2020 жыл. Әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы қазақ даласын да күңірентіп тұрған кез. Адам шығыны өз алдына, соның салдарынан шағын және орта бизнестің де тамырына қан жүгірмей қалды. Жайшылықтағы ең өтімсіз тауар – қарапайым медициналық маска жалпы жұртшылық үшін ең басты әрі тапшы дүниеге айналып шыға келіп, соның өзін жарытып өндірмегеніміз көрініп қалды. «Өлімнен ұят күшті» дегендей, сол сәтте жеке кәсіпкер Ермек ұлттық киім шығарып келген шағын фабрикасын күні-түні тек маска тігуге арнады. Ал оның қара базарда азық-түлік сатып тұрған ескі танысы Дөңайбат банктен алған жеңілдетілген несиесіне қолда бар қосымша қаражатын қосып, антисептик өндіре бастады. Қоғам сұранысын қанағаттандырудан екеуі де алдына жан салар емес. Әрине, бұл сауапты кәсіпке кіріскен өзге де сауатты азаматтардың қарасы қалыңдай түсетіні айтпаса да белгілі. Бірде Ермек пен Дөңайбат өздері тұратын қаланың орталығында жүздесіп қалды. Екеуі екі жақтан тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық жасауға жұмылған еріктілермен бірге шыққан сәтте кездесті. – Оо, Ереке, аманбысың? Үй іші, бала-шаға індеттен сау ма? – деді Дөңайбат бұрын бір қонақасыда танысқан әріптесін көрген бетте. Оны ұмытыңқырап қалған Ермек қолын қысып тұрып, көзін сығырайтып сәл ойланып алды да: – Өй, Дөке, сен екенсің ғой! Айып етпе, есіме әрең түсірдім. Шүкір, аман-есенбіз. Өз жағдайларың қалай? Мына індет індетіп бара жатыр ғой, құрысын… – деп бір күрсініп қойды. Сөйтіп, шүйіркелесе кеткен көзтаныстардың әңгімесі енді ортақ істің орайын тапқан мүдделес ретінде жараса кетті. Кейін де өзара ақылдаса отырып, талай қайырымдылық шараға бірге атсалысып тұрды. Өнімдерінің кеңінен таныла бастағанына бұлар да, оны тұтынған бұқара да риза. Сол игі істің арқасында жарнамалары жер жара түскен қос кәсіпкер тауарларын әлеуметтік желілер арқылы онлайн сатуды да әжептәуір игеріп алған-ды. Алайда індетке қатысты жарияланған төтенше жағдайдың тегеуріні босап, жұрт ептеп «үй қамағынан» сыртқа шыға бастады. Кейін қоғамдық көліктер қозғалысы да жиілеп, тым-тырыс болып қалған көшелерге біраз жан кірді. Қазақстанның 19 миллион халқы түгел кәнігі ұрыларға ұқсап, беттерін әртүрлі маскамен жауып алған. Бірақ індеттің елге алғаш енген кезіндегідей жаппай антисептік қолдану әдеті сиреді. Бұл дегеніңіз Ермектің ермек етер ісі болғанмен, Дөңайбаттың бизнесі тоқырай бастағанын білдіреді. Сол себепті Дөңайбат тұтынушысы сиреген анисептик өндірісін тоқтатып, тігін фабрикасын ашуға бекінді. Өйткені дәріханалардағы медициналық маскалар қанша қымбаттаса да, тез өтіп кетіп, көшеге шыға алмай қалған жұрт жуып алып кие беретін көп қолданылатын маскаларға тапсырыс беруді жиілеткен. Осылайша бәрі ойдағыдай өрби беруші еді, тек әне-міне жабылғалы тұрған антисептік өнеркәсібіне күндердің бір күнінде арнайы тексерушілер сау ете қалмағанда. Өнім құрамын сараптамадан өткізген мамандар оның инфекцияға қарсы күреске жарамайтынын анықтап, ал құзырлы орган өкілдері Дөңайбаттың үстінен бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғай бастады. Сонымен не керек, науқандық кәсібінен тапқан нәсібін қыруар айыппұлға шығындап, әрең құтылған кәсіпкер базардағы бұрынғы орнынан да айрылып тынды. Дипломы да, еңбек кітапшасы да жоқ бейбақ қолынан сауда-саттықтан басқа ештеңе келмейтінін сонда бір-ақ түсінді. Енді қайтпек керек? Амал жоқ, карантиннен жадап-жүдеген тамыр-танысының бәрі бір-бір жалақыға ғана телміріп отырғандықтан, жалғыз Ермек досына барып жүгінуге тура келді. – Әй, Ереке, мынау масқара болды ғой. Бизнесі құрысын, өзімнің сотталып кетпегеніме шүкір деп отырмын қазір. Енді сенен бір өтініш, ес біліп, етек жиғалы алыпсатарлықпен ғана айналысқан мына досыңа бір қолғабыс жасап жібер, – деді шарасыз күйде. – Иә-ә-ә, досым, мен қолдан келген көмегімді аямаймын ғой. Бірақ өзің көріп тұрғандай, мына шағын тігін фабрикамнан басқа ештеңем жоқ. Жалақысын зорға тауып беріп отырғандықтан, тігіншілердің де санын қысқарттым. Жаңа бизнес бастауыңа қажетті ақша жинап бере алмаймын. Ал мына бір жапырақ шүберекке алдын ала тапсырыс берген жұрт бұны анау үйдегі келінің бе, қарындасың ба, содан өздері келіп алып кетеді. Кейде жеткізу ақысын төлегендерге таксиден салып жібереміз. Сондықтан саған міне деп ұсына қояр жұмысым да болмай тұр. Дұрыс түсін енді, – деп қипақтады Ермек. Амалы құрыған Дөңайбат ернін жымқырып, басын изеген қалпында шағын фабриканың төрт қабырғасы мен төбесіне көз жүгіртіп өтті. – Жарайды, Ереке! Түсінем ғой. Мына қысылтаяң уақытта саған да оңай емес… Қой, жүрейін! Айып етпе! – деп досының иығынан бір қағып қойды сәл үнсіздіктен соң.
***
Күз мезгілі. Ермектің кәсібі дөңгелеп-ақ тұр. Бұрын бір ғана шапанға кететін шүберектен қазір бірнеше маска шығарады. Пайда айырмашылығы да көп. Енді жарты жылда қол жеткізген зор табысы ішіне сый май барады. Соны әйтеуір біреуге мақтан етпесе болмайтын сияқты. Екіншіден, кәсіпнәсіп деп жүріп жөнді демалмаған да екен. Соны ойлап жүргенде, «іздегенге – сұраған» дегендей, әйелі кішкентай екі баласын жетектеп, төркініне барып келуге кете қойды. Ондайда үйде жалғыз қалған ер-азамат не істесін, бойын желік буған сабаз Самат досын шақырып алды. Содан әр әңгіменің басын бір шалған екеуі екі шиша арақты сарқып, үшіншісін орталап тастады. Оның буынды алған буы енді құлақты естіртпей, бетті дуылдатып барады. Тіпті дәмі де сезілмеуге айналған. Сөйтіп отырып, екі дос бірбірінің сөзін түсінбей, бас десе құлақ десіп, бүйректен сирақ шығаруға айналды. Ал оның арты жұдырықтасуға ұласатыны белгілі. Әуелі көзін жұмып, басын төмен тұқыртып алған Ермек сұқ саусағы шошайған сол қолын сыртқы есікке қарай сілкіп қалып, қонағына шығып кететін жағын нұсқады. – Мен маспын. Енді сөйлесе алмаймыз. Кете бер! – деді жіпситіп әрең ашқан көзін Саматтан алмай тұрып. Ал онысы бұл әрекетке оңайлықпен көне қойсын ба, қос қолдап Ермектің жағасынан ұстап, оны сол отырған жерінен тік көтеріп алды. – Ей, сорлы, сенің көзіңе шел бітейін деген екен, ә?! Өзің шақырып алып, енді түннің бір уағында қуып шықпақ болғаның қай сасқаның?! Есіңді жи, мал! – деп досының бетіне біраз түкірігін шашыратты. Сол сәтте көзі шатынап шыға келген Ермек: «Өй, мә, әкең…», – деп Саматты шықшыттан бір ұрды. Сөйтіп, екеуі ит пен мысықша ұмар-жұмар арпалыса кетті. Аты өшкір арақ қатты толқыған қан қысымы арқылы ақылын ашуға айналдырып жіберген Ермек оқтауға, Самат нан тураған пышаққа ұмтылды. Бірінші соққыны Самат жұмсап, ақ мәйкісі қанға боялған Ермек сол жақ бүйірін ауырсынып, еденге тізерлеп отыра кетті. Сосын саусақтарының арасынан жауынқұртша жылжи бастаған қанды көріп, айқайлап жіберді. Ал үрейден әлде ызадан екені белгісіз, пышақты лақтыра салған Самат онымен қоймай, жерде жатқан оқтауды сыңар құлаштай сілтегенде, мойнының оң жағынан ауыр соққы алған Ермек жалп етіп, етпетінен түсті. Сонда ғана есін тез жиып, өзінің не бүлдіргеніне көзі жеткен қонақ асығыс-үсігіс киініп, баспалдақпен бесінші қабаттан төмен қарай далақтай жөнелді. Кіреберіс есіктен сыртқа ұмтылғанда, қарсы келе жатқан біреуді иықпен соғып ұшырып жібере жаздады. – Байқасаңшы, ей! – Кешіріңіз, аға! Көше сыпыратын көрші әйел сағат 05:30-да жұмысқа шығып бара жатып, Ермектің есігі жартылай ашық қалған пәтеріне сығалады. Тырс еткен дыбыс шықпайды. Есіктен ішке қарай бас қылтитты. Табалдырықтан аттамаған қалпында тұрып, барлап қараса, ас бөлмесінде бүк түсіп бір жігіт жатыр. Қапелімде не істерін білмей сасқан әйел «жедел жәрдемге» телефон соқты. Содан жанталасып жүріп, операторға үйдің мекенжайын тәптіштеп түсіндірді де, тырпыңдап жеделсатыға қарай жүгірді. Ал тез келіп жеткен дәрігерлер пәтерге кіріп, 35-40 жас шамасындағы азаматтың өлімін тіркеді. Олардың ізін ала келген полиция қызметкерлері де бірден үйді қоршауға алып, өз істеріне кірісіп кетті. Пәпке қолтықтаған жедел уәкілдер, қабағы қатулы тергеушілер, асай-мүсейлі сөмке асынған криминалистер, ит жетектеген кинологтар, қолдарына медициналық қолғап киіп алған зертхана қызметкерлері… бәрі келген. Жедел тергеу тобының өкілдері көрші-көлемнен сұрастыра келе, олардың кейбіреуінің түнде айғай мен тарсылды естігенін анықтады. Ал үйдің ауласындағы дүкен сатушысы Ермектің бір досымен келіп, арақ пен темекі алып кеткенін айтты. Одан басқа көрдім-білдім деген куәгер жоқ. Бір қиыны, құрылысының аяқталғанына көп уақыт өте қоймаған үйдің айналасына да, әлгі дүкенге де бейнебақылау камералары әлі орнатылмаған екен.
***
Қаладағы Ермектің үйі орналасқан ауданның полиция басқармасында қызу қарбалас. Кешегі істі тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция майоры Ықылас Мырза қолға алған. Бір жылда 30-дан астам аса маңызды істерге соңғы нүктесін қойған тәжірибелі маман бұл жолы да дерек-дәйекті жинақтап, қорытындысын шығару жағынан мүлт кетпеуге бел буды. Себебі ол үшін ар алдындағы адалдық – ең ауыр жүк. Соны қабырғасы қайыспай көтере білуі шарт. Міне, аға тергеушінің алдында сот-медициналық сараптаманың қорытындысы жатыр. Кәсіпкер пышақ жарақаты мен мойнынан тиген ауыр соққының салдарынан қаза тапқан. Ал оның пәтеріндегі ыдыс-аяқ, пышақ, оқтау, есік және басқа да заттардан алынған саусақ таңбалары мен дүкеншінің сипаттауы бойынша Саматты тауып алу аса қиынға соққан жоқ. Түнімен дөңбекшіп жатып, көзі таңертең бір-ақ іліккен оны полицияның кәсіби қызметкерлері түстен кейін шырт ұйқыда жатқан жерінен тұтқындады. Содан аудандық уақытша ұстау изоляторына жеткізілген күдікті ә дегенде-ақ кінәсін толық мойындай салды. Оның оқиғаны баяндауы мен полиция қызметкерлерінің жедел тергеу нәтижесі сәйкесіп тұр. Дегенмен бұндай «оңай шағылған жаңғақты» едел-жедел жаба салу – аға тергеуші Ықылас Мырзаның табиғатына жат. Түбінде бір гәп бар сияқты. Ықылас Мырза түнде кабинетінде жалғыз қалып, іс-қағаздарын асықпай қайта парақтап шықты. Содан кейін Саматтың тергеу барысындағы жауаптары мен Ермектің өлімін ақырын ой елегінен өткізіп көрді. «Бүйірден пышақ сұқтым және мойнынан оқтаумен бір ұрдым дейді. Сонда ол бірінші соққыдан тізерлеп қалып, екінші соққыдан етпетінен түскен. Ал жедел тергеу тобы жеткенде сол жақ қырыннан жатты. Мүрдеге оны алғаш көрген көршісі де, жедел жәрдем қызметкерлері де саусақ ұшын тигізбеген. Демек…». Аға тергеуші ойын кідіртіп, күндізгі тексеру үдерісін елестетіп көрді. Бұл орайда Ермектің дәл Самат ұрып құлатқан орнында етпетінен емес, бір қырын жатқаны түсініксіз. Ал есік тұтқасында Самат пен көше сыпырушы әйелдікінен басқа саусақ таңбасы жоқ. Жарайды, марқұм денесінің пышақ пен оқтау сілтегеннен басқа жерлеріндегі қанталаған іздер екеуінің төбелесі кезінде түскен жұдырықтың жеңіл белгісі делік. Сонда қансырап қалған ол кейін есін жиып, орнынан тұрмақ болып, қайта құлаған ба?.. Дөңайбат Ермекпен жақын араласқанына өкінді. Өйткені екеуі бизнесті қатар бастағанмен, Ермек ілгері озып, бұл өзінің бір ағаттығы салдарынан қу тақырға отырып қалды. Одан кейін бұған не жұмыс, не ақша бере алмаған досы жарты жылда тәуір табысты шытырлатып санай бастаса да, хал-жағдайын сұрап, бір хабарласпаған. Ал бұның өзі хабарласа қалса, күні-түні жұмыс істеуден шаршап, өз жақындарымен де байлынысы сиреп кеткенін айтып ақталған. Қызық. О заман да бұ заман, адам маска сату арқылы пайдаға кенеліп, сол дәулетке жету жолында жан-жағына мойын бұруға мұршасы болмай қалады деп кім ойлаған?! Осы пәндәуи ойлар құдайдың құтты күні жанын жегідей жеп, миын ашытқан Дөңайбат ішімдікке салынып кетті. Тамырында қан орнына арақ айналып жүрген сияқты. Соның кесірінен кейде асылып өлгісі келетінді шығарды. Ал ішпесе, тектен-текке Ермекке жер құштырғысы келіп тұрады. Осылайша көз алдында жүдеп, өз-өзінен жындана бастаған күйеуінен қатты қорыққан жары жалғыз ұлын алып, ауылдағы төркініне қашып кетті. Бизнестің тоқтауынан сананың тоқырауы қиын екен. Сол тоқыраудың соңы ақыры түн ортасы ауып кеткен шақта дүлей Дөңайбатты сыртқа жетеледі. Басына қара қалпақ, үстіне қара пәлте, қолына бес саусақты жұқа қара қолғап киген кейпі ертедегі итальяндық бандаларға ұқсап қалды. Қойнына шолақ труба тығып алып, оның бір жақ ұшын шалбарының ышқырына қыстыра салды. Сол беті безілдеп отырып көше жаққа шықты да, такси ұстап, Ермектің үйіне қарай тартты. Дөңайбат таксиден әдейі Ермектің мекенжайына екі үй жетпей түсіп қалды. Сосын үйлердің қараңғы қалтарыс-бұлтарыстарымен жүріп, жымын білдірмес үшін жан-жағына сақтана қарап, бейсауат жүрген адам және бейнебақылау камераларының бар-жоқтығына көз жеткізіп келеді. Сөйтіп жүріп, Ермектің пәтері орналасқан кіреберіске де жақындады. Есікке енді жете бергенде, іштен алқын-жұлқын атып шыққан жігіт онсыз да бос уайымнан құр сүлдері қалған бұны иықпен қағып, ұшырып жібере жаздады. – Байқасаңшы, ей! – Кешіріңіз, аға! Беймезгіл уақытта өзінен басқа да адамның жүргеніне ыза болған Дөңайбат оны іштей бір сыбап алып, ішке еніп кетті. Жеделсатымен бесінші қабатқа көтеріліп, Ермектің есігіне қараса, жартылай ашық тұр екен. Еппен адымдап келіп, ішке көз жүгірткенде, қансырап, ыңырсып жатқан үй иесін көрді. Көз алдына әлгі сыртта жолыққан жігіт келе қалды. Ойланып тұратын уақыт жоқ, ентелеп Ермектің қасына жетіп барды. Қойнынан шолақ темірін жұлып алды. – Бұның не, Дөңайбат?! Ажалымның бүгін жеткені ме сонда?! – деп тістенді даусы естілер-естілмес шыққан Ермек. Шылқыған қанның ортасында тізерлеп зорға отыр. Денесі қалш-қалш етеді. Ал Дөңайбат тіс жарған жоқ. Мойынның оқтау тиген ізіне бір-ақ қолмен сілтеген темір дәл түсіп, Ермек сол жақ қырына қисая кетті.
***
Уақытша ұстау изоляторына кірген аға тергеуші Ықылас Мырза күдікті Саматтың жанарына тіктеп қарады. – Саған бір-ақ сұрақ қоямын. Не «иә», не «жоқ» деп қана жауап бер!.. Сен жәбірленушінің үйінен шыққанда, сол маңнан басқа адамды көрдің бе? – Иә, – деді Самат ойланып әуре болмай-ақ. – Түрін көрсең, танисың ба? – Жоқ. Түрін көрмедім, бірақ киімі есімде. Қара қалпағы мен ұзын қара пәлтесі болды… А, сосын қолына перчатка киген… Бойы ұзын… – Қай тұстан көрдің? – Мен сыртқы есіктен шыға бергенде, ол кіріп келе жатыр екен. Соқтығысып қалдық. Кешірім сұрадым да қашып кеттім… Аға тергеуші, полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ырысбай Бектемістің кабинетіне қарай құстай ұшты. – Баяндауға рұқсат етіңіз, полковник мырза! – Иә, Ықылас, не жаңалығың бар? – Кәсіпкер Ермек Балташевтің өліміне тек күдікті Самат Жоланов қана кінәлі емес. Тағы бір адам болуы мүмкін. – Бар ма, мүмкін бе? Осы орайда аға тергеуші күдіктінің баяндауынша Ермектің етпетінен түскенін, ал өздері хабарламамен жедел жеткенде, қырыннан жатқанын, есік тұтқасында екінші күдіктінің саусақ таңбасасы болмайтын себебі, оның бірінші күдіктімен есік алдында жолығып қалғанда, қолында былғары қолғап болғанын тәптіштеп шықты. – Сондай-ақ мен оған дейін мәйіттің мойнындағы соққының ізі айғақ зат ретінде алынған оқтаудан жуандау заттікі және ағаш емес, темір болуы мүмкін екенін топшылағанмын. Екінші күдікті өзінің ізін жасыру үшін алдыңғы соққының үстінен дәлдеп ұрған болса керек. Күдігім расқа айналатын түрі бар, – деді Ықылас Мырза. – Топшыламай, нақтыласаңшы, майор! – Құп болады! Кетуге рұқсат етіңіз!
***
Аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция майоры Ықылас Мырза қала орталығындағы аллеяда жазушы Зейін Бөлтековпен сөйлесіп отыр. Жазушы – коронавирус пандемиясы басталғанда жарияланған төтенше жағдай кезіндегі қайырымдылық шараға ерікті ретінде қатысқан кісі. Сол сәтте қос кәсіпкер Ермек Балташев және Дөңайбат Сарыновпен танысып, олармен жақын араласып кеткен еді. Мақсаты – болашақ шығармасында солардың игі істерін паш ету. Ал аға тергеуші Ықылас Мырза Зейін Бөлтековті Ермек Балташевпен жақын араласқан азаматтардың бірі ретінде тапқан болатын. – Солай, Ықа! Өзің анықтағандай, Ермек үш соққыдан кейін көз жұмды. Соңғы соққыны әлбетте Дөңайбат жынды жасады. Ол неме өткенде ішіп отырып, маған Ермекке деген ішкі қыжылы барын білдіріп қалған болатын. Әлгі баланың қара қалпақты, пәлтелі ұзынтұра деп жүргені – сол саппастың нақ өзі! Керек десең, міне, телефонымдағы үшеуміз түскен фотода сол киімімен тұр. – Оны тұтқындасақ, сіз куәгер боласыз ба? – Болмағанда ше? Қазақта «Сексеуілді сексеуілге ұрсаң ғана сынады» деген сөз бар екенін білесің ғой? – Әрине. – Білсең, сол онда. Анау екі кәсіпкерің – сексеуіл де, Ермектің досы дегенің – балта. Ал балта бір сексеуілге екі соққы жасап қоя салды да, екінші сексеуіл оны соңғы бір соққымен сындырды. Мына тергеу әрекетіңнің тақырыбын «Соңғы соққы» деп қойсаң да болады. Аға тергеуші мырс етіп, басын изеді. Жазушы мәселені шешіп бергеніне масаттанғандай, аспанға бір қарап алып, темекісін тұтатты.
Еркеғали БЕЙСЕНОВ, журналист НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ