12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

САЯСИ РЕПРЕССИЯ: ҰЛТТЫ КӨШБАСШЫСЫЗ ҚАЛДЫРУДЫҢ АМАЛЫ

Қазақ тарихына қара таңба болып басылған репрессиялық кезеңнің қасіретін ешбір тарихи оқиғамен салыстыру мүмкін емес. Себебі, соғыс ел мен ел арасында жаппай сипат алса, репрессияның сұмдығы сол, мұнда белгілі бір ұлт өкілдеріне, оның ішінде, сол ұлттың қаймағы саналған зиялыларына, бетке ұстар оқығандарына шабуыл жасалды. Осы бір соғыссыз, бейбіт уақытта жүргізілген зымиян саясат аса аяусыздықпен іске асты.

Сонау патшаның отаршылдығына бас имеген, Кенесары ханның «елімді қайтсем құлдыққа бермеймін!» деп жанталасқан сәтсіз көтерілісінен кейін, империя бұл елді қатаң құрсауға алып, әрбір қимылын аңдуда болды. Қарулы көтеріліс аяусыз басып-жаншылған соң, енді бұл далада білімнің қанат жайып, ағартушылық мәдениеттің өрістеуі де империялық отарлаушылыққа кереғар келетін тиімсіз бағыт болып танылды. Өйткені, көп білген ұлттың саяси қарсылығы, наразылығы да көбейіп, күшейе бермек. Патшалық империяның осы ұстанымнан айырылмайтынын он тоғызыншы ғасырдағы көзі ашық Абай, Шоқан, Ыбырайлар да жақсы түсінді, бірақ, қылар қайраны жоқ еді. Дегенмен, олар қазақ даласына зор үлгі-өнеге көрсетіп, кейінгі ұрпаққа серпіліс әкелді. Міне, біз жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ ұлтының жаппай белең алған сілкіну себебін осы арадан көреміз. Әрине, ағартушылық прогресшілдік бағыт, білімге ынтызарлық тұтас қазақ даласын қамтымаса да, қазақ жастарының әр өлкеден бес-ондап шыға бастауы, олардың білім алып қана қоймай, ел өміріне белсене араласуы, ірі қалаларда топтаса бастауы, мұның ақыры Алаш партиясының құрылып, халық арасында зор беделге ие болуы, олардың талапшыл үні, әсіресе, ұлт бостандығы мәселесін күннен күнге өткір қойып, өрістетіп отырғаны империяны шошыта бастады. Қазақтың кең даласы, жерінің байлығы көкейлерін тесіп келген империя енді тездетіп шешімді әрекет жасауға көшті. Осылайша, В.Лениннің теңдік, бостандық, бірлік, ынтымақ ұраны жайына қалып, елді сталиндік деспотизм жайлады. Бірақ, Сталиннің әккілігі сол, ол осы ұрандарды ұлы державаны тыпыр еткізбей ұстау үшін пайдаланды. Яғни, өз халқының бостандығын талап етушілер, ұлтының теңдігін, еркіндігін сұраушылардың әрекеті кеңестік саясатқа қарсылық, одақтық мүддеге қастандық ниеттің өрістеуі деп жариялауға, ұлттық бағытты ұстанушылар отанына қарсы «халық жауы» деп жариялауға тиімдірек болды. «Жеке ұлт мүддесін көздеушілер отанымыздың марксизм-ленинизм бағытына, коммунистік партияға қарсы шығушылар» деп айту өте қолайлы еді. Міне, Алаш арыстарының, жалпы халқының, ұлтының мүддесін ойлаған, сол жолда жанын беруге дайын ерлеріміздің жан ауыртар трагедиясы осы большевизм мүддесімен қарама-қайшы келгендігінде болды. Ақырында, коммунистік алдамшы ұрандармен мұздай қаруланған астамшыл өкімет нағыз жауыз диктаторлық мемлекетке айналды. Осы біржақты саясат елді қуғын-сүргінге толтырды. Қудалау, айдау, ату, асу, жазалау, түрме қалыпты жағдайға айналды. Кеңес одағы сол кезде «түрмелер лагері» деген атауға ие болды. Алаш арыстарының өте дұрыс әрі нағыз демократияшыл, адал бағыт ұстанғанын Совет Одағының кейінгі тағдыры бүкіл әлемге толық дәлелдеп берді. Өйткені, алаштықтар сан ғасырлық тарихы бар елдерді бір тудың астына күшпен біріктіріп, ортақ мүддеге сай өмір сүргізе алмайтынын дәлелдеп кеткен еді. Міне, біздің Алаш идеясы өлмейтініне келтірер дәлеліміз осы. Әрине, бұл өлмейтін идеяны дәлелдеу оларға тым қымбатқа түсті. Өйткені, ұлт мүддесіне қызмет еткен алаш арыстары да, кеңес жағында жүріп те осы мүддемен өмір сүрген С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, О.Жандосовтар да сол өз мүдделерінің құрбанына айналды. Кеңестік зымиян саясат қай партияға қызмет етіп, қалай жіктесең де қазақ зиялыларының ұлт мүддесін алға қоятынын жақсы түсініп, ақыры, біртіндеп бәрінің көзін жойып отырды. Сондықтан, біздіңше, қазіргі күнде алғашқы Алаш арыстарын ақтап, Кеңес үкіметі құрамына кіре отырып, ұлтына, халқына қызмет еткен ерлерімізді қаралауға тыйым салу керек. Бұларды бөлсе, сол кездегі тұрпайы, ұрда-жық саясат бөлді, біз неге бөлуге құмартуымыз керек? Большевизм бөлсе де, бұлардың мүддесі бір, ол – халқына, ұлтына қызмет ету болатын. Бір қазақтың арасында алауыздық тудыру, жікке бөлу – ежелден отаршыл империялық мүдде екенін ұғатын уақытымыз болған жоқ па? Қашанғы сол құлдық идеологиямен өмір сүреміз?! Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде арыстар әруағының алдында бас ие отырып, ендігі ұрпағымыз мұндай зұлматты басынан кешпесін, тыныш, алаңсыз ғұмыр кешсін деп жаратқан иемізден тілек етейік!

Досжан ӘМІР, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы

Мереке мен атаулы күндер кезінде кімдер біржолғы төлем ала алады?

Заңға сәйкес аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдігі, республикалық маңызы бар қала, Астана әкімдігі әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың кейбір санаттарының тізімін айқындау қағидаларын әзірлейді.

Ресейлік газет Тоқаевтың мақаласын жариялады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі" атты мақаласы Ресейдің "Известия" басылымында жарияланды.

Алматыда тепловоз бен автобус соқтығысты: зардап шеккендер саны артты

Алматының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тепловоз бен автобус соқтығысып, салдарынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.

СУДЬЯ КӨМЕКШІСІ – КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕПІЛІ

Сот жүйесінің тиімділігі мен әділеттілігін арттыру – кез келген құқықтық мемлекет үшін қажетті әрі өзекті міндеттің бірі. Бұл бағытта Қазақстанда соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіліп, сот төрелігін қамтамасыз ету және халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру мақсатында бірқатар жаңашылдықтар енгізілуде.

Жетісу облысында жер сілкінді

ҚР ТЖМ "Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы" ЖШС-нің мәліметінше, жер сілкінісі 2024 жылғы 5 қарашада Астана уақыты бойынша 23:45-те Жетісу облысында тіркелген.