Ауыл – қазақтың күретамыры. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңдерінде тоқырауға түскен ауылдарды сақтап қалу үшін талмай еңбек етіп, ел мен жердің берекесін арттырып, халықтың ырысын молайтқан азғантай азаматтардың алдыңғы шебінде Дәулет Шөңке ағамыз да болды. Ол ауыл шаруашылығын сөзбен емес, ісімен жандандырып жүрген қарапайым ауыл баласы. Институттан алған білімін ғылыммен сәтті ұштастыра білген ғалым Дәулет Ізбасарұлынан елімізде алғаш мал шаруашылығын көтерудегі атқарған жұмыстары жайлы сұраған едік.

– Дəулет аға, Сіз саналы ғұмырыңызды ауыл шаруашылығын өркендетуге арнапсыз. Осы жол қалай басталып еді?
– Мектептен соң Алматы зоотехникалық, мал дəрігерлік институтына (АЗМИ) оқуға түсіп, оны үздік дипломмен тəмамдап шыққаннан кейін алғашқы еңбек жолымды Талдықорған облысының Гвардия ауданына қарасты Қоғалы совхозында зоотехник-селекционер болып бастап, кейіннен бас зоотехникке дейін көтерілдім. Одан соң Алматы Зоотехникалық, мал дəрігерлік институтының аспирантурасына түсіп, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты атағын қорғадым.Сонымен қатар, Алматы Шет тілдер институтында ағылшын тілі факультетін бітірген соң, Алматы патенттеу қоғамдық институтында да білімімді жетілдіріп өзім зерттеп жүрген шаруашылықтың қыр-сырына тереңінен үңіліп, бар күш-жігерімді осы саланы дамытуға жұмылдырдым. Сол мақсатпен шет елдермен байланыс орнатып, ауыл шаруашылығы саласындағы қызметімді шетелдік фермерлердің озық тəжірибелерін алмасумен жалғастырдым. Ағылшын тілі мен ауыл шаруашылығы саласын жетік білгенімнің арқасында ғылыми ізденістер жасап, іскер мамандармен бірігіп ауыл шаруашылығы дамыған шетелдік фермерлермен екі арада əр жоба бойынша кеңесші бола жүріп кейіннен үкіметтік емес ұйымдармен арнайы мамандар, елдегі шаруа қожалықтарын қолға алған кəсіпкерлермен бірігіп үлкен жұмыстарды қолға алып екі ел арасында алтын көпір болдық деп айта аламын.
– Шетелдік фермерлермен бірге атқарған жұмыстарыңызға кеңірек тоқталсаңыз.
– 1993 жылы АҚШ-тың «Winrock International» халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту институтының Қазақстандағы филиалына өкіл болып сайланып, 16 жыл үздіксіз қызмет атқардым. Оның негізгі бағыты – ауыл шаруашылық саласында мал тұқымын асылдандыру, сүт жəне ет бағытындағы ірі қара малдың санын көбейту мен тиімді азықтандыру мəселелерін ғылыми тұрғыда зерттеу болды. Сол кездері Үкіметке жыл сайын экспортқа 60 мың тонна ет шығару міндеті жүктелген еді. Осы межені орындау мақсатында етті ірі қара малын көбейту үшін «Санта-гертруда» тұқымының Республикалық палатасы» алғаш 1993 жылы Алматы облысының Жаркент қаласында құрылды. Ол кездері алғаш палатаға елдегі шеттен əкелінген асыл тұқымды малмен айналысатын 8-ақ шаруа қожалығы тіркелген еді. Сол кəсіпкерлермен АҚШ, Австралия, Ирландиядан мал əкелуге басымдық беріліп, асыл тұқымды сиыр малын тірідей тасымалдап, өз жерімізге жерсіндіріп бағу ісін қолға алды. Сондай-ақ, шетелдердің ауыл шаруашылығындағы озық тəжірибелерін саралай келе ірі қара мал шаруашылығы мен суармалы өсімдікке мал азығын дайындау барысында да егістік алқаптарына жаңа технология лық əдістер енгізіп, ғалымдар жəне мамандармен бірге осы саладағы шаруа қожалықтарында біршама жұмыстар жасадық. Сонымен қатар мал шаруашылығында түрлі бағдарламалар жасалды. Нақты айтқанда, ауылшаруашылығы дамыған елдерден алдымен асыл тұқымды бұзаулы сиырларды əкеліп, артынан, бір жынысты төл алу жобасымен «Winrock International» институтының бағдарламасы бойынша жұмыс жасадық. 1995 жылы алғаш рет шетелдік ғалым, фермер, волонтер Джон Роджерспен бірге АҚШ-тан алып келген бұқалардың ұрықтарын алып (эмбриондар) түрлі тəжірибелер жасап, өңдеп, ғылыми тəсілдермен сұрыптап, сиырларды қолдан ұрықтандырғанда 80-90 пайыз ұрғашы бұзау тудыратынын дəлелдедік. Бұл малдың санын тез көбейту үшін жасалған жоба еді. Мен соның басы-қасында жүрдім. Қолдан ұрықтандыру, мал тұқымын асылдандыру, мал ауруларын жеңіл түрде емдеу барысында да көптеген жобалар жасап, шет елдерден арнайы мамандар шақырттық. Мысалы, сол тұста елімізге түрлі сала бойынша шеттен келген мамандардың 50 пайызы мал шаруашылығы мамандары болыпты. Яғни, бұл қай салада қаншалықты жұмыстар атқарылғандығының негізгі көрсеткіші деп ойлаймын. Осы жұмыстың барлығы бір-ақ күнде шешіле қойған жоқ. Бірнеше жылға созылған маңызды жоспар құрылды. Мемлекеттік мекемелермен келісіліп, рұқсат алынып, құжаттар дайындалғаннан кейін 120 бас бұзаулы сиырды елімізге ұшақпен жеткіздік. Ал ол замандарда шетелден мал тасу оңай шаруа еместін. 2008 жылы қазақ даласына жеткізілген сиырлардың алғашқы легінде «Герефорт» тұқымын əкелуге жеке кəсіпкер Бақыт Атайбек мырза менімен өзі бірге барып, ондағы фермерлердің жұмыс жайымен таныс ты. Техас штатында бізге шетелдік Гарри Вилсон деген волонтер жол бастап жүрді. Техастан əкелінген сиырлар Алматы облысы Балқаш ауданындағы Атайбек мырзаның «Динара Ранч» шаруа қожалығында жерсіндірдік. Тəжірибе дегеніңіз бірте-бірте жиналады ғой. Мəселен, Ирландияға барған сапарымызда еліміздегі мал шаруашылығы саласында есімі белгілі ветеринар, тəжірибелі маман Құрман Буашевті ала бардық. Бұл сапарда маманның көп пайдасы тиді. Ирландиялық фермерлер дайындап қойған 340 бас малдың ішінен іріктеп, таза, дені сау 180-ін ғана таңдап алдық. Осылай, сиыр малымен айналысатын шаруашылықтардың Қазақстанда дамуына ерекше үлес қостық. Кейіннен 2012–2013 жылы АҚШтың Ауыл шаруашылығы министрлігі бөлген арнайы грантпен ет-сүт бағытындағы 160 эмбрион əкелдік. Оның ет бағытынан «Герефорт», «Ангус», «Санта-гертруда» сияқты асыл тұқымды сиырлар əкелінсе, ал сүт бағытынан «browns of sweden» сиырларының эмбриондары əкелінді. Елдегі кəсіпкер мамандар Америкадан келген волонтерлердің көрсетуімен бағымындағы малдарын қолдан ұрықтандыруда «Санта гертруда» тұқымын өз сиырларына қондыра бастаған кəсіпкерлер ішінде марқұм Жақсылық Үшкемпіров те бар еді. Бұл жолда бірнеше жыл бізбен бірдей еңбек еткен Джон Роджерстың еңбегі зор болды. Содан бері бірнеше рет мал шаруашылығымен айналысып жүрген ауыл фермерлері Əбілхан Оспанов, Берік Əжібаев, т.б. азаматтармен Америкаға бірге барып, ол жақтағы қаншама фермаларды аралап, ұзақ уақыт бойы жинақталған мал өсіру, бағу жұмыстарын көзбен көріп шықтық. Шетелдік көрмелерге апарып, тəжірибе алу үшін он күндік семинарға да қатысып жүрдік. Бүгінде елімізде «Санта-гертруда» палатасына тіркелген етті бағыттағы сиырмен айналысатын палата мүшелігіне тіркелген 100-ден астам шаруа қожалығы бар. «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» деген бар. Шынында, көзбен көріп білгенге не жетсін! Өз басым, шет елге жылына бірнеше мəрте барып тұрамын. Басты мақсатым – еліміздегі ауылшаруашылығының дамуына аз да болса үлес қосу.
– Ғылым жолындағы еңбектеріңіз жайлы да айтсаңыз.
– Ғылым жолында да көптеген жетістіктерге қол жеткіздім деп айта аламын. 1981 жылдан бастап АЗМИ-дің жылқы жəне түйе шаруашылығы кафедрасында ассистенттен бастап доцент тəлімгер болдым. Қаншама шəкірттерді шаруашылыққа баулыдым. Ауыл шаруашылығын өркендету жайында республикалық, облыстық басылымдарда туған өлкенің байлығымен, мал шаруашылығының маңызы жөнінде қырықтан астам мақалаларым жарияланды. Кітаптарым да шықты. Шетелдік жəне отандық мадақтамалардың түртүрін иелендім. Сондай-ақ, əрбір қазақ баласы үшін төрт түліктің ішінде жылқының алар орны ерекше екенін, əсіресе, сүт тағамдарын сақтау мен дайындауда басқа ұлттарға қарағанда қазақ халқының əдісі мен тəжірибесінің мол екенін дəлелдедім. Қасиетті қымыз сусыны, бие сүтінің қасиеті мен пайдалы тұстары жайында диссертация қорғадым. Одан соң асыл тұқымды малдардың алдымен өзін, одан кейін эмбриондарын əкелу жолында тоқтаусыз еңбек еттім. Бүгінде Қазақстандағы ет жəне сүт бағытындағы ірі қара мал тұқымдарын асылдандыру жолында кеңесші-аудармашымын.
– Елге сіңірген еңбегіңіздің еленгені қандай жақсы. Отбасыңыз, шəкірттеріңіз жайлы не айтасыз?
– 75 жас – өмір шыңы! Азаматтың өткенін қиядан шолып, өз-өзіне ғана емес, елі алдында есеп берер уақыт! Осы уақыт аралығында өзім жүріп өткен өмір жолын саралауға еш қысылмаймын десем артық айтқан болмаспын. Керісінше, ел игілігі үшін қаншама атқарылған істер, ғылым, шəкірт, ұрпақ тəрбиелеу жолында төгілген тердің зая кетпегені қуантады. Ұлым Қалмас Алматыдағы Мұқағали Мақатаев атындағы қазақ мектебінде оқып, білім алды. Сосын 1999–2000 жылдары АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Мерсербург қалашығында оқып, АҚШ-тың «High School» сертификатын иеленді. Қызым, Дария орта мектепті тəмамдаған соң Қазақ Ұлттық ауылшаруашылығы университетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, экономист мамандығын игеріп шықты. Əрине, адамда арман таусылған ба?! Асыл жарым Бақытжамал Баймұқанқызы балаларының, ұрпағының бүгінгі қызығын көре алмай бақилық болғаны жүректі сыздатады. Əжелеіне немерелерінің спорттан, ұлттық аспаптарды ойнауда (домбыра) жетіп жатқан жетістіктерін бізбен бірге көруді жазбаған екен. Амал қанша?!. «Ата көрген оқ жонар…» деген тəмсілмен ата жолын қууды арман еткен немерем Нұралымды өз кəсібіме баулып, шетелдік фермер достарыма бірге алып барып, солардың кəсібін, шаруа жайын үйретіп жүрмін. Басқа немерелерім Ералы мен Мансұрды да ауылға жиі апарып тұрамын. Ондағы мақсатым – қазақтың күретамыры ауылды сүйіп, оның шаруашылығымен таныса берсін деген ой ғой.
– Алдағы уақытта да ісіңізге сəттілік тілейміз! Құнды ойларыңызбен бөліскеніңізге рақмет.
Бүгінде ақсақалдықтың ауылына абыроймен ат басын тіреген Дəулет Ізбасарұлы өзінің 75 жылдық өмір асуында еліне осылай есеп беруде. «Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, ұлтқа қызмет көрсетудің міндетін мойнына алған тұлғаның сіңірген еңбегін қоғамға, оқырманға таныту, келешек фермерлерге үлгі ету, бүгінгі біздің міндетіміз. Осылай, өнегелі ойларымен бөлісіп, өмірден көргенін, көңілге түйгенін жинақтаған ғалым ағамыздың əлі де берері, үйретері көп.
Ұлбала ТІЛЕУҚЫЗЫ, «Заң газеті»