Қазіргі таңда әскерде жұмбақ жағдайда қайтыс болған төрт сарбазға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болып отыр. Мәселен, осы жылдың 2 наурызында Жамбыл облысындағы «Андас батыр» заставасынан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қатардағы жауынгері Ұлықбек Бердішов жоғалып кетті. Жоғалған сарбаздың мүрдесі іздеу жүргізілген өз еліміздің Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстарының аумағынан емес, көрші Қырғызстан жерінен 40 күннен кейін табылды. Жас жігіт өзін-өзін белбеумен асқан деген болжам айтылды. Алайда марқұмның туыстары бұл мәлімдемемен келіспеді. Қылмыстық істер бірден екі елде басталды.
Сол секілді, 22 сәуірде ҚР Қарулы Күштері қатарында бірнеше күн қызмет еткен 18 жастағы Әлібек Қалбай құрылыста қаза тапты. Марқұмның туыстары мәлімдеуінше марқұмды әріптестері тарапынан қорлау ықтималдығы жоққа шығарылып, ботқадан уланған болуы мүмкін деген жорамал айтылған еді. Алайда, көп ұзамай бұл істе күдікті пайда болды. Ішкі істер министрлігі Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Жамбыл облысының Гвардейский қалалық үлгідегі кентінде осы қылмысқа күдіктіні ұстады. Прокуратура оны марқұмның әскерге бірге шақырылған әріптесі екендігін мәлімдеді. Қадағалау органының деректері бойынша, күдіктінің айқындалуына куәнің айғақтары мен сот-медициналық сараптаманың нәтижелері негіз болды. Материалдар күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру үшін сотқа жіберілді. Күдіктінің іс-әрекеті адамның өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу ретінде сараланады. Шекара қызметінің әскери бөліміне қызметке шақырылған 19 жастағы Еділ Тешебаев та кенеттен қайтыс болды. ҚР ҰҚК-де Еділ Тешебаев отбасылық күйзелістерге байланысты әскери бөлімде өз-өзіне қол жұмсады деп түсінік берді. «Алдын ала ақпарат бойынша, өзіне-өзі қол жұмсаудың себебі әскери қызметпен байланысты емес, отбасылық проблемалар екен», – деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі. Әркімнің маңдайына жазылған ғұмыр бар десек те, әскерге кеткен жастардың осылайша жұмбақ жағдайда ажал құша беруі дабыл қақтырып, мемлекеттік деңгейде нақты шаралар қабылдауды қажет ететін төтенше жағдай. Мәселенің өзектілігі Парламент Сенатында өткен үкімет сағатында айтылып көтерілген болатын. Онда сенатор Дана Нұржігіт патриотизм, әскери міндет – Отан алдындағы борыш екені, оны өтеу ер-азаматтықтың шынайы бейнесі ретінде насихатталатынын, алайда әскердегі жағдай бұл парызды лайықты орындауға ынталандырмайтынын айтып, құзырлы орындарға орынды базына жасаған еді. «Әскери прокуратура «ынталандырушы» мәтіндерді жариялайды, онда «әрбір азаматтың өз елін қорғау қажеттігі конституциялық міндет» екенін айтып, азаматтарды саналы болуға шақырады, қоғамнан әскерге шақыру науқандарына түсіністікпен қарауды сұрайды. Алайда, жағдайды көріп, біліп отырғандар бұл сөзді қалай қабылдауы мүмкін? Бейбіт заманда баласының 200 келі жүк болып оралуын кім қалайды?» деген болатын сенатор ханым. Бұл әділ сұрақ. Алайда, Бас әскери прокуратура өкілдері мұны теріске шығарады. Олардың айтуынша, «тіркелген суицид жағдайларының 90 пайыздан астамы қылмыстық емес және негізінен отбасылық, қаржылық проблемалармен, қызметтің қиындықтарына төзбеушілікпен, әскери ортаға бейімделе алмаумен байланысты. ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мерзімді қызметтегі сарбаздардың өзін-өзі өлтіру оқиғаларының себептерін түсіну керек дейді. Ол да бұл ретте армиядағы тәртіпті себеп еткісі келмейді. «Әскери қызметшілердің өмірі үшін жауапкершілік командирге жүктелгені түсінікті, бірақ адам пісіп-жетіліп, азаматтық қоғамнан келді. Өз мәселелерімен келді. Әскер – қоғамның бір бөлігі. Осыған байланысты жұмыс тобын құрып, өлім құшу мен жарақат алудың себептерін жан-жақты зерделеу керек. Әскердегі өлім-жітімді жоюдың барлық шаралары қабылдану керек» деп еді журналистерге. Командирлердің уәжі де осы тақылеттес. Олардың айтуынша, барлық казармаларда бақылау камералары тұр. Мұнымен қоса жеке құрамдар жіті тексеріліп, сарбаздардың денесінде қандай да бір соққыдан пайда болатын дақтардың бар-жоқтығы тексеріліп отырады. Сарбаздардың аналарының айтуынша, бүгіндегі әскерилердің өлімінің себебі – әлімжеттілік, «жәбірлеумен офицерлер мен келісімшартпен қызмет ететіндер айналысады» дейді сарбаздар аналары комитеті төрайымының орынбасары Ангелина Старова. Сарбаздарға тек кнопкалы телефон ұстап, отбасына аптасына бір рет қана қоңырау шалуға рұқсат берілген. Әскери бөлімге ата-аналарға да, журналистерге де, белсенділерге де кіруге рұқсат берілмейді. Старова ханым қоғамдық бақылау жарғыдан тыс әрекеттерді жоюға ықпал етер еді деп санайды. Екіншіден жас сарбаздарды келісімшартпен қызмет ететіндерден бөліп, олар өз алдына бөлек казармаларда орналастырылса, жағдай көп жақсарар еді деген ойда. Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтың айтуынша да тиісті бақылау мен қадағалау қажет. Осындай тәртіптің жоқтығы қайғылы оқиғалардың жүйелі сипат алуына әкелуде. Әлімжеттік қызметін мерзіммен өтеушілердің де, келісімшартпен жұмыс істеушілердің де арасында болып жатыр. Біртіндеп мұндай әрекеттердің орын алуы барлығы кадрлардың деңгейіне байланысты. Сондықтан әскери институттар мен командирлерді тексеру керек. «Бұл офицерлік кадрлар, мерзімдік және келісімшартпен қызмет етушілерге қатысты. Сарбаздар әскерде үш кезеңнен өтеді. Біріншісі – бейімделу. Бұл кезеңде командир бақылап, өзінің талаптарын айтып, түсіндіру керек. Екінші кезеңде, ұйымдарға кіру басталады. Ол кейде белсенді, кейде баяу болады. Бұл уақытта бастықтар тәрбиелеп, үйретіп, сарбазды өзімен бірге алып жүру керек. Байқағанымдай, қазір командирлер өз бетімен жүреді. Сарбаздармен араласпайды. Үшінші кезеңде, командир-басшымен жақсы қарым-қатынас қалыптасу керек» дейді ол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскердегі бұл жағдайға назар аударып, әскери қызметшілер арасында жарғыға қайшы әрекеттерді жою, жағымсыз құбылыстарға жол бермеу мақсатында Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Гизат Нұрдәулетов басқаратын арнайы комиссия құруды тапсырды. Мұндай жағдайға жол берген офицерлерге қатаң жаза қолданылатыны жайлы мәлімдеді. Бүгінде осы тапсырмаға орай Қорғаныс министрлігі арнайы бағдарлама түзуге кірісіпті.
А. ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


