Денсаулық саласын дамыту мақсатында іске асырылып жатқан 2020–2025 жылдарға арналған бағдарламада ел азаматтарының өмірін 75 жасқа дейін ұзарту шаралары көзделген. Десек те, деннің саулығын адамның өз өміріне деген жауапкершілігінен бөліп қарай алмаймыз. Бұл ретте Көкшетау қалалық емханасының тәжірибелі дәрігері, эндокринолог Шайзат Қалиханқызымен әңгімелескен едік. Дәрігердің айтуынша, денсаулығын ойлайтын әрбір азамат жылына бір рет емханаға барып, флюрографияға түсуі, арнайы маманға қаралып, скринингтен өтуі, яғни, тексеріліп, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықты дұрыс пайдалануы керек.
Аймақта ауқымды жұмыстар атқарылуда
Халқымызда «Сау дене, азат ақыл, адал көңіл – үшеуімен бақытты болады өмір» деген тамаша сөз бар. Осы үш құндылықты үйлестіре білу адамның өз қолында. Сондықтан, әрбір адам өз денсаулығына салғырт қарамай, уақытылы тексеріліп тұруы қажет. Мысалы, бала көтерген әйелдің арнайы мамандар кеңесіне жүгінуі міндет. Бұл өз кезегінде дүниеге дені сау, мықты бала келуіне әсер етеді. Мұны айтып отырғаным, денсаулығында кінәраты бар бүлдіршіндерге ең көп қойылатын диагноз туа бітті аурулармен тікелей байланысты. Осы себепті, жүкті ананың сау баланы өмірге әкелуі үнемі дәрігер бақылауында болуды талап етеді. Адамның дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстануы, дәрігер тексеруінен өтуі денсаулықты сақтаудың басты шарты. Демек, ауырып ем іздегеннен гөрі, ауырмаудың жолын қарастырған анағұрлым абзал болар еді. Облысымызда медициналық қызмет қолжетімді, ауруханада жатып емделгісі келетіндерге барлық мүмкіндік бар. Бұрын арнайы мамандарға учаскелік терапевт арқылы жолдама берілсе, бүгінде бұл талап өзгертілді. Яғни, кардиолог, эндокринолог, лор, т.б. тіркеу бөлімі арқылы жазылып, қабылдауына тікелей кіре алады. Осы тұста тоқталып өтерлігі, Ақмола аймағында медициналық көмекті жетілдіру мен денсаулық сақтау нысандарын материалдық-техникалық жағынан жабдықтауға, сондай-ақ, цифрлық қызмет жүйесін дамытуға айрықша көңіл бөлінген. Медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде өтініштер мен шағымдар қабылдау үшін денсаулық сақтау басқармасының колл-орталығы жұмыс істейді.
Өзім қосымша еңбек ететін қаланың жанында орналасқан Красный яр ауылының емханасында тұрғындарға құрамында дәрігер, флюрограф, т.б. мамандар бар арнайы топ көмек көрсетеді. Қажетті дәрі-дәрмектер науқастардың үйлеріне жеткізіледі. Әрбір жақсы істің басында нағыз мамандар тұрады десек, осы емхананың бас дәрігері Серік Қанатұлын айрықша атағым келеді. Жұмыс бар жерде кемшілік те қатар жүретіні өмір заңы, әлі де жетілдіретін шаралар баршылық. Дегенмен, барлығының алдағы уақытта түзелеріне сеніміміз мол.
«Алтын жас» жобасы – жақсы мүмкіндік
Тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде өзекті болып отырған ауру түрі көп. Ұзақ әрі үздіксіз емді қажет ететін науқастар бар. Бұл тұрғыда біздің емханада күндізгі стационарда ем алып шыққан науқастарды оңалту, сондай-ақ, қарттарға жайлы жағдай жасау шараларына жоғары деңгейде көңіл бөлінген. Тренажер залы дене шынықтыруға қажетті құралдармен жабдықталған. Сонымен бірге бізде массаж, физио терапия, т.б. кабинеттер, түрлі үйірмелер ашылған. Оңалту бөлімінде өз ісінің нағыз шеберлері еңбек етеді. Іске қосылған, «Золотой возраст» жобасы аясында зейнеткерлердің арнайы тобы құрылған, олар әр жұма сайын емханада бас қосады. Бұл емдеу орындарында арнайы ем-шара қабылдап қана қоймайды, табиғат аясына шығып, спортпен айналысады, қаланың тарихи жерлеріне экскурсиялар жасайды. Үйірмелерге қатысып уақыттарын тиімді пайдаланады. Былайша айтқанда, ем алады әрі демалады. Менің ойымша, денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға бағытталуы тиіс. Сонда ғана нәтижеге қол жеткіземіз. Халыққа сапалы қызметпен қатар жайлылық тудыруда емхананың бас дәрігері, білікті маман Ғалия Зиядақызының еңбегі зор. Науқас жандардың көңілінен шығу оңай емес, сондықтан, ұжым пациенттерді кез келген жағдайда қолдау бағытын ұстанады. Тағы бір айта кетер жайт, өңірде дәрігерлердің білім-білігін жетілдіру тиімді жолға қойылған. Осы мақсатта ұйымдастырылып жатқан арнайы конференция, семинарлар барысында дәрігерлер теория мен практиканы ұштастыра отырып жан-жақты маманданады. Мұндай игі шаралар Қазақстанның әр өңірінен ғана емес, әлемнің басқа елдерінен де үздік мамандармен тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Әрі халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруда да ықпалы зор.
Түймегүл ИБАШЕВА, Заң газеті