12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен ызғарды жапалақтап жауған қар басып жібергендей. Кешкісін жауған алғашқы қар әлі жерге толық жайыла қоймаған. Алматының тарихи Панфилов саябағы адамдардың бірен-сараңы ғана қалған салқын әрі тыныш кешкі көрінісіне толы еді. Баяу жел ағаш басындағы бірен-саран қалған жапырақтарды сыбдырлатып, ауада салқындық пен күздің ызғары сезіледі. Саябақтағы шамдар жарығын шашып, ағаш арасынан сығалап тұрғандай әсер қалдыратын. Әлім саябақтағы осы бір күзгі сұлулыққа көз тастап, әр сәттен ләззат алып келеді.

Саябақтағы ескі ағаш орындықтардың бірінде жалғыз отырған әйелдің мұңға толы жүзін, көзінен баяу аққан жасы Әлімнің жүрегіне еріксіз әсер етті. Бұл – Сара болатын. Сол күні күндізден бері оның жан-дүниесі аласапыран күй кешіп, ауыр күйзелісте жүрген. Түрмеде жазасын өтеп жатқан Маратпен таңертеңнен бері телефон арқылы жанжалдасып, бір мәмілеге келе алмады. Арадағы қашықтық қана емес, жылдар бойы жиналған ашу-ыза, түсініспеушілік, салқындық олардың қарым-қатынасына ауыртпалық түсіріп, оны әбден қажытқандай еді. Сара өміріне көлеңке түсірген барлық нәрседен шаршап, осы саябаққа келіп, бар ойымен жалғыз қалып, жүрегінің жарасын жеңілдеткісі келген. Ол бір сәт үнсіздікте отырып, өткен өмірінің ауыртпалығын, бақытқа деген әлсіз үмітін ойлады. Көз жасын сүртуге де шамасы жоқ, енді ешкімге мұңын айтуға құлқы да болмағандай, тек сүлесоқ отыр.

Әлім жүзі солғындау, иығы еңкіш тартқан, ал көзі терең мұңға толы Сараның жанынан жайлап өтіп кеткісі келді, бірақ аяқтары өздігінен әйелге қарай бұрылып, оған бейсаналы түрде жақындай түсті. Оның жүрегінде жанашырлық сезімі пайда болып, жүзінде мұң тұрған әйелге көз қиығымен ұзақ қарап қалды.

Әлім әйелдің көз жасына қарап, бала күніндегі қиындықтарды есіне түсірді. Ол анасының ауыр тағдырын, әкесінен көрген күнделікті зорлық-зомбылығын ойлады. Сол кезде кішкентай бала анасын қалай қорғағысы келетінін ойлайтын, бірақ қолынан ештеңе келмейтін. Бүгін өзі есейіп, қолынан көмек келетін адамға айналғанда, дәл осындай мұңды жүзді қайта көріп, бейжай қала алмады. Әлім еріксіз жанына отырып, жұмсақ үнмен:

— Бәрі жақсы ма? – деп сұрады. Сұрағы сол сәтте тым қарапайым көрінгенмен, әйелдің көзіндегі шарасыздыққа үңілгісі келді.

Сара басын сәл көтеріп, сұрақ қойған адамға көз тастады. Оның жанарынан жанашырлықты сезгенде, өзінен-өзі еріксіз жылап қоя берді. Терең күрсінген Сара:

— Кейде барлық ауыртпалықтан қашып, адам аяғы жүрмес бір жерге қашып кеткің келеді, – деп сыбырлады.

Әлім үнсіз тыңдап отырды, бірақ әр сөзін жүрегіне жақын қабылдағандай, оның жанынан алыстап кеткісі келмеді. Ол мұңды әйелге жанашырлық танытып, оған қандай да бір демеу болғысы келді.

— Кейде бізге жай ғана біреудің қолдауы керек. Егер қаласаңыз, мен сіздің қасыңызда болуға дайынмын, – деді сабырлы үнмен Әлім.

Сол сәтте Сара бейтаныс адамның жылулығын сезіп, оған алғаш рет күлімсіреді. Әлім сабырмен, бар ықыласымен Сараның әңгімесін тыңдап отыр. Әйел де өзінің күрделі тағдырын алғаш рет бейтаныс адамға ашық айтып жатқаны осы. Өмірінде көрген қиындықтары туралы айту оған оңай соқпады, бірақ оның жүзіндегі жылы шырай мен жанашырлық Сараның жүрегіндегі сырды ақтаруға дем бергендей.

— Күйеуім… – деп бастады Сара. – Ол өмірімді қасіретке айналдырды. Түрмеге түсіп, жазасын өтеп жатқанына қарамастан, маған тыныштық берер емес. Қарым-қатынасымыз оның абақтыға түсуіне дейін де жайсыз еді, ұрыс-керістерден көз ашпадық. Ал қазір, ол абақтыда болғанына қарамастан, мені жазғырумен келеді.

Бір күрсініп, сәл тыныстап алды да, әңгімені жалғастырды:

— Бүгін сөйлескенімізде, ол маған ашумен тағы қоқан-лоқы көрсетті. «Менің айтқанымды істемесең, бостандықта жүрген сыбайластарым арқылы көзіңді құрта саламын» деп қорқытты. Түрмеде отырып-ақ менің өміріме қол сұғудан қаймықпайды. Оның достарының кім екенін білмеймін, бірақ олардың қандай адамдар екенін сеземін…Өзі қандай болса, достары да сондай, — деді бір сәт ашуға беріліп.

Сараның көзі жасқа толып, дауысы дірілдеп кетті. Әлім де оның бойындағы қорқынышты, дәрменсіздікті байқады.

— Сенің орныңда кез келген адам қорқып кетер еді, – деді Әлім.  – Түсінемін. Мұндай қорқытудан кейін жүрегің тыныштық таппайтыны анық. Егер біреудің қолдауы қажет болса, мен қасыңдамын. Сен жалғыз емес екеніңді білуің керек. Сара оған қарап, әлсіз жымиып қойды.

Осы бір кездейсоқ кездесудің арқасында Сара жүрегіндегі ауыртпалықтан біршама жеңілдеп, жанындағы бейтаныс адамның жылы сөзі арқылы үміт отын қайта сезгендей болды. Бұл оның алғаш рет ішіндегі қасіретін еш бүкпесіз ашып айтуы еді. Осылайша екеуінің арасында таңғажайып байланыстың ұшқыны пайда болды. Екеуі сол түні ұзақ әңгімелесіп, бір-біріне өмірде көргендерін, көкейге түйгендерін кезек-кезек әңгімелеумен болды. Уақыттың сырғып сағат тілі түнгі он бірге тақап қалғанын білмей қалған екен. Бар білетіні өзіне бір ерекше міндетті жүктеп алғанын, алдағы өмірінде осы әйелдің қасында болып, оны барлық қиындықтан қорғауға дайын екенін сезінді. Саябақтың салқын ауасы енді суық емес, керісінше, жүректеріне жылу беріп тұрғандай болды. Екеуінің тағдыры күтпеген жерден қиылысып, бір-біріне сүйеніш бола алатындай сезіммен түйіскен сәт еді.

***

Сол кездейсоқ кездесуден кейін Әлім мен Сара бір-бірін жиі іздейтін болды Әлім күндер өткен сайын Сараға деген қызығушылықтың ғашықтыққа алып келерін түсінбеді. Оның жүріс-тұрысына, әңгіме айтқандағы көзқарасына, адаммен қарым-қатынас жасау тәсіліне сүйсінетін. Әрбір қоңырау, әрбір хабарлама олардың араларындағы байланысты тереңдете түсті. Олар кез келген мүмкіндікте сырласып, ұзақ сөйлесетін. Сараның күлкісі мен сыңғырлаған үні Әлімнің қарабайыр өтіп жатқан күңгірт күндерін нұрландырып, оның өміріне жаңа бояу енгізгендей болды. Ол үшін Сара жай ғана сүйікті адам емес, үміт отын қайта жандырған, болашаққа сенім берген бірегей жанға айналды.

Сара да Әлімнің қасында өзін еркін сезініп, жаны тыныштық табатын. Өйткені Әлім оның ойындағысын көзінен ұғатын, оған айтқызбай сөзсіз қолдау білдіретін. Ұзақ үнсіз отырса да, бұл үнсіздіктің өзі олардың арасында терең байланыс орнатуға жетіп жататын.

Қос ғашық Алматы алақандай болып көрінетін Көктөбеде шамдары жымыңдаған қаланың кешкі көрінісіне көз тастап отыр. Әлімнің көзіне көзі түйіскен Сара:

— Мен сенімен бірге жүргенде өзімді бақытты сезінемін. Бұған дейін менің өмірімде мұндай сезім болған емес, – деді сызыла үздігіп.

Әлім де осыны күткендей:

— Бұл сезім екеуміздің бір-бірімізді тапқанымыздың белгісі, – деді келіншекті бауырына басып.

Арада екі ай өтпей жатып, екеуі бір-біріне әбден бауыр басып, бір күн сөйлеспей қалса, жандарын қоярға жер таппай аласұрып кететін болды. Сара үшін Әлім – қиындықтарды жеңуге күш беретін тірек, сүйеніш болса,Әлім үшін Сара – жүрегін бақытқа бөлеп, өткен өмірінің қиындықтарын ұмыттырған шынайы махаббаттың нышаны еді. Екеуі де бұл қарым-қатынасты ұзаққа соза берудің қажеті жоқтығын анық түсінгендей. Осы сәттен бастап бірге болуды шешіп, азаматтық некеге тұруға бел буды. Мұндай шешім олардың өмірлерін жаңа арнаға бұрып, болашаққа деген сенімдерін нығайта түсті.

Енді олар бір шаңырақ астында өмір сүре бастады. Әлім барынша Сараның өміріндегі сүреңсіз күндерді сейілтіп, оның бақытты болуына жағдай жасады. Сара да оған барынша қамқорлық танытып, өткен қиындықтарды біртіндеп ұмытты. Олар үшін әрбір күн, әрбір кеш – жаңа мүмкіндіктерге толы, қуанышты сәттерден құралған ғажап әлемге айналды.Алғашқы бірнеше ай бойы олардың махаббаты шынайы әрі кіршіксіз көрінгенімен, уақыт өте келе Әлімнің жүрегінде күмән мен қызғаныш ұялай бастады. Ол алғашында мұны байқамауға тырысты, бірақ Сараның кейбір әрекеттері көңіліне күдік ұялата берді. Сара кейде телефон қоңырауларына жасырын жауап беріп, қабылдап, сұраған кезде, жай ғана бұрынғы таныстары, отбасы мүшелері деп сылтаурататынды шығарды.

Әлім сүйіктісінің түрмедегі күйеуімен жасырын хабарласып тұратынын сезді. Әр қоңырау Әлімнің жүрегіне бір шаншу болып қадалды, бірақ Әлімнің біртоға мінезі мен Сараға деген кіршіксіз таза сезімі кешіріммен қарауға шақырды. Ал Сара оның осы бір салмақтылығын, өзіне деген махаббатын пайдаланып, арадағы ұрыс-керісте ештеңені түсіндіруге тырыспайтын. Күн өткен сайын Сараның іс-әрекеті мың құбыла бастады.

Бір күні Әлім Сараның түнде үйге кешігіп келіп, телефонмен басқа біреумен сөйлескенін естіп қалды. Алдында қатқан қазықтай тұрған Әлімді көрген бойда Сара телефонды бірден тастай салып, бөлмесіне үнсіз кіріп кетуге тырысты.

— Сара, сенің өміріңде менің орным қандай? Сен үшін көк тиындай құнымның қалмағаны қалай?, — деді Әлім әдеттегідей сабырлы дауыспен.

— Менің өткен өмірім – менің жеке істерім. Бұл байланыстар жай ғана қаржылық мәселелерге байланысты, – деді бірден ашуға булығып.

Бұл сөздер Әлімнің жүрегіне қанжардай қадалды. Алайда ашуын әдеттегідей сабырлылыққа жеңдіріп, үнсіз сыртқа шығып кетті. Кейінгі уақытта Сараның мінезі күрт өзгеріп кетті. Әлімнің өзін өлердей сүйетінін іштей жақсы білетін ол да білгенін істеуді әдетіне айналдыра бастады. Тіпті сырттағы теріс жүріс-тұрысы көбейіп, үйге келмейтінді шығарды. Әлім жүрегі қызғаныштан тілімделіп жатса да Сараға жұдырық жұмсамақ түгілі жүрегіне жара салатын сөз айтқан емес. Кейде ашумен айқайға басқанымен, екеуара ұрыс-керістен басын алып қашып, ашуы басылғанша сыртта жүретін. Сырттай жұрт көзінде олар бақытты жұп болып көрінгенімен, шын мәнінде олардың арасында сезімдерге емес, қызғанышқа, түсінбеушілікке құрылған қақтығыстар басталды. Бірақ бұл Сараны ойландырмайтын.

***

Бүгін де әдетінше екі апта бұрын қаладағы дәмхананың бірінде танысқан Айдоспен Сараның көңілі жарасып, қолтықтасып келе жатқан беті еді. Сылқ-сылқ еткен таныс күлкіге Жасұлан да жалт қараған. Оны көргенде Сара да көзі шарасынан шыға жаздап тесіле қарап қалды. Алдынан өзінің түрмеде жатқан күйеуінің досы Жасұланды кезіктіргені жақсылықтың нышаны емес. Кірерге тесік таба алмай сасқалақтап, не қорыққаны, не ұялғаны белгісіз, әйтеуір әлгі жерден қалай қашып кетерін білмей басы қатты. Алайда Жасұлан оларға жақын келіп қалғандықтан, амалсыз амандық-саулық сұраудан басқа амалы қалмаған. Онымен отбасылық кездесулерде төрт-бес рет дастархандас болғаны бар. Оның үстіне Жасұлан да түрмедегі күйеуімен бірге сыбайласып, қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеуге кеткенін ғана білетін.

Әңгімелесе келе Жасұлан жақында ғана бостандыққа шыққанын жеткізді. Ол Сараның күйеуіне қаржылай қолдау көрсететінін бұрыннан хабардар. Оның үстіне досының әйелі бостандықта басқа еркекпен көңіл жарастырып жүргені Жасұланға бопсалау үшін тамаша мүмкіндік секілді көрінді. Себебі Сараның күйеуі де жақында бостандыққа шықпақ. Сондықтан ол Сарадан түрмедегі күйеуі Маратқа беретін қаржыдан өз үлесін талап ете бастады. Ал айтқанды бермесе, қос өмірін ашамын деп қорқытуға көшкен.

Бұл уақытта жан жүрегі жаралы Әлімнің жан дүниесінде қызғаныш пен күйініш алма-кезек арпалысып жатты. Сұрақтары үнемі жауапсыз қалса да, ол Сараға деген кіршіксіз сезімді сақтап қалуға тырысатын.

Бірде Әлім үйге ерте қайтып келген. Сыртқы есік алдында әлдебіреулердің сыбырласқанын байқады. Есікті баяу ашты. Үйдің бұрышында Жасұлан мен Сара әлдене туралы айтысып тұр. Сүйіктісінің жүзінен үрей мен ашудың белгісі анық байқалады. Ал Жасұлан оған бұйрық беріп, енді бірде Сараға қылмыңдағаны анық көрінеді. Қызғаныштан өртене жаздап тұрса да үй сыртындағы әңгімені соңына дейін тыңдағысы келді.

– Сен менің айтқаныма көнесің, Сара! Әйтпесе, мен бәрін ақымақ күйеуіңе айтып беремін! Сенің кіммен жүретініңді, бөтен еркекпен азаматтық некеде тұрып жатқаныңды, қандай істермен айналысатыныңды – бәрін жайып саламын, -деді айғайға басып.

Сара бірнеше секунд үнсіз қалды. Оның көздері мазасыздық пен қорқынышты сездіріп тұрғандай. Күйеуінің дойыр мінезін білетін Сараның бойын діріл басты. Соңғы уақыттарда Жасұланның орынсыз әрекеттері мен қоқан-лоққылары Сараны шектен тыс шаршатып жіберді. Әсіресе, Жасұланның жыныстық қатынас туралы ұсынысы одан сайын тығырыққа тірей берді.

— Күйеуің шығады жақында. Қалай қарсы аласың, ойладың ба? Әлде қолғапша ауыстыратын көп еркектеріңді тізімдеуге көмектессем бе екен, а? Әлде Маратқа үйіңе кіргізіп алған Әлімің туралы әдемілеп айтып берем бе деп те тұрмын.

Сара бұл сөздерге үнсіз қалды. Шарасыз қалған ол бір сәтке Жасұланның билігінде толық қалғандай сезінді. Өзінің айтқанынан шыға алмайтынын білген Жасұлан темекісін тұтатып, Сараға қарай жақындап:

– Сара, сен неге бұлай қашқақтай бересің? Ұсынысымды жерге тастамағаның өзіңе жақсы. Оның үстіне күйеуің шыққалы жатыр, ол сенің осылай жүргеніңді білсе, бір оқпен ата салады, — деді шылымын сүйсіне сорып жатып.

«Бәрібір сен үшін күйеуің де, мына жаңа жігітің де ештеңе істей алмайды. Саған керек нәрсе – менімен дұрыс қарым-қатынаста болу» деп арасында масаттанып қояды.

Бұл көріністі бақылап тұрған Әлім бойындағы ашуын әрең тежеп тұрды. Сараның қыпша белінен ұстай бергенде қызғаныштың қызыл иті ішін тырналап өткен ол сыртқа атып шықты. Осы кезде ғана шарасыз қалған сүйіктісін мазақ етіп тұрған Жасұланды жерге алып ұрып, бетінен оңды-солды соққылай бастады. Талай уақыттан бергі қызғаныш пен күдіктен туған ашу-ызаны қалай шығарарын білмей жүрген Әлімнің уысынан көшеде кетіп бара жатқан бейтаныс адамдар Жасұланды әрең босатып алды.  

Жанжалдың соңы жақсылық әкелмесін Сара жақсы түсініп тұр. Тіпті бойын бұрынғыдан ары қорқыныш билеген. Алайда арқа сүйер Әлімнің өзін кез келген бәле-жаладан қорғауға даяр екеніне анық көз жеткізді. Үйге келген кезде ғана бағанадан бері естіген қорлық сөздері құлақ түбінен қайта естіліп көз жасын тыя алмай: – Мен бәрін тастап кеткім келеді, Әлім. Бірақ ол менен айырылмас… Жасұлан айтып отырғандай, Марат мені ешқашан оңайлықпен жібермейді. Оның үстіне достары да бар. Енді Жасұлан мен менің күйеуім екеуіміздің біреуіміздің көзімізді құртпай жандары жай таппайтынын сезіп тұрмын, — деді жыларман болып.

– Әлгі оңбағанның айтпағаны жоқ. Көптен бері сенің артыңнан аңдып жүргенін біліп жүрдім. Басқа қалада жаңа өмір бастайықшы, жаным. Мен сенімен бірге кетемін, не болса да бәріне дайынмын, — деді құшағына қыса түсіп.

Келесі күні екеуі қаладан қашудың жоспарын құрды. Олар ескі таныстардың көмегімен басқа қалаға, мүмкіндігінше тыныш әрі қауіпсіз аймаққа көшуді ғана ойлаған. Алайда, бұл жоспарды жүзеге асыру оңай болмайтынын екеуі де іштей жақсы түсінетін.

***

Жасұлан ақыры дегеніне жетіп, түрмедегі Маратқа бүкіл шындықты айтып салды. Бұл хабарды естіген Мараттың жүзі түнеріп кетті. Жасұланға ләм-мим деместен, телефонның тұтқасын тастай салды. Дереу Сараға қоңырау шалған ол әй-шайға қарамастан айғайға басты. «Қаншық, бәсе, қаржыны қайдан тауып келеді десем, артыңды сатып жүр екенсің ғой. Арам жолмен тапқан ақшаңнан әкелуді доғарып кеттің. Сөйтсем сыртымнан тұрмысқа шығып алдым де. Ертең түрмеге келмейтін болсаң, лас денеңді бөлшектеп, етіңді қаңғыбас иттерге тастатқызамын», деді Марат. Күйеуінің айтқан сөзінде тұратынын білетін ол не істерін білмей, бұрынғыдан бетер бойын үрей биледі. Айтқанға көнбесе, өзімен бірге жазықсыз Әлімнің де ажалына себепші боларын түсінген Сара келесі күні қашу жоспарынан бас тартты.

Бұл жағдайды білген Әлім сүйіктісін түрмедегі күйеуіне жібергісі келмеді:

 – Сара, түрмеге барма! Марат сені осылай қорқытып өзіне бағындыра алмайды. Біз басқа амал табамыз, бірақ сен оның айтқанын істеуге міндетті емессің, – деп оны сабырға шақыруға тырысты.

Бірақ Сара басқа амалдың жоқ екенін айтып бой бермеді:

– Әлім, сен түсінбейсің. Мен Маратты жақсы білем. Оның айтқанын орындамасам, аман қалмаспын. Мен сені де осы қауіптен алыстатқым келеді. Сондықтан, кетуіңді өтінемін, – деді. Әлім оған көмектескісі келгенімен, Сара оған жалынып тұрып, үйінен кетуін талап етті. Ал өзі осы кездесуден кейін аман қаларын, не аман қалмасын білмесе де, түрмеге баруға шешім қабылдады.

Жасұлан өткен жолғы жеген жұдырықтың есебін беруді әлі ұмыта қоймаған. Оның үстіне Сараға айтқанын істете алмағаны да жанын жегідей жеп жүр. Сондықтан Сара мен Әлімде қалған кегін алу жоспарын қайта ойластыра бастады. Өзіне үлесін бермеген Сараны жазалай салса, бұрынғы досы Мараттың сенімінен қайта шығу — ол үшін ендігі мақсатқа айналды. Ол енді тек Сараға емес, жанындағы Әлімге де зиян тигізуді ойлады. Ол бұл мақсатқа жету үшін Маратпен байланысқа шығу туралы шешімге келді.

Марат досы мен өз жоспарының бір жерден шыққанына дән риза. Тіпті олар алдағы қылмыстарының ізін жасырып, өзге біреудің мойнына аса салуды да алдын ала ойластыра бастаған. Мараттың айтуымен алдыңғы кезекте Сараның жиені іздегенге сұраған еді. Себебі тұрақты жұмысы жоқ бұзық жиені Алмас полицияның бұрыннан есебінде тұр. Ол болмаса, Сарамен қоқыс үшін үнемі сөзге келіспей қала беретін есірткіге тәуелді тағы бір көршісінің психологиялық ауытқуы барын көршілері де растап береді ғой. Ертеңгі күні өз үйінен өлі табыла қалса, түрмедегі күйеуінен емес, Сараның қасында жүрген адамдар күдікке ілінері анық. Бұл күдікті өсек аңдудан қолы тимейтін көрші Зағира да растап берер еді. Ол үйден кірген-шыққан адамның артын аңдып жүретін. Оның негізгі жұмысы да сол, Сараға қандай жаңа еркек келіп-кетіп жүргенін жұртқа жаюға асық. Енді бір көршісі жаңа босанған Әлимаш. Қысқасы, айналадағының барлығы Сараның жүріс-тұрысын аңдып жүретін. Құдды бұл жұртқа одан басқа әңгіме жоқ. Бір өзіне жетіп-артылатын жауларының арасында өзінің сөзі жараспай қалған таныс еркектері, тіпті оның жеңіл жүрісінен мезі болып жүрген нашақор көршісі, қарызға ақша сұрай беретін жиенін де екеуі жақсы ойластырып қойды.

Сол күні кешке Сара түрмеге бару үшін дайындалып жатқан. Бар батылын бойына жиған ол Мараттың қорқытуларынан шаршағанымен, осы мәселені түпкілікті шешіп, өзінің де, жақындарының да қауіпсіздігін сақтағысы келді. Осы сәтте оның үйіне қарызға ақша сұрау үшін жиені келіп, үйдің іші у-шу болып жатты. Сара оған көмектесуден бас тартып, түрмеге барып келген соң қарайласуға уәде бергенімен, ашуға булыққан Алмас есікті аяғымен бір теуіп, сыртқа шығып кетті. Үйден әлденеге ашуланып алқын-жұлқын кетіп бара жатқан Алмас көрші Зағираға сәл болмағанда соғылып қала жаздады.

Кешкі апақ-сапақта көршісінің үйіне келіп-кетіп жүргендерді терезе саңылауынан сығалап тұрған Зағира сол күні көрші үйдің сыртында бір емес бірнеше адамның қарасын байқады. Бірақ көршінің үйіндегі келімді-кетімді қонақтардың аяғы бұдан кейін де жалғасты. Ол уақытта көшедегі бейнебақылаудың орнын алмастырған Зағира да тәтті ұйқыда нешінші түсін көріп жатқаны белгісіз.

***

Таңғы сағат сегізде 102 нөмірі шырылдап қоя берді. Үш санның өзін теру үшін Әлім үшін қиямет қайым болды. Қол-аяғы еркінен тыс дірілге бой алдырып әрең дегенде телефон соққан ол полицияға азаматтық некедегі әйелін әлдебіреулер аяусыз өлтіріп кеткенін айтып өкіріп жылап қоя берді. Тіпті онсыз өмірінің мәні қалмағанын айтып, марқұм Сараның өзін шақырып жатқанын жеткізді. Телефонның арғы бетіндегілер оны сабырға шақырып, өз-өзіне қол салу ойынан арылтудың амалын жасады. Мынандай сұмдық өлімді естіген көрші-қолаң да естен танғандай еді. Ауладағы қылт еткен қимыл, жалт еткен жарықты қалт жібермейтін Зағираны да тәтті ұйқысын басқалар секілді Сараның үйіне келген жедел жәрдем мен полиция көлігінің даусы оятып жіберді. Жалма жан таңғы асын ішпестен сыртқа ұмтылған ол көршінің үйіндегі жайсыз хабарды бұл жолы өзгелерден естіп, жағасын ұстады. Кеше түнде Сара кісі қолынан қаза тапқан. Оның өмірін қиған қаскүнемді жиналған жұрт «жүрексіз» десті. Себебі қылмыскер әйелдің жанды жерінен бірнеше пышақ жарақатын салып, аяусыз өлтірген.

Оқиға орнына келген криминалистер қылмыскердің бірде бір айғақ қалдырмай кеткеніне таң қалысты. Жедел іздестіру тобының қолындағы бейнебақылау камерасына да үйге келген-кеткендердің бет-жүзі анық түспеген. Алайда марқұмның өліміне қатысты күдіктерін тудырған бірнеше белгілерді байқады. Осының алдында ғана қаладағы бірнеше қылмыстың мотиві осыған ұқсас. Біріншіден, оның денесіне салынған пышақ жарақаттары көптеген жерде қайталанған. Екіншіден, қылмыскер оның тек физикалық емес, эмоционалдық жанды жеріне де тиіп, қатыгездікпен өлтірген. Бірақ нақты айғақтың жоқтығы тығырыққа тіреді. Сараның үйіне оқиға болған күні кірген адамдардың нақты есебін алу мүмкін болмады. Сондықтан тергеушілер тобының басшысы, полковник Арыстанов марқұммен жақын қарым-қатынас орнатқан адамдардың тізімін жасап, олар туралы мәлімет жинауға тапсырма беруден бастады.

Сараның әріптестері мен көршілерінің айтуынша, жиені Алмас марқұмнан үнемі қарызға ақша алып жүрген. Есірткіге тәуелді көршісінің күз бен көктемде психологиялық ауруы күрт арта бастайды. Түрмедегі күйеуі Марат – Сара өз бақылауында ұстап, өзінің түрмеге тоғытылғанына кінәлау арқылы ақша бопсалайтын. Бұл тізімге Мараттың бостандыққа шыққан досы Жасұлан да бар. Оның ашықтан-ашық марқұмның үйіне келіп қоқан-лоқы жасап жүргенін көршілері де бірнеше рет көргені бар. Әлімді де Арыстанов бұл тізімнің ең соңына қоюға мәжбүр болды. Иә, азаматтық некедегі әйелінің жансыз денесін ең алғаш болып көргенімен, күдіктілердің қатарынан біржола сызып тастай алмады. Сол үшін ол тізімдегілердің бәрін біртіндеп тергеуге шақырды.

Әлім болса, күн сайын қайғыға батып, өзін кінәлап жүр. Көрші-қолаң да марқұмның қазасы үшін жаны күйзеліп жүрген оған барынша қолдау білдіріп бақты. Бірақ мұның өзі Әлімнің толық кінәсіз екенін дәлелдей алмайтын. Өйткені марқұмның әріптестері де, көршілері де Әлім мен Сараның арасындағы қарым-қатынасқа сызат түскенін растап берген. Сол үшін бірінші болып Арыстановтың алдында марқұмның жансыз денесін алдымен көрген Әлім отыр. Әншейінде үстінен тау құлап жатса да сабырлық таныта білетін Әлім бұл жолы біресе көз жасына ерік беріп, бірде бәленің бір ұшын түрмедегі Марат пен досы Жасұланнан келгенін айтып безек қақты. Сәл тыныштықтан кейін:

– Сара екеуіміздің арамыздағы ұрыс-керіс жиі болып кеткені рас. Бірақ мен оған қол көтермек түгілі, оның жанын жаралайтын бір ауыз сөз айтуға да жүрегім дауаламады. Мен ол үшін жанымды беруге дайын едім, – деп тағы да көз жасына ерік беріп, еңкілдеп жылады.Тергеушілер бұл қылмысқа Жасұланның да қатысы барын ескерді. Ол да Сараның өліміне еш қатысы жоқ екенін айтып, кінәсін мойындамады. Бірақ оның түрмедегі Маратпен әлі де байланыста болғаны анықталды. Одан бөлек, қанды қылмыс болған күні Жасұланның марқұмның үйіне бірнеше рет келіп кеткені тіркелген болатын. Тергеушілер үшін бұл дерек өте маңызды болды. Себебі Жасұланның да өз мақсаттары болғанын, Сараға қатысты кек алу ниеті о бастан күдік тудырған. Екеуінен кейін есепте тұрған жиені мен есірткіге тәуелді көршісі, түрмедегі заңды күйеуімен де Арыстанов жеке-жеке кездесті.

Бұл қылмыстың түбіне жету үшін күдіктілердің бір-біріне қарама-қарсы айтқан дәлелдемелеріне назар аударды. Марқұмның соңғы кездердегі өміріне тереңірек үңіліп, әрқайсысының рөлін анықтау қажет еді.

Полковник Арыстанов бұл істің әдеттегі қылмыстардан ерекше екенін бірден түсінді. Марқұмға қарсы жасалған қылмыста ашу-ыза мен өшпенділік анық көрініп тұрды. Бірақ мұндай қатыгездікпен өлтіруді бір ғана адам емес, қастық ойлаған бірнеше адамның жасауы мүмкін деген ойда болды.

***

 Арыстанов Сараның үйіне жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тағы бір рет қарап шықты. Бірнеше рет жолаушылар, әсіресе көршілердің көрініп қалған бейнелерінен күдік тудыратын ерекше ештеңе байқалмады. Күдіктілерді жеке-жеке тергеген сайын әрқайсысының әрекеттері мен мәлімдемелері бір-біріне қайшы келіп, оқиғаның нақты шындығын ашу қиынға соқты. Арыстановтың алдында әлі де болса жауапсыз қалған сұрақтар көп болды. Бұл тергеуді одан әрі қиындатып, әр күдіктінің өзіндік мотивтерін тереңірек зерттеуді қажет етті.

Тергеу басқармасының бастығы Арыстанов марқұм әйелдің өміріндегі адамдардың әрқайсысына жеке-жеке талдау жасауды ұйғарды. Оның қылмысқа қатысты жасырын мәліметтері болмаса да, ол бір нәрсені анық ұқты: қылмысты жасаған адам тек ашу-ызадан ғана емес, өзін осындай әрекетке итермелеген ерекше себептен барған. Арыстанов әр күдіктінің тергеу барысында берген жауаптары мен іс-әрекетін көз алдына әкелді: Әлім сүйіктісінің өліміне әлі де көндіге алар емес. Ал түрмеде жатқан Марат соңғы айларда қаржылай қиындық көріп, үнемі марқұмнан ақша талап етіп отырған. Алайда Мараттың түрмеде отырып, тікелей қылмыс жасауға мүмкіндігі жоқ, демек, ол басқа адамды әрекет етуге итермелеген болуы ықтимал. Бұл Жасұлан болуы мүмкін. Өйткені оның марқұмды ұдайы қорқытып уысында ұстағаны әрі айтқанын жүзеге асыра алмауы қылмысқа баруға итермелеген басты себеп болатын. Жиені Алмас та
оны үнемі мазалап, қарызға ақша сұрауды әдетке айналдырған. Тіпті оқиға болған күні кешкісін үйден асығыс шығып бара жатқанын Зағира да растап берді. Марқұм жақында көршісінің есірткіге тәуелді екенін біліп қойып, полицияға хабар беремін деп қорқытқаны, оның бұған қарсы ашуын туғызған. Оның соңғы уақытта Сараға деген жеккөрушілік сезімінің өсуі бұл қылмысты жасауына себеп болуы әбден ықтимал ғой.

Полковник Арыстанов жаңа бағытты ойластыра бастады: күдіктілердің арасындағы шиеленіс пен олардың тергеуден жалтару ниеттері шынайы қылмыскердің кім екенін анықтауға жол көрсететіндей көрінді.

Күдіктілердің бәрі бір-бірін кінәлаумен болды. Тәжірибелі тергеуші әр күдіктінің жауабын жеке-жеке саралап, бір мезетте психологиялық тұрғыдан тұрақсыз немесе ашулы екенін болжап, өмірдегі көрген травмаларына да тереңірек мән берді. Болжамы алдамағын түсінгендей «Иә, дәл өзі. Күдігім ешқашан алдамайтынын білем. Қылмысыңды өзгелерге қашанға дейін жабамын деп жүрсің?» деп орнынан атып тұрып, телефонға ұмтылды. Көмекшісіне «Марқұмның көршілерінен тағы бір рет жауап алып, сыр тартып көрсең, қайтеді. Ал бұл уақытта мен күдіктілерді де әңгімеге шақырып көрсем деймін» деді полковник. Оларды тергей бергеннен түк енбейтінін емеурінмен көрсеткен көмекші бұл қадамның да сәтсіз боларын айтпай, бірден іске кірісті.

Арыстанов күдіктілердің барлығын жеке-жеке шақырып алып, артынан барлығын бірге жинап қылмыскердің кім екені белгілі болғанын жеткізді. «Біздің күмәніміз бір адамға тіреліп тұр. Оны көрген көршілер де бар. Сол үшін бір-екі күннің ішінде марқұмның үйіне қайта тінту жүргізіп көрмекпіз. Сіздерден күдіктенгеніміз дұрыс болмады. Бұл үшін кешірім сұраймыз» деп қосып қойды. Тергеушінің сөзін отырғандар әртүрлі қабылдады. Бәрі бірдей арқасынан ауыр жүк түскендей болғанымен, әлдебір күмән мен шарасыздық жүздерінде жасырынып тұрғандай еді.

«Ал Сіздер өлімді бас салып менен көрдіңіздер. Бостандықтан енді ғана шығып қайдағы бір әйел үшін түрмеге түсетін ойым жоқ екенін бірден айттым ғой. Бірақ сендер сотталғанымды бетіме баса бердіңдер. Бұрынғы қылмысым да осының күйеуінің айдағымен болған. Әйтпегенде қылмыс жасайтын ойым да жоқ еді» деді. Ал жиені марқұм ақшаға тар болмағанда, тірі жүретінін айтып, өлімін әлі Сараның өзінен көрді. Көршісінің жүзі солғын тартып сала берді. Оның ойын жегені: куәгердің кім болғаны болса керек. Әлім күдіктінің анықталғанына қатты қуанғанын жасыра алмай «Ол сұмырайдың кім екенін ертерек білгім келеді. Ол оңбағанды көрген адамға рахметімді айтқым келеді» деді. Кетерінде тергеушіге бірнеше мәрте алғысын айтып, тінту жүргізетін кезде өзінің де сол жерде болғысы келетінін жеткізді. Барлығын полиция бөлімшесінен шығарып жатып Арыстанов «Жақсы, хабарда боламыз. Бүгін болмаса, ертең барамыз. Сізге хабарын айтамын», деді Әлімнің қолын қысып.

Арыстанов шынайы қылмыскерді анықтауға жақындағанын түсініп, келесі күні таңертең тінту жүргізуге бел буды. «Қылмыскер өзін ақылды санайды, иә? Бірақ адамның жанары жалған сөйлеп тұрғанын жасыра алмайды ғой» деді майор Жүнісовке қарата. «Негізгі күдіктілердің барлығын тізімнен шығарып тастадыңыз. Енді кім қалды?» дегендей сұраулы жүзбен қарады.

Сол күні тергеуші әрбір күдіктінің артына адам салып, өзі мен майор Жүнісов түнде марқұмның үйін торуылдады. Түнгі тыныштықты бұзып, аулада біреу жүріп бара жатқандай дыбыс естілді. Көлеңке ішіндегі адам айналасына қарайлап, қорқа-қорқа әрекет етіп жатыр. Көп күттірмей марқұмның үйінің маңынан әлдебір адам қарасы анық көрінді. Олар да бірден әрекетке көшпей, әлгінің не істейтінін сырттай көлік ішінде жасырынып бақылап отыр. Тек сыртқа шыққан кезде ғана әлгі адамның Әлім екенін анық көрді. Көзі шарасынан шыққан майор қандықол қылмыскердің қайғыдан қан жұтып, өзін мүжіп, қоярға жер таппай жүрген азаматтық некедегі күйеуі екеніне сенер емес. Екеуді көрген Әлім әлгі жерден тұра қашуға ұмтылғанда, Арыстанов шапшаң қимылдап желкесінен шап берді. Полковниктің спортты серік ететіні қандықол қылмыскерлерді құрықтауда жиі көмектесетін.

Әлім әлі де болса тергеушінің алдында Сараны шүбесіз сүйгенін айтып ақталып әлек. Әр сөзінде оны шексіз сүйгенін және айналадағы жауларынан қорғауға тырысқанын жеткізіп келеді. Оның әңгімесін барынша сабырмен тыңдап болған соң Арыстанов:

«Мүмкін, сен оны шексіз сүйдім деп қателестің. Шын мәнінде сен оны өз уысыңда ұстағың келді ғой», — деді.

Әлім бір сәт үнсіз қалды. Бірақ көзі шарасынан шыға: – Сараны өлтіргім келмеді. Мен кінәлі емеспін! Ол менің сөзімді ешқашан тыңдаған емес. Сол күні де түрмеге бармауын өтініп, үйіне бірнеше мәрте барып жалынып сұрадым. Бірақ айтқанынан қайтпады. Ашу үстінде өз-өзіме ие бола алмай қалдым, – деп ақталуға тырысты.

Ашу үстінде қолыңды қанға малған болсаң, ұйықтап жатқан адамның үйіне неге жасырын кірдің? Осының өзі сенің қылмысты алдын ала жоспарлағаныңды білдірмей ме, — деді Арыстанов.

Иә, үшінші рет үйге кірмес бұрын бала күнімде тастап кеткен анам көз алдыма келді. Ол да Сара секілді еді. Әкемнің әрбір сөзін мазаққа айналдырып, сол үшін талай таяқ жеген. Әкемнің жуан жұдырығынан арашалай алмай қалған сәттерімде қорғансыз анамды аяп та, кейде тіліне ие бола алмағаны үшін жазғырып та алатынмын. Айтқанға көнбейтін, жеңіл жүрісті Сара бүгін өтінішіме құлақ аспаса, анам секілді тастап кетерін білдім. Сол үшін не көндірем, не қолымнан өлтірем деп ойладым», деді тістеніп.

Осы сәтте Арыстановтың қалта телефоны шыр ете түсті. Түннің ішінде тергеу бастығына қоңырау соққан көмекшісі қылмыскердің кім болуы мүмкін екенін асығыс-үсігіс жеткізіп жатыр. Куәгердің бірі марқұмның үйінен сол күні таңға жуық Әлімнің шығып бара жатқанын анық көргенін айтқан. Бұл марқұмның жас босанған көршісі Әлимаш еді. Ол оқиға болған күні кішкентайы түнімен ауырып, көз ілмеген соң ояу болғанын айтқан. Бұдан бұрын берген сөзінде бұл туралы тіс жармағанына өкініш білдірген ол өз өмірі мен баласы үшін қорыққанын жасырмаған.

2023 жылы сағат19:00 шамасында кезекті жанжалдан кейін Әлім Сарамен ара-қатынасты түсіну үшін келген. Ол түрмеде жазасын өтеп жатқан ресми некеде тұратын күйеуі Маратқа баруына қарсы екенін айтып, осы сапардан бас тартуға шақырады. Алайда олардың арасындағы әңгіме нәтиже бермеген. Ашумен үйден шығып кеткен Әлім бір сағаттан кейін қайта келеді. Бұл жолы да екеуінің әңгімесі жараспай, сыртқа шығып кетеді. Бір жарым сағаттан кейін Сараның үйіне қайта айналып келеді. Бірақ екеуінің арасындағы әңгіме тағы да нәтижесіз аяқталды. Үшінші келгенде әйелді күйеуінен қатты қызғанған Әлім айғайға басты. Бұл әйелдің ашуына тиіп Әлімге сөйлескісі келмейтінін айтып, үйден кетуін сұрайды. Сарадан көңілі әбден қалған Әлім қайтадан үйден кетті. Осыдан кейін оның басына жаман ой келеді. Қылмыстық ниетін іске асыру үшін марқұмның үйіне төртінші рет ұйықтап жатқанда жасырын кіреді. Түнгі 03:21 шамасында қақпаны кілтімен ашып, қаннен қаперсіз ұйықтап жатқан Сараны қайта оятып, онымен арадағы қарым-қатынасты қайтадан анықтай бастайды. Бірақ әйел онымен сөйлескісі келмейтінін, үйден кетуін өтінеді. Сонда Әлім дәлізге шығып, үстелден ағаш тұтқасы бар ас үй пышағымен әйелдің мойын, арқа және кеуде аймағында бірнеше рет соққы бере бастайды. Соңғы соққы әйелдің мойнын тесіп өткен. Жәбірленушінің қайтыс болғанына көз жеткізген Әлім пышақты өзімен бірге алып қылмыс болған жерден қашып кетеді.

Осылайша, полковник Арыстановтың табандылығы, әділдікке деген адалдығы және адамның ең терең психологиялық әлсіздіктерін ашудағы шеберлігі қылмыскердің қолына кісен салуға көмектесті. Әлімнің қылмысын мойындауы – тергеуші түйсігінен, бақылауы мен әділдігінен айлакерліктің жоғары болмайтынын көрсетті. Тергеу аяқталғанымен, полковник Арыстанов үшін бұл – кәсіби өміріндегі тағы бір сабақ еді. Құқық қорғау академиясында өткен жылдар бойы қалыптасқан интуициясы, әр істі ақылға салып, толық зерттеп барып шешетін дағдысы оны осындай қылмыстарды ашуға жетеледі. Осы сәтте ол әрбір тергеушінің жұмысы тек айғақтарды жинау емес, адамның жан дүниесінің ең терең қабаттарын түсініп, сол қабаттардың артын ашу екенін түйсінді.

Қылмыскердің қолына кісен салынды, істің әрбір айғақтары түгел жиналды. Арыстанов үшін бұл тағы бір жеңіс әрі кәсібіне деген сенімді нығайту болды. Ол адамды қалай тыңдап, қылмысты қалай ашу керектігін әр іс арқылы үйрене келе, әділет пен адалдықтың өз жұмысында ерекше рөл атқаратынын тағы бір рет дәлелдеді.

Сот Әлімге бірнеше жылға абақтыда жазасын өтеу туралы үкім шығарды. Ал заңды күйеуі Марат марқұмның артынан жақсы сөз айтпады. Керісінше «өзіне де обал жоқ» деді. Ал тойымсыз жиені әпкесінің қазасына кінәлі адамның кім екеніне де бас қатырмады. Жасұланды таң қалдырғаны Әлімнің алдын орап кеткені болды. «Өліп-өшкен адамын өлім құштырған адамнан асқан қандықол қылмыскер жоқ шығар, сірә» деп ойлады. Есірткіге тәуелді көршісі әдеттегі өмір сүру салтына көшкен. Ол үшін кімнің қалай өлгені де аса маңызды емес. Ал өсекші көршісі Зағираға керегі де сол еді. «Байғұс, жүргіштігінің арқасында ажал құшты» десті. Адамдарды кінәлау мен күстәналау, қамқорлық таныта білмеу қылмыстың артуына себеп болып жатқанына бас ауыртқан пенде аз болғаны түнгі трагедиядан да қауіпті еді.

Полковник Арыстанов соттың шешімін естіген соң, әрбір куәгер мен жақын адамның трагедияға деген салқын көзқарасын бақылап, бұл жағдайдың нағыз себептерін ой елегінен өткізді. Оның алдында тек Әлімнің қылмысы ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы адамгершіліктің жойылып бара жатқанын анық көрсетті.

Тергеу аяқталса да, Арыстанов өзін біртүрлі бос сезінді. Ол қылмыскердің айыбын ашты, сот шешім шығарды, бірақ оның жанына тыныштық орнамады. Айналасындағы адамдардың енжарлығы, қатыгездігі, бір-біріне деген аяусыздығы жүрегіне ауыр тиді. Ол бұл қылмыстың негізінде үлкен әлеуметтік проблема жатқанын түсінді.

«Қылмыскер тек кінәсін мойындап жазасын алды, бірақ қоғамдағы адамдардың немқұрайлылығы мен жүрексіздігі қылмыскерлерді өсіреді екен. Біз бір-бірімізге деген қамқорлық пен құрметті ұмытқан сайын осы секілді қылмыстардың саны артып қана қоймайды, адамгершілігіміз де жоғалады. Қой терісін жамылған қасқырлар көп дейміз ғой. Бірақ сол қасқырларды өсіретін де, қоғамға қауіпті етіп тәрбиелейтін де – үлкендер өзіміз емес пе екен? Бір кездері олардың әрқайсысы кінәсіз бала болған. Бірақ олардың санасын ашу мен өкпе жеңгенде, олар да құрбанға, не қандықол қылмыскерге айналады», деп ауыр күрсінген Арыстанов терезе алдында терең ойға батты.

Жадыра Мүсілім

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ІСІ

Айжанның өлімінен кейін Саяның өмірі тоқтап қалғандай. Сұрықсыз күндер,...