Бұған дейін Астанадағы Назарбаев әуежайының төрт жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келген «Сервис-АСТ» ЖШС-ға тиесілі орынды басқа бәсекелеске бергенін жаздық. Бұл әділетсіздікке қарсы тұрған компания өз құқығын қорғап, сотқа арыз түсіріп, барлық инстанциядан, тіпті Жоғарғы сотта да жеңіп шыққан болатын. Алайда, әуежай әкімдігі де, «Байлық финанс» ЖШС де сот үкімін орындауға асықпаған еді.
«Сервис-АСТ» екі тараптың бұл әрекетінен соң 2024 жылдың 2 сәуірі мен 2025 жылдың 2 маусымы аралығында уыстан шығарылған пайданы өндіріп алу мақсатында сотқа қайта арыз түсірді. Міне, осы талап-арыз бойынша өткен сот процесі бітуге таяп қалды. 6 қазан күні жарыссөз басталып, судья Айжан Әбенова үш тараптың тоқетер соңғы пікірін тыңдады.
Жарыссөзде мән-жайды толыққанды сараптап жеткізген «Сервис-АСТ» ЖШС қорғаушысы Алма Мусина Астана әуежайының ұзақ уақыттан бері жалға алу құнын төлеп, тұрақты клиент қалыптастырып үлгерген компанияға тиесілі орынды басқа бәсекелеске беруі заңсыздық болғанын жеткізді.
«Әуежай әкімдігі №1 кассаны бізге беретінін, ал №2 кассада «Байлық финанс» ЖШС жұмыс істейтінін айтты. Алайда, сот шешімі бұрынғы орынды қайтаруды талап етсе де, екі тарап та бұған асығар емес. Бір айта кетерлігі, әуежай келісімшартты бұзудың орнына әлі күнге дейін «Байлық финанс» ЖШС-дан жалға алу құнын алып отырды. Тіпті, әуежай әкімдігі «Қай орын болса да, бәрібір емес пе?» деген уәжін айтты. Десе де, сот шешімі «Бұл орынды «Сервис-АСТ» ЖШС-не беру міндеттеледі» деп үкім шығарған соң, әрине сол кассаны талап етеміз. Бірақ «Байлық финанс» біздің үйге кіріп алып, «Көрші үйге барып тұрыңдар» деген әрекет істеп отыр, – деді А.Мусина.
Оның айтуынша, негізі «Сервис-АСТ» ЖШС осы уақыт аралығындағы уыстан шығарылған ақшаны өндіріп алу туралы арыз түсіруді ойлаған да жоқ. «Назарбаев атындағы әуежай да, «Байлық финанс» ЖШС де 2024 жылдың қарашасында күшіне енген шешімді елемеді. Мұнымен қоймай, біздің сұрақтарға жауап бергісі келмеді. Содан кейін құқымызды қорғау мақсатында осы шешімге келдік», – деді адвокат жарыссөзде.
Сондай-ақ қорғаушы Алма Мусина компания екі тарап талап еткен тиісті құжаттарды сот ісіне жолдағанын тілге тиек етті.
Ал «Сервис-АСТ» ЖШС-нің келесі өкілі Александр Каплан әріптесінің пікірімен келісетінін және компанияның заңды түрде уыстан шығарылған ақшаны өндіріп алуға құқығы бар екенін ескертті.
«Байлық финанс» ЖШС директоры Айнұр Сағадиева бұл арызбен де, сараптамамен де келіспейтінін айтты. «Сервис-АСТ» ЖШС әуежай ұсынған басқа орында жұмыс істеуге келісе салу керек еді. Себебі, орын да, көлемі де бірдей. Бірақ бұрынғы жалға алған кеңістікті талап етті», – деді.
Жарыссөзде кезекті сөз алған Астана әуежайының қорғаушысы Аманжол Мұхамедьяров пен өкілі Мақсат Сабыржанов «Сервис-АСТ» ЖШС-нің уыстан шығарылған пайданы өндіріп алу мақсатында Астана әуежайынан 129 мың 833 мың теңге талап еткен арызбен келіспеді.
Үш тараптың жарыссөздегі соңғы сөзін тыңдаған судья Айжан Әбенова осымен сот отырысы соңына жеткенін, ақылдасу бөлімінде соңғы шешім шығаратынын мәлімдеді.