12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

«Соқыр» сауда

Қылмыс жасаған адамдар әртүрлі. Біреулер қиянат істегенін түсініп, сот залындағы адамдарға тіке қараудан қысылып бүгежектеп тұрады. Олардың үнінен қателескенін ұққаны, жақындарының алдындағы жауаптылықты сезінгені бірден аңғарылады. Мұндай жандардан артық сөз алу қиын.

Ал кейбіреулер өмірге келгенін, осы сот залында отырғанын міндетсінетін сияқты. Тыз етпе мінезін сөзінен, шалт еткен қимылынан байқай қоясың. Сұраққа сұрақпен жауап беретін жандар қатені өзінен емес, өзгеден іздеуге әуес. Бүгінгі ісі қаралып отырған азаматқа да сондай кесірлік тән екен. Айналасына өктем қараған оның қимыл-қозғалысынан кінәсін мойындағаннан гөрі, «ал не істей аласыңдар?» деген менмендік басым түсіп тұрғандай. Тәжірибелі қазы Мұхтар Өтепбайұлы айыптылардың психологиясын әбден меңгерген.

Сот залы мінезіңді көрсететін, өзіңді даралайтын орын емес. Бұл төрелік салтанат құратын алаң. Судьялар үшін тараптардың бәрі тең. Баршасына заң ортақ. Сондықтан бұл жерде түріңе, байлығыңа, барлығыңа қарап үкімге әсер етемін деу қателік. Жетісай аудандық сотының судьясы Мұхтар Жолдасбеков айыпты орындығында отыр­ған жігітке барлай көз тастады.

Отыздан асқан Асылбек Жақсылы­қов бұған дейін де жаза басып, жауаптылыққа тартылған екен. Алғаш рет қыл­мыс жасағаны ескеріліп алғашқы қылмыстық істе судья үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын белгілесе керек.  Заң талабы солай. Абайсызда ала жіпті аттағандардың, сауатының кемдігінен сазға батқандардың, жастықпен қателік жасағандардың түзелуіне мүмкіндік беру міндет. Ал сол ізгілікті пайдаланбай, екінші, үшінші рет қылмыс жасағандарға жазаны қатайтқан дұрыс. Асылбек Жақсылықовтың да маңдайы осымен екінші рет тасқа тиіп тұр.

Өзі пробациялық бақылауда тұрған азамат ақылы болса аяғын аңдап басуы керек еді. Алайда, сол күні ауыл ішінде кетіп бара жатқан бөгде азамат оған  жалпылдай келіп амандасып, жол шетінде тұрған арбаны сатып алғысы келетіндігін айтқан. Мына арбаны көршісі жоқ кезде сатып жіберуге болатынын ойлаған Асылбек елпілдеп сатып алушының асты-үстіне түсті. Басқа ауылдан келген жан арба иесінің кім екенін қайдан білсін! Екеуара сөйлесіп, саудаласқаннан кейін арба 480 мың теңгеге бағаланды. Қымбат мүлкін тегін ұстата салғандай болған Жақсылықов жаңа танысына біраз бұлданып көрген. Бірақ анау да ақшаға қатты адам екен, 480 мыңнан бір тиын да артық бермейтін болды. Сонымен екеуі қол алысып, кешкісін кездесетін болып тарқасты. Арзан бағаға қажетті дүниені тапқан жәбірленуші Асылбекті алаяқ деп ойлаған да жоқ. Титтей күмән болса, сонша ақшаны алдын ала алақанына ұстата салмас еді ғой. Қызық ақшаны беріп, кешкісін арбаны алып кетер кезде басталды. Арнайы трактор жалдап, жаңа дүниесін үйіне әкетіп бара жатқан жәбірленуші соңынан қуып жеткен Келесов полиция шақырамын дегенде тосылып қалған. «Полициясы несі, мен арбаның иесіне ақшасын берген жоқпын ба?» деген оның сөзін елейтін адам болмады. Ең қызығы, бұл өзі сонша ақшаны ұстата салған адамның құжатын да көрмеген, аты-жөнін де толық білмейтін болып шықты. Абырой болғанда, жәбірленушінің Асылбекпен сөйлесіп тұрғанын көршілер байқап қалыпты. «Осының бәрін жасап жүрген анау Жақсылықтың баласы болуы керек. Кешелі бері осы жақты иектеп жүргенін, мына жігітпен сөйлесіп тұрғанын байқап қалып едім» деді Жұмат Сайынұлы.

Осылайша қармаққа түскен Асылбек Жақсылықов жұрт арбаны іздеп абыр-сабыр болып жатқанда, ақшаның біраз бөлігін жұмсап та үлгерген болып шықты.

Жетісай аудандық сотының судьясы Мұхтар Жолдасбеков істі таразылай келе Асылбек Жақсылықовты Қылмыс­тық кодекстің 190-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп тауып, оған осы бап бойынша 1 (бір) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, бұған дейінгі жазасын толық өтемегенін, қателіктен сабақ алмағанын ескеріп түпкілікті 3 (үш) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Нұрлан Айтқали

Өмірдерек

Шытырман шығармаға өзек болған іс Жетісай аудандық сотында қаралған еді. Бұл іске төрелік еткен Мұхтар Жолдасбеков тәжірибесі мол, білікті судьялардың бірі. Алғашқы еңбек жолын Мақта­арал ауданының №3 сотында бас маман, сот отырысының хатшысы  қызметінен бастаған Мұхтар Жолдасбеков  2014 жылы Президент Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал аудандық сотының судьясы қызметіне тағайындалған болатын. Қазір Жетісай аудандық сотында жемісті еңбек етуде.

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...