12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

СЕБЕПСІЗ НӘРСЕ БОЛМАЙДЫ

(Соңы. Басы өткен санда)

Келесі күнгі таңғы шаруаны еден жуушы әйелмен сөйлесуден бастадық.
– Сәлеметсіз бе, біз галереядағы оқиғаға байланысты Астанадан келген комиссия едік, – дедім мен бірден өзімізді таныстыруды жөн санап.
– Иә-иә, директор маған ескерткен. Келіңіздер, кіріңіздер, – шамамен елуге тақап қалған орта бойлы әйел есікті айқара ашты. Оның әдемі түйілген шашы мен әжім іздері байқала бастаған аққұба өңі маған мектептегі мұғалімдерді елестетті. Біз ішке кіргенде ас бөлмесінің есігінен жасөспірім екі қыздың қарап тұрғанын байқадық.
– Сәлеметсіздер ме, – төргі бөлмеден шыққан әдемі бойжеткен бізге қарап басын изеді де, екі қызға қолын созып, бері жүріңдер деген белгі берді.
– Үлкен қызым ғой, – деді Жамал. – Оқуын бітіріп Алматыдан келген. Әзірге үйде. Жөні түзу жұмыс табылмай жатыр. Біз қонақ бөлмесіне өттік.
– Әкесі қайтыс болғаннан бері кәдімгідей есейіп кетті. Еркелігі жайына қалды. Маған төрт баланы асыраудың қиын екенін көріп жүр, – дауысы дірілдеген Жамал төмен қарап көзін сүртті. – Мен бір мекеменің еденін жуып, бір мекеменің ауласын сыпырамын. Күндіз-түні тыным жоқ. Жарығым, үнемі маған жаны ашып қабағыма қарайды: «Анашым, сіздің орныңызға мен барайыншы!» – деп жалынады. Бірақ мен келіспедім. Өзі қатарлас балалар күлкі қыла ма деп қорқамын. Өйтсе сағы сынып, көңілі жасиды ғой. Мына сөздерді естігенде Батыр екеуміз не дерімізді білмей абыржыдық. Тағдырдың тауқыметіне төзіп, балалары үшін жан аямай жұмыс істеп жүрген ананы қалай ғана кінәлаймыз? Оны тергеп-тексеріп сұрақ қоюға дәтіміз бара ма? Тіпті оның қолынан жайбарақат шай ішудің өзі ұят тәрізді. Біз диванға жайғасқан соң Жамал ас үйге кетті.
– Сабыр аға, кетіп қалсақ қайтеді?
– Жүзі қызарып, көзі жасаураған Батыр маған қарады. Кенет бір ой келе қалды.
– Мә, мынаны ал да, торт, кәмпит, жеміс-жидек сатып әкелші. Көбірек қылып ал! Мен оған бес мыңдықтарды ұсындым. Батыр қолма-қол сыртқы есікке ұмтылды.
– Ана жігіт қайда кетті? Үстелге қанткәмпиттерді қойып жатқан Жамал сұраулы жүзбен қарады.
– Қазір келеді. Кеңсеге барамын деді. Буы бұрқыраған шәугім-шәйнекті көтеріп Шырын келді.
– Келе ғой қызым, бізбен бірге отыршы, – деп анасы жанындағы орындықты нұсқады.
– Шырын, қандай оқу орнын бітірдің? – дедім манадан бергі қолайсыздықты сейілту үшін.
– Жүргенов атындағы өнер академиясы. Өнертану мамандығын алдым.
– Жолдың арғы бетіндегі супермаркетте бәрі бар екен, – деді ол Шырынға торттың қорабын ұстатып жатып. Тәттілер мен жеміс-жидектер салынған екі пакетті қабырғаға сүйеп қойды. – Біздің құр қол келгеніміз ыңғайсыз болды. Балалар дәм татсын дегеніміз ғой.
– Рақмет, айналайын, рақмет! Кел, отыра ғой, шай іш. Жамал Батырдың мына әрекетіне ризалығын білдірді.
– Сіздер танысып алған шығарсыздар. Ал менің атым – Батыр, – деді серігім дастарқан басына отырған бойда.
– Неге келгендеріңізді білемін. Алдыңғы комиссия да бір апта бойы тергеді. Көрмедегі затқа қол ұшын да тигізген жоқпын десем қоймады. Қайта-қайта сұрақтың астына алып, жанымды жеп жіберді, –деген Жамал мұңайып қызына қарады. – Бұл бір қиын жағдай болды. Құдайдың сынағы шығар.
– Сіз қайғыра бермеңіз, Жамал. Біз сізді кінәлау үшін келген жоқпыз. Танысайық, сөйлесейік деп келдік. Жұмысымызды қорытындылаған кезде сіздің ешқандай кінәңіз жоқ адал екеніңізді айтып, шындықты жазамын.
– Рақмет, сенгеніңізге рақмет! Жамал кәдімгідей абыржып қалды.
– Өзіңіз де түсінесіз ғой. Бұл жай ғана ұрлық емес. Өте қымбат жәдігерлер жоғалды. Оларды қайткен күнде табуымыз керек. Алдыңғы комиссия ештеңені анықтай алмады. Сондықтан бізді жіберді. Батыр екеуміз қолымыздан келгенше іздестіріп жатырмыз. Басын изеп мені қостап отырған серігіме қарадым.
– Болған оқиғаны қайтадан қарастырып, өзімізше талдап-тарқатудамыз. Дегенмен мәселенің бір ұшын тапқан сияқтымыз. Алдыңғы күні үй басқармасына барып, галереяның схемасын алдық. Екеуміз соған қарап отырып қисынға келетіндей болжам жасадық.
– Үй басқармасына бардық дейсіздер ме? Сондағы компьютер бөлімінде істейтін Айжан біздің Шырыннан бір сынып жоғары оқыған. Айтпақшы… Жамал ойланып қалды. – Қазір ғана есіме түсіп отыр. Көрменің заттары қойылған күні кешкісін еден жуып жүргенімде сол Айжан келген. Жанында жігіті бар. Шырыннан кітап алған екен, соны маған берген болатын. Құдай өзі кешірсін, бірақ сол жігіті онша ұнамады. Өзі бір сумаңдап қалған бала екен. Соның арасынша зыпылдап көрмені аралап шықты.
– Күзетшілер оны қалай өткізіп жүр?
– Айжанмен бірге келгеннен кейін күдіктенбейді ғой.
– Сіз мұны тергеушіге айтпап па едіңіз?
– Олар мені әбден қысты ғой. Қандай бәлеге тап болдым деп зәрем ұшты емес пе. Бұл жайлы айту мүлде ойыма келмепті. Жаңа сіз үй басқармасы дегенде ғана есіме түсті.
– Шырын, сіз Айжанның жігітін танисыз ба? Аты-жөнін білсек болар еді? – деп Батыр Шырынға қарады.
– Ол Айжаннан екі сынып жоғары оқыған. Аты – Жарас. Ал фамилиясы Шымырбаев болуы керек, қателеспесем.
– Ее, айтпақшы ол бала құрылыста істейді ғой деймін, Жамал іле-шала сөзге араласты. – Мен оны бір-екі рет галереяны жөндеуге келген құрылысшылар арасынан байқап қалғам. Батыр екеуіміз бір-бірімізге қарадық. Жұмбақтың түйіні шешіле бастаған тәрізді ме, қалай?
– Жамал, сізге үлкен рақмет! Дастарқаныңыздан дәм таттық. Бізге көп көмегіңіз тиді. Мына айтқандарыңыздың өзі біз үшін аса құнды мәлімет. Біраз жайттың беті ашылған тәрізді. Қалғанын тексеру барысында көреміз. Ал енді біз жылжиық, жұмысымызға барайық. Біз орнымыздан тұрдық.
– Шырын, мен саған жұмыс жағынан көмектесе алатын сияқтымын. Егер қарсы болмасаң, телефоныңды жазып алайын. Астанаға барған соң міндетті түрде хабарласамын, – деді ұялы телефонын қолына ұстаған Батыр ауызғы бөлмеге шыға бергенде. Оның әдемі бойжеткенді бірден ұнатып қалғанын алғашқы көзқарасынан-ақ сезгем. «Ә, бәлем, сұлу қызды айналдырып, өзіңе тартудың амалын тапқан екенсің ғой, батырым!» дедім ішімнен. Галереяға келген бойда директордың бөлмесіне бардық.
– Сәлеметсіздер ме? Қалдарыңыз қалай? – бізді көре салып орнынан ұшып тұрған директор жалма-жан жанымызға келді. – Шынымды айтсам, сіздер келіп тексеруді қайта бастағаннан бері менде бір үміт пайда болды. Әйтпесе қай күні қызметтен алып тастайды екен деп ішкенім ірің, жегенім желім болып жүргенмін несін жасырайын, – деді ол төменшіктей сөйлеп.
– Жоқ, сізді ешкім қызметтен ала қоймас. Оны уайым қылмаңыз. Ал қазір бізге сіздің көмегіңіз қажет, – Мен оның үстелін иегіммен меңзедім. – Галереяға жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс компаниясының телефон нөмірін тауып берсеңіз?
– Қазір, қазір, – ол үстелінде жатқан қалың күнделікті парақтай бастады. – Ә, міне, таптым. «Көкжиек» компаниясы. Мынау – директоры, ал мынау – осында жұмыс істеп жатқан бригаданың бастығы. Абылай Әпсәметов деген жігіт. Телефонын жазып алыңыз. Құрылысшылар бригадасының бастығымен хабарласып, Жарас Шымырбаевтың сонда істейтінін және қайда тұратынын анықтауға онша көп уақытымыз кете қоймады. «Ол нені бүлдірді? Мекен-жайын неге сұрадыңыздар?» – деп тықақтай бастаған бригадирге жағдайды қысқаша ғана түсіндіріп, біздің сұрау салғанымызды Шымырбаевтың өзі білмеуі керек екендігін ескерттік.
– Сабыр аға, енді прокуратураға барайық. Жұмыстың аяқталуына әлі бір-екі сағаттай бар. – Батыр ұялы телефонындағы уақытты көрсетті. – Мынадай ірі қылмысқа кез келген адамның бара алмасы белгілі. Шымырбаев бәлкім бұрын да ұрлық жасап, істі болған шығар. Анықтап көрейік.
– Өзім де саған соны айтайын деп едім. Кеттік, тезірек баралық, – дедім мен Батырдың алғырлығына, ойының ұшқырлығына риза болып. Қалалық прокурордың орынбасары Мәлік Көшкенбаев бізді жылы қарсы алды. Бәріміздің мақсатымыз ортақ, илеп жатқанымыз бір терінің пұшпағы екендігін айтып, көмек қолын созуға әзірлігін білдірді. Не үшін келгенімізді естігеннен кейін дереу архивті қаратқызды. Әне-міне дегенше Жарас Шымырбаевтың ісі қолымызға тиді. Екеуара болжамымыз анықталды. Күдіктенген жігітіміз нағыз баукеспе ұрының өзі болып шықты. Жастайынан бірнеше рет ұрлықпен ұсталған. Ақыры екі жылға бас бостандығынан айырылып, еңбекпен түзеу мекемесінде отырып шыққан. Мынаны көргенде Батыр екеуіміз бір-бірімізге қарап басымызды шайқадық. Қас қарайғанда галереяға қайттық.
***
Күдіктіні тапқан сияқтымыз. Енді бізге нақты айғақ керек. Әйтпесе өзің білесің, еңбегіміз зая кетеді.
– Ол жағын да ойластырамыз. Ал әзірге мен бір нәрсені анықтап алсам деймін.
– Нені?
– Электр тоғының тұйықталуына байланысты жағдайды айтам.
– Жөндеуге жабылған екінші дәліздегі щитовойды айтасың ба?
– Иә. Жүріңізші, соны барып көрейік. Күзетшіден кілтті алдық. Есікті ашқан кезде кілтті тағы да бір-екі рет бұрап көрдім. Құлыпта мін жоқ секілді.
– Міне, осылай болғанын біліп едім. – Батыр щитовойдың жақтауынан жартылай балқыған кішкене темірді суырып алды.
– Бұл не?
– Сақтандырғыштың орнына осыны сұға салған ғой. Рубильникті қосып қалғанда тарс етіп атылған! Электр тоғы тұйықталған. Көрдіңіз бе? – деді Батыр өз-өзіне риза болып. – Айтпақшы, маған пакет беріңізші. Мына темірде саусақтың іздері болуы мүмкін. – Әй, жарайсың Батырым! Сен өзі нағыз детектив екенсің!
– Ол қулана жымиып маған қарады. – Мәселен, сіз Шырынның анасын ұнатып қалдыңыз.
– Қойшы ей!
– Рас айтам, пәтерге алғаш кірген сәттегі көзқарасыңыздан-ақ аңғардым. Батырдың мына сөздеріне мен күліп жібердім.
– Міне, көрдіңіз бе, өзіңіз-ақ білдіріп тұрсыз. – Ол риясыз түрмен жымиды. – Бұл өмірде себепсіз нәрсе болмайды ғой, аға. Кез келген оқиғаның себеп-салдарына үңілсеңіз, бірінен-бірі туындап жатқан жайттарды көресіз. Тек соған мән бере білу керек. Мысалы, кеше болған жайды пысықтау үшін Жамал апайға бармағанда күдіктіні анықтай алмас едік. Солай емес пе?
– Ал сен Шырынмен таныспас едің.
– Ха-ха. Менің ойымды сезе қойған ол дауыстай күлді.
– Әне, көрдің бе, өзің айтқандай себепсіз нәрсе болмайды.
– Әу баста мен осыны түсінбеп едім,
– деді Батыр күзетшіге кілтті өткізгеннен кейін. – Өйткені электр ажыратқыш күзетшілердің көз алдында тұр. Бұл қалай деп ойлағам. Сөйтсем жабық тұрған дәлізде тағы бір щитовой бар екен ғой. Соны көргенде бірден ұқтым.
– Әлгі жігіт бригадасымен бірге жұмысқа келіп жүргенде ғимаратты алаңсыз аралап, ненің қай жерде екенін әбден біліп алған секілді.
– Иә. Бала кезінен ұрлыққа бейімделген адам әккі болады ғой. Айжанмен бірге келіп қымбат бұйымдарды көре салысымен дереу іске кіріскен.
– Егер ол екінші есіктен кірген болса, оны қалай ашты деп ойлайсың?
– Тәжірибелі ұрыға оның еш қиындығы жоқ. Электрлі түйіспеге сағыз жапсыра салады. Сонда есік жабылса да, электрлі құлып істемей қалады.
– Онда расымен-ақ әккі екен.
– Ол техникалық жағынан да, психологиялық жағынан да бәрін нақты есептеген. Көрмені тонайтын күні жұрттың абыр-сабыр болып жүргенін пайдаланып, екінші есіктегі электрлі түйіспеге сағыз жапсырып қойған. Сөйткен де дабыл жүйесін орнататын техниктің павильоннан шығуын күткен. Ол шыққан сәтте ішке кіріп, қымбат бұйымдарды сөмкесіне салып алған. Содан соң стендтің артына жасырынып, еден жуушының келуін күткен.
– Оны не үшін күтеді?
– Жұртты шатастыру үшін. Көрме тоналған сәтте іште кім болса, сол адам күдікті саналады емес пе. Жамал апай бөлмеге кіріп, еден жуатын заттарын қоймадан ала бастаған кезде ол есіктен шыққан да, сағызды алып тастаған. Сонда қолма-қол электрлі құлып іске қосылып, екі есік те жабылып қалған. Жорамал-ойдың қызығына берілген Батыр әбден пісіп-жетілген қисынды болжамын тәптіштеп түсіндіре бастады. – Содан кейін көрші дәлізге барып, электр ажыратқышқа кішкене темірді сұғып рубильниктегі тоқты тұйықтаған. Өкінішке орай дәл сол сәтте екінші щитовойда жұмыс істеп жатқан жігітті тоқ ұрған. Сөйтіп, бүкіл ғимаратта жарық сөніп қалған. Ұры екінші дәлізден шығып тайып тұрған. Ал Жамал апай болса, қапелімде не болғанын түсінбей, зәресі ұшып, есікті ұрғылай берген. Жарық сөнген сәтте жүгіріп шыққан директор дереу күзетшіні жұмсап, подвалдағы қосалқы генераторды іске қостырған. Электр қосылғанда көрмеде тұрған заттардың жоқ екенін көріп барлығы шошып кеткен. Дәл сол сәтте іште қалған жалғыз адам кім? Еден жуушы. Одан соң әрине, кінәнің бәрін Жамал апайға жапқан. Міне, меніңше бұл оқиғаның ұзын-ырғасы осылай болған.
– Мен сені детектив деп бекерге айтпаппын. Шынымен-ақ бұл оқиғаның толық картинасы осылай болған тәрізді. Енді айғақ мәселесіне келейік.
– Иә, мен де соны айтайын деп едім.
– Мұндайда айла жасау керек. Әйтпесе қылмыскерді нақты анықтай алмаймыз. Оны сырттай қорқыту арқылы қателік жасауға итермелеп көрейік.
– Мен сізді түсіндім, Сабыр аға. Шымырбаевты бұлтартпай мойындату үшін нақты айғақпен қолға түсіру керек дейсіз ғой. Батыр сәл ойланып барып сөзін жалғастырды. – Онда бұған Айжанды пайдалансақ қайтеді?
– Иә, солай істегеніміз дұрыс.
– Жүріп жүрген қызы болғандықтан Шымырбаев оған сенеді ғой. Ол үшін мен әуелі Шырынмен кездесемін де, оған мән-жайды түсіндіремін. Бізге көмектес деп өтінемін. Айжанды бір дәмханаға түскі асқа шақыр деймін. Екеуі әңгімелесіп отырған кезде күтпеген жерден мен барып қаламын. Оларды көріп, амандасып, асығыс жүргенімді ескертемін. Сөз арасында тексеру жұмысының аяқталып қалғанын, күдіктінің кім екенін білетінімізді айтып өтемін. Көрме тоналған күні Шымырбаевты көрген адамдар бар екенін және бүгін-ертең оны ұстайтынымызды елеусіздеу етіп жеткіземін.
– Міне, мынауың табылған ақыл! Тек Айжан күдіктеніп қалмасын.
– Жоқ, аға, алаң болмаңыз, ол жағын қатырамын.
– Жақсы. Онда мен қазір прокуратураға барайын. Оларға жағдайды түсіндіріп, полициямен бірге Шымырбаевтың үйін торуылдау мәселесін қолға алайын. Әйтпесе сенен ести салысымен Айжан хабарласатын болса, оны ұстай алмай қалуымыз ықтимал.
– Ал онда мен кеттім.
– Іске сәт.
Бұдан кейінгі оқиға желісі тура біз ойлағандай сипатта өрбіді. Түс ауа асығыс-үсігіс үйіне келген Шымырбаев сәлден соң үлкен сөмкені ұстап қайта шықты. Ол полицейлерді көрген бойда қаша жөнелді. Бірақ алысқа кете алмады. Қолма-қол тұтқындалып, қолына кісен салынды. Сөмкесінен табылған бұйымдарға акт жасалды. Осыған дейін сатып үлгерген бір жәдігерден басқаларының бәрі көрмеге қайтарылды. Мақсатымыз орындалды. Жұмысымыз аяқталды. Батыр екеуіміз сол күні кешкісін пойызға отырдық.
***
– Сабыр Қайырбекұлы, сіздерге үлкен рақмет! Мен сізге сеніп едім. Сенімімді ақтадыңыз! – деді риза пейілмен қолымызды қысып, қуана сөйлеген бастығым. – Иығымнан үлкен жүк түскендей болды. Мына Батыр бауырым өзі бір ақжолтай жігіт екен. Қай іске жіберсем де, жақсы нәтижемен келеді. Бұл жолы да сізге көп көмегін тигізген шығар? – деді ол Батырға қарап. Мен Батырдың алғырлығын, тапқырлығын, осы оқиғаны тексеру барысында ерекше еңбек сіңіргенін айттым.
– Бізге осындай жастар керек. Мен сіздерге ризамын, Сабыр Қайырбекұлы! Екеуіңізді де марапатқа ұсынамын. Оған қоса екі есе сыйақы аласыздар! Ал сізге берген уәдем уәде. Бүгіннен бастап демала беріңіз. Бастықтың бөлмесінен керемет көңіл күймен шықтық. Дәлізге шыға салысымен Батыр кетуге ыңғайланды.
– Ал аға, жақсы, аман болыңыз! Өзіңізбен бірге жұмыс істегеніме қуаныштымын. Бұдан былай хабарласып тұрайық, – деді ол менімен қол алысып қоштасып тұрып.
– Жақсы бауырым, аман бол! – Шағын денелі қағылез жігітке сүйсіне қарадым. Егер сен болмасаң бұл қылмыстың ашылмай қалуы да мүмкін еді-ау деп ойладым ішімнен. Жас та болсаң сен маған біраз нәрсені үйреттің. Ең бастысы, мына өмірде себепсіз ештеңе болмайтынына көзімді жеткіздің. Әу бастағы енжарлығым есіме түскенде іштей өз-өзімнен ұялып басымды шайқадым.
Мұрат МҰҚАШ

[ratings]

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...