуі керек. …Ертеңіне сағат 10:00-де полиция бөліміне Әскербектің келгені жайлы кезекші қызметкер хабарлады. Абылай Қайсенов оған Әскербекті он минут шамасында күткізіп барып, кіргізуге тапсырма берді. Бұлай істегенде ол Әскербекті сол он минут ішінде түрлі ойға кетіп, айтамын деп дайындап келгенін ұмыттыруды көздеген еді. Шамамен он минуттан соң кабинетке Әскербекті кезекші бөлім қызметкері алып келді. – Кіріңіз Ділдабеков. – Рақмет! Шақырған уақытқа келдім, бірақ төменде күттіріп қойды. Мені не үшін шақырдыңыз? – Иә, білемін. Оперлармен шұғыл сөйлесу керек болды. Сізден ағаңыз Мұхит жайлы сұрағым келіп еді. Мұхит жоқ болып кеткенге дейін біреулермен жанжалдасып қалған жоқ па еді? Сіздердің араларыңыз қандай болды? Араларыңызда ешқандай ұрыс-керіс, реніш болмады ма? – Жоқ… Ондайы есімде жоқ. Арамыз аға мен іні ретінде. Басқа қандай болатын еді? Аға мен іні арасында келіспей қалатын кездер болады, бірақ бір-бірімізге қатты ренжіп, төбелескен емеспіз. – Әйеліңіз Гүлсім ше? Оның Мұхитпен ара-қатынасы қандай? Араларында реніш немесе жанжал болмады ма? – Жоқ. Болған жоқ. – Сіз осында отыра тұрыңыз. Біреуге шұғыл хабарласуым керек еді. Абылай кабинеттен шығып кетті. Шамамен жарты сағат өткен соң Абылай кабинетке қайта кіріп: – Әскербек мырза, боссыз. Керек болсаңыз шақыру барады, ал оған дейін ауылдан ешқайда шықпаңыз, – деп шығарып салды. Сағат 15:00-де Гүлсімнің полиция бөліміне келгені жайлы кезекші қызметкер хабарлады. Ол дереу Гүлсімді кіргізуін сұрады. – Кіріңіз, отырыңыз. – Мені шақыртқан екенсіз, не себепті екенін білуге бола ма? – Хабар-ошарсыз кеткен Мұхиттың ісіне байланысты. Сіз отырыңыз… Мен қойған сұраққа ғана нақты жауап беріңіз. Шамамен жарты сағат уақыт өтті. Бірақ Абылай оған әлі бір сұрақ қойған емес. Кабинетте өлі тыныштық. Ақыры Гүлсім шыдамады: – Тергеуші мырза! Үнсіз отырғаныма жарты сағат болды. Мені не үшін шақырттыңыз? – Гүлсім ханым! Мен қазір келемін. Ол кабинеттен шығып кетті. Шамамен жарты сағат уақыт өткен соң кабинетке қайта кіріп: – Боссыз. Гүлсім ханым, шыға берсеңіз болады, – деген кезде Гүлсімнің түрі өзгеріп, бұған таңқала қарағандай болды. – Иә… Иә… Боссыз, Гүлсім ханым. Керек кезде шақыртамыз. Гүлсімнің қабағы түйіле, ашуланып кабинеттен шығып кетті. Бұл оның қандай күйде сыртқа шыққанын байқау үшін терезеден қарады. Міне, ол сыртқы есіктен шығып барады. Ашулы шыққаны долдана басқан қадамынан байқалады. Бұл ойын іштей қорыта бастады. «Гүлсім қылмыс жасаса, ол жалғыз жасамайды. Жалғыз жасауға шамасы келмейді, сондықтан оның қасында міндетті түрде адам болады. Ол адамның Гүлсімнің мұнда шақырылғанын білетіні анық. Егер де Гүлсімнің кінәсі болса, бір сағат бойы тергеуші кабинетінде үн-түнсіз отырдым дегеніне ешкім сенбейді. Әлгі сыбайласы да солай ойлайды. Оның Гүлсім барлығын айтып қойды деп те ойлауы мүмкін. Адам пиғылы солай қалыптасқан ғой, шындыққа емес, өтірікке тез сенеді. Гүлсім оған «Ештеңе сұраған жоқ» десе де, не өзінше долбар айтса да, әлгінің сенбесі анық. Гүлсімді бүгінгі менің іс-әрекетім таң қалдырды, соны сыбайласына айтамын деп оның бойында үрей қалыптастырады да, менің тұзағыма түседі». Екі-үш күн өтті. Ол Гүлсім мен Әскербекті сырттай бақылаумен болды. Бірақ бәрі баяғыша. Тек Гүлсімнің ағасы – аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәуіт қыпылықтап, қайта-қайта телефон соғады, не өзі кабинетке келеді. Мұның көңілін тапқысы келетіні байқалады, саунасы бар, балыққа баруы бар талай ұсыныстар жасады, бірақ бұл одан бас тартып, полиция бөлімі бастығының әрекетін дереу басшылыққа баяндап отырды. Ол іс бағытын жүйелей отырып ойға шомды. «Қазыбаев Дәуіттің қарындасы Гүлсімді ұрғаны үшін Мұхиттың көзін жойып жіберуі мүмкін бе? Егер ол мүмкін болса қылмысты қай жерде және қандай жағдайда жасауы мүмкін? Дәуітті күдіктілер қатарынан шығаруға болмайды.

Оның мінез-құлқы, әрекеті және жоғалған жігіттің ата-анасы айтқан жағдайлар осыны көрсетеді, тіпті, әлгі жігіттің жоғалуы, он жылдан бері ізі шықпауы соның қолымен, не болмаса осының айтуымен жасалуы әбден мүмкін деген ойды тиянақтай түседі. Неге жарияланған іздеу нәтиже бермеді? Бұл да күдік…» … Бір апта уақыт өтті. Бірақ іс бір орнынан жылжитын емес. Абылай Арал қаласына жақын орналасқан ауылдарға барды, бірақ көрдім-білдім деген адам жоқ. Көп ауылдар Шымкент – Самара үлкен күрежолының бойына орналасқан екен, бұл жол бойындағы бір кафеден түстік ішсе, бірінен кешкі асын ішіп, түнделете қонақ үйге жетеді. Бүгін де Ақбайға дейін барып қайтып, тамақты қалаға жақын ауыл тұсындағы кафеден ішуге бұрылды. Бұрыштағы үстелде тамақтана отырып, ол бүгінгі жұмысын ойша шолып шықты. Барлығын дұрыс жасап отырғаны анық, бірақ бір ой маза бермейді. «Не үшін Мұхит жоқ болып кетті, әлде шынымен өз еркімен басқа жаққа кетіп қалды ма екен, неге іздеу жұмысы нәтижесіз болды? Мұның жүргізіп отырған зерттеуі бекер болғаны ма сонда, Гүлсім мен Әскербектің еш кінәсі болмаса ше, онда үйге хабарласқан кім? Келген ақпаратқа қарағанда, ол нөмір тіркелмеген. Ұялы телефон нөмірлерін сату кезінде тіркелетін қылмай ма екен, солай болғанда телефонның кімге тиесілі екенін біліп отырар едік. Барлығы оңай болатын еді». Осы сәт көрші үстелде тамақтанып отырғандардың әңгімесі мұны елең еткізді. – Начальник милиция Қазыбаев малшы іздеп жатқан көрінеді. – Оны не қылады? – Оның осыдан екі жүз шақырымдай жерде мал фермасы бар емес пе? Жазқазған облысымен шекаралас тұста. – Қанша екен айлығы? – Түу…Одан ақша аламын деп ойлаған сен де қызық екенсің. Ол ақша беретін бе еді, қайта сенің ақшаңды алмаса. Әлгілердің әңгімесін тыңдай отырып, Абылай «Алланың өз есебі бар ғой, мені тура сол уақытта осы кафеге алып келгенін және мыналардың әңгімесін естуді бұйыртқанын қарашы. Бәлкім бұл бір белгі шығар. Егер Қазыбаевтың фермасы болса, ол жерді тексеріп көрген дұрыс қой» деген ойға келді. Абылай белгі, наным-сенім дегендерге сенетін. Үй табалдырығынан оң аяқпен аттау, төсектен оң аяқпен тұру, алдын мысық кесіп өтсе жолы болмайды дегендерге мән беретін, кейде сол сенімі кедергі болып қалған кездер де аз емес. Бірақ бұл жолғыны Абылай өзіне берілген белгі деп түсінді. Әңгімеден ол Дәуіттің фермасы бар екенін, малшылары аз айлыққа келіспей кетіп қала беретінін, оның жылқыларды жақсы көретінін түсінді. Бұдан соң ол «Мұхитты сол Дәуіттің фермасына апарған шығар, бәлкім, сол жақта бері жібермей ұстап отырған болар, әлде қарындасын ұрғанын ұмыта алмай, сол жерге алып барып…» деген сияқты болжамдар жасай бастады. Нақты айғақ табу үшін тек ол жаққа барып тексеру керек деп шешті ол. Қонақ үйге жетісімен облыстағы басшысымен хабарласып, мән-жайды айтты. Мұны тыңдап болған соң желінің арғы басынан полковниктің бұйрықты үні естілді. – Мұны ешкім білмесін. Қарақұмның жолы өте ауыр. Ол жақтан машина іздеуші болма, күдік туғызып аласың. Бізге келгеніне бір апта болған жаңа «Уаз» саған түнімен жетеді. Жүргізушісі – старшина Тілеуов. Ол жігіт бұрын Қарақұм, Арал совхоздарында шофер болған, ол жақтың жолын жақсы біледі, оның үстіне талай сыннан өткен сенімді адам. Соны күт. Сақ бол. Жолда біреулер кездессе, жөн сұраса, сылтау табарсыңдар. … Есікті қағып, тықылдатқан дауыстан оянып кетті. Орнынан тұра бере, бұрынғы дағдысы бойынша сағатқа қарады. «Ойбуй…сегіз болыпты ғой. Ұйықтап қалғаны, ә?!» Ол есікті ашқанда алдында ұзын бойлы, сұлуша өңді, мұртты жігіт ағасы тұр еді. Жан-жағына қарап алып, дәлізде бұлардан басқа адам жоқтығына көзі жеткен соң: – Мені Мүйденов жіберді, – деді жымия. Ол бөлмеге кірді, бұл Қызылордадан көліктің тез жеткеніне таңдануда. – Түнімен ұйықтамай жеткен боларсыз? – Жо-ға… Кешкісін бестерде шықтым. Машина жаңа ғой, зуылдап тұр, жол жақсы, түнгі бірде Аралға тиіп тұрған бірінші разъезде – Алтықұдықта нағашым бар еді, соған келіп қондым. Қала мен екі ара сегіз шақырым ғой. Жаңа осында топ ете қалдық. Старшинаның күлгені де қызық екен, әдемі қою мұрт билей жөнелгендей болды, тіпті мұртына дейін күліп тұрғандай. – Қай кезде жолға шыққанымыз дұрыс? – Сіз дайын болсаңыз, қазір жүріп кеткен дұрыс…Жұрт жұмысқа келемін дегенше қаладан шығып кеткен жөн. Тамақ, су деп уайымдамаңыз. Таңғы асты жолда ішерміз. Менде палатка да, үш күнге жетерлік азық та бар. Бензин Алматыға барып қайтуға жетеді. Запас жасағанмын. Жиырма минут өткен соң бұлар қаладан шығып, «Сольтрест» кентіне бағыт алған болатын. Старшинаның ақылымен бұл өз машинасын оның қала шетіндегі туысының гаражына кіргізіп кетті. Бұл осы маңдағы ауылдарды аралағанда, бүкіл жол қала кіре берісіндегі МАИ бекеті арқылы өтетін сияқты еді. Қазір бұлар тіпті басқа жолмен келе жатқан сияқты. Бұл осыны старшинадан сұрап еді, ол тағы да мұртын ойната күлкіге басты. – Капитан…Інімсің ғой… сен деп атай берейін. Оған ренжіме. Сәкең маған сенің жұмысыңның жай-жапсарын айтқан. «Сүлеймен! Сақ болыңдар!» дегенді қайта-қайта ескертті. Аралға келе жатып, мен де өзімше іштей жоспар құрдым ғой сені қалай жұртқа көрсетпей Атанши жаққа апарамын деп. Сосын осы жолды таңдадым. Мана ертеңгісін Аралға кіріп келе жатып, жаңағы туыстың үйіне соғып, гаражын босатып, барлығын қатырып қойғанмын. Олар біз туралы жан баласына тіс жармайды. Бір ғажап жандар. Көлігіңе бола алаңдама. Сосын біз қазір ипподромның үстімен өтетін жолмен келеміз. Пост ГАИ-ға көрінбеу үшін, әрине. Енді ондағылардан біреу-міреу сұрай қалса да, олар бізді көрмегенін айтары сөзсіз. Қазір мына Жақсы қылыш тауының бергі бетімен ары қарай асып түсеміз. «Сольтрестегілердің» де көзіне түспейміз, сосын жүріңкіреп барып, Жыландының жолына параллель қара жолмен Қараның құмынан өткесін, қиялай қоңырлықпен Атаншиге қарай тартамыз. Бұл іштей Мүйденовке риза болды. Жұмысқа, қызметкеріне жаны ашыған бастық осындай-ақ болар. Түс ауа бұлар межелеген жерге жетті. «Дәуіттің фермасы» деп жүргендері осы ғана ма?» деп ойлады Абылай құм арасындағы шағын аумақты алып жатқан, қоршауы жоқ қонысты көргенде. Мал көрінбейді және ешқандай да малға арналған астау, сарай, қора және тағы да басқа малшы тіршілігіне қажетті дүниелер көрінбейді. Тек қаңқиып тұрған бір үй ғана. Абылай өзін жолдан адасқан адам секілді кейіп танытып, сыртқы есік алдына келіп: «Саламатсыздар ма, кім бар үйде?» дей берген еді, үй ішінен «Кім бұл? Кімсің?» – деген дауыс гүр етеқалды. Абылай: «Біз адасып кетіппіз, жол таба алмай жүрміз, көмек керек еді, аға», – деді. – Көмекті Алладан сұрамасаң, мен саған көмектесе алмаймын. Сәлден соң үйден ірі денелі адам шықты. Өмірінде талай-талай ірі адамдарды көрсе де, Абылай мынадай алыпты көрмеген еді, сәл болса да үрей туғандай болды. Бойы шамамен екі метрден асатын шомбал қараның бітімі ерек екен; көзінің алды ерекше қап-қара, футболка денесін әзер жасырып тұр, салмағы жүз келіден асатын болуы керек, саусақтары ерекше жуан. Палуан денелі ол Абылайдың сасқалақтап қалғанын сезген болуы керек, үй сыртында есікке таяу сүйеулі тұрған өзінің бойындай бақанды қолына ұстай бұған бұрылды. – Иә, айта бер… Мұнда қалай тап болдың? Дауысы зілді. Осы сәт Абылай санасында «Қазір мынау мені мына бақанмен ұрса, өмірмен қоштаса беретін болармын» деген ой жылт етті де, оны «Бақаның не, ананың жұдырығынан да сау қалмайсың ғой» деген ой лезде ауыстырды. – Ассалаумалайкүм, аға! Адасып кетіппіз… – Әликім! Ол өтірігіңді басқаға айт… Бұл жаққа арнайы келмесе, ешкім жолай қоймайды. Оның үстіне анау үрелдегіні танып тұрмын ғой…Сүлеймен емес пе…Мілитсамын демейсіңдер ме одан да… – Кешіріңіз, аға! Есіміңіз кім ? Менің атым – Абылай. Тергеушімін… – Шүкір деген Төртқарамын.. Дұрыс… Енді жөнге келдің… Әй, Сүлеке! Бері келсейші… Түссей машинадан, артың жабысып қалмаған шығар… – Оу, Шүкірсің бе? Неге ағаңа келіп сәлем бермейсің? – Ата салты бойынша келген адам шаңыраққа сәлем беретін шығар дегенім еді. Жас үлкендігін салсаң, амал жоқ, Ассалаумалайкүм! Ал, тергеуші інім, мына Сүлекеңмен бірге жүргенде «Адасып кеттік» дегенге бұл өңірде ешкім сенбейді. Осыны ұмытпа…Ал, не шаруа? – Мен Қызылордадан келген тергеушімін, аты-жөнім – Абылай Қайсенов, ал мына ағайды өзіңіз де танып тұрсыз. Осыдан оншақты жыл бұрын Мұхит деген азамат жоғалып кеткен екен. Соның ізімен келеміз. – Е…Бізге де жеткен бір хабар… Облыстан бір тергеуші келіпті деп, Мұхитты іздеп жүр екен деп… Қазыбаевпен ауыз жаласса – соқпас, ал таза болса – бір төбе көрсетер бізге де деп қойғанмын ішімнен… Жөн, жөн… Кезінде бұл жерде мал көп болатын, бірақ қазір барлығын сатып бітірген кешегі бір кезде, содан соң бұл жерді тастанды ферма деп ойлайды жұрт. Бірақ Қазыбаев осы жылдан бастап қайтадан мал сатып алып жатыр, қазір екі үйір жылқы арғы сарылықта жатыр. Менің ауылым мына құмның арғы мүйісінде. Ол иегімен Аралға қараған бетті нұсқады. Біздің жылқының кейде күн ыстықта ауылға, суға қайтпай, осы үйде көлеңкелеп тұратыны бар еді. Соны іздеп келгенмін. Машинаның гүрілі естілісімен, атымды арырақ шідерлеп, өзім осы үйде күтейін деп отыр едім. – Түсінікті. Сіз Ділдәбеков Мұхитты танисыз ба? Суреті міне. – Мен Мұхитты танимын, бірақ жақын араласқан емеспін. Осы жақта біраз жыл мал баққанын білемін. Ол малды біреулер «өзінікі» дейді, біреулер «Қазыбаевтікі» дейді, анығын білмеймін. Әкем екеуінің сыйластығы болды, екеуі де осы маңда бес-алты жыл қатар отырып, мал баққан соң солай болады да. Ол кезде бойдақпын, мал іздегенді сылтау қылып, қызы бар ауылдарда кідіріңкіреп қалатыным болатын. Менің сондай бір үйде жоқ кезімде келіп, қонып кетіпті. Осыдан он жыл бұрын-ау шамасы. Әкем Бөрібай өте қайратты адам болатын, бензин толтырулы екі жүз литрлік бөшкені қиналмай машинаның бортына сала беретін. Өмірден озғанша «Урал» мотоциклінен түскен емес, ұршықша үйіретін марқұм. – Марқұм дедіңіз бе жаңа? – Иә, бақилық болғанына үш жылдан асты. Үйде шешем, әйелім, балалар, іні-қарындастар бар. – Иманды болсын, Әкеңізден Мұхиттың келуі жайлы сұрадыңыз ба? – Әрине…Сұрадым. Жарытып ештеме айтпады. Бірақ оны ана Қазалы мен Арал ауданы шекаралас тұстағы дария бойындағы балықшы ауылына жеткізіп салғанын, сонда Алпамыс деген фронты бар, соған тапсырып кеткенін айтты. Сосын бұл әңгіменің тісімнен шықпауын қатаң ескертті. – Мұхиттың бетінде не қолында жарақат барын байқамап па үйдегілер? Үстіндегі киімі туралы ештеме білмедіңіз бе? – Иә… «Жарақаттары бар, алабажақ комуфляж киген» деп еді інім. – Рақмет, Шүкір аға… Біздің мұнда келгенімізді өзгелер білмеуі керек. Олар келген іздерімен қайтадан кері қайтты. Абылай ой үстінде. Не болғанда да Мұхиттың ізі бұл жақта жоғы анық. Оны енді балықшы ауылынан іздеу керек. Олай болса, несіне Шүкірдің ауылына барамыз, оның інісі мен шешесінің айтқанынан не өзгереді. Ештеңе де. Сондықтан енді Аралға да соқпай, Шүкір айтқан ауылға бағыт алғаны дұрыс қой. * * * Бұл кезде Қазыбаев Дәуіт мазасыз күйде еді. Мына бір тергеуші де бүйіріне қадалған шаншудай болды, енді екі күннен бері оның қайда жүргені де, не істеп жүргені де белгісіз. Бір уақ есіне осыдан он жыл бұрынғы оқиға түскенде еріксіз бармағын шайнайды. Сол кезде оны есінен тандырып, ұрыпсоғып жерге көміп кеткенше, неге атып тастамады екен. Сосын барып көмгенде ғой бүгінде алаңсыз отыратын еді-ау. Бірақ, әнәугі әңгіме… Бұлар әлдеқашан сүйегі қурап қалған шығар деп жүрген адам телефон соқты дейді… Естіген сәтте шошып кетті… Кейін ақылға салды. Ай… бұл бекер шығар, біреулердің әдейі істеп жүргені болуы мүмкін. Әйтпесе, оның өлімші күйде көрден шығып кетуі мүмкін емес қой, шығып кеткен жағдайда да он жыл бойы қайда жүр? Бұл енді қисынға келмейді… Жауларының, мұның орнын көздеп жүргендердің ісі болар, сірә. Мұхит мал бағудан бас тартқанша бәрі тамаша еді-ау. Мал дегенің өсіп жатты, соны көзін таба жұмсап, бұл қызмет сатысында тез өсе бастады, айналасы бес-алты жылда бөлім бастығы болғаны да сол малдың арқасы емес пе?! Иә…иә… Ана оңбағанның мал бақпаймын деп шу шығарғаны… Оны, сірә, біреулер шаптан түртіп отырды-ау, әйтпесе, бала күнінен бағып жүрген малы ғой. Оның үстіне Гүлсім үйіне жылап келіп, өзін Мұхиттың ұрғанын айтуы отқа май құйғандай болды. Бұл келесі күні күйеу баласы Әскербекті шақыртты бөлімге. Қылмысты іздестіру, зерттеу бөлімі бастығының кабинетіне кіргізіп алып, күйеу баланың екі аяғын бір етікке тықты. – Сендер не қыртып жүрсіңдер? Ылғи бандиттер… Бүкіл үй-ішіңмен жабылып менің қарындасымды сабапсыңдар…Групповой қылып соттатып жіберейін бе? Ұрғандарың анық. Меданықтама алдырып қойдым. Енді кетесіңдер барлығың ту-ту… – Аға! Үй-іші емес, тек Мұхит қой қол көтерген… – Онда солай деп жазып бер қазір. Кім ұрғанын ашып көрсет. Бастықтың атына жазасың. Міне, Гүлсімнің арызы бар, меданықтама бар, сенің түсінігің бар… Әке-шешеңнен түсінік аламын… Сосын көрейін. Әйел адамды ұрғанның қалай болатынын көрсетейін… Бұл әңгіменің аяғы Мұхиттың қайтадан малды ауылға баратын болуымен тынғандай болды. Бұл, әрине, Ділдәбековтер отбасының ойы болатын. Ал, Дәуіт басқа ойда еді… Бұдан соң көп өтпей Дәуіт пен Әскербек біразға жетер азық-түлігімен Мұхитты малшы ауылға жеткізіп салды. Бірақ, Гүлсімнің жылап келгені Дәуіттің есінен шықпай қойды. Бірнеше күннен соң ол бір шешімге келді. «Бұл қорлыққа мен төзе алмаспын, одан да Мұхиттың көзін жояйын. Бұдан да басқа мал бағатын адам табылар». Осы шешімге келісімен ол алдын сенбі, жексенбі қылып жолға шықты. Ол барғанда түс ауып кеткен болатын, Мұхит жылқыны суарып, көлеңке астына кіргізіп, өзі ұйықтап жатыр екен. Су тартатын мотор бұзылып қалып, малды қауғамен қолдан суарғасын қатты шаршап, келген машина дауысын да естімеді. Бұл үйге кірген бойда Мұхитты көрісімен қаны басына шапты. Оны сол жатқан жерде тепкінің астына алды. Ол тұрып үлгірмеді, қатты соққыдан ес жинасымен бар айтқаны: «Дәке, мұның не? Төбелес керек болса – сыртқа шығайық», – болды. Оған мүмкіндік беріп Дәуітті жын ұрып па, боқтап жүріп орнынан тұруға мүмкіндік бермей, тепкілей берді. – Шешеңді… Жетпіс жеті әкеңнің аузын… Біздің тұқымды басынатын кім едің сен? Қаныңды ішермін-ау қарындасымды ұрғызып қойғанша. Бұл тепкілеуді ол қимылсыз қалғанда барып тоқтатты. Сол жерден бір кендір арқан тауып алып, қолын байлады да, сыртқа шықты. Ойы – енді мынаны бір жерге көміп тастау. Аздан соң ол қораның үйге қараған бетінен тізеден келетін етіп қазылған ұзынша орды көрді. Бұл – Мұхиттың қой сою, киік сою үшін жасап қойған шұқыры болатын. Бауыздау қанды соған ағызып, бездер мен өт және тағы сол сияқты жеуге жарамсыздарын соған тастай беретін де, бетіне құм себе салатын. Дәуіт сол шұқырды сәл кеңітті де, Мұхиттың шалажансар денесін соған әкеліп салды, сонан соң үстін бос құммен көмді де тастады.

Он минуттай дем алып отырды, барлық ізді өшіріп, көмілген тұстан еш белгі болмағасын, ол «Нивасына» мінді де, Бөрібайдың ауылына бет алды. Ол бұл ауылға да көп кідірген жоқ, Мұхитты таппағанын айтып, мұның малына да көз қырын салып қоюды өтініш етті. «Нива» бір қыр аспай-ақ Бөрібай ойға қалды. «Ау, кеше барғанда жүр еді ғой. Бірақ бұл жерден қашып кеткісі келетінін, інісі мен келінінен және Қазыбаевтан қорқатынын айтқан. Әлде қашып кетті ме екен?!» Ол мазасыздана бастады. Не болса да бүгін аңысын аңдап, ертең оның ауылына барып қайтпақ болды… …Дәуіттің басы қатып отыр, қолы жұмысқа барар емес. Он жыл өтіп кеткен жоқ па?.. Бұл неғылған бәле еді қыр соңынан қалмайтын. Өткенде біреудің телефон соққанын айтып Әскербек пен Гүлсім жеткенде әуелі сенбеді. Сосын барып барлығын егжей-тегжейлі сұрап, мұның тегін емес екенін ұқты. «Егер шын Мұхит болса – он жылдан бері қайда жүр? Жоқ, бұл басқа сияқты. Біреулер мұның іргесін қаза бастаған сияқты ма?! Бұл мұның дұшпандарының, бақталастарының ісі сияқты. Тез шара көрмесе болмайды екен». Сосын, бұл әлгі екеуіне не айту керегін үйретті. …Ол кезде Дәуіт іс бұлайша бағыт алар деп ойламаған болатын. Он жыл бұрын жоғалып кеткен адам телефон соғып, ақша сұрапты десе, кім сенер? Алаяқтардың ісі ғой – дей салар. Сосын істі өзі асықпай тарқата бермей ме. Бірақ облыстағы басшылар басқаша мән бергені, тіпті арнайы тергеуші жіберіп, іздестіре бастағаны. …Бұл енді қауіпті. Егер Мұхит тірі қалған болса, мұның құрығаны. Ол шекесін сығымдай қысты… * * * …Қап-қараңғы үңгір ме, терең туннель ме білмейді, әйтеуір, төмен қарай зымырап келе жатқандай. «Мен осы өліп қалған шығармын, – деп ойлады ол. – Ана дүниеге қарай зымырап бара жатқан шығармын». Бір кезде денесі ширай бастағандай болды. Бұл топырақ ылғалынан еді, үнемі қан, су төгіп отырған шұқырдың асты ылғал болатын. Тынысы тарылып жатқан, бір сәт жеңілдей бастағандай болды. Әуелі есім ауғандықтан болар деп ойлаған, жоқ, олай емес, бірте-бірте таза ауаны сезе бастады. Есін жиды, манағы Дәуіттің тепкілегені есіне түсіп еді, сүйектері сырқырап қоя берді. «Қасиетсіздің әке-шешеме, бабама тіл тигізгенін қарашы». Көзі қарауытып кеткендей болды, бірақ біреудің ырсылдағанын біліп жатыр. Аздан соң кеудені басып тұрған салмақ жеңілдеді. Бұл көзін ашты… Шошып кетті, бұлдырап көз алдында ұсқынсыз бірдеме тұрғандай. «Ойбай, ана дүниеге өтіп кеткен болдым ғой. Мынау жаналғыш шығар». Қайта есінен танды. Сәлден соң бұл есін толық жиды. Жаңағы бұлдырап тұрған жаналғыш та, шайтан да емес, Бөрібайдың Құмай атты иті екенін ұқты. «Уһ, Алла-ай, тірі екен. Тірі екен ғой» . …Екі ауылдың арасы он шақырымдай. Кей күндері жуынды болмай қалғанда, Құмай көрші ауылға қарай тартып кетеді. Ол ауылда ит жоқ, сосын осы екі ауыл арасында жүргені. Сондағы қан-жын төгер шұқырға тыққан сүйек-саяқтары бар болатын. Итаяққа күні бойы ештеңе құйылмағасын, ол кеш түсе көрші ауылға қарай бағыт алды. Жазғы күн ұзақ қой, кеш түссе де күн ыстық. Ол көрші ауылға жетісімен әупілдей үріп белгі беріп еді, ешкім көріне қоймады, өлі тыныштық. Сонан соң үйреншікті шұқырға барып, қаза бастады. Сол кезде ғой иттің шошып кеткені, бұрқырата қазып жатқан топырақ астынан адам шыға келгені. Ыңырсып жатыр. Бұл таныды оны. Үнемі мұны еркелетіп, басынан сипайтын кісі… Ол хайуандық түйсігімен бұған көмектесу керегін түсінді. Әуелі бір қырындай құлаған әлгі кісінің басынан бастап кеуде тұсына шейін қазып, аршыды, бірақ оны тартып шығаруға күші жетпеді, сонан соң аяғына дейін көмілген топырақтан аршып алды. Арасында «Әй, тірісің бе?» дегендей ырылдап қояды. …Денесі қозғалтар емес, бірақ мына шұқырдан шығуы керектігі әрекетке жетеледі. Өзін қинай бір қырындай тұрмақ болып еді, құлап түсті. Бірақ дененің жартысы шұқыр сыртына шықты. Міне, осы кезде Құмай оның қолын байлаған кендір жіптен тістей сүйрелеп, мұны толық сыртқа шығарды. Не дегенмен есті хайуан ғой, «Жағдайың қалай?» дегендей сәл қарап тұрды да, бетін жалай бастады. Ол тәлтіректей орнынан тұрды, бүкіл денесі қақсап барады, өзінікі емес сияқты. Қора қабырғасына арқасын сүйей, байлаулы қолымен сипалап келеді. Міне…тапты… Мал бауыздап, жіліктеп болысымен қора белдеуіне қыстыра салатын пышағы қолына ілікті. Біршама әуреленіп барып, кендір арқанды қиып, қолын босатты. Тәлтіректеген күйі үйге кірді де, шелектен бақырашпен су ішті. Тағы да құлап түсті… Ертеңіне түсте келген Бөрібай оны сол жерден тапқан болатын. Мұхитқа шай қайнатып беріп, біршама қалыпқа келтіргесін, ол мотоциклімен тездете ауылына қайтты да, кідірместен атанды мініп, қайта келді. – Мұхит! Енді саған мұнда қалуға болмайды. Сүйегің аман сияқты. Айтуыңа қарағанда, қатты тепкілеген. Аман қалғаныңа таңқалып отырмын. – Бөке, алғашқы тепкілерден ояндым. Сосын оның өлтіруге бекінгенін сездім де, сіз айтқан тәсілмен бетімді қолыммен, ішімді тіземмен жаба бердім. – Е…Біздің де сандырақ кадеге жарағаны… …Бөрібай әскерден соң Челябинскідегі медучилищеде оқып, оның фельдшерлік факультетін үздік бітірген еді. Диплом алғандарын тойлау кезінде төбелес шығып, бұған жабыла кеткен екеуді әдемілеп төмпештеген болатын, екеуі де сол жерде жантәсілім етті. Бұл он бес жыл арқалады да кетті. Жазасын мерзімінен бұрын өтеді, сосын туған жері Ырғызға барғысы келмеді. Елге жақындау ғой деп, Арал Қарақұмының өз ауданымен шектесетін тұсын мекен ететін қойшыға көмекші болып біраз жылын өткізді. Үйленді, бала-шағалы болды. Кеңес өкіметі өз-өзінен құлап қалды, бұл болса осы мекенді қимай, қоныстанып қалды. Өткенде бір әңгімелескенде бұл Мұхитқа зонадағы төбелес туралы айтқан-ды. Сол кезде ол кей нәрселерді сұрап отырған. Иә, қалай қорғану керектігін сұраған, бұл жанды жерлерді қалай қорғау керектігін айтып берген болатын… Мұхиттың денесін толық қарап шыққан Бөрібай ауық-ауық басын шайқап қояды: – Көретін жарығың бар екен. Ана шұңқырдың асты ылғал ғой…Сол құтқарған сені…Соққы тиген жерлердің ісігін де басқан, ісіктің ішке түсіп кетуіне де жол бермеген сол ылғал. Сынық жоқ. Жараларыңды обработка жасадым. Бір аптада жазылып қалар. Тамақ-суыңды, мына дәрілерді, шәйнек-кесеңді ал да, атанға мінелік. – Қайда барамыз, Бөке? – Менің мына тұста, үш шақырымдай жерде қазып қойған жеркепем бар. Оны ешкім білмейді. Бытқыл құмның ішінде. Сол жерде боласың. Мен екі күнде бір соғып тұрармын. Дара ауыз 16 алып келдім, бір патронтаж оғы бар, балта, күрек дегендеріңді тастама. Сенің мұнда екеніңді жан баласы білмеуі керек. Мылтықты тек қиын жағдайда ғана атарсың. …Он күн өте Бөрібай оны өз ауылына әкелген еді. Біршама түзеліп қалған Мұхит бұл үйге бір қонып шықты. Таң енді сыз бере бастағанда Бөрібай оны мотоциклге мінгізіп, жолға шықты. Құмай тағы да еркелей келіп, қолын жалады. Қыңсылап қояды. «Кей адамдардан мына ит әлдеқайда мей»рімді екен-ау», – деп ойлады Мұхит. * * * Алда Арал қаласы, ипподром жолымен келе жатқан бұлар қалаға кірер жолға түсті. «Пост ГАИ-ға соқпаймыз. Саспа, бізді ешкім байқамайды. Арал толы «Уаз», қайсыбірін біліп жатыр, біз қазір мостопойыз жақпен әріректен бірден трассаға шығып кетеміз. Қазалыға барып қонған дұрыс болар. Надежный үйлер бар», – деді Сүлеймен. Келесі күні олар дария бойындағы жеті-сегіз үйден тұратын ауылға келді. Үйдің аз болуы Абылайға оның барлығына кіріп, сұрақ қоюға мүмкіндік беретін еді, ол дереу іске кірісті. Далада бір адам жоқ, тек он жасар бала ғана ойнап жүр екен. – Балақай! Ауыл адамдары қайда кеткен, ешкім көрінбейді ғой? Алпамыс деген кісінің үйі қайсы? – Үлкендер теңізге шығып кеткен. Атаныкі ана бір үй, қызыл шарбақты. Бұлар келгенде Алпамыс ақсақал көлеңкедегі сәкі үстінде отыр екен. Бұлар сапарларының жөнін айтты. Абылай Сүлейменге видеокамераны қос деген белгі берді де: – Ата, біз осыдан он жыл бұрын із-түзсіз кеткен Ділдабеков Мұхит деген адамды іздеп жүр едік. Тексеру нәтижесінде осы ауылға келгенін білдік. Суреті мынау…– деді. – И…е – е – е, неге танымайын. Танимын. Бөрібай әкелген маған оны. Бірақ, оны көруге кешіктің… Мұхит қайтыс болып кетті. – Қалай сонда? Ол осы уақытқа дейін өмірде болды ма? – Иә, он жыл бұрын осы ауылға келіп паналады. «Үйіндегілермен ұрысып қалдым» деп айтты. Бөрібай оның өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан, біз сосын оны бөгде келушілерден жасырын ұстадық. Өзі де соны қалады. Келген кезде әлсіз еді, әбден таяқ жеген екен, аяқ-қолында байлаған жіп пе, арқан ба, қиып кеткен іздер болды. Ол кезде менің көзім жақсы көретін, қазіргідей емес. Ауылда, көріп тұрсың, азғантай ғана адам, оны құшақ жая қарсы алдық. Мұнда ол үйленген еді, осы ауылдың қызына. Ары қарай сұрағың болса, жесір қалған әйелінен сұрарсың, мына немерем ертіп апарады үйіне. Көп сөйлесем шаршап қаламын. Иә… қалғанын оның әйелі Гүлжаннан сұрарсың. Гүлжанның үйі екі үйден кейін екен. Оған бұл құжатын көрсетіп, кім екенін, не шаруамен жүргенін айтты. Сүлеймен тағы бейнеқұрылғыны іске қосты. Гүлжан бұлар ұсынған суретке қарай отырып, жауап бере бастады. – Иә…Менің күйеуім еді, ауырып қайтыс болды. Әлі бір ай да болған жоқ өмірден озғанына. Сіздің не үшін келгеніңізді сезіп отырмын. Маған Мұхит барлығын айтып кеткен. Артынан адам іздеп келетінін де ескерткен. Сол себепті Мұхит алдын ала дайындалып, барлығын қағазға жазып кетті. Онысы міне. Абылай оқушы дәптеріне жазылған хатты оқуға кірісті. «Мен бұл хатты өз қолыммен, ақылесім бүтін қалпымда жазып отырмын. Бұдан басқа жол көрмегесін кірістім бұған. Қадірлі әке-шешем! Мен сендерді қатты сағындым. Маған хабарсыз кетті деп ренжімеңдер. Мені кеше көріңдер. Хабарлассам – мені өлтіріп тастайтын болды. Амалсыз жасыры нып жүруіме тура келді. Бұған кінәлі үш адам, олар: інім Әскербек, келінім Гүлсім және оның ағасы қасиетсіз, қара жүрек Дәуіт. Әскербек Гүлсімді әкеп түсірген соң-ақ өзгеріп кетті. Адам баласының тез өзгеретініне көзім жетті. Әйелінің айтуымен інім мені адам санаудан қалды, маған мал бағушы құл ретінде қарады. Әуелі дауыс көтеріп, кейін қол жұмсауға да барды. Мен біраз жыл өзіміздің малға қоса Дәуіттің де малын бақтым. Олар менің мал бағып далада жүре бергенімді қалады. Алайда менің де мақсат, армандарым болды. Менің де оқығым келді, алайда тағдыр оны бұйыртпады. Әке-шешем, сендерді асырауым керек болды. Сөйтіп, олар менің арқамда біраз көтеріліп, жағдайларын жақсартты. Менің малды тапсырып, тек еншімді алып, оқуға кеткім келетін. Оны өздеріңе де талай айттым. Алайда бұл ойыма Әскербек пен Гүлсім қарсы болды, сіздер де солардың ығында кеттіңдер. Туған інім тасбауыр болды, көкбет келін оған айтқанын істетті. Тіпті, келін адам жоқта мені мазақ қылуды шығарды, бір күні үйден қуып жіберетінін айтты. Оны сіздер де қолдайтын сияқты болып көріндіңдер маған. Мен де ренжідім сосын. Бірде шай ішіп отырғанымызда келін маған: «Неге қалаға келе бересің? Малға кім қарайды? Енді келме», – деді. Оны барлығың да есіттіңдер. Мен оған: «Осы жазда оқуға кетемін, малға өздерің ие болыңдар», – дедім. Ол: «Саған не оқу керек, үй не керек мына түріңмен», – деді. Мұны да есіттіңдер. Сосын маған сайқымазақтана қарап: «Әтек, қызтеке», – деді. Мұны ол өте жай айтты. Сендердің естіген-естімегендеріңді білмеймін. Осы тұста шыдай алмай кеттім, оны шапалақпен тартып жібердім. Сол күні кешке Гүлсімнің ағасы Дәуіт пен інім екеуі мен жабылып сабады. Сонан соң Дәуіт бір папканы көрсетіп: «Үйішіңмен соттатамын» дегесін, сендерді аядым. Ертеңіне малға кеттім. Бір апта өте тал түсте Дәуіт келіп, мені тепкінің астына алды, ессіз, шалажансар күйімде қолымды байлап, тірілей көміп кетті. Мені өлді деп ойлаған болар, бірақ Алла жар болды. Аман қалдым. Дәуіттің менің қолымды артыма қайырмай, жатқан күйімде байлағанының да пайдасы тиді, бұл менің көмер кезде бір қырындап құлағанда бетімді қорғауыма мүмкіндік берді, бетім мен қорғаныш қылған қол арасында қуыс қалды. Сосын арқанның бір ұшы далада қалғаны да шұқырға соны қуалай аз болса да ауа келіп тұруына, менің тұншығып өлмеуіме көмектескен болар деп ойлаймын кейіннен. Туған бауырым – інімнен гөрі көрші Бөрібай ақсақалдың итінің көмегі көп болды маған. Бірінші – Жаратушым, екінші – сол ит, үшінші – кең пейіл азамат Бөрібай ақсақал болды мені ажалдан арашалаған. Ауылға барғым келмеді, бәріне ренжулі болдым. Кешіре алмадым. «Туған бауырым маған өлім тілесе, үйге қайтып барудың реті жоқ» деп, теңізге қарай бет алдым. Теңіз асып, Өзбекстанға өтіп кеткім келді. Алайда Бөкеңнің айтуымен осы ауылды, Алпамыс ақсақалды паналадым. Ол кісіге басымнан өткеннің барлығын айттым, Бөрібай ақсақал да айтқан екен, мені жұрт көзіне түсірмеді. Менің бұл ауылда екенімді ешкімге сездірген жоқ. Сөйтіп жүріп, көңіл жарасып, Гүлжанға үйлендім. Үш балалы болдым. Алайда, әке-шешем, өздеріңді қимай, он жыл жоқ болып кеткенім үшін өзімді кінәлай бердім, хабарласуға бел будым. Оның үстіне жүрегім де сыр беріп, ауырып жүрген. Сендердің дауыстарыңды естігім келді, сосын телефон соққанмын. Әке! Барлығын өзіңе айтқым келген. Бірақ атымды атауым сол екен, телефон үнсіз қалды да, желінің арғы жағынан Әскербектің дауысы естілгенде жүрегім шаншып кетті, қаным басыма шауып, ес-түзсіз құлаппын. Содан қазір әзер дегенде бетім бері қарап отыр. Өлетін кезім таяған сияқты, сосын осы хатты жазып отырмын. Мені іздеген жан болса, Алпамыс ақсақал мен Гүлжанға сеніңдер. Олар барлығын біледі. Іште бірнеше өкініш бар. Ең бастысы – әке-шешем, әжем сендерді бір көріп, дауыстарыңды ести алмағаным. Екіншісі – мені өлтірмек болғандардың жазасыз кетіп бара жатқаны. Ал, қалғанына еш өкінбеймін. Хош! … Барлығы өз орнына түсті, хатты, Гүлжанның түсінігін алып жолға шыққалы тұрған кезде кіре берісте ілулі тұрған әскери жаздық киімді көрген Абылай әбден тозған комуфляждың Мұхиттың жоғалған кезде киген киім сипаттамасына сай екенін байқады да әйелден сұрап еді, ол мұның сол киім екенін растады. Киім мен хатты және куәгерлер түсініктерін алған және мұның барлығын бейнежазба түрінде рәсімдеген Абылай пен Сүлеймен Аралға бет алды. Кешкісін өз көлігін қойып кеткен үйден алып, ішкі істер бөліміне келсе, Дәуіт Қызылордаға жиналысқа кетіпті. «Мұнысы да дұрыс болды» деп ойлаған Абылай барлық жабдықтарын көлігіне салды, кабинет кілтін кезекшіге өткізіп, екі машина болып облыс орталығына қарай жолға шықты. Ертеңіне Мүйденовке іс туралы баяндады, құжаттарды көрсетті, ол мұны ертіп, департамент бастығының қабылдауына кірді. Бастапқыда сенбеген ол құжаттар мен бейнематериалдармен таныса келе үнсіз қалды. Біраз уақыт ойланып отырды да, облыс прокурорына телефон соқты. …Дәуіт, Әскербек, Гүлсімді ұстауға бұйрық алған жедел топтың басшысы ретінде тағайындалған Абылай топты үшке бөліп, оларды бір уақытта ұстауды жоспарлады. Себебі бірінің ұсталғанын екіншісі біліп қалса, қашып кетуі мүмкін деп ойлады ол. Оларды ұстау көп қиындық тудырмады. Алайда ұсталған кезде барлығы кінәсін мойындаудан бас тартты. Бірақ Әскербек пен Гүлжанға Мұхиттың хаты мен киімін көрсеткенде, тілін жұтып қоя жаздады. Әскербек киімді көргенде көзі бақырая: «Қалай, қалай?» – деумен болды. Жазу Мұхиттікі екенін растаған сараптама қорытындысымен де таныстырды. Жауап алу кезінде Дәуіт тісін қышырлатып тістене: «Атаңа нағылетті сол кезде атып тастауым керек еді», – деген кезде Абылайдың денесі түршігіп кетті. «Мынау не деген қанішер адам еді. Жасаған қылмысына өкіне ме десе… Бұл сезім атаулыдан жұрдай сұрқия ғой. Қаншама жыл біздің қатарымызда қалай қызмет атқарған?! Талайдың көз жасына қалған болар, сірә? Неткен сорлы еді…», «Әттеген-ай, телефон тұтқасын Әскербек алмағанда, Мұхит аман қалар ма еді» деген ойлар бірінен соң бірі тез-тез ауысып жатты.

Бекмухамбет ӘБДРАСУЛАЕВ ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...