Жалағаш қыстағынан түн ауа асығыс аттанған «УАЗ» шойын жолды жағалап Далдабай ауылына қарай тура тартатын ішкі жолмен жүйткіп келеді. Әспәлттің тозығы жеткен, жау шапқандай ойдым-ойдым. Екпіндеп келген көлік кенет алдынан шыға келетін ойықтан кейде жалтарып үлгермейді, сол беті салдыр-гүлдір ұрып өтеді.
Көліктегі үшеу үнсіз. Жас сержант Рақым Маханбетов болмаса, анау екеуі талайды көрген тарландар. Бірі Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел істер жөніндегі бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Барысбек Ахметов. Екіншісі қылмысты іздестіру бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Шайзат Жүнісов. Екеуі де биыл отыз жетіге кеп мүшел жастарын толтырып тұр.
Барысбек осы жақында Қармақшы полицейлерінен бір хабар естіген-тұғын. Есірткіге қатысы бар жосалылық бірер жігіт Жалағаш ауданына қарайтын Далдабай ауылы жаққа барғыштап жүрген көрінеді. Сол ауылдың учаскелік уәкілі Бектай Саламатовқа осы хабарды ескертіп қоюды Шайзатқа тапсырған. Шайзат Бектайға соны айтса, Бектай оның сөзін тірілте түсіпті. Оның айтуынша, ауылдан едәуір қашықта жатқан қашыртқының қамысын бір қармақшылық жігіт иеленіп жүр екен. Мылтығы бар дейді. Әйдік арықты бойлап өскен пішенді орып алмақ боп барған жергілікті тұрғындарды қару кезеніп, жолатпапты. «Соған қарағанда, есірткі егетіндер сияқты» деді Шайзат. Түн баласы тәтті ұйқыдан бас тартқызған жағдай осы.
«Қамысты» алқап
…Далдабайдың учаскелік уәкілі, полиция аға лейтенанты Бектай Саламатов жай киім киген бұларды жыңғылды далалыққа қарай бастады. Құмдауыт жол көліктің дөңгелек табанына жұмсақ тиіп келеді. Жаздың қысқа түні түгесілуге таяу болса да ай жап-жарық. Төңірек күміс сәулеге бөгіп тұр.
– Үш қашыртқы канал қатар жатыр. Бұрын су жүрген, қазір құрғақ, – деп Бектай жер жағдайын түсіндіріп келеді.
– Баратын жеріміз ортадағы канал.
Арнаны бойлай өскен қамыс алыстан қарауытып көзге шалынғанда көлікті тежеді. Одан әрі жаяу бармаса, сезік тудырып алуы мүмкін. Алдарынан кесе көлденең жатқан қашыртқыдан өткенде Бектай екінші арнаның қамысы қалың өскен тұсын нұсқады. «Осы ара» деді. Расында екі-үш шақырымдай жердің қамысы айрықша, жал-жал болып, теңіздей толқып, ырғатылып тұр.
– Жататын жері қайда екен?
– Не болса да көзге түспейтін тасаға тігеді ғой қосын, – деді Шайзат.
– Ауыл адамдарының сілтеуі осы тұс, – деді Бектай.
– Шайзат, онда сен ана жағынан бар, мен мына қапталдан барлаймын, – деді Барысбек сол қол жағын нұсқап. – Жатар орнын анықтау керек. Сендер осы арадан аңдыңдар.
Түйесораң мен жыңғыл аралас өскен ойпаңмен айналып барып, арнаның биік ернеуіне асылды. Арнаның өзі тым терең, қарауытып үрей шақырады. Кісі бойы қамысты жарып, алға жылжыды. Қамыстың патырлап сынған дыбысы таңғы ауамен алысқа тарайтындай. Тұра қалып тың тыңдады. Көк құрақтың сусылы ғана құлағына жетіп тұр. Алға ұмсына бергенде, арна ішінен біреудің жүргені анық естілді. Ол да қамысты жарып келеді. Қай тұстан қозғалғанын қамыстың үпелек басы бұлғақтап, әйгілеп қояды. «Қабан боп жүрмесін» деп ойлады. Қолы ішіне тыққан пистолетіне барып қалыпты. Енді ол анық көрінді. Адам! Иығына асынған мылтығы көзге анық шалынып, шошайып барады. Аңдып отырған бұны байқамай, жиырма шақты метр әріден дамбаға көтерілді де, етекке сырғанақтап түсіп кетті.
Сақтанбаса болмайтынын ұққан Барысбек мылтық асынған жұмбақ адам алыстап кеткен соң, жылыстап келген ізімен кері қайтты. Бектай мен Рақым шоқ жыңғыл түбінен қозғалмапты. Мылтық ұстаған адамды екеуі де байқапты.
– Анау ағараңдап тұрғанды көрдіңіз бе? Жиденің түп жағын қараңыз, – деді Бектай. – Сол жерге сіңіп кетті. Жеркепе ме, әйтеуір бірдеңесі бар.
– Бұлар пішен оратынға ұқсамайды, – деді Барысбек екеуіне кезек қарап, – Рақым, сен Шайзатты тауып ал. Бектай екеуміз желке тұстан жақындаймыз. Ол енді ұйықтауы тиіс.
Бектай Барысбектің соңына ілесті. Екеуі тура тартпай, орағытып сол жақ жағалаумен таяп барғанда, жұмбақ жанның дамбаны бүйірлеп ойып жасаған үңгірі анық көрінді. Үңірейген аузын әйдік жиде ағашы жауып тұр. Төбесін қамыспен жапқан.
– Осы арадан қозғалма, мен жақын барып байқайын, – деді Барысбек сыбырлап.
Төрт тағандап дамбаның басына өрмелеп шықты да, кеудесін көтермей, еңкейген қалпы үңгірге қарай бүлкілдеп жүгіре жөнелді. Апанның төбесін жапқан қамысты алыстан көріп келе жатыр. Күннің алғашқы қызғылт шапағы шашырап, дүниеге жарық сәулесін жая бастаған. Осы сәт үңгірдің алдынан біреудің жүгірген аяқ дыбысы естілгендей болғаны. Сол-ақ екен, іштен гүрс етіп мылтық атылды. Жүгіріп өткен Шайзат екен, ол таяу өскен жидені қалқалап жата қалды. Енді кідіруге болмайтынын ұққан Барысбек үңгірдің төбесін жапқан қамысты жара-мара іштегі адамның үстіне бір-ақ секірсін. Мылтығын кезеніп, тысқа қарап жүрелеп отырған оның үстіне ұмыр-жұмыр құлады. Бақ еткен дауысы естілді. Мылтығы қолынан ұшып түсіпті. Барысбек оны есін жидырмай сыртқа дырылдатып сүйреп алып шықты. Пәле тас төбеден келетінін аңдамаған ол, тіпті қарсыласа да алмай, екі көзі алақтап, тыпырлап жатыр. Жиде түбінін атылып шыққан Шайзат оның желкесіне қона кетті. Жас жігіт екен, қалжасы да шамалы сияқты. Бұтындағы шалбары мен үстіндегі күртесінің тозығы жеткен. Өңі жүдеу. Сақал-мұрты селдіреп өскен. Шайзат оның алқымынан алып: «Адам атқанды көрсетем мен саған!» деп, сілкіп-сілкіп қалды. Ал ол араша тілегендей Барысбекке қарағыштай береді.
– Қайтесің, қоя сал! – деп Барысбек Шайзатқа басу айтып, жас жігітке мойын бұрды. – Қасыңда біреу бар ма?
– Жалғыз өзім, – деді дауысы жалынышты шығып. Жүзін көтергенде көзі жыпылықтап кетті. – Бәке, Барысбек аға, бұл сіз бе едіңіз?
Барысбек оған жалт қарап:
– Мен де шырамытып едім. Жосалыдансың ба? Атың кім? – деді.
– Шаттық. Шаттық Әкімтаев.
– Есіме түстің. Әкеңді танитын едім. Марқұм жақсы азамат-тұғын. Сондай адамның атын былғап… мынау не жүрісің!
– Күн көріс… – деді ол өкінген дауыспен.
– Сені конопляға қатысы бар дейді ғой? Рас па?
Шаттық Барысбектің сұрағына жауап қата қоймады. Көзінде торығу бар. Сазарған қалпын бұзбай, шықшыты ойнақшып, тістеніп тұр.
– Неге үндемейсің? – деп сөзге араласты Шайзат. – Жаңа көрдім, каналдың іші толған қарасора.
– Солай ма екен? – деп елең ете қалған Барысбек Шаттыққа шаншыла қарады. – Жүр көрсет!
Жайқалған қарасора
Шайзат жол бастады. Артынша Рақым қозғалды. Рақымның білегіндегі кісеннің екінші басы өзінің қолына түскендіктен оған Шаттық ілесуге мәжбүр. Соңында Барысбек пен Бектай. Қалың қамысты жарып, қашыртқы арнаның дамбасына шыққанда көрді, арнаның ішкі қос ернеуі сыңсыған қарасора. Жайқалып тұр. Биіктігі адамның төсін қағардай. Бұлар тереңдігі үш-төрт метр болатын арнаның ішіне жайлап түсіп, табанына жетті. Дамбаның ернеуін құлатып, қауын салғандай ұялап еккен. Әр жерден кісі бойы құдық қазыпты. Соған өнген сумен суаратыны көрініп тұр.
– Жалғыз адам атқаратын іс емес мынау, – деді Барысбек Шаттыққа бұрылып. – Саған біреу ектіріп отыр ғой. Кім ол?
– Бір кәріс. Атын білмеймін. Менің жұмысым суару.
– Азығыңды әкеп беріп тұра ма?
– Әкеп беріп тұрады.
– Біразын орып алыпсың ғой. Оны қайттің? – деді қашыртқы арықтан тысқа шыққан соң.
– Кәріс алып кеткен.
– Өзі келді ма?
– Иә, өзі.
– Қарасорашы кәрістер тірлікті олай жасамайды. Мынау олардың ісі емес, – деді Барысбек басын шайқап.– Сен сыбайласы ретінде кетіп тұрсың. Бірақ мен мүмкін болғанша көмектесем. Кәне, айт! Ектірген кім?
– Кәріс дедім ғой.
– Шындықты айтпай тұрсың, – деді де, ендігі сөзін күдіктіні жетекке алған Рақымға қарап айтты. – Мынаны қазір апар да қама абақтыға! Жақсылап ойлансын. Ал өзің дереу кері қайт!
Апандағы аңду
Отыра-отыра аяғы талған соң, қамысты жапырып орын дайындап алды да жантайып жатып, дамбаны жағалап өтетін қара жолға сояу түбінен көзін тікті. «Азығы таусылыпты. Қалай да біреуі келу керек, – деп ойлады. – Қаланың кәрісі дейді. Қаланың кәрісі із тастап, жылтыңдап жүрмейді, күзге дейін жететін қып азақ-түлікті бір-ақ әкеп тастайды. Бұқтырылған ет, балық деген сияқты консервіленген тамақтарды. Мынаның жатқан жерінде ондай белгі жоқ. Соған қарағанда жақын жердің адамдары.
Барысбектің ойы сан саққа шапты.
Күдікті жігітті Рақым алып кеткен соң, үшеуі үш жерде қамыстың арасында жасырынып, аңдуға көшті. Азық-түлік алып серіктерінің біреуі қалай да келуі тиіс. Бүгін болмаса ертең, ертең болмаса оның арғы күні. Ал енді сыбайласын ұстап әкеткенімізді біліп қойса ше? Ондай жағдайда олар бізді аңдиды. Аттап аяқ баспайды. Сондықтан егер бүгін кешке дейін шаң бермесе, Жосалыға барып, нашаға қатысы бар деген күдіктілердің әрекетін бақылаған жөн. Бұнда сержант пен аға лейтенантқа Шайзат бас болып қала тұрар деген ойға кетті Барысбек.
Енді бір сәт күдікті жігіт – Шаттық туралы ойлады.
Жасы жиырма бестерде. Ұрлықпен тұтылып, бірер жыл түрмеде отырған. Оны Қармақшының ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл болып жүрген кезінен біледі. Әкеден де, шешеден де ерте айырылған, жетім бала. Наша егетіндерге осындай сүйеуі жоқ адам қолайлы. Әлдеқандай жағдай болса, құтыла салу оп-оңай. Бейшара бала, өзін кінәсізбін деп ойлай ма немене. Мынадай ірі көлемдегі қарасораның жазасы да ауыр ғой. Арнаның екі ернеуін жайқалтып тастапты. Бір шақырымнан асады-ау еккен жері. Қазір мұндайлар көбейіп барады. Былтыр, тоқсан алтыншы жылы мұнай шығып жатқан Құмкөл жақта қарасора еккендер тұтылған-ды. Сонда көрді биіктігі үш метр боп өскенін. Тұп-тура шырша сияқты-ау.
Көзіне ұйқы тығылды. Қарны да шұрылдап барады. Қамысқа ширатылған шырмауықтың собығын жұлып алып, аузына салып сорып көріп еді, қатып кетіпті. Жас собықтың сүті бетіне шығып тұрар еді.
Түс ауып барады. Желөкпе жел қамыс басын жұлқып тербеп тұр. Одан басқа қимыл-қозғалыс байқалмайды. Көлбеп жатқан дала тым-тырыс.
Кісенделген екеу
Күн көкжиекке еңкейе бере мотоциклдің тырылдаған дыбысы естілді. Артынша өзі де көрінді. Жалғыз аяқ «ИЖ-планетаға» міңгескен екеу. Туралап тартып, үңгірдің аузына іркілді. Қираған төбесін қайта қалпына келтіріп қойғаны оңды болар ма! Олар сезіктенбестен үңгірге кіріп-кіріп кетісті. Барысбек орнынан ұшып тұрып, оң қанатта отырған Шайзатқа белгі берді де, өзі дамбыдан төмен қарай бір-ақ секірді. Қарсы беттен Бектай мен күдіктіні Жалағашқа жеткізіп салып, кідірмей кері қайтқан Рақым жүгіріп келе жатыр. Үңгірге кірген екеу түк таппай тысқа қайта шыққанда, қарсы алдарында төрт адам тұрғанын көріп, сасып қалысты.
– Жігіттер, қалайсыңдар? – деді Барысбек жайбарақат.
Анау екеуі жауап қайтара алмай, қипақтай берген.
– Мына пішенді орып алсақ па деп едік, – деді Шайзат иегімен қашыртқы жақты нұсқап. – Белгі салып қойғандар бар екен ғой.
– Пішен… – деді шашы қудай боп ағарып кеткен ересегі Шайзат нұсқаған жаққа қарағыштап. – А-а, пішен ба… Ора беріңдер. Шатағымыз жоқ.
Мотоциклге қарай ұмтылған оны Барысбек кідіртіп:
– Сен ақбас Қайырбек емессің бе? – деді. Анау сонда ғана бұған жалт қарап:
– Ау, өзімнің інім екенсің ғой. Бәсе, шырамытам! Барысбексің ғой, – деп екі қолын ұсына ұмтылды. Барысбек оның қолын ала бере әдіске салып, артқа қайырып қалды да, сарт еткізіп темір кісенді салып жіберді.
– Мені ұмытпапсың ғой!
Ақбас Қайырбектің көзі алақтап кетті.
– Қайдан ұмытасың… Қармақшының бәрі таниды сені. Ау Бәке, Барысбек, тоқташы. Мынауың не? Біз не істеп қойдық? Келісейік те. Бір ауылданбыз. Ағайынбыз.
Шайзат пен Бектай жанындағы жас жігітті де кісендеп үлгеріпті.
– Амал қанша. Жұмыс осылай, – деді Барысбек ақбас Қайырбектің білегіндегі кісенді сілкіп көріп. – Қазір РОВД-ға барамыз. Сонда сөйлесеміз,
«Пешкалар»
– Далдабайға неге келдіңдер? – деді Барысбек аудандық ішкі істер бөліміне әкелген соң ақбас Қайырбекті алдына келтіріп.
– Бәке, келісе алмаймыз ба сонда? Өзіңнен үміттеніп едім.
– Келісу үшін бәрін айтып беруің керек қой.
– Айтам ғой… құтқара гөрші. Аман шықсам…
– Қайреке, алты жас үлкендігің бар ағамсың, шыныңды айт. Кімге алып келдің азық-түлікті? Шаттыққа ма? Шаттық жататын жерінде жатыр. Канал басында ұсталған. Оған бола енді қам жемей-ақ қой. Каналдың ішіндегіні көрдік. Одан да өзіңді кім жіберді, соны айт? Бәлкім танып қалармын.
Ақбас Қайырбек дем жетпегендей өкпесін қағып, селкілдеп кетті.
– Танисың, – деді сосын. – Бектібай, кәдімгі Бектібай ше? Менің кластасым. Екеуміз де елу төртінші жылғымыз ғой.
– Сол ма басқарып, ектірген?
– Сол, – деді Қайырбек еңсесі түсіп. – Біз барып кел, шауып келдің адамымыз.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ
(Жалғасы бар)