Нұр-Сұлтан қаласында баспана кезегінде тұрған азаматтардан «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Өтінімдер 1-9 наурыз аралығында қабылданады.
Елордалықтар өтінімді электронды түрде Otbasybank.kz порталы арқылы (Нұр-Сұлтан қаласын таңдап, іздеуді басу қажет) береді.
«Шаңырақ» бағдарламасы аясында Metro Cash& Carry супермаркеті жанындағы пәтерлер сатылады. Пәтерлер таза әрленген күйінде ұсынылады, бір шаршы метрі – 220 мың теңге, яғни бір бөлмелі пәтер 7 миллион теңгеден, ал екі бөлмелі пәтер 11 миллион теңгеден басталады.
Өтінім беру үшін ешқандай құжат қажет емес. Тек SMS-хабарламаны растау үшін ұялы телефон болса жеткілікті.
Бағдарламаға тұрғын үйге кезегіне қойылған күніне қарамастан Нұр-Сұлтан қаласында баспана кезегінде тұрған азаматтардың барлық санаты қатыса алады.
«Шаңырақ» бағдарламасының шарттары
Қарыздың ең жоғарғы сомасы – 18 000 000 теңге;
бастапқы жарна – 10%;
жылдық 5%-пен;
несиелеу мерзімі 20 жылға дейін;
отбасының бір мүшесіне шаққанда табыс 133 266 теңгеден аспауға тиіс (мысалы, 4 адамнан тұратын отбасы, яғни кәмелетке толмаған екі бала мен ерлі-зайыпты, мұндай жағдайда отбасының барлық табысы 133 266*4=533 064 теңгеден аспауы шарт); Отбасы банкте жинақ шотының болуы.
«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін кейбір санаттағы азаматтар қайтарымсыз негізде 1,5 млн теңге тұрғын үй сертификатын ала алады.
Олар: халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары;
көпбалалы отбасылар;
жетім балалар;
Тұрғын үйкезегінде тұрған келесі қызмет салаларының қызметкерлері:
білім беру;
денсаулық сақтау;
мәдениет;
спорт;
әлеуметтік қамсыздандыру;
ІІМ жанындағы полиция департаменті.
Тұрғын үй сертификатын алу үшін отбасының бір мүшесіне шаққанда табыс 111 655 теңгеден аспауы керек.
Сертификат Отбасы банк қарызды мақұлдағаннан кейін беріледі.