САПАЛЫ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС МОЛ

Ақмола облысындағы «BaiterekVentureFund» акционерлік қоғамы жартылай иелік ететін кәсіпорын құрылысқа ең қажетті өнім шығарып отыр. Әсіресе, табиғаты қатал болып келетін суық өңірде бұл дүние керек-ақ. Қазір жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт Макинск қаласында жұмыс істеп тұр. Жоба құны – 10 млрд теңге шамасында. Әзірге кәсіпорын ішкі нарықпен қатар, көрші мемлекеттердің де сұранысын өтеп келеді.

Алдымен айта кетейік, өнім шетелден тасымалданатын базальт және доломит тастарының негізінде дайындалады. Ыстық пен суыққа бірдей төзімді материал. Осы өнімді өндіру үшін зауыт «GammaMeccanica» компаниясының италиялық технологиялық желісін сатып алған. «Қажетті шикізатты арнайы құрылғыларға толтырудан бастап, қашан дайын өнімге айналғанға дейінгі үздіксіз жүретін процесті бақылауда ұстау керек. Техниканың тұрып қалмауын, пештің қаншалықты ыстық екенін кірпік қақпай қадағалап отырмаса болмайды. Сондықтан бұл өте жауапты жұмыс. Сәл ғана механикалық ақау болып, температура өзгерсе, зауыттың қуаттылығы төмендеп, бұл өнім сапасына кері әсер етеді. Бұл жердегі барлық жұмыс толық автоматтандырылғанымен, жан-тәнін салып істейтін әрбір білікті маманның еңбегі зор. Мақтаныш емес, бірақ біздің зауыттағы әр жұмысшыны өз ісінің хас шебері десек, артық айтпаспыз. Осыншама еңбекпен келген өнім мейлінше сапалы болса, ол әрбір жұмысшының жауапкершілігінің нәтижесі», – дейді зауыт операторы Иван Гылка. Жоғары технология, заманауи озық үлгідегі құрылғылармен толық жабдықталған зауытта 200-ге жуық адам еңбек етеді. Өндіріс жұмысы екі ауысымнан тұрады. Ал кәсіпорынның қуаты – жылына 34 мың тонна. Сапалы минералды мақта Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Монғолия елдеріне шығарылады. Ел ішінде де сұраныс жоғары. Жұмыс процесіне ойыссақ. Алдымен өнім шықпас бұрын шикізат ретінде бірнеше мәрте түпкілікті өңдеуден өткізіледі екен. Доломит және базальт тастары ворган пешінде 1800 градуста қыздырылады. Кейін пайда болған мақта талшықтары өңдеуден өткізіледі. «Мен химиялық реакцияларды пайдаланып, арнайы қоспа жасаймын. Сульфат және майлы қоспаларды мақтаға сапасын арттыру үшін қосамыз. Бұл арада өте мұқият болған жөн. Өнім сапасы біздің осы жұмысымызға тікелей байланысты», – дейді химиялық қоспа дайындау бөлімінің операторы Манат Мұратбеков. Жылу оқшаулағыш материалдар өңір үшін өте қажетті. Біріншіден, бұл экологиялық жағынан өте таза. От пен суға мейлінше төзімді. Кез келген ғимараттың құрылысына жарап-ақ тұр. Ең бастысы, жылуды жақсы сақтайды. Ғимараттың ішінде жылу сақталса, отын-көмірге де сеп. Дыбыс өткізгіштігі төмен, яғни сырттағы дыбысты ғимараттың ішіне жібермейді. Даладағы шуға алаңдатпайды. Жол бойында ағылған мың сан көліктің, темір жол бойындағы пойыздардың дауысы мазаңды алмайды. Ауада таралатын әрқилы иістің де мөлшерін азайтады. Шикізаттың басым бөлігі шет елдерден екенін айттық, ал кейбір қажетті тастар Шығыс Қазақстаннан жеткізіледі екен. Әзірге химиялық қоспаларды дайындау үшін шайыр мен коксты сырттан алдыруға мәжбүр. Кәсіпорын жұмысына ой көзімен қарасақ, технологиялық үдеріс шикізаттың балқуынан басталады. Одан кейін мақта талшықтары пайда болған соң қалыпқа салынады. Сағатына – 5,5 тонна, тәулігіне шамамен 120-130 жылу оқшаулау материалы өндіріліп, арнайы тапсырыспен елдегі келісілген өңірлерге жөнелтіледі. «Былтыр біршама табысты болды. Қалдықтарды қайта өңдеуге қажетті неміс компаниясының құны 1,5 миллион еуро тұратын «Fас» құрылғысын орнаттық. Бұл экологиялық тазалықты сақтауға әрі экономикалық көрсеткіштерді молайтуға септігін тигізетін қадам. Биыл ауаға зиянды зат шығаруды шектейтін арнайы құрылғы алуды жоспарлап отырмыз. Зауыт жұмысы алға басқан сайын жаңа жұмыс орындары да ашылып жатыр. Мемлекет қолдауы да жеткілікті», – дейді кәсіпорын директоры Жасұлан Мұхаметжан. Компания жалғыз Макинск қаласының ғана емес, төңіректегі елді мекендердің тұрғындарын да тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда зейнетке шыққан зауыт қызметкерлеріне әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, әр ай сайын әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік себетін таратады. Қалаішілік қайырымдылық шараларына да ұдайы қатысып, өз үлестерін қосуда. Осының барлығы өнімнің өтіміне байланысты. Ол тарапта кемшілік жоқ. Себебі, сапалы өнімге сұраныс та жеткілікті. Мемлекетке миллирад теңгеден астам салық төлейтін кәсіпорынның үздіксіз дамуының бір себебі – ұжымның берекелі ауызбіршілігінің арқасы. Содан шығар, жылма-жыл өнімнің сапасымен қатар, шығару көлемі де ұлғайып келеді.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

В Казахстане пройдет общереспубликанский открытый урок «Мен таңдаған жол»

​Сегодня, 7 апреля, мы отмечаем Всемирный день здоровья —...

Тіл – тәуелсіздіктің тірегі

Тәуелсіздік – кез келген мемлекеттің ең қастерлі құндылығы. Ал...

Социальная ответственность

В ОБЛАСТИ АБАЙ РАЗВЕРНУЛАСЬ МАСШТАБНАЯ ЭКОЛОГИЧЕСКАЯ КАМПАНИЯ В РАМКАХ...

Памяти акына

ЭКОЛОГИЧЕСКАЯ АКЦИЯ, ПРИУРОЧЕННАЯ К 180-ЛЕТИЮ ЖАМБЫЛА ЖАБАЕВА, ПРОШЛА В...

Инвестиция в будущее

ЗАНЯТОСТЬ НАСЕЛЕНИЯ В ШЫМКЕНТЕ РАССМАТРИВАЕТСЯ КАК ФАКТОР АДАПТАЦИИ РЫНКА...