Алда кезектен тыс Президент сайлауы келе жатыр. Көп жағдайда азаматтарымыз «менсіз де өтер сайлау» деп дауыс беруге селсоқ қарайды. Алайда сайлау науқанында әр дауыс маңызды екенін халқымыз түсінуі қажет. Себебі азаматтардың белсенділігі, өз таңдауын еркін жасауы жарқын болашағымыздың кепілі.
Осы орайда атап өтер жайт, демократиялық мемлекеттің белгісі мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға еркін дауыс беру арқылы қатысу мүмкіндігі азаматтардың құқығы ретінде анықталады. Біздің елімізде бірақ міндетті емес. Негізі сайлауға қатысу міндетті саналатын елдер де бар. Мәселен әлемдік сайлау жүйесінде азаматтық борыш ұстанымына сәйкес міндетті дауыс беру тұжырымдамасы бар, яғни кейбір елдердің Конституциясы мен сайлау заңдарында сайлауда дауыс беру міндетті болып табылады. Саяси тәжірибеге жүгінсек, 1892 жылы тиісті заңнаманы бірінші болып енгізген ел Бельгия болатын. Кейінірек Аргентина және Австралия осы бағытты ұстанып сайлауға қатысуды міндеттеді. Кейбір елдер мысалы, Венесуэла мен Нидерланды міндетті дауыс беруді енгізіп, кейін бас тартты. Бүгінгі таңда сайлауда міндетті дауыс беру әлемнің тек 23 мемлекетінде заңды түрде бекітілген көрінеді. Халықтың бірауыздан қатысып, өз таңдауын жасауы ел бірлігін де айғақтайды.
Дәл қазір дүние жүзі елімізге көз тігіп, әр басқан қадамымызды бағып отыр дей аламыз. Әрқашан Тәуелсіздік алғалы қалыптасқан тұрақтылығымызды ел болып сақтап қала білуіміз керек. Сайлау ауызбіршілікпен өткеннен кейін ұзақ мерзімді міндеттер мен күн тәртібіндегі әлеуметтік маңызды бағдарламаларды, ауқымды жобаларды жүзеге асыруда айқындылық орнамақ және алуан түрлі болжамдар да сейілмек. Ел тұрақтылығы сақталып, бейбіт елдегі халықтың өмір сүру сапасы да арта түседі. Кейде сайлауға да бармай артынша билікті сынап кері тартып отыратындар да баршылық. «Нашар үкіметті дауыс беруге бармайтын жақсы адамдар таңдайды» дейді Ұлыбритания көшбасшысы Уинстон Черчилль. Сондықтан өз пікірін ашық білдіріп, жақсы қоғамда өмір сүргісі келген әрбір азамат сайлауға қатысуы қажет.
Сондықтан еліміздегі демократия тарихы келте болмас үшін ашық саяси бәсекелестік пен азаматтарымыздың сайлаудағы таңдау құқығын пайдалануы өте маңызды.
Тойгамбаева Айгүл Саматқызы, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының кеңсе меңгерушісі