Қазақстан Республикасы Судьяларының VIII съезіне де санаулы күн қалды. Өткенге көз салсақ, саладағы бүгінгі жетістіктер, сот жүйесінің өркениет көшінен қалмай дамуы алқалы жиындарда көтерілген игі бастамалар мен маңызды ұсыныстардың, межеленген міндеттер мен мақсаттардың жемісі. Сондықтан, әрбір съезд айрықша тарихи маңызға ие.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050″ Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында соттар қызметінің 2050 жылға дейінгі міндеттері мен негізгі бағыттарын айқындап: «Бізге сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлатып, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек. Жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізген жағдайда мұны істеу қиын емес. Жеңілдету мәселелері бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет»-деген болатын. Одан бері де сегіз жылдан аса уақыт болды. Осы жылдар аралығында атқарылған шаралар нәтижесінде сала жұмысы айтарлықтай жанданды, халықтың соттарға деген сенімдері де жылдан-жылға нығаюда.
Алқалы жиындар барысында қозғалған мәселелер, мысалы, мамандандырылған соттар институтын дамыту, тараптардың бәсекелестігі мен тең құқықтылығын қамтамасыз ету, алдын ала тергеу әрекеттеріне соттық бақылауды белгілеу, алқабилерді қатыстыра отырып, өлім жазасы көзделген қылмыстық істерді қарау, азаматтық істерді жүргізудегі сот прецеденттерін енгізу сынды, т.б. аса құнды ұсыныстар заң жүзінде шешімін тапты. Қазіргі таңда ҚР Жоғарғы Сотының арнайы жобалары аясында дауларды соттан тыс және сотта реттеудің озық үлгілері халық игілігіне пайдаланылуда.
Қазақстанда мамандандырылған соттардың құрылуы айтарлықтай жетістік болды. Мысалы, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар ең алғашқы жұмысын Алматы мен Қарағандыда бастады. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында кәмелеттік жасқа толмағандар ісімен айналысатын ювеналдық соттар құрылды. Қазіргі таңда бұлардан өзге мамандандырылған соттар табысты қызмет етуде. «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі», «Алқа билер туралы», «Медиация туралы» заңдардың съездерде көтерілген тың бастамалардан кейін қабылданғанын айта кеткен жөн.
Елбасы айтқан жаңа ақпараттық технологиялар бүгінде соттар қызметіне толықтай ендірілді. Қазіргі күні Қазақстан соттары санды форматтағы аудио және бейнежазбаға түсіру құрылғыларымен жүз пайызға жабдықталған. Электронды сот төрелігі сала жұмысын қағазбастылықтан арылтып, жеделдік пен қолжетімділікті, ашықтықты қамтамасыз етуде. Бұдан 24 жыл бұрынғы сот пен қазіргі сотты мүлде салыстыруға келмейтінінің өзі сот жүйесінің әлемдік стандарттарға сай дамуының жарқын дәлелі. Басқа құқық қорғау органдарына қарағанда соттардағы ашықтық қалыпты үрдіске айналды. V съезде сот саласы алдына бес міндет қойылса, солардың соңғысы ұлттық заңамаларды дамытуға атсалысу болатын. Бұл тұрғыдағы тапсырмалар да белсенді жүзеге асуда. Қазақстанның қылмыстық, азаматтық, т.б.
заңнамалары сот тәжірибесімен байланыстырыла отырып, жаңарды. Мысалы, биыл «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Соған сай, ҚР Азаматтық процестік кодексі жаңартылып, азаматтық сот өндірісі барынша оңтайландырылды.
Тұңғыш Президенттің сот төрелігін қашықтықтан жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру жөніндегі VI съезде берген тапсырмасы бүгінде толықтай орындалды. Әсіресе, әлемді алаңдатқан пандемия жағдайынан бері соттар қашықтықтан жұмыс істеуде. Мұндай сын кезеңде де ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтары қорғалып, қалпына келтірілуде. Судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз, Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот қызметкерлерінің кәсіби білім-білігіне қойылатын талаптар барынша күшейтіліп, ҚР Судьяларының Әдеп кодексі толықтырылды. Судьялық жас 25-тен 30-ға ұлғайтылды. Судьялыққа үміткерлерді іріктеу жариялы түрде жүзеге асырылады. Жалпы айтқанда, әрбір съезде сот төрелігін тиімді, сапалы атқарудың бағыт-бағдары айқындалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты болмайтынын айтқаны, сондай-ақ, «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» жаңа стандарттарын дайындауда құқық қорғау, сот органдарына жоғары жауапкершілік жүктегені баршаға мәлім. VIII съезде осы жауапкершілік үддесінен шығу жолындағы міндеттер нақтыланарына сенім зор.
Мұхамеджан Ерзақов,
Алматы қаласының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының төрағасы