«Көмектесіңіздер! Қызымның темір торға түскеніне қарсымын!» деп шырылдаған ана редакциядан көмек сұраған еді. Журналистер қолдауын күткен ананың қызы – Қызылорда облысының тұрғыны, «Q-MED Company GROUP» ЖШСнің қаржылық директоры əрі ресми қатысушысы Диана Вадимовна Юн. Бұл азаматшаның үстінен қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалған.
Əлқиса, редакциямызға хат түскеннен кейін тілшіміз Қызылордаға арнайы барып, арыз иесімен тілдесіп, құжаттарымен танысып қайтқан еді. Белгілі болғандай бұл шиеленістің тарихы 2023 жылдан басталған. Осы жылы Диана Юнға қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша іс қозғалған. Яғни, азаматшаға сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi ірі мөлшерде иемденiп алды, талан-таражға салды деп күдік келтіріліп отыр. Диананың анасы – Жани Кимнің айтуынша, істі қозғауға «Q-MED Company GROUP» ЖШС директорының міндетін атқарушы Р.Базарбайдың өтініші себеп болған. Бұл кісі компанияда 55 пайыздық үлесі бар екінші кəсіпкер Б.Əшімханның анасы екенін де айта кеткен орынды. Сонымен… «Сана-сезим орталығы» психологиялық көмек жəне психокоррекция клиникасының негізін қалаушы Р.Базарбайдың Диана Юнмен таныстығы 2019 жылы басталады. Р.Базарбайдың өзі Қызылорда облысында өте танымал тұлға, ол кезде «Сана-сезим орталығы» мен «Q-MED Company GROUP» ЖШС-на иелік еткен. Десек те, сол тұста бірінші компания екінші құрылтайшының алдында міндеттемесінің болғанына қарамастан, қалыпты жұмысын жасаса, екіншісі толық жабылудың немесе қайта жандандырудың алдында тұрған еді. Жани Кимнің айтуынша, «Сана-сезим орталығы» ЖШС-нің ол кезде жеке меншік ғимараты болмаған, екінші құрылтайшының сотқа берген талап-арызына орай шоттары бұғатталған. Осы кезде Р.Базарбай мен Д.Юн жақынырақ танысып, жақсы қатынаста болады. Диананың анасының айтуынша, Р.Базарбай сол тұста қызынан бірнеше рет қаржылық көмек сұраған. Ал Диана əрқашан сұраған ақшасын беріп тұрған.
Күтпеген қолдау
Жани Кимнің айтуынша, бір күні қызы Р.Базарбайдың фейсбуктегі парақшасынан медициналық клиникасын сататыны туралы жазбаны көріп қалады. Көп ойланбастан жаңа танысына қоңырау шалған Дианаға Р.Базарбай компаниясын əрі қарай жүргізуге жағдайы жоқтығын айтады. Біраз қаржылық қоры бар Диана Юн танысының сөзін тыңдаған соң кəсіпті сақтап қалуға ұсыныс жасайды. Тек жарғылық капиталдағы 50 пайыз үлесті сатып алып, тең құрылтайшы ретінде жұмыс жасауды сұрайды. Екі тарап келіскен соң ЖШС-ны жандандыруға қатысты жұмыстар басталады. 2019 жылдың 28 тамызында Диана Юн «Сана-сезим орталығы» ЖШС-нің екінші құрылтайшы алдында қаржылық мəселелері болғандықтан, «Q-MED COMPANY GROUP» ЖШС-ның 45 пайыздық үлесін сату-сатып алу келісімшартымен иеленеді. Осы кезде бұл компанияның не өзінің өндірістік базасы, не есепшоты, тіпті медициналық лицензиясы да болмаған. Əрі құрылтайшылар құрамында Р.Базарбайдың өзі емес, қызы – Б.Əшімхан болған. Келісім барысында Д.Юн «Сана-сезим орталығы» ЖШС-ның екінші құрылтайшы алдындағы қарызы өтелгеннен кейін, осы компанияның 50 пайыздық үлесін иеленетін болып уағдаласады. Себебі бұл компанияның медициналық лицензиясы, ем-дом құрылғылары бар еді. Жани Кимнің айтуынша, үш жоғары білімі бар, соның ішінде кризис-менеджер мамандығын меңгерген Диана жаңа кəсібін аяғынан тік тұрғызуға жанын сала кіріседі. Клиниканың жаңа корпусын ашуға қаржы салады. Осылайша несиеге қатысты берешектің бір бөлігі жабылады. 2019 жылғы 28 тамыздағы «Q-MED COMPANY GROUP» ЖШС-ның құрылтайшыларының жиынында жасалған хаттамаға сəйкес компанияның директоры болып Б.Əшімхан бекітіліп, барлық банктік жəне өзге де құжаттарға бірінші қол қою құқығы беріледі. Ал Диана Юн қаржы директоры лауазымына бекітіліп, оған да барлық банктік жəне өзге де құжаттарға бірінші қол қою құқығы беріледі. Яғни, екі құрылтайшының да құқығы тең болған. Осындай жанкешті тірліктің арқасында 2022 жылдың маусымында «Сана-сезим орталығы» ЖШС екінші құрылтайшы алдындағы қарызы мен «Сбербанктағы» несиесінен түгел құтылады. Соған орай осы компанияның 45 пайыз үлесі Диана Юнге беріледі. Сөйтіп бір-бірінің тілін тапқан қос əйелдің кəсібі жандана түседі. Инфаркт, инсульт алған сырқат адамдарды сауықтыруға арналған медициналық орталыққа сұраныс өте жоғары еді. Соның арқасында кəсіп ілгерілей береді. Жани Кимнің айтуынша, 2019 жылдың қыркүйегі мен 2020 жылдың ақпан аралығында Д.Юн «Q-MED COMPANY GROUP» ЖШС-сын уақытша қолдау үшін жеке қаржысынан 20 млн теңге (11 250 000 теңге компанияның шотына түскен, 8 750 000 теңгені қолма-қол кассаға) береді. Ал «Сана-сезим орталығы» ЖШС-ның шоттары ашылып, компания еш кедергісіз жұмыс істейді. Осыдан кейін капиталындағы қалған 18 млн теңгесін Д.Юн Р.Базарбайдың келісімімен екінші медициналық клиниканы ашу үшін салады. Компанияның қаржылық жағдайы қалыпқа келген соң Диана Юн 2020 жылдың тамызында уақытша берген 20 млн теңгесін өзіне қайтарып алады. Бірақ келесі жылы 2021 жылдың желтоқсаны мен 2022 жылдың қарашасы аралығында «Q-MED COMPANY GROUP» ЖШС-ның шотына уақытша қаржылық қолдау ретінде тағы 29 422 000 теңге салады. Жани Кимнің айтуынша, қызының уақытша қаржылық көмек ретінде 2019 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың қарашасына дейін жұмсаған қаржысы 49 422 000 теңгені құрағанымен, оның тек 23 000 000 теңгесі ғана қайтқан. Яғни, «Q-MED COMPANY GROUP» ЖШС-ның 2022 жылдың желтоқсан айына дейін Д. Юн алдындағы берешегі 26 422 000 теңге. Осы ретте Д.Юн мен Р.Базарбай екіжақты сенімгерлік бойынша кəсіп жүргізгендіктен, бірқатар пайда да түсе бастағаны белгілі. Содан болар ол тұста екі əйел арасында салынған қаржыға байланысты ешқандай талас туындамаған. Барлығы өзара келісім, сыйластықпен шешіліп келген. 2019 жылы «Сана-сезим орталығы» ЖШС ОСМС-пен жұмысты жолға қойып, соның арқасында жобалар табысты əрі өңірде танымал болды. Сəйкесінше қаржы да көп мөлшерде түсті. 2020 жылы мамырда «Q-MED COMPANY GROUP», өзінің жеке медициналық лицензиясының жоқтығына қарамастан, COVID-19 бойынша экспресс-тест жүргізу жұмысына кіріседі. Осы тұста халық арасында сұраныс жоғары болғандықтан 2020-2022 жылдардағы компанияның жылдық табысы 840 млн теңгеге жеткен. Табыс еселенген соң бизнес-серіктестер емдеу орталығының үшінші корпусын – емхананы ашу туралы шешім қабылдайды. – Жобаны толыққанды іске қосу үшін менің қызым қайтадан қолындағы бар ақшасы мен қарызға ақша алып салады. Сондай-ақ Р.Базарбайдың келісімімен оның тұрғын үйін кепілге қойып банктен 6 пайыз үстемемен несие рəсімдеп, қаржыны кəсіпті дамытуға салған, – дейді Диананың анасы.
Қақтығыс неден басталды?
Пандемия басылған соң, компания ның табысы да ақырындап төмендей бастады. Əрине, «Сана-сезим орталығы» ЖШС-ның ОСМС-пен келісімі болғанымен, одан түсетін ақша тек медицина қызметкерлерінің еңбекақысын төлеп, ғимаратты жалға алу ақысына ғана жететін. ОСМС-тың ғана қолдауымен күн кешуге болмайтынын айтқан Р.Базарбай емхана ашып, алдыңғы екі клиниканың базасын пайдалануға болатынын айтады. Бұған Диана Юн да келіседі. 2022 жылы шешім қабылданып, жобалаушы менеджер жобаның құнын есептеп, емханаға 20 мың тұрғын тіркелгенде ғана табыс түсетінін айтып түсіндіреді. Бизнес-менеджер ретінде жоғары қабілетін көрсеткен Диана Юн бұл жолы да ұйымдастырушылық жұмысты өз жауаптылығына алады. Ал Р.Базарбай 20 мың тұрғынды тіркеумен айналысады. 2022 жылдың 15 қыркүйегі мен 15 қарашасы арасында емханаға тұрғындарды тіркеу жұмыстары жүргізіліп, Д.Юн серіктесіне емхананың 15 қыркүйекте ашылатынын ескертеді. Емхананы ашумен бірге, оған жаңа медперсоналдарды іріктеп, қабылдау да жауапты жұмыс еді. Лицензия алу, кабинеттерді жабдықтау, құзырлы органдардың тексеріп, рұқсат беруін қамтамасыз ету де күрделі іс. Алайда межелі уақытта өзіне жүктелген шаруаны Диана тындырымды атқарғанымен, емханаға тіркелгендер саны 5 мың адам ғана еді. Мына жағдай жаңа кəсіптің күйреуіне əкелетіні белгілі. Осыдан кейін қаржы жетіспегендіктен Диана Ким туған əпкесі мен жие нінен қарыз алуға мəжбүр болады. Əрі ақшаның жетіспеуінен бұрынғы бизнес-серіктестер арасында жиі келіспеушілік туындап, ұрыс шығады. Əрқайсысы өзінікін жөн деп, шиеленіс шарықтау шегіне жетеді. 2022 жылы Р.Базарбай вотсап хабарламасында Д.Юнді компанияны басқарудан шеттететінін айтады. Бұл шын мəнінде «Жауапкершілігі шектеулі жəне қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңға (34-баптың 2 жəне 3-бөлімі, 43-баптың 2-бөлімі 9-тармағы), сондай-ақ Азаматтық кодекстің 82-бабына қайшы. Бұл заңнамаларда ЖШС қатысушысын тек елеулі зиян келтіріп, міндеттемені бұзғаны дəлелденген жағдайда ғана компаниядан шеттетуге болатыны көрсетілген. Шеттетілгеніне қарамастан Д.Юн жұмысқа келуін тоқтатпады. Қанша дегенмен серіктесі ақылға келер, компанияның жарғылық капиталында 45 пайыз үлесі бар серіктесін осылай орта жолда қалдырмас деп ойлады. Алайда 2022 жылдың желтоқсанынан бастап Диананың кеңсеге кіруіне тыйым салынды. Осылайша еңбек заңнамасын бұза отырып, ЖШС-дағы жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік бермеді. Анасының айтуынша, осы жағдайдан кейін сотқа шағымданған Д.Юн 2024 жылдың тамызында «Q-MED COMPANY GROUP» пен «Сана-сезим орталығы» ЖШС-нан 2022 жылы төленбеген 3 947 238 теңге еңбекақысын өндіріп алуға қол жеткізеді.
Қылмыстық іс
Осы жерде мына бір дерекке назар аударған дұрыс. Жани Кимнің айтуынша, Р.Базарбаймен келіспеушілік басталып, 2022 жылы компаниядан кетерден бір жыл бұрын Диана Юн «NUR CONSULT KZ» ЖШС-ның қ ызметіне жүгініп, 2019- 2021 жылдар кезеңіндегі бухгалтерлік есеп деректеріне сəйкес құжаттардың болуы, олардың дұрыс толтырылуы, салықтық есепке алу бойынша салық міндеттемелерінің орындалуын жəне əлеуметтік төлемдерді есептеу тұрғысынан екі компанияның бухгалтерлік құжаттамасына толық тексеру жүргізуді сұрайды. Ал естеріңізде болса, Президент 2019 жылы шағын бизнесті үш жыл салықтан босатып, кез келген тексеруге мораторий жариялаған болатын. 2022 жылы алдыңғы үш жылдың салықтық есептері мен компанияның бухгалтериясын тескеріп, қаржылық есепті зерделейтін уақыт келген еді. Осы тұста 2022 жылы Д.Юнді жұмыстан шығарып, 2023 жылдың желтоқсанында Қылмыстық кодекстің 189-бабы 1-бөлім, 1-тармағымен қылмыстық іс қозғалады. Қызылорда қаласының ПБ тергеу органы Д.Юнға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастайды. Оған «Q-MED COMPANY GROUP» ЖШС директоры Р.Базарбайдың арызы негіз болған. Осы арызда Р.Базарбай компанияның қаржы директоры Юн Диана Вадимовна 01.01.2020 жыл мен 31.12.2022 жыл аралығында өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, сеніп тапсырылған компанияның ақшалай қаражатын жымқырды, соның нəтижесінде 96 909 988 теңге көлемінде шығын келтірді. Қосымша тексерулер нəтижесінде шығын көлемі 108 млн теңгеге өсті деп көрсеткен. Мұндағы басты айғақ ретінде 2023 жылдың қарашасында Р.Базарбайдың тапсырысымен жүргізілген аудиторлық есеп танылған. Ал оның ЖШС-ның келесі қатысушысы Д.Юнсіз жасалғаны мүлде ескерілмеген.
Тергеудегі тосын жайлар
– Тергеу кезінде үш сот-бухгалтерлік сараптама жүргізілді. Көптеген сараптамалар заң талабына қайшы жасалды. 2024 жылғы шілдедегі алғашқы сараптамада «Жетпейтін сома көлемі 105 млн теңгеге дейін болуы мүмкін» деп көрсетілген. Көріп тұрғанымыздай нақтылық жоқ. 2024 жылы қазанда жасалған екінші сараптама екінші тараптың қатысуынсыз жасалған. Ал 2025 жылы мамырда Д.Юн тарабының сұрауымен жасалған үшінші сараптамада сарапшы: «барлық қажетті деректердің болмауына байланысты залал сомасын негізді жəне дəлелді түрде анықтау мүмкін емес» деп қорытынды берген. Егер аудитті бастаған тарап қолданған 1С жүйесіндегі мəліметтер базасына сəйкес талан-таражға салу туралы ешқандай дəлел болмаса, қандай заңсыз факт орын алды деп айтуға болады? Себебі Р.Базарбайдың да, Д.Юннің де қолданған бухгалтериялық базасы бір болуы керек емес пе?! «Немесе жəбірленуші тарап əдейі 1С сараптамасын жүргізуге кедергі келтіріп отыр, өйткені мен Д.Юннің 2022 жылғы кезеңдегі жалақысын өндіріп алу туралы істі азаматтық сот қараған кезде 1С бағдарламасына енгізілген деректерді қолдан жасау жəне бұрмалау фактісі болғанын анықтадым», – дейді Жани Ким. – Менің ойымша, мұның бəрі Диананың компанияға уақытша қаржылық көмек ретінде салған ақшасын қайтармау, сондай-ақ өзіне жұмсаған көп қаржыны жасыру үшін жасалып отыр. Біз ОСМС-тан бөлінген қаражатты пайдалана отырып, жұмсалған миллиондаған шығын туралы уəжімізді айттық. Оған дəлел ретінде берген құжаттарымыз тергеу барысында қасақана тексерілмеді, – деп ашынады Диана Юннің анасы. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нəтижелері бойын ша 29.12.2023 жылы ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 1-тармағына сай Қызылорда қаласы прокуроры орынбасарының қаулысымен қозғалған қылмыстық іс 2024 жылғы наурыз айының басында ҚР ҚПК 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Алайда, 2024 жылдың сəуір айында Қызылорда облысы прокурорының орынбасары əріптесі шығарған қаулының күшін жойып, қайтадан қылмыстық іс қозғайды. Тергеу іс-қимылдарын жүргізу барысында 2024 жылғы қарашада қылмыстық іс неғұрлым қатаңдатылып, Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сараланады. Бұл бап бойынша мүлікті тəркілеп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. – Осыған орай бізде тергеу органдары мен прокуратураға қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Олар біздің ойымызша, істі тек айыптау сарынында жүргізіп, тіпті біздің тарапқа өзінің кінəсіздігін дəлелдеуге де мүмкіндік бермей келеді. Осылайша құзырлы орган кінəсіздік презумпциясы принципін жəне біздің конституциялық құқықтарымызды бұзуда. Өйткені, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінəсі осы Қылмыстық кодексте көзделген тəртіппен дəлелденгенге дейін жəне соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін əр адам кінəсіз деп есептеледі. Ешкім өзінің кінəсіздігін дəлелдеуге міндетті емес, ал күдіктінің, айыпталушының, сотталушының кінəсіне деген күмəн олардың пайдасына түсіндіріледі. Біздің тіпті өтініш беруші мен күдіктіні бетпе-бет жүздестіріңіздер деген өтінішімізден де бас тартылды. Сұрақты тек айыптушы тараптың қоюына жол ашып, біз сауалдар қояйық дегенде арызданушының кəмелетке толмаған баласының барын алға тартып тергеуді тоқтатудың да себебін түсіне алмай отырмыз. Егер біздің құқығымыз осындай қара пайым нəрселерде бұзылса, істерді қалай объективті жүргізді деуге болады? – деген Жани Ким дəрменсіз күй танытты. Осындай шикіліктерге қарамастан, 2025 жылғы 16 маусымда Қызылорда қаласы полиция басқармасының тергеушісі облыстық медициналық орталықтың стационарлық бөлімшесіне жатқан Диананы екі күнге УҰИ-ға жауып, артынан үй қамаққа ауыстырады. Өкініштісі құқық қорғау органдары өкілдерінің ешқайсысы қамауға алынған адамның физикалық жағдайына мəн бермеген.
Тұйықталған тергеу
Осыдан кейін сот қаулысымен Диана Юнға екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалады. Қаулыға жасалған шағымды Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы өзгеріссіз қалдырады. Диананың анасы Жани Кимнің айтуынша, адвокат құзырлы органға бірнеше рет компьютерлік технология құралдарына сот-сараптамалық зерттеу жүргізу туралы өтініш берген, сараптамаға негіз болған «Q-MED Company GROUP» ЖШС-ның «1С Кəсіпкерлік» бағдарламасын толықтай тексеруді сұраған. Ондағы деректер Диана мен адвокаты жинақтаған дискте бар. Оны тергеу органдары хаттамамен алған болатын. 2024 жылдың желтоқсанында Қызылорда қаласының прокуратурасы Диана Юннің адвокатының шағымын қағанағаттандыру туралы қаулы шығарады. Шағымда соталды тергеу органына айыпталушы тараптың барлық уəждерін тексеріп, сот-бухгалтерлік сараптаманы қайта жасау туралы, сондай-ақ «1С» базасына компьютерлік технологиямен сараптама жасау мəселесін шешу жүктеледі. Кейіннен белгілі болғандай, прокуратураның қаулысына қарамастан, жоғарыдағы сараптамалар жасалмаған, сондай-ақ қаулы мен қажетті материалдар Қызылорда облысы бойынша ССИ-на жолданбаған. Ең қызығы, Қызылорда облысының тергеу соты жəбірленуші тараптың шағымын Д.Юн мен оның адвокатының қатысуынсыз қарап, тергеушінің компьютерлік технология құралдарын зерделеу үшін сот сараптамасын тағайындау туралы қаулысын заңсыз əрі негізсіз деп тану туралы қаулы шығарады. Одан бөлек, тергеу сотының мұндай қаулы шығарғанын Д.Юн мен оның адвокаты шағым жасауға бір күн қалғанда ғана білген. Осыдан кейін Д.Юннің адвокаты заңсыздықтарды көрсетіп облыстық прокуратураға, Қызылорда облысының полиция департаментіне, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уəкілге, «Аманат» партиясына, Мемлекет басшысына, Президент Аппараты хат жолдады. Алайда бұл хаттар айналып келіп заңсыздықты жасаған органға қайтып оралады. Тығырыққа тірелу деген осы ғой. Сонда тергеу органы жоғарғы жақтың тапсырмасын құлағына да ілмейтін болғаны ма? – Осы аралықта қорғау тарапы тергеу іс-қимылдарын жүргізу туралы 20-дан астам өтінішхат берді. ҚР ҚПК 105, 106-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының іс жүргізу əрекеттеріне шағым жасалды. Бұл өтінішхаттардың бəрі дерлік қанағаттандырылғанымен, тергеу тарапынан орындалып жатқан жоқ. Облыстық прокуратура мен полиция басшылараның қабылдауында болып, айтылған өтініштер де аяқасты қалды. Тергеу шындықты ашуға сəуле түсіретін сараптаманы жасағысы келмеді. Соның салдарынан қорғау тарапына сараптаманы өз бетінше жасатуға тура келді. Одан бөлек, Диана Юннің компанияның айналымына кеткен қаржыны өз қалтамнан салдым деген уəжіне де ешкім құлақ аспады, – дейді Жани Ким. Əрине, мұның бəрі Диана Юн тарапының уəжі. Ал журналистік зерттеу негізді болу үшін екі тараптың да сөзін тыңдап, екі тараптың да пікірін білу маңызды. Осыған орай біз материалды зерттеп жатқан уақытта «Q-MED COMPANY GROUP» ЖШС-ның бірінші құрылтайшысы Р.Базарбайға хабарласып, пікірін білмек болдық. Бұл өтінішімізге Р.Базарбайдан: «Егер сіз журналист болсаңыз, ақпараттар жинап, зерттеу жүргізуіңіз керек. Материал біржақты болмауы қажет. Қазір тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, ешкім ештеңе жариялап, көрсете алмайды. Біз тек оқиғаның қалай болғанын қысқаша айтып бере аламыз. Ал қалған сұрақтарды біздің адвокаттар біледі. Егер сіз менен пікір алғыңыз келсе, ол үшін ресми түрде бейнеқоңыраумен сұрақтарыңызды қоюыңыз керек. Ондай жағдайда біз де ресми түрде жауап берер едік. Бəрі осы ретпен болғаны дұрыс. Сіз өзіңіздің қызметтік куəлігіңізді жолдаңыз, сонда біз əрбір пунктке жауап береміз. Сіз хабарластыңыз, жаздыңыз, менің жауабым осы. Əрі қарай бізге ресми сұраныс жіберіңіз, сонда сіздің материалыңыз толық əрі жан-жақты болады» деді. ҚР «Масс-медиа» туралы 2024 жылғы 19 маусымда қабылданған заңды басшылыққа ала отырып, редакция «Q-MED COMPANY GROUP»ЖШСның бірінші басшысына 2025 жылы 7 тамызда ресми сауал жолдады. Оған 11.08.2025 жылы келген №165 жауапты газетімізге өзгеріссіз жариялап отырмыз. Қарап, өздеріңіз бағасын берерсіздер.
Алексей САМОЙЛОВ
P.S. Материал Жани Кимнің уəждері мен ресми құжаттарды негіз ете отырып дайын далды. Осы зерттеуді жүргізу барысында редакция Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне қосымша сауалдарын қойып, хат жолдады. Əзірге жауап жоқ. Бұл істі редакция өз бақылауында ұстайды.