12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Шырмауық

Түн. Көктемнің бірінші айының бас кезі. Қаланың шет жағындағы 3 қабаттан тұратын көп үйлердің біріндегі пәтерде тұрғындар әлі ұйқыға жата қоймаған. Ас үйден арақ ішіп масайған адамдардың гүрілдеген дауыстары, боқтана сөйлеп, дарақылана күлгендері анық естіледі. Тоғыз айлық баласының ұйқы бермей мазасын алғаны аздай, мына шудан басы қатқан Евгения өзі де араққа кетәрі емес болғандықтан ба, бөлмесінен шығып, еріккен жігіттердің қасына барып отырды. Бұл кезде Евгенияның жолдасы Вячеслав араққа әбден қызып алған, қасында отырған Юрийге өзінен басқа ешкімге керексіз бір нәрсені дәлелдеп, даурығып отырған.
«О, бүгін әйелің неткен сүйкімді еді…» – деді араққа мейлінше тойып алған Владимир орнынан тұра беріп. Осыдан соң ол Евгенияның кеудесіне қарай бір қолын соза, екінші қолымен белден ала түспекші болып ұмтылды. Евгения қолды қағып жіберіп, орнынан тұра берді.
Вячеслав кешкісін үйге Владимирді өзі ертіп келген болатын, сонысына қарамай әбден даурығып алған ол «сен бүгін бәрібір менікі боласың…» – дей келе, ортаға шығып, өзінше қиқаңдап билей жөнелді. Сол сәтте ішіне кірш етіп бойлай кірген пышақ жарақатынан Владимир тәлтіректеп барып гүрс етіп, еденге құлап түсті. Үй іші у-шу, абыр-сабыр болды да кетті. Үстел басындағылар білгенінше әрекет жасап, Владимирді өлімнен алып қалмақшы болғанымен, одан нәтиже шықпады. Владимирдің халі тез арада агонияға ауысып, қол-аяғы қалтырап, әп-сәтте жан-тәсілім етті. Басында асып-сасқанымен, тез есін жинаған үстелдестер полиция жеткенше бостан бос, қол қусырып отырмаған еді.
Адасу
Тергеу кезінде жасы жиырмадан енді асқан Вячеслав пен Евгенияның екі-үш жылдан бері екі бөлмелі пәтерде бірге тұрып жатқаны, ол пәтердің Евгенияның қайтыс болған әжесінен қалғаны анықталды. Екеуінің тоғыз айлық баласы бар екен. Сол түні Вячеслав достарымен арақ ішіп көңілді отырған. Осы кезде қастарына Евгения келіп, оны көрген Владимир Вячеславтың бірге отырғанына қарамастан, әйелді құшақтап, онымен жақындасуға ниеті барын жасырмайды. Қонақтың мына озбырлығына жаны шыдамаған Евгения Владимирдің денесіне құлаштай пышақ ұрған болатын.
Нәтижесінде көп мөлшерде қан жо­ғалтқан Владимир көп ұзамай қайтыс болады. Бұған байланысты айып Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен қарастырылған, заң тілінде біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру салдарынан жәбірленушінің абайсызда өлімге душар болуы деп аталады.
Вячеслав осы қылмыстың куәсі ре­тінде танылып, Евгения қылмысты жа­сағанын ішінара мойындады. Оқиға болған жерде сол түні бұлармен бірге болған Юрий дәлізге шығып кеткендіктен қылмыстың қалай жасалғанын нақты айтып бере алмады. Евгения күдікті ретінде қамауға алынып, қылмыстық іс осы сарынмен қалалық сотқа түсіп, бірінші сатыдағы сот үкімімен Евгения 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сөйтіп, қылмыстық іске нүкте қойылады. Бірақ Евгения үкімге разы болмай, жазаны жеңілдету мақсатымен облыстық сотқа апелляциялық шағыммен жүгінеді.
Шағым
– Мен 13 жасымда зорлыққа ұшыраған әйелмін, маған әр еркек зорлық жасайтын болып көрінеді. Сол қорқынышпен мен жәбірленушіден қорғану үстінде қылмысқа бардым. Менің емізулі балам бар, сондықтан үкімді өзгертіп, жасаған қылмысымды қайтадан саралап, маған бас бостандығымнан айырмайтын жаза тағайындауыңызды сұраймын деген Евгенияны тыңдап болған судья, сотталғанға қоятын сұрақтарыңыз бар ма деп прокурорға, қорғаушыға, іс бойынша жәбірленуші болып танылған Владимирдің шешесіне қараған.
Прокурор мен қорғаушының қояр сұрағы жоқ болып шықты. Ал жәбірленушінің шешесі қылмысты Евгения емес, Вячеслав жасаған деп ойлайтынын айтып, оған жасамаған нәрсені неге мойныңа алып отырсың деп төтеннен сауал тастады. Алайда сотталған өз жауабынан тая қоймады.
Осыдан кейін шындықты білуге енді ешкімнен көмек күтпеу керек екенін ұққан судья Евгениядан қосымша жауап алуға өзі кіріскен еді.
– Айтыңызшы, сол күні үйіңізге Юрий қашан келіп еді?
Бұған Евгения «Юрий Вячеславтың жақын досы, ол бізбен бірге тұрады, үйдің екінші бөлмесін соған уақытша бергенбіз, сондықтан ол Вячеслав пен Владимир келгенде үйде болатын», – деген жауап қайтарды.
– Сонда қалай, іс материалдарында Юрий жұмыс істемейді делінген, сонда ол күні бойы сізбен бірге болды ма?
Бұл сұраққа Евгения кібіртіктеп барып: «жоқ, ол күндіз кетіп, кешке таман қайтып келген болатын» – деп жауап берді.
– Оқиға болған жерді қарау хаттамасымен бірге тіркелген фотокестеде үйдің екінші бөлмесінің астаң-кестеңі шығып жатқаны, кей жерлерінен қанға ұқсас дақ бары байқалады, бұл бөлмеде қандай оқиға болып еді?
Евгения сәл ойланыңқырап барып, «ол бөлме Юрийдікі емес, Виктордікі. Викторға біз ол бөлмені жалға тапсыр­ғанбыз. Сол түні Виктор мас болып келіп еді, бөлменің кілтін жоғалтып алып, бөлмесіне есікті шағып кіріп еді, оқиға болған кезде ол өз бөлмесінде ұйықтап жатқан» – деген жауап берді.
– Сонда қалай, Сіздің пәтеріңіз неше бөлмеден тұрады өзі?
– Пәтер үш бөлмелі, – деген жауапқа таңқалған судья келесі сұрағын полиция­ға бағыттады.
– Сіздер келгенде Виктор өз бөлмесінде болды ма?
Викторды да полицияның өздерімен бірге алып кеткенін естіген соң судья өз таңданысын жасыра алмай фотокестеге тағы үңілді.
– Айтыңызшы, расында, фотода мына бір бөлме бос тұр ғой, ішінде ескі терезелерден басқа ештеңе жоқ, бұл не бөлме?
– Юрий сол бөлмеде тұрған, біз оған төсекті еденге салып беретінбіз.
– Владимирдің мәйітінен пышақ жарақатынан басқа, ұрып-соғып келтірілген жеңіл түрдегі дене жарақаттары табылған, олар қайдан пайда болған?
Бұл сұраққа Евгения ұзақ ойланып барып, «Владимир қайта-қайта маған көңіл аудара бергендіктен Вячеслав ыза болып оны соғып тастап еді. Таяқ жеген Владимирдің баратын жері жоқ болғандықтан мен оған Юрий жататын жердегі еденге төсек салып бердім де, өзім баламның жанына барып жатып қалған болатынмын» – деп жауап берді.
– Сонда Юрий қайда жатуы керек еді? – деген сұраққа Евгения ойланбастан «Вячеславтың қасына жата салушы еді» – деп жауап қайтарды.
– Олай болса, Виктор үйге қай уақытта келіп еді, Владимир таяқ жегеннен кейін бе әлде оның алдында ма?
– Виктор мен жатып қалған соң келді, ол мас күйінде өз бөлмесінің есігін бұзып кірген кезде, ызаланған Вячеслав оның бөлмесіне барып оны да соққыға жыққан болатын.
– Сонда қалай болғаны, Вячеслав сол түні екі адамды сабап тастады ма?
– Иә, екеуін де соққыға жыққан, бірінен кейін бірін.
– Айтыңызшы, Владимир мен Виктор таяқ жеп ұйықтап жатуы керек болатын, ас үйде Вячеслав пен Юрий ғана қалған, сонда оқиға түннің қай уағында болған? Сіз Владимирді қай кезде пышақтап үлгердіңіз?
Евгения өз жауаптарының қисыны барған сайын бастапқыдан өзгешеленіп бара жатқанынан қорықты ма әлде ендігі сұрақтар бұдан бетер күрделеніп кетеді деді ме, белгісіз, жауабын күрт өзгертті.
– Оны өлтірген мен емес, мен пышақтаған жоқпын…
– Енді кім?
– Білмеймін, кім пышақтағанын көрген жоқпын. Маған кінәні өзіңе алсаң түк етпейді, себебі кішкене балаң бар және сен жәбірленушіге қорғану кезінде пышақ салып алған болып шығасың, яғни сот бас бостандығыңнан айырмайды деген соң кінәні өзіме алып едім…
– Шындығын айтыңызшы, сонда оқиға қалай болды?
– Владимир кеудеме қолын созған кезде, оның қолын қағып жіберіп, балам жатқан бөлмеге жүгіріп кіріп кеткен болатынмын… Гүрс еткен дыбысты естіген кезде ас үйге қайта жүгіріп бардым, Владимир еденде құлап жатыр екен, ал Вячеслав пен Юрий оған еңкейіп, көмек көрсетпекші болып жатқан, мен не болғанын түсінбей қалдым.
– Вячеслав пышақты жәбірленушіге сіз салып алды деп отыр ғой?
– Юрий Вячеславтың жанында болды ғой, ол жәбірленушіге пышақты кім салып алғанын көрген жоқпын дейді. Ол не маған, не Вячеславқа қарсы жауап бере алмай отыр. Маған қарсы жауап бермейді, себебі жала жапқысы келмейді. Вячеславқа қарсы жауап бермейді, себебі олардың түсінігі бойынша бір-біріне қарсы жауап берсе досын сатқан болып саналады. Не болмаса пышақты Юрийдің өзі салып алды. Бірақ, Владимирге пышақты кім салғаны белгісіз, себебі полицияға қоңырау шалғанда, Вячеслав пышақты өзі салып алғанын айтқан болатын.
– Ал сізге кінәні өзіңізге ал деп кім үйретті?
– Полиция қызметкерлері үйретті. Олар маған қылмыстың осылай ашылғаны дұрыс деді. Барлықтарың жеңіл құтыласыңдар деп үгіттеді. Мен Владислав бұрын сотты болғандықтан, көп жылға сотталып кетеді деп қорықтым, – деп түсіндірді Евгения өз жауабын өзгерту себебін.
кінәсіз
Осылайша сол кезде қолданыла бастаған жаңа Қылмыстық-процестік заң талабына сәйкес істі апелляциялық қарау тәртібі өзгертіліп, сотқа куәлігі маңызды болып танылатын жекелеген куәлар шақырылып, олардан жауап қайтадан алынатын болып шешілді.
Юрий сотта ас үйден темекі тартпақшы болып дәлізге шыққанын, Владимирдің гүрс етіп құлағанын естігенде, оның қасында Вячеслав тұрғанын айтты. Евгения дәл сол кезде өз бөлмесінде болғанын көрсетті. Сонымен бірге алдында Вячеславтың жанында Евгения да болды дегенді полицияның үйретуімен айтқанын жеткізді. Осыдан соң прокурордың өтініші негізінде үкім бұзылып, қылмыстық іс прокурорға жаңа айыптау актісін жасауға жолданатын болып шешілді.
Алайда қайтадан сотқа келіп түскен жаңа айыптау актісінің аты ғана жаңа болып шықты. Евгенияға тағылған айып сол күйінде қалғаны анықталды. Жаңалық Вячеславтың көрсетуімен Александр деген жаңа куәнің пайда болғанында ғана екен.
Сотта куә ретінде жауап алынған Вячеслав Александр да сол түні өздерімен бірге болғанын көрсетті. Евгения Владимирге пышақ салып алғанын Александрға өзі мойындаған деді ол. Вячеславтың айтуынша сол тұста Александр дұрыстау жұмысқа енді ғана орналасқандықтан, арақ ішіп, қылмысқа куә болғаны белгілі болса жұмыстан айырылып қалуы мүмкін деп Александр туралы ешкімге ештеңе айтпаған. Ал енді тергеушілер қылмысқа еш қатысы болмаса да күдік келтіріп жатқандықтан бар шындықты айтуға тура келгенін алға тартып өз сөзіне сендірмекші болды. Қазіргі кезде арақ ішпейтінін, Евгения екеуінің баласын өзі жалғыз асырап жүргендігін айтып ақтарылған ол сүттен ақ, судан таза екенін дәлелдемек болып, бір айтқанын бірнеше рет қайталай берді.
Сот барысында Александр сол түні Вячеслав, Юрий, Владимир және Евгениямен бірге болғанын, себебі Вячеслав пен Евгенияның үйінде өзі де тұратынын, Виктор мас күйінде үйге біресе кіріп, біресе шығып жүріп кілтін жоғалтып алғанын, аяғында бөлмесіне құлыпты бұзып кіріп, жатып қалған кезде, ас үйде арақ ішіп отырған бұларға Евгения келіп қосылғанын баяндады. Сол кезде өзі Вячеслав пен Евгенияның бөлмесіне барып, балаға қарап отырған. Бір кезде жанжал шығып, Владимирдің гүрс етіп құлағаны естілді. Іле-шала бөлмеге Евгения кіріп, Владимирге пышақ салып алғанын айтқан соң, бәрі жабылып Владимирге көмек көрсетпекші болады. Полиция келерде бұл қайда барарын білмей ескі терезелер тұрған бөлмеге кіріп, бұрыш жағына тығылып отырады, себебі бұл бөлмеде жарық жоқ болатын. Бір кезде бөлмеге фотограф кіріп, айналдыра фотоға түсіріп, қайтадан шығып кетеді. Фотограф мұны көрмейді, себебі бұл үстіне жапқыш жауып алған болатын. Сол жерде тығылып отырып, ұйықтап кетіп, таңертең бір-ақ оянады да жұмысына кетіп қалады.
Евгения сотта Александрдың анда-санда үйге келіп қонып жүретіндігін бекітті. Алайда дәл сол түні оның үйде мүлде болмағанын айтты.
Сотқа оқиға болған жерді фотоға түсірген адам да шақырылды. Аядай бөлмеде біреу жасырын отырса көрмеу мүмкін емес екенін айтқан фотограф қанша қараңғы болса да бөлмеде біреу болса байқар едім деп сөзін түйіндеді. Ендеше, Александрдың сөзіне күмән көп.
куә
Оқиға болған жерді қараған тергеуші мен қылмыстық істі жүргізген тергеуші де өздері жіберген қарама-қайшылықтардың мәнін түсіндіре алмай, қателіктерін бір-біріне сілтеп әуре болды. Ал басқалары ешкімге жауап беруді үйретпегендерін айтып, азар да безер болып, әбден естері шықты. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігін анықтау үшін судья сотқа оқиға болған жерді қарауға қатысқан айғақ куәлерді шақыр­ды. Екі айғақ куәнің біріншісі өзінің Евгения мен Вячеслав тұратын үйдің қожайыны екенін, пәтердің үш бөлмеден тұратынын айтып, Вячеславты араққа өте жақын деп көрсетті. Сонымен бірге Виктордың пәтердің бір бөлмесін жалдайтынын, Юрийді ол пәтерден бұрын көрмегенін, Александрдың бұрын Вячеслав пен Евгениямен расында бірге тұрғанын, бірақ көптен бері пәтерге келмегенін айтып берді. Оқиға болған түні айғақ куә және үй иесі ретінде барлық бөлмелерді тексеріп шыққан. Бос бөлмеде біреулер тығылып қалған жоқ па деп қасындағы екінші айғақ куәмен бірігіп, жарық түсіріп жүріп терезелердің артқы жағын әдейі тексердік деген ол бөлмеде ешкім жоқ екеніне көзі жеткенін айтып ағынан жарылды. Нәтижесінде апелляциялық сот Евгенияға ақтау үкімін шығарып, оны қамаудан босатты. Ақтау үкіміне наразы тараптар болмады, үкімге ешкім кассациялық тәртіппен шағым түсірмеді.
Жаза
Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен жауапқа енді Вячеслав тартылды. Қалалық сотта ол кінәсін мойындамады. Сол түні үйде өзі, Юрий, Александр, Владимир және Евгения болды деп көрсеткен азамат барынша ақталып әлек болды. Оның айтуынша үстел басына Евгения келгенде, өзі балаға қарауға кеткен, Евгенияның айғайлаған дауысы естілгенде ас үйге қайта келсе, Владимир ішін ұстап еңкейіп отыр екен. «Қасында Евгения тұрды, ал қанға боял­ ған пышақ үстел үстінде жатты» деп көрсетті ол. «Алайда бала анасыз қалмасын деген ниетпен кінәні өз мойныма ала­тын болып шешкенмін» дейді өзін қайы­рымды жан ретінде көрсетуге тырысқан азамат. Оған Евгенияның тергеушіге шындықты айтуы кедергі болыпты.
Куә ретінде жауап алынған Юрий Владимирдің гүрс етіп құлаған дыбысын естіп келгенде оның қасында Вячеслав тұрғанын, ал Евгения ұйқылы-ояу күйінде ас үйге тек сол кезде кіргенін көрсетті. Ең қызығы осы сотта Евгения да куә ретінде жауап беріп, үйде аталған адамдармен бірге Александрдың да болғанын растады. Бұдан басқа апелляциялық сотта берген жауаптарын өзгертпеді.
Куә ретінде сұралған Александр өз жауабында теледидар көруге Евгенияның бөлмесіне кетіп қалып, солардың қасында болғанын, Евгения ас үйге қайта кеткенде, балаға қарай тұру мақсатымен бөлмеде қалып қойғанын жеткізді. Сот Александрдың осы жауаптары Вячеславтың оқиға болған кезде баланың қасына кетіп едім деген уәжін жоққа шығарады деп шешті.
Сондай-ақ, сот барысында Вячеславтың бұрын контрафакты тауарларды заңсыз таратумен айналысқаны үшін ескі Қылмыстық кодекстің 184-бабы 2-бөлігімен сотталып, жаза ретінде 180 сағатқа қоғамдық мәжбүрлі жұмыстарға тартылғаны бәріне белгілі болды. Осы жазаны өтеуден жалтарғаны үшін оған іздеу жарияланып, ол ұсталып, қамауға алынған. Қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын өтеу мерзімі қамауда отыр­ған күндеріне сіңіп кететіндіктен, ол қамаудан босатылып, жазаны өтеуден құтылып, осы әңгімеге арқау болып отыр­ған оқиғадан 2-3 апта бұрын Евгенияға оралған.
үкім
Владимирдің өліміне соқтырған қылмыс үшін сот Вячеславты 9 жылға бас бостандығынан айырды. Вячеслав үкімге шағым келтірмеді. Демек, ол осы қылмысты жасағанын мойындамаса да, қылмысқа тікелей кінәлі екені өз дәлелін тапқаны анық. Соңынан Юрий да қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Ол ұрлық жасағаны үшін қамауға алынып, Вячеславпен қамау мекемесінде танысып, жәбірленушімен татуласқаны үшін қылмыстық жауаптылықтан және қамау­дан босатылып, Евгенияның пәтеріне Вячеславпен бірге келген екен. Юрий Қылмыстық кодекстің 420-бабы 2-бөлігімен ауыр қылмыс бойынша көрінеу жалған жауап бергені үшін айыпталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотта Юрий де кінәсін мойындамаған. Бірақ ол да үкімге шағымданбады, сірә, кісі өлтіруге қатысты деп 9 жылға бас бостандығынан айырылғанша, жалған жауап берді деп 5 жыл отыруды артық деп тапқан болса керек.

Кәкен Сейтов,
Шығыс Қазақстан облыстық
сотының судьясы

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...