12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Съезде айтылған ұсыныстар сала жұмысына серпін берері хақ

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан судьяларының VIII cъезінде сот жүйесінің, жалпы, қазылар қауымының алдына жаңа міндеттер жүктесе, солардың бастысы әділ сот төрелігі мен заң үстемдігін қамтамасыз ету болды. Кәсіби сот корпусын барлық сот реформаларының шешуші факторына балаған президент елімізде судьялыққа үміткерлерге қойылар талаптардың күшейтіліп, бұл мақсатта заманауи іріктеу құралдары енгізілгенін және олардың мықты заңгерлердің салаға келуіне жол ашқанын айтты.
Мемлекет атынан шешім шығаратын соттардың ең бірінші міндеті адам құқықтарын мүлтіксіз сақтау екенін тағы бір нықтаған президент бұл тұрғыда кәсіби біліктілікті ұдайы арттырып, судьялардың халықаралық қауымдастығымен тығыз байланыс орнатуды тапсырды. Соттар тәуелсіздігіне айрықша мән беріп: «Отандық және халықаралық сарапшылар біздің судьялар әлі де болса, соттар мен сот алқаларының төрағаларына тәуелді деп санайды. Судьялардың тәуелсіздігіне қатысты ешкімде күмән болмауы тиіс» деді. Ел азаматтары мен кәсіпкерлердің, сондай-ақ, инвесторлардың қазақстандық судьялардың бейтарап әрі әділ шешім шығаратынына сенімділігін барынша арттыруды жүктеді. Әрине, бұл біз үшін үлкен міндет.
Қасым-Жомарт Кемелұлы журналистер мен блогерлердің жариялылық пен ашықтықты судьяға қысым жасау құралы ретінде пайдаланатынын да ашып айтып, сот шешімі шықпай, тіпті, іс сотқа жетпей жатып болжам жасап, пікір тудыратындарға қатаң жаза қолданылатынын ескертті. Президенттің бұл сөзі БАҚ өкілдеріне, әсіресе, блогерлерге сабақ болар деген үміттеміз. Бұған қоса сот үдерістерін оңтайландыру мақсатында керексіз рәсімдер мен регламенттерді алып тастау қажеттігіне де көңіл бөлінді. Сот процестерін түсінікті және ыңғайлы ету азаматтар сенімін арттыруға ықпал ететіні тағы бір нықталды.
Ал, төраға Жақып Асанов соттар жұмысындағы негізгі бағыттарға, қоғаммен кері байланысты дамытуға, айыптау үкіміне, судьяларды іріктеудегі жариялылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне кеңірек тоқталды. Жоғарғы Сот төрағасы судьяларды іріктеу барысында ашықтықтың сақталуын жемқорлыққа қарсы күрестегі негізгі факторға санады. Жүйедегі жемқорлықты азайтуда жүзеге асқан жұмыстармен көпшілікті хабардар еткен төраға: «Күніне 20 мың іс қаралатын конвейердегі істің саны 3 есеге қысқарды. Іс аз болса, жемқорлық дерегі де азаяды. Заңға дауласушылардың өзі ортақ шешімге келетін тетіктерді енгіздік. Татуласушы судьялар жұмыс істейді. Бұрын судьяда «мынау жеңді, мынау жеңілді» деген тек бір міндет болатын. Қазіргі негізгі міндет — тараптарды татуластыру», — деді.
Мемлекеттік органдардың жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейтіні де жемқорлыққа негіз болатынын жасырмады төраға. Себебі, мемлекеттік органдар өз актілерін өзгертіп, мәселені тиімді шешудің орнына азаматтарды сотқа жіберіп, сандалтып қояды. Бұл кемшілікке келер жылы қолданысқа енетін Әкімшілік әділет кодексі тосқауыл қоятынына сенім білдірген төраға жемқорлықтың алдын алуда жаңа әдістерді енгізудің маңыздылығын да атап өтті.
Съезд делегаттары да көп көкейінде жүрген мәселелерді қозғады. Сала жұмысын жандандыруға қатысты съезде айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар, тың бастамалар, алға қойылған барлық міндеттер оң өзгерістерге бастап, халықтың сотқа деген сенімін одан әрі арттырары анық.

Жанар Ибрагимова,
Алматы облыстық мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Электронды сот төрелігі

Сот төрелігі - іс жүргізу тәртібімен жасалатын, азаматтық және...

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...

Тіл-асыл құндылық

Мемлекеттік тіл - бұл осы мемлекеттің рәміздерінің бірі болып...