Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жекеменшігінде ұстай алатыны Конституцияның 26-бабында бекітілген. Алайда бүгінгі күні меншікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтардың ішіндегі ең көп таралғаны және қоғамға едәуір қауіптісі – ұрлық. Сонымен қатар, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру немесе алаяқтықпен алдау арқылы сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін иемдену де жиі кездеседі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессер И.Ш.Борчашвили Қылмыстық қодекстің баптарына жеке-жеке түсіндірме берген. Соған сай қылмыс объектісі меншік құқығы (қатынасы) болып табылатынын, сол жолда алаяқтардың объективті төрт әдісін: алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру; сенімге қиянат жасау жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру; алдау жолымен бөтеннің мүлкіне құқық алу; сенімге қиянат жасау жолымен бөтеннің мүлкіне құқықты иемденуді ажыратып көрсеткен.
Алаяқтық жолмен қылмыстық құқық бұзушылық жасау әрекеті кем дегенде екі адамның, яғни өтірікші (алаяқ), алданған (жәбірленуші) арасында альтернативті екі түрлі әдіспен жасалуы мүмкін. Біріншіден, қылмыскер алдау-арбау амалын қолданып бөтеннің мүлкін иемденсе, екінші жағдайда басқаның сеніміне кіріп, оған тиесілі мүлікке құқықты иемдену арқылы қастық жасайды.
Қылмыстық істерді қарайтын Атырау қаласының №2 сотында меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар ішінде ұрлық басым. Алайда азаматтарды алдап, олардың сеніміне қиянат жасап, алаяқтыққа баратындардан келер қауіп те аз емес.
2022 жылдың үш айының қорытындысына тоқталатын болсақ, сот өндірісінде 168 тұлғаға қатысты 130 қылмыстық іс болды. Осы 168 тұлғаның ішінен Қылмыстық кодекстің 190-бабымен алаяқтық қылмысын жасаған 16 тұлға сотталды. Сотталған 16 тұлғаның 6-уы нәзік жандылар. 6 тұлғаның жоғары білімі, 9 тұлғаның орта білімі, 1 тұлғаның арнайы орта білімі бар. Осы тұлғалардың 7-уі бас бостандығынан айыру жазасына, қалғандары қылмыстың санатына қарай заңда көзделген баламалы жазаларға сотталған.
Енді алаяқтық қылмысы бойынша соңғы 3 жылдың статистикасына көз жүгіртсек:
2019 жылы алаяқтық қылмысы үшін 39 тұлға сотталса, оның 17-сі нәзік жандылар. 11 тұлғаның жоғары білімі, 27 тұлғаның орта білімі, 1 тұлғаның аяқталмаған жоғары білімі бар. Осы тұлғалардың 13-і бас бостандығынан айыру жазасына, қалғандарына қылмыстың санатына қарай заңда көзделген баламалы жазалар шығарылған.
2020 жылы алаяқтық қылмысы үшін барлығы 64 тұлға сотталды, оның 31-і әйел адамдар. Олардың 28-і бас бостандығынан айыру жазасына, қалғандары қылмыстың санатына қарай заңда көзделген баламалы жазамен сотталған. Ал 2021 жылы 95 тұлға сотталса, оның ішінде 44-і әйел, 48 тұлға жоғары білімді, 42 тұлға орта білімді.
Олардың 46-сы бас бостандығынан айыру жазасына, қалғаны қылмыстың санатына қарай заңда көзделген баламалы жазаларға сотталған. Бұл тек қана бір сотта болған статистикалық көрсеткіш. Осының өзінен жылдан-жылға алаяқтық қылмысының кең тарап, оның ішінде әйелдердің алаяқтыққа қатысуының белең алып келе жатқанын байқаймыз. Ал республика бойынша бұндай қылмыстардың саны жеткілікті екеніне дау жоқ.
Бүгінгі таңда, алаяқтық қылмысының кең тараған түрі «мұнай саласы бойынша мекемелерге жұмысқа орналастырамын», «мемлекеттік бағдарлама немесе жеңілдіктер арқылы пәтер алып беремін» деп, қарапайым тұрғындардың сеніміне кіріп оңай жолмен ақша табу болып отыр. Сонымен қатар, енді алаяқтық цифрлы технологияларға көшіп, қалың жұртты алаңдатуда.
2002–2003 жылдары Орал қалалық сотында судья болып жұмыс жасап жүргенімде, таныс емес адам сөйлесіп алайын деп телефонын сұрап алып, артынша оның көзін ала бере ізін суытып кететін жағдайларға байланысты қылмыстық істер сотта жиі қаралатын. Ол кезде ұялы телефонға көп адамның қолы жете бермейтін. Қазіргі кезде телефон арқылы жасалатын алаяқтық кең қанат жайып келеді. Соның ішінде жәбірленушілермен тікелей қатынасқа түспей, ұялы телефондарының есепшоттарына халыққа қызмет көрсету терминалдары арқылы ақша қаражаттарын аударту көп тараған.
Мысалы, М. атты еш жерде жұмыс жасамайтын, бұрын бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін сотты болған тұлға ақпараттық жүйені пайдаланып «ОЛХ» сайтына Атырау қаласы, Тенгиз Шевройл компаниясының күзет агенттігіне жұмысқа орналастырып беремін деп жалған жарнама шығарып, өзіне хабарласқан жұмыс іздеушілерге жалған атпен танысып, жәбірленушілердің сеніміне кіріп, жұмысқа орналастырып беру үшін алғашқы жарна ретінде 50 мың теңге сұраған. Бұл қаржыны өз атына тіркелген «Қазақстан халық банкі» АҚ-ның кәртішкісіне аудартып, жеті жәбірленушіге әртүрлі мөлшердегі сомада мүліктік зиян келтірген. Таңғаларлығы барлық жәбірленуші басқа елді мекенде тұрады, жұмыс ұсынушының түрін де көрмеген және танымайды, оның нақты қай жерде қандай қызмет атқаратынын жіті білмейді. Дегенмен, жұмысқа орналастырып береді деген сеніммен белгісіз адамның шотына ақша аударып, кейіннен әр тараптан жұмысқа тұрамыз деп Атырауға келгенде алданғанын бір-ақ білген.
«Ел арасында тегін ірімшік тышқан тұзағында болады» деген ұғым бар, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдікпен пәтер алудың жолдары заңмен бекітілген. Бұл туралы күнделікті жаңалықтарда жиі айтылады. Дегенмен, азаматтар мемлекеттік бағдарламамен пәтер алу үшін сол жеңілдіктер ұсынылатын категорияда болу керек екеніне көзі жетіп тұрса да, алдап-арбауға сеніп арзан бағамен пәтер алып қалармын деген жалған сеніммен, тірнектеп жиған қаражатын алаяқтарға беріп, не уәде етілген пәтерін ала алмай, не ақшасын қайтара алмай, шарасыздың күйін кешуде. Мысалы, 2022 жылдың 3 айында алаяқтық бойынша 16 тұлғаға қатысты қаралған қылмыстық істің басым көпшілігі мемлекеттік бағдарламалар немесе жеңілдік арқылы пәтер алып берумен байланысты.
Бұрын алаяқтық қылмыс үшін оның ішінде жеңілдікпен пәтер алып беруге байланысты бірнеше рет соттылығы болған, жанұялы, еш жерде жұмыс жасамайтын А. есімді азаматша 2018 жылдың қыркүйек айы мен 2020 жылдың желтоқсан айының аралығында өзінің меншігінде сатылатын пәтері жоқ бола тұра және басқа жеңілдікпен пәтер алып беретін мүмкіндігі болмаса да бір іс бойынша 12 жәбірленушінің сеніміне кіріп, оларға жалпы 57 265000 теңгеге мүліктік залал келтірген. Жәбірленушілер арасында жақын таныстары, керек кезінде ақшалай көмек жасап, өзінің жеке меншік пәтерін кепілге қойып үлкен сомада несие алуға көмектескен құдайы көршісі, ең сорақысы бір атадан тараған жақын сіңлісі де болған. Кейбір жәбірленушілерге өзінің жалға алған пәтерлерін «құжаттарын кейін рәсімдеп беремін» деп алдап сатып жіберген, кейбір жәбірленушілерге жаңадан салынып жатқан басқа біреуге тиесілі пәтерлерді көрсетіп алдап ақшасын алған. Нәтижесінде бұл жәбірленушілер алған пәтерлеріне жөндеу жұмысын жүргізіп, туыстарын шақырып қоныс той жасап қосымша шығынға ұшыраған.
Бұл жерде алаяқтардың жеке басының өзіндік айырмашылығын ескерген жөн, олар негізінен еш жерде жұмыс істемейді және олардың тұрақты пайда көзі болмайды, сөйлесу барысында өздерінің алдап-арбау, адамды сендіру қабілетін ұтымды пайдаланады.
Ақпарат құралдарында бұндай қылмыстың себебі мен салдары күнделікті түсіндіріліп жатса да, алаяқтарға алданатын адамдар азаймай отыр. Сондықтан қандай да бір нәрсенің байыбына көз жеткізбей асығыс шешім қабылдаудан сақ болайық. Осы жерде «Жеті рет өлшеп бір рет кес» деген мақалды үнемі есте ұстағанымыз абзал.
Мирамбек Нағашыбаев,
Атырау қаласы №2 сотының төрағасы
Атырау облысы