QS World University Rankings рейтингінің 9 маусым күні жыл сайынғы нәтижесі жарияланған еді. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті бір жыл ішінде көрсеткішін 100 сатыға жақсартып, 405-орынға көтерілді. Еліміздің жетекші техникалық университеті мәртебесін дәлелдеп, әлемдік рейтингте әлемдегі ең көне азаматтық техникалық Czech Technical University Prague университетімен, Германияның ең ірі университеттерінің бірі University of Münster және Қытайдың ғылыми-инновациялық орталығы – South China University of Technology университетімен көршілес тұр. Бұл әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның техникалық университетінің беделін арттырады.
«Біз республика көлемінде де, әлемдік аренада да жұмыс берушілермен және ғылыми қауымдастықпен тиімді ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып, оны нығайтып келеміз. Академиялық адалдықтың жоғары стандарттарын сақтай отырып, аса қажет емес әкімшілік шығындарды азайттық. Нәтиже біздің дұрыс жолды таңдағанымызды дәлелдейді. Біздің ендігі стратегиялық мақсатымыз – QS WUR рейтингінің ТОП-200 қатарына ену», – дейді Қаныш Сәтбаев атындағы Қаз ҰТЗУ ректоры Мейрам Бегентаев. Оның айтуынша, жоғары оқу орнының ғылыми және әкімшілік ұжымының үздіксіз жұмысы өсу тенденциясын сақтауға және бәсекелестіктің өсуіне қарамай, алдағы үш жылда тағы 200 сатыға көтерілу мақсатына бағытталған. Жыл сайын рейтингке қатысушылардың саны артып, олардың деңгейі мен рейтингтегі орташа ұпай саны өсіп келеді, әрі жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар да өсуде. Мысалы, QS-2016 рейтингіне 900 үміткер университет қатысса, QS-2023-те олардың саны 2500-ге жуық болды. Соның нәтижесінде рейтингке әлемнің 100 елінен 1422 университет енді. QS WUR 2023 университеттерінің халықаралық рейтингіне Қазақстаннан 16 университет қатысты.
QS World University Rankings – әлемдік университеттер арасында өтетін ең объективті және ықпалды үш рейтингтің бірі болып табылады. Ол Times Higher Education World University Rankings және Academic Ranking of World Universities рейтингтерінің қатарында. Оның авторы – британдық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы. QS WUR 2023 рейтингі бойынша бірінші орынды дәстүрлі түрде MIT (Массачусетс технологиялық институты, АҚШ) алып отыр.
Жалпы QS World University Rankings рейтингі академиялық беделдік (40%), жұмыс берушілер арасындағы беделдік (10%), шетелдік оқытушылар мен студенттердің үлесі (әрқайсысы 5%-дан), студенттер мен оқытушылардың арақатынасы (20%) және бір ғылыми-педагогикалық қызметкерге шаққандағы дәйексөздер саны (20%) сияқты көрсеткіштерге негізделген. Ал беделдік көрсеткіштері академиялық сарапшылар мен жұмыс берушілердің сауалнамалық анкеталарының нәтижелеріне негізделеді.
А. Бейсебаева,
Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Қоғаммен байланыс орталығының
баспасөз хатшысы